НАУРЫЗ МЕЙРАМЫН ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ МЕРЕКЕЛЕУ ТҰЖЫРЫМЫ
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев:
- Аяулы отандастарым, қадірменді қауым! Күн мен түннің теңелген, малдың аузы көкке тиген, адам аузы аққа тиген, түннің күнге бет бұрған, табиғаттың гүлденіп құлпырған қуаныш кезеңі - Наурыз мейрамы баршаңызға құтты болсын! Жаңа жылды 1 қаңтарда атап өтуді І Петр патша Ресейге Еуропадан алып келсе, одан бізге жеткен. Қытайдың өзінде бұл мереке ақпанның ортасына таман бір апта бойы тойланады. Шығыс халықтарының барлығында дерлік солай. Түбінде біз де өз мерекемізге оралатын шығармыз. Бұл - халықтығымыздың, тәуелсіздігіміздің негізгі тамырының бірі.
2009ж 22 наурыз, «Астана-Бәйтерек» алаңы
ТҮРКІЛІК ДӘЙЕКТЕР
Кейбір ғалымдардың пайымынша, Наурыздың 2,5 мың жылдық тарихы бар, алайда, Наурыз мерекесінің дәл қашан әрі қалай қалыптасқаны турасында пайымдар болғанмен, нақты дерек кездеспейді. Шамасы, бұл мерзімді олар Наурызды зороастр дінінің тарихымен байланыстыра қараудан шығарса керек. Алайда, құмық тарихшы Мұрат Аджының уәжіне [6] құлақ қойсақ, бұл мерекенің тарихын алтайлық өркениетпен тығыз қарауға тура келеді. Ал, бұл өркениет түркілік мәдениеттің жемісі болып табылады.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев:
- Аяулы отандастарым, қадірменді қауым! Күн мен түннің теңелген, малдың аузы көкке тиген, адам аузы аққа тиген, түннің күнге бет бұрған, табиғаттың гүлденіп құлпырған қуаныш кезеңі - Наурыз мейрамы баршаңызға құтты болсын! Жаңа жылды 1 қаңтарда атап өтуді І Петр патша Ресейге Еуропадан алып келсе, одан бізге жеткен. Қытайдың өзінде бұл мереке ақпанның ортасына таман бір апта бойы тойланады. Шығыс халықтарының барлығында дерлік солай. Түбінде біз де өз мерекемізге оралатын шығармыз. Бұл - халықтығымыздың, тәуелсіздігіміздің негізгі тамырының бірі.
2009ж 22 наурыз, «Астана-Бәйтерек» алаңы
ТҮРКІЛІК ДӘЙЕКТЕР
Кейбір ғалымдардың пайымынша, Наурыздың 2,5 мың жылдық тарихы бар, алайда, Наурыз мерекесінің дәл қашан әрі қалай қалыптасқаны турасында пайымдар болғанмен, нақты дерек кездеспейді. Шамасы, бұл мерзімді олар Наурызды зороастр дінінің тарихымен байланыстыра қараудан шығарса керек. Алайда, құмық тарихшы Мұрат Аджының уәжіне [6] құлақ қойсақ, бұл мерекенің тарихын алтайлық өркениетпен тығыз қарауға тура келеді. Ал, бұл өркениет түркілік мәдениеттің жемісі болып табылады.
