Ринат Зайытов басшылық қызметке тағайындалды
Белгілі айтыскер Ринат Зайытов «Алатау» дәстүрлі өнер театры коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры болып тағайындалды.
«Қадірлі ағайын, бүгін Алатау дәстүрлі өнер театрына қызметке тағайындалдым. Жалған сөйлеп, ақталудан аулақпын. Дегенмен де қайда барып, не істесем де барлығы әуелі Жаратушы, сонан соң өмірлік тілекшім, сақтаушым, жанашырым да Халық болғандықтан бір ауыз түсіндіріп өтейін.
Адам бір нәрсеге қабілетті екенін көрсетпейінше, ешкімге ештеңені құр сөзбен дәлелдей алмайтыны айдан анық. Сондықтан маған берілген бұл мүмкіндік бірінші кезекте өзіме сынақ»,- деп жазды Зайытов.
Сондай-ақ, ол өзіне сенім білдірген Алматы қаласының мәдениет басқармасына алғысын айтты.
«Үш жүзге сөйлеп жүрген ақындарыңыз екі жүз адамды жұмылдырып жұмыс істете алмаса, оның пайдасы не?. Осы сөзбен келісетін шығарсыздар?. Өмірдегі ең үлкен тілегім өз елімнің бір бұрышында Қазақ өнеріне адал қызмет ету ғана. Оны талай жерде айтып та жүрдім. Міне сол тілегімнің алғашқы күні бүгін өтті. Құттықтау артық. Сәттілік тілесеңіздер алғысым шексіз. Алматы қаласының, мәдениет басқармасының басшылығына сенім білдіргеніне көп рахмет»,- деп жазды айтыскер.
Айта кетейік, Ринат Зайытов 2019 жылы президент сайлауынан кейін митинг ұйымдастырды деген айыппен «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдында ұсталған болатын.
Abai.kz