Қаржы пирамидасы
Ол қалай жасалады?
Соңғы 20 жыл бойы «МММ», «Телемаркет», «Тибет», РДС, «Хопер-инвест», «Смагулов және К0» және т.б. компаниялардың қаржылық іс-әрекеттері жөнінде ақпарат құралдарында аз айтылып жүрген жоқ. Осы және басқа да қаржылық құрылымдардың әрекет аясына миллиондаған адамдар ілігіп, олардың барлығы дерлік маңдай терімен тапқан ақшаларынан айырылғанымен әлемнің әр түкпірінде пайда болатын үлкенді-кішілі халықты шығынға батыратын қаржылық құрылымдардың, дәлірек айтқанда, қаржылық пирамидалардың әрекеті азаймай отыр. 2011 жылы еліміздің әр жерінде ірілі-ұсақты оншақты қаржылық пирамидалар белсенді жұмыс жасады және күйреп те үлгерді.
Осы мақаланың авторлары Семей мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры Базарбек Мұқышевтің жетекшілігімен аталған мәселе бойынша бірнеше жылдар бойы зерттеулер жүргізіп, қазіргі уақытта «Қаржылық пирамидалар: экономикалық және математикалық талдау» атты ғылыми жобаны аяқтап шықты. Аталған жұмыс биыл оқушылардың республикалық ғылыми жобаларды қорғау конкурсына қатысады.
Ол қалай жасалады?
Соңғы 20 жыл бойы «МММ», «Телемаркет», «Тибет», РДС, «Хопер-инвест», «Смагулов және К0» және т.б. компаниялардың қаржылық іс-әрекеттері жөнінде ақпарат құралдарында аз айтылып жүрген жоқ. Осы және басқа да қаржылық құрылымдардың әрекет аясына миллиондаған адамдар ілігіп, олардың барлығы дерлік маңдай терімен тапқан ақшаларынан айырылғанымен әлемнің әр түкпірінде пайда болатын үлкенді-кішілі халықты шығынға батыратын қаржылық құрылымдардың, дәлірек айтқанда, қаржылық пирамидалардың әрекеті азаймай отыр. 2011 жылы еліміздің әр жерінде ірілі-ұсақты оншақты қаржылық пирамидалар белсенді жұмыс жасады және күйреп те үлгерді.
Осы мақаланың авторлары Семей мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры Базарбек Мұқышевтің жетекшілігімен аталған мәселе бойынша бірнеше жылдар бойы зерттеулер жүргізіп, қазіргі уақытта «Қаржылық пирамидалар: экономикалық және математикалық талдау» атты ғылыми жобаны аяқтап шықты. Аталған жұмыс биыл оқушылардың республикалық ғылыми жобаларды қорғау конкурсына қатысады.
Қаржылық пирамида нарықтық қоғамда кең тараған құбылыс. Осы тақырып әңгіме болғанда Мавродидің МММ-і , америка олигархы Бернард Мэдоффтің қаржылық алаяқтығына байланысты сот процесі және т.б. оқиғалар еске түседі. Кешегі Көкшетау қаласындағы қаржылық пирамиданың маңайындағы дүрбелең де әлі ұмытыла қойған жоқ. Дегенмен, осыларға ұқсас қаржылық құрылымдардың тұзағына ілінген адамдардың саны азаймай отыр. Қаржылық пирамидалардың құрылымы және іс-әрекеті әлі күнге дейін көпшілік үшін жұмбақ күйінде қалуда.
Халықтың ежелден айтып жүрген «Тегін ірімшік тек қақпанда ғана болады» деген даналық сөздері, нақты айтқанда, адамдардың көп бөлігінің санасына әсер етпегені таңданарлық жәйт. Осы жерде мынандай сұрақ туады: неліктен мұндай қаржылық құрылымдар пайда болады және адамдар неге олардың қармағына ілінеді? Мұның себебі төменгі жағдайларға тікілей байланысты.
Біріншіден, өкінішке орай, халықтың көп бөлігінің экономикалық сауаты сын көтермейді. Екіншіден, ақпарат құралдарында қаржылық пирамидалар туралы айтылғанымен, олардың іс-әрекетіне талдау жасалмайды. Үшіншіден, осы уақытқа дейін «адамдардың еңбектеніп тапқан ақшасын алдай отырып иемденетін» қаржылық мекемелердің жұмысына ғылыми тұрғыдан мақсатты түрде экономикалық және математикалық талдау жасалған жоқ. Төртіншіден, елімізде халықтың артық ақшасы орналасатын қор рыногы әлі де толыққанды дамымай отыр.