Наурыз қашан пайда болды деген сауалға, әрине, нақты жауап беру қыйын. Алайда, Адам баласы Уақытты есептеу мен бағалай білгеннен бастап қана емес, мифтік сана қалыптасқан сәттен Наурызды мерекелеу қажеттігі туылған болар. Біз қарастырып отырған осы жайт бұдан 5-6 мың жыл бұрынғы, Алматының солтұс-батысындағы 170 шм жердегі Аңырақай тауындағы жартаста қашалған ежелгі суреттерде бейнеленген. Онда жер бетілік мақұлықтардан бірнеше есе ірі екі тұлға бейнеленіпті: оң жағында күндидарлы адамкейіпті киелі тұлға бері қарап тұр, бұл «Тәңір» аталып жүрген жарқын күш, оның сол жағында әрі қарап, айдидарлы - Ыңыр (Іңір - бұл қазақтарда күн батқаннан кейінгі кеш түскен уақытты білдіретін ұғым түрінде қалған); олардың ортасында сағат тіліне қарсы бағыт бойынша Сиыр жылының 4 маусымы бейнеленген: жаңа туған бұзау, оның үстін ала баспақ жайылып тұр, ал оның сол жағында семіз, мүйізі қарағайдай ірі бұқа Тәңірге қарап тұр да, оның астын ала мүйізі түскен, ауру да көтерем сиыр тәлтіректеп тұр. Бұл сәйкес түрде бейнеленген жылдың төрт мезгілі - көктем, жаз, күз және қыс. Бұлардың бәрінің астында түрлі айуан бейнесіндегі он екі адам (кие) билеп жүр. Бұл - ежелгі Наурыз мерекесі - сиыр жылының наурызын мейрамдау емей немене?!
Бұл қашама сурет - бұған дейін беймәлім болған Наурыз бен онекімүшелік түркілік күнтізбенің тығыз қатынасын әйгілеп тұрғанымен құнды. Сондай-ақ, ежелгі «Жаңа жылдың» басы неге көктем болғандығы да осыдан түсінікті, өйткені, көктем - бітік суреттегідей жылдың балаң кезеңі еді! Жоғарыдағы қыстың кейпін көрсетіп тұрған көтерем сыйыр Жылдың қартайған, өлер шағын да көрсетіп тұр: бар жоғалады, Кеңістік қысылады. Демек, қазақ танымындағы Қыстың кәрі бейнесі о бастан келетін дәйекке негізделген. Ендеше кәрі қыста Жылдың туылуын мерекелеуімізге жол болсын!..
Наурыз турасындағы келесі бір назар аударарлық тарихи айғақ сақ-скифтердің «айуандық стиліне» арқау болған алтын бұйымдардың бейнелері. Бұл мифтік зергерлік бұйымына қарап, біз мүшелдік жыл киелері болып табылатын айуандардың әуелгі нұсқасы мен бейнесін қалпына келтіре аламыз. Осы бейнеден біз он екі мүшелдік жыл киелерін қалпына келтіру мүмкіндігіне иеміз.Тіпті, біршама айуан мен жануар атаулары мифтік мағана бергендігіне көз жеткіземіз. Оларды сақтардың бағалы бұйымға айналған Жылкиелік «айуан» сақиналарынан байқауға болады: Тышқан, Барыс, Жылқы, Сыйыр.
Ал, кейбір «бағалы айуандар» тұрпаты сәйкес Жылкиелердің мінездері мен мазмұндарынан хабар береді: Мешінің талтайуы - сол жылдың іс-әрекетке лайықтығын; ұйқыдағы Доңыздың тұрғанымен қазына толы «сандық» екендігін; ал дулығаға түскен қошқар мүйіз ою Қой жылғы туылған батырдың белгісі ме, әлде оның Қошқар ата деген пірі ме, кім білсін?!
Аталмыш тарихи-рухани бұйымдар біздің шешілмей отырған көп сұрақтарымызға жауап беретін сыңайы мол: бүгінде қазақша «Ұлу» аталып жүрген теңіздің жәндік (улитка) пе, әлде мифтік айдаһар ма деген сауал наурызтанудағы бір мәселе болып отыр. Алайда, бұған біржақты түрде жауап беруге болады - Ұлу жылы дегеніміз - Айдахар жылы. Ал, қытайлардың бүгінгі еншілеуі тарихи-рухани ортақтықты білдіреді. Бұл жөнінде мифолог Серікбол Қондыбай [2] қытайша «луң» атауы прототүркілік «ұран» (ор, ора, орау сөздерінің семантикалық түпкі нұсқасы) сөзінің кейінгі нұсқасы екенін дәйектеп қана емес, айдаһартану мәселесін барынша жан жақты қарастырып, оның дейтүркілік құндылық екенін дәлелдеген болатын.
НАУРЫЗДЫҚ ҒҰРЫПТАР
Наурыз мерекесі парсылық «нов» пен «руз» сөздері арқылы ғана сыйпатталмайды. Мейрамды ашатын бірқатар атрибуттар мен ғұрыптар болып табылады. Бүгінде өз алдына бөлектенген қазақы ғұрыптар мен ұлттық ойын немесе рәсім ретінде танылған бірқатар құндылықтар - ежелгі түркілік наурыз мерекесінің бөлшектері мен егжейлері.
Аластау
Наурыз кезіндегі алау түркілерде аластау рәсімімен байланысты. Жалпы, ол Тәңір-Іңір дуализміндегі Жарықтың, Күннің рухы саналатын Тәңірге құрмет көрсету мен түнекті серпу, Іңірді жарықпен әшекейлеу ырымы болуы керек. Алайда, оттың қасиетін паш етуді де жоққа шығару мүмкін емес. Кеңес өкіметі кезінде совхоз шопандары отарлары үрке беретін дағдыға ұшырағандықтан, күн бата қой отарының түнегіне бірнеше жерден алау жағып, олардың арасынан отарды айдау арқылы аластау ырымын жасайтыны бар еді. Соған қарағанда, наурыздық алауды жағуда бірнеше мақсат көзделген болуы мүмкін. Бірақ, көптеген жұрттар алаудан секіру арқылы өздерін аластау рәсімін дәстүрге енгізсе, қазақтар оттан аттауды жаман ырым, әдепсіздік, Отты қадыр тұтпау санайды. Оның орнына шырақ жағып, оған алақанды тосу арқылы маңдай мен бет сыйпау жоралғысын жасаумен шектеледі. Сонымен бірге шырақ жағып, үйдің бұрыш-бұрышына от жүгіртіп, аластайды.
Айтыс
Наурыздық нысан - дуалистік теңгерім (баланс) үдерісі: Ақ пен Қара; Жақсы мен Жаман; Күндіз бен Түн; Жарық пен Қараңғы; Аталық негіз бен Аналық негіз; Ін (ин) мен Ен (ян), Құт пен Жұт ... Ал, дуализмнің үйлесімі - олардың бейбіт тартысында, тәжікелесінде, шарпысында. Бұл көрініс қазақтың Айтыс өнерінде арнайы миссиядай қалыптасқан. Айтыстың әуел бастағы туындау сәті де Наурызбен байланыста. Сол себепті де, Өлі мен Тірінің айтысы, Жаз бен Қыстың айтысы, Қыз бен Жігіт айтысы т.т. қосполюстік диалектикалық айтыс түрлері сайып келгенде наурыздық тұрғының насихаты ғана емес, қарама қарсы қос тараптың шарпысу көрінісінің өнердегі проекциясы болып табылады. Қысқасы, Айтысты әуел баста тудырған бірден бір түрткі - Наурыздық жүйеге негіз болған таным мен прототүркілік тұжырым!
Көкпар
Бұл ойынды Тәңір-Іңір дуализмінің тайталасын өмірлік сайыстан ойындық талас проекциясы түрінде туындаған көшпелі түркілік жоралғылардың жалғасы деуге болады. Көкпарды тәжіктер де тартқанға ұқсайды. Және оны олар ежелгі кездерде негізінен [4] Наурыз қарсаңында ғана ойнаған екен. Оған парсылар мен түркілердің ықпалдасуынан қалыптасқан этнос ретінде тәжіктерге тиесілі көкпардың «бозкаши» және күрестің «гуштингри» түріндегі түркілік өзге атаулары куә. Тіпті, «бозкаши» сөз тіркесі көкпар ойынының сыйпатын аша түсетін жаңа дерек болмақ. «Бозкаши» қазақтың мал құрбаны «боз қасқаны» (Ақсарбас) еске салады. Ал, «гуштингри» сөзі Тәңірдің құдыретін паш етуге арналған балуандардың белдесуі және ол «Тәңір күші» ретіндегі ұғым ба, әлде, «күш теңгеру» тіркесі ме, анықтай түсу керек.
Көкпар шын мәнінде, Наурыз салтанатында антиподтық қос тараптың арбасуын өміршең ойынға айналдыру мүмкіндігін паш етеді. Шайқастың орнына сайыс, соғыстың орнына талас тудырумен үйлесім орнату көрінісін насихаттайды.
Алтыбақан
Қазақтың Алтыбақан ойынына тереңірек көз жіберген әлдеқайда нәтижелі болар. Жалпы, алты бақанды тігінен үш-үштен бастарын мосыша байлау мен жетіншісін олардың бастарын қосуға пайдалануда үлкен космогониялық таным жатыр. Бұл рәсімде ежелгі ғаламның пайда болу құбылысы орын тапқандай, бізге жеткен әфсаналар бойынша алты күн ішінде жеті ғаламшар жаралды емес пе?! Ендеше, алты бақанымыз - ғаламның жасампаз алты күні де, сырық санының жетеу болуы - әуелгі жеті планета құрметіне деген нышан болуы керек. Ал, бұларға бекітілген әлпеншек (әткеншек - маятник) Тәңір-Іңір дуализмінің үйлесімін паш етуге арналған қондырғы емес пе?! Тәжіктер секілді, жылына бір рет келетін мерекесінде кәрейлердің де қыздарын әлпеншек тептіретін салты бар. Алайда, бұлардың алтыбақандық атрибуты кездеспейді.
Оның үстіне, қазақтарда Алтыбақанды күн батуға дейін құрып бітіреді де, оны тебу салтанатын күн батқан соң, ай туғаннан бастап, таң атқанша жалғастыру рәсімі бар. Бұл дегеніміз - Жұт (табиғи тапырық - хаос) пен Жаманаттың, Түнектің киесі болып табылатын Іңірге ырық бермеу ниетінің көрінісі, жоралғысы, ырымы! Қос тараптың тербелу үйлесімін орнату сайманы - қазақтың Алтыбақаны іспетті.
Бастаңғы
Наурызға қатыстылығы әбден көмескіленген қазақы бір ғұрып бар. Ол -«Бастаңғы». Бұл ғұрып кәзірде елдің әр жерінде түрліше ұғылады: біреулері жастардың ересектерден оңаша отырысы, ал енді бір өңірлерде қыз-келіншектердің оңаша отырысы. Алайда, бұлар - қазақыланған Бастаңғының жұрнақ нұсқасы ғана. Оның түпкі сыры «Бастаңғы» сөзінің өзінде бүгулі. Қалай болғанда да, бұл әлдебір топтың оңаша отырыс жасап, мейрамдау көрінісі болып табылады, алайда, «бас» пен «таңғы» сөз тіркесінен құралған бұл отырыс әуел баста «оңашалықтан» гөрі жылдағы Бас таңды қарсы алудан туындаған жоралғы болуы керек. Ал, жыл бойындағы басқы таң, сол жылдың басында болатыны айтпаса да түсінікті, ендеше бұл «Қыдырды қарсы алу» секілді мифтік желеуге негізделген Наурыз таңын қарсы алуға арналған жастардың ежелгі отырыстарының бүгінде «оңаша отырмаққа» айналған түрі болуы керек.