Ең бастысы, қаржылық пирамидалардың іс-әрекетінен тек адамдар ғана жапа шегіп қоймайды, сонымен қатар, сол елдің экономикалық жағдайы да төмендейді. Халықтың мемлекеттегі басқа қаржылық институттарға сенімі азаяды. Адамдар артық ақшаларын банктерге салуға, бағалы қағаздар сатып алуға асықпайды. Сөйтіп, кез келген елдің экономикасында үлкен рөл атқаратын инвестиция көлемі күрт азайып кетеді.
Әдетте қаржылық пирамидалар әлдебір үлкен пайда келтіретін жобаны қаржыландыру мақсатында адамдардың (инвесторлардың) қолындағы артық ақшаларды жинақтайтын коммерциялық мекеме ретінде тіркеледі. Коммерциялық мекемелерге қаржысын құйған адамдар мен мекеме арасында салымшылардың алатын пайдасы жөнінде келісім жасалады. Егер жобаның пайдалылығы салымшыларға уәде еткен пайдадан аз болса немесе пайда жоқ болса, жаңа салымшылардың енгізген қаржысының бір бөлігі бастапқы салымшыларға уәде еткен пайданы қайтаруға жұмасалады. Мұндай жағдайда, белгілі бір уақыт өткен соң жоба банкрот болып жарияланады және кеш келген салымшылар қаржылық жағынан зиянға ұшырайды. Тәжірибеден пирамида күйрегеннен кейін барлық жинақталған ақшаның тек 10-15%-ы ғана жобаға қатысушыларға қайтатынын көруге болады. Өйткені, жиналған ақша тек жарнама мен ұйымдастырушыларға жалақы төлеуге және қаржысын басында құйған адамдардың ақшасы мен пайдасын қайтарып беруге ғана жұмсалады.
Дегенмен, қаржы пирамидаларының қоғамдағы қаржылық қатынастарда ықпалды екенін және олардың алаяқтық іс-әрекеті тоқтамай отырғанын байқай отырып, осы феноменнің бірнеше әлеуметтік-психологиялық себептерін аштық. Біріншіден, кез келген коммерциялық қаржылық мекеменің (банктің, микрокредиттік ұйымдардың, акция сатушылардың және т.б.) пирамидаға айналып кетпеуі оны ұйымдастырушылардың ар-ожданының тазалығына тікелей байланысты. Екіншіден, пирамида қармағына жеке адамдардың түсіп қалу ықтималдығы оның бойындағы экономикалық сауаттылыққа тікелей байланысты. Экономикалық сауаты аз адамдарда белгілі дәрежеде құмарлық психология болады. Олардың көпшілігінің «бұл қаржылық үдерісте менің ғана жолым болып қалар» деп ойлайтыны құпия емес. Үшіншіден, қаржылық пирамиданы ұйымдастырушылар әдетте «басты айналдыратын тәтті» сөз шеберлерінен, жасанды «оң» қасиеттері мол субъектілерден тұрады. Олар әдетте «аса мәдениетті», «ізгілік принциптерді ұстанушы», «халыққа қалтқысыз және жанкештілікпен қызмет етуші» және «тығырыққа тірелген адамдарды құтқарушы» ретінде көріне алады және осы «қасиеттері» көмегімен адамдарды біржола өздеріне табындырып алады. Кейбіреуінде гипноздық қасиеттер де болады. Төртіншіден, пирамида иелері әрбір адамның психологиялық ерекшеліктерін дөп баса отырып, оның ішкі дүниесіндегі жанын қинаған мәселелерін, қаржы төңірегінде қандай қиындықтарға ұшырағанын дәл аңғарады. Олардың «жемтігінің» көпшілігін қаржылық мәселеде жолы болмаған адамдар құрайды.
Адамзат тарихында көптеген қаржылық пирамидалар болған. Сырт көзге олардың құрылымдары әртүрлі болып көрінгенімен олардың барлығының мақсаты біреу-ақ: неғұрлым адамдардың қолдарындағы ақшаны алаяқтық жолдармен иемдену және нанымды түрде банкротқа ұшырау
Ең бірінші қаржылық пирамиданы 1717 жылы Францияда қаржыгер Джон Ло құрған еді. Кезінде оның іс-әрекетінен Франция халқының бір бөлігі және экономикасы аса үлкен зардап шекті.
Саналы адамзат куә болған әлемнің әр түкпіріндегі түрлі-түсті және үлкенді-кішілі қаржы пирамидаларының ішіндегі гүлденудің шырқау биігіне көтеріліп үлгерген және күйрей отырып миллиондаған адамдардың тағдырын күйзелткен азаматы С.Мавроди ұйымдастырған «МММ» АҚ қаржы пирамидасы еді. «МММ»-нің қаржылық іс-әрекетінен әртүрлі есептеулер бойынша 10-15 миллион салымшы жапа шекті. 50 адам өзіне өзі қол жұмсап өмірлерімен қоштасты.
Адамзат тарихындағы ең ірі қаржылық пирамиданы (ғасыр пирамидасы) 1960 жылы америкалық Бернард Мэдофф ұйымдастырды. Оның 40 жылдық қаржылық іс-әрекетінен 3 миллион адам зардап шекті және 50 миллиард доллар қаржы үшті-күйлі жоқ болып кетті.
Қаржылық пирамиданың ең жаңа мысалы ретінде еліміздің Көкшетау қаласында 2011 жылдың сәуір айында пайда болған және 20 мың адамды тақырға отырғызған «КазРосИнвестПроект» ЖШС (Миллионерлер клубы) құрған қаржылық пирамиданы айтуға болады. Бұл пирамида өзі өмір сүрген 3 ай ішінде адамдардан 185 миллион теңге жинап үлгерді. Ал маусымның басында салымшылардан түскен арызды тексеруге келген қаржы полициясы қызметкерлері пирамида сейфінен 41 миллион теңге ғана тауып отыр. Қаржылық пирамиданың ережесі бойынша әрбір кассаға өткізген 100 теңгені бір айдан соң салымшы 400 теңге көлемінде ақша етіп алуы керек болатын. Мұнда бір айлық пайда 300 теңге болып отыр. Салымшы екі ай шыдаса фирмадан 1600 теңге алар еді. Ал егер салымшы 12 айдан кейін алса ол 412 х 100 теңге алар еді. Бұл ақша 1 677 721 600 теңге! Бір жылда 100 теңгенің 16 777 216 есе көбеюі, әрине, ақылға сыймайды. Экономистердің пайымдауынша, салымшыға инфляция мөлшерінен артық пайыздағы пайданы уәде еткен қаржылық мекеменің пирамидаға айналып кету ықтималдығы әрқашан жоғары.
Қазіргі уақытта қаржылық пирамидалар ішкі мазмұнын сақтай отырып, сыртқы түрлері өзгеру үстінде. Бұрынғы пирамидаларда адамдардан ақшаларын жалған жоба мен түсініксіз қорларға құю ұсынылса, бүгінгі күні халықты гүл өсіру, жалған зауыттар және кен орындарын дамыту, және т.б. псевдоматериалдық құндылықтарды жасауға шақырады. Гүл өсіру қулығын талдай кетейік. Алдымен адамдарға «гүл өсіретін компания» тұсаукесер жасайды. Компанияны ұйымдастырушылар ғалымдардың көптеген аурулардан құлан таза жазылып кетуге көмектесетін бірегей гүл тұқымын жасап шыққанын хабарлайды. Сонымен қатар, мұндай гүлдер біріншіден, өте аз, екіншіден, аса қымбат екенін айтады. Тұсаукесерге қатысушыларға осындай гүлді үй жағдайында өсіріп, үлкен пайдаға кенелуге болатынын айта кетеді. Ол үшін әрбір адам фирмадан $500-ға гүл тұқымының бір данасын сатып алуы керек және оны үш ай өсіріп алып келсе, фирма одан $1000-ға сатып алады. Сөйтіп, басында шамалы адамдар гүлді өсіріп алып келеді де, әрбір гүлге $1000 ақша алады. Ғажайып гүл туралы ақпарат лезде қалаға тарап кетеді де, гүлдің тұқымын $500-дан сатып алушылардың ұзын кезегі фирма кеңсесінің алдында пайда болады. Әрине, фирма ең басында гүл өсіріп алып келген адамдарға өз ақшаларынан немесе кейінірек келіп гүл тұқымын сатып алғандар есебінен төлегені түсінікті. Ал гүл тұқымын жаңадан сатып алушылардың соңғы легі азая бастаған кезде фирма кассасына жиналған ақшамен қоса ұйымдастырушылар да жоғалып кетеді.
Жалпы, қаржылық пирамидадағы ұтыс мөлшері шығынға ұшыраған салымшылар саны мен олардың ұтылыс мөлшеріне тікелей байланысты. Пирамидада бір ғана қатал заң бар: бір топтың қалтасындағы ақшаны алып екінші топтың қалтасына салу. Басқа жақтан пирамидаға ешқандай қаржы түспейді.
Көптеген елдерде, сонымен қатар, Қазақстанда да жоғарыда баяндалған әдіспен құрылатын қаржылық фирмалар мен компаниялардың іс-әрекеті алаяқтық ретінде танылып, заңмен қудаланады. Дегенмен, үлкенді-кішілі қаржылық пирамидалардың бірі күйреп жатса, екіншісі пайда болып жатады. Өйткені, түрлі игі істерді мақсат етіп күн сайын құрылып жатқан ондаған қаржылық фирмалар мен компаниялардың алғашқы қадамдарынан алаяқтықтың нышанын табу мемлекеттік қаржылық қадағалау құрылымдары үшін өте күрделі жұмыс болып табылады. Демек, қаржылық пирамиданы тану, оның жұмысының әдіс-тәсілдерін нақты білу және оны басқа қаржылық құрылымдардан айыра алу мәселесін жеке адамдардың өздері ғана шешуі керек.
Барлық қаржылық пирамидаларды екіге бөлуге болады: көп деңгейлі және Понзи схемасы.
Алдымен көп деңгейлі қаржылық пирамиданы қарастырып көрейік. Бұл схемада әрбір жаңа адам (оны шартты түрде А деп белгілейік) алдымен пирамидаға кіру жарнасын төлейді. Осы жарнаның бір бөлігі оны пирамидаға алып келген адамның шотына (оны шартты түрде В деп белгілейік) түседі, екінші бөлігі В-ны кезінде алып келген С-ның шотына ауады және осы үдеріс деңгейлер біткенше созыла береді. Жарна төлеген соң А екі немесе одан да көп адамдарды қаржылық пирамидаға тартуы керек. Олардың енгізген жарнасының бір бөлігі енді А-ның шотына түседі.
Қаржылық пирамиданың бір түріне жататын Понзи схемасы қандай? Бұл пирамиданы 1920 жылы америкалық Чарльз Понзи құрған еді. Бұл схема бойынша пирамида ұйымдастырушы өзінің мекемесінің шотына адамдардың ақша салуын және аз уақыт ішінде осы ақшаларды үлкен пайдасымен иелеріне қайтарып беретінін жариялайды. Дәлірек айтқанда, салымшының 100$ ақшасы бір айдан кейін 50%-ға (150$), екі ай шыдаса соңғы ақша мөлшері тағы 50%-ға (150$ + 0,5 х 150$ =225 $) артады. Бұл схема бойынша жарна төлеген салымшылар жаңа мүшелерді іздемейді, тек ақша алатын күнді тосады. Понзи схемасына қатысқан әрбір салымшы өзі өткізген ақшадан көп ақша алуды ғана ойлады. Ал ұйымдастырушы салымшылардың пирамида шотына өткізген ақшасының көп бөлігін иемденіп қалуға тырысты. Осылайша бір жылдай өмір сүрген Понзидің қаржылық мекемесінің салымшыларының легі азая бастаған кезде оның қол астында жұмыс істеген бұрынғы қызметкер «Бостон пост» газетіне оның қаржылық іс-әрекетінің нақты мақсатын суреттеп берді. Газетті оқыған салымшылар өз ақшаларын тезірек қайтарып алу үшін Понзи мекемесінің кассасына лап қойды. Шоттағы ақша салымшылардың шамалы бөлігінің қаржысын қайтаруға ғана жетті. Ал Понзи болса темір торға қамалды.
Кейбір қаржы мекемелерінің қаржы пирамидасына айналу эволюциясын зерттей отырып олардың екі тобын анықтадық. Бірінші топ бірден қаржы пирамидасының принциптері бойынша құрылады. Мысалға «МММ» АҚ, 2011 жылы сәуір айында Көкшетау қаласында пайда болған «КазРосИнвестПроект» ЖШС (Миллионерлер клубы) және т.б. қаржылық мекемелер жатады. Екінші топқа жататын қаржы институттары өздерінің жұмысы барысында, ондағы кейбір басшылықтағы адамдардың субъективтік іс-әрекеті негізінде біртіндеп қаржы пирамидасына айналады. Басында олар мемлекеттік заң аясында жұмыс істейтін компаниялар, қаржылық құрылымдар түрінде болады. Мысал ретінде атышулы Валют-Транзит банкті атауға болады. Үлескерлерді тақырға отырғызған кейбір үй құрылысымен айналысқан компаниялар да екінші топқа мысал бола алады.
Бұл мақала қаржылық пирамиданың даму және күйреу үдерісін математикалық және компьютерлік модельдер көмегімен бейнелей отырып, заңды түрде тіркеліп, жұмысын бастаған қаржылық құрылымдардың қандай жағдайларда «қаржылық пирамидаға» айналатынын және жалған қаржылық іс-әрекетпен шұғылданатын қаржы құрылымдарының елдің экономикасы мен халыққа тигізетін материалдық және моральдық зиянын ашып көрсету мақсатын көздейді.
Айдана ҚАРАТАЕВА, Назгүл МҰРАТҚЫЗЫ,
Шәкәрім атындағы облыстық мамандандырылған
дарынды балаларға арналған мектептің оқушылары.
Семей
«Егемен Қазақстан» газеті