Бұл жайында белгілі этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек,«Қазақ әлемі» (228-бет) кітабында былай жазады: «...Қызыр түнін ұйықтамай өткеру үшін ауыл жастары алуан түрлі ойын ұйымдастырып, Қызыр атаның назарын аударып бақытты боламыз деп, небір тосын тамаша-қызықтар көрсетеді... Осынау қызық-думанның ішінде «жандықуыршақтың» жөні бөлек. Ол үшін жастар ауылдағы ноқта көрмеген ең асау тайыншаны ұстап, ең ескі ашамайды салып, ашамай үстіне ең ескі киім-кешек пен құрым киізден жасалған қуыршақ орнатып, тайыншаның құйрығына ескі шелек байлайды да: «Ұлыс таңы атып қалды, бар елге хабар бер!» деп, шабына шыбық жүгіртіп, сауырға бір салып қоя береді. Асау тайынша өкіріп-бақырып жөнеледі. Ит үреді, қотандағы мал үркеді, үй-үйден шал-шауқан ербиіп шығады, жастар мәз-мейрам болысады...» Шамасы, жоғарыда сөз болған «Алтыбақан» ғұрпы осы «Бастаңғы» жоралғысының бір құрамтасы болған. Оның үстіне, бойжеткендердің ержеткендерге арнап әзірлейтін «Ұйқыашар» дастарханы мен жігіттердің ғашықтарына сыйлайтын «Селтеткізері» де осы отырыстың сәнін келтіре түсетін, бүгінгі «сюрприз» дәстүріне айналған салттың егжейлері (деталь) десек, қателеспеспіз.
НАУРЫЗДЫҚ КЕЙІПТЕР
Қыдыр ата
О баста, Қыдыр ата Көктің періште өкілі ретінде құт таратушы міндетін атқаратындай киелі тұлға. Тіпті, «қыдыр» сөзінің өзі түркілік «құд» және «ыр» (гір, ғыр, ғар, гер жұрнақтарының арғы түбі) тіркестерінен туындап, «құт үлестіруші» мағанасын білдірген.
Қыдырдың мифтік қаһарман міндетінің астарында терең таным жатыр: түркі сенімі бойынша, әрбір жан өзінің ниеті мен еңбегіне орай Жарылқаушыдан сәйкес түрде несібе алуға мүмкіндігі бар. Ал, құт дегеніміз - Жарылқаушының киелі несібені дарыту, баянды ету құдыреті! Қазақтар бүгінде бірін бірі «Құтты болсын!» тіркесімен құттықтауында «жақсылықтың баянды болуы Жаратқанның бұйрығымен бекісін» деген тілек бар. Қыдыр ата сол құтты үлестіруші періште рөліндегі рухани-тарихи кейіпкер.Жылдық бұл құтты біржылдық несібелік бағдарлама деп те қабылдауға болады.
Ұмай ана
Шындығына келгенде, бүгінге жеткен наурыздық шежірелерде Ұмай ана кейпі айтылмайды, бірақ ол түркілік дүниетаным нысаны ретінде аса зор маңызға ие екендігі өз алдына, оның Наурызға тікелей қатыстылығының дәйектері табылатындығы сөзсіз. Себебі, Жердің рухы ретіндегі Ұмай ана - Көктің дарытқанын молайтушы, құтты нәрселендіруші кие. Береке аталатын көбею мен молдықтың басы - Наурыздық материалдық байлықтың мәні болып табылады. Берекенің белгісі - айуан әлемінің көбейуі мен өсімдік біткеннің жасаруы: көктің бүршік атуы мен төлдің туылуы. Наурыз айының сақпан (малдың төлдеу) науқанына сәйкес келуі де құбылыс пен көктемгі маусымның көрінісі, жаңа жылды лайықты қарсы алудың мүмкіндігі болып табылады.
НАУРЫЗДЫҚ НЫШАН
Түркілік ғаламтанымды көрсететін мифтік мынадай көріністен аттап өтуге болмайды. Ол көрініс мифологиялық арқау ретінде түркілік ертегілерге тән болып келеді. Айдалада бәйтерек өсіп тұрады, оның басына ұя салған самұрық құс тұрады екен, бірақ самұрықтың балапандарын жалмайтын айдаһар бәйтеректің түбінде мекендейді. Сөйтіп, айдаһарды өлтіретін асқақ батыр туылмайынша, самұрық бұл тажалдан құтылмайды екен. Батыр туылады, айдаһармен айқас болады, жігіт жеңеді, самұрық оның мұратына жетуге қызмет етеді. Міне, бұл - типтік мифологиялық арқау. Біздің пайымымызша, бұл жерде әңгіме әдеттегідей Жақсылық пен Жамандықтың күресі турасында емес, ғалам мен адамның қарым-қатынасы жөнінде. Бәйтерек - адамзаттың Көкке өрлеу жолы, ғұмыры. Бәйтерек - түркілік танымдағы ғаламдық ағаш. Ал, бәйтеректі орап жататын жылан кейіпті жеті басты айдаһар - Уақыт. Айдаһардың жеті басты болуы оның о бастан аса жетілген ғаламдық құдыретті де қасиетті құдырет (стихия) екендігінде. Жеті санымен түркілер құдыретті кемелдікті таныған. Ал, самұрықтың жұмыртқасы - адамзаттың арманы, аңсары; самұрық - Бақ құсы, адамның мұраты, арманға жеткізер көлігі. Уақыттың талай тажалына төзген, өз аңсарына лайық болып жетілген адам ғана мұратқа жетеді, Көкке самғайды, оның өмір жолы Жоғарғы әлемде жалғасады деген даналық жатыр бұл әфсанада.
Міне, осы типтік мифарқаудағы бәйтерек ежелгі түркілік Наурыз рәсімінде ЙОЛ (жолтерек, бақан) ретінде кейіптелсе, ал айдаһардың рөлін йолды айнала тізбектелген адамдар атқарған. Бір қызығы, қол ұстасқан адамдар он екі айдың немесе он екі мүшелдік жылдың болмаса үш жүз алпыс бес күннің кейпінде билеп айналады. Бұл көріністі Аңырақай тауындағы Таңбалы қашамасынан да көріп отырмыз.Халқымыз әлі күнге абыздың моласына сырық шаншып, ақ байлайды; былайға бейітке түсті жыртыс қалдырады. Бұл - -дүние мен Бұдүние арасындағы байланысқа деген адалдық пен кие тұту көрінісі. Бұл - Көк пен Жердің, Алла мен Адамның арасындағы байланысты көре білу дәстүрінің өшпейтіндігі.
Аңыздағы Жер мен Көкті жалғаушы Бәйтерек - Кеңістің бейнесі де, ал айдаһар - Уақыттың кейпі. Кеңіс геометриялық жағынан (ұзындық, ендік, биіктік) үшөлшемді болса, ал мифтік кеңіс те үшөлшемді: жоғарғы (бас), ортаңғы (бел), төменгі (аяқ), бұл - тігіңкі тұрпаты, ал көлденең тұрпаты - оң, орта, сол. Түркілердің мемлекеттік құрылымы да осы мифтік біртұтас ғаламдық құрылымға негізделген болып шығады.
Біз атаған мифологиялық аңыз бен Наурыздың арасынан қыл өтпейді деуге болады. Бұл әфсана, адам көзімен қарағанда, жауыздық пен бауырлықтың арбасуы болғанымен, түпкі идеясы ғаламдық үйлесімді паш ету. Наурыз да сол үйлесімге қызмет етудің басты рәсімі еді. Яғни, Наурыз мефрамы ғарышты тапырықтан (хаостан) қорғау жолындағы адамзаттық әрекет жоралғысы болып табылады. Әлемтапырыққа (всемирный хаос) ғаламның теңгерімі сәтінде, жаңа уақыттық старт кезінде орын берілмеуі ескерілген.
НАУРЫЗДЫҚ МӘН МЕН ДӘРІП
Жалпы, күн мен түннің теңелу сәтін ғарыштық өлара мезет, жыларалық меже ретінде таңдауы да бекер емес, оны ежелгі түркілер Уақыт ағынының үзігі ретінде таныған. Наурыздың Жыл мен Көктемнің басы болуы сол себепті. Аталмыш өлара апта наурыз айының кәзіргіше 14-22 (ескіше 1-9) аралығын қамтып, тоғыз күнге созылса керек. Сонда Наурыздың шарықтау шегі күн мен түннің теңелетін 21-22-сі болып шығады.
Ісашар
Құбылыс дегеніміз - ғаламдық ауқымдағы Дәмнің, Өңнің және Үннің үйлесімдік көрінісі. Құбылыс - ұлы іс. Құбылыс - Уақыт пен Кеңістің тоғысуында жүзеге асатын әрекет пен болмыстың көрінісі. Бабаларымыз ежелгі замандарда сол құбылысты болдыратын Уақыт пен Кеңістің басы ретінде күн мен түннің теңесуі болатын сәт пен жер бетіндегі жасыл орманды алқапты таңдаса керек. Көкке шаншыла өскен, ұшты, өңін өзгертпейтін шыршаны Уақыт пен Кеңістің тоғысу нышаны ретінде қалап, оны Көктен түсетін ырыс пен Жерден шығатын ниет-тілектердің тоғысып, құбылысқа айналдырар жол (йол) деп есептеген. Ал, Наурыз мерекесін халық болып жабыла мейрамдау ғаламдық Жыйылудың көрінісі ретінде бар құбылыстың, яғни, жақсылықтың басы ретінде мойындалған. Сондықтан наурыз күні жыл бойына жалғасар істі бастауға тырысқан, жақсылық жасауды ұйымдастырған: кір-ластан құтылу, бұлақ көзін ашу, ағаш егу, егін егу, өскін көктету,тіпті жаңа істі бастау т.т. бір сөзбен айтқанда, Наурыз - әлемдік іс ашар шара.
Жылашар
Ежелгі аңшы-көшпелі түркілер он екі жылдық мүшелді енгізумен бірге, олардың әрқайсысына айуандық кейіп берген, яғни, әрбір жыл белгілі бір айуанның тұрпатымен келетінін насихаттай отырып, оларды астрологиялық жағынан сыйпаттауды меңгеріп, түркілік күнтізбе түзген. Ал, әрбір жылдық айуанның өңі жеті түстен тұрған, сөйтіп, әрбір мүшелдік жыл жеті дүркін түске бойалумен толық түстік мүшелді өткеретін болған. Бұл - 84 жыл, бұған біржылдық нәрестелік кезең - микромүшел (онекі айлық) қосылғанда, адамның орташа өмір сүру ғұмыры 85 жас болып шығады. 12 айдың бір жылды, 12 жылдың бір мүшелді (мүш+йіл, йыл), 12 мүшелдің бір ғұмырды, 12 ғұмырдың бір дәуірді құрайтынын ескерген.
Қазақтардың ұғымы бойынша ескі жыл 14-20 наурыз аралығында кетіп, жаңа жыл келмек, яғни, әрбір ескі жыл қысты өткеріп барып, жаңа жылдың көктемін бастап кетпек. 14 наурыз - Көктемнің де, Жаңа жылдың да алғашқы күні. Бұл күні қыстың тоңы жібіп, қар еріп, сай-саланы қызыл су қаптайтын күн. Наурызды осы күні бастып мейрамдау кеңестік дәуірде де тоқыраған емес, ал кәзір елдің батыс аймағы сол күйінше ұстанып келеді.
Маусымашар
Маусым жылдың тірлікке тән мезгілдік кезеңдері болып табылады.Түркілер Кеңісті де, Уақытты да төртке бөлген. Жербеті күншығыстан бастап, оңға қарай оңтұс, батыс, солтұс, шығыс болса, әр тұстың өз түсі бар: шығыс - көк (туылу, бастау), батыс - ақ (кемелдену), оңтұс - қызыл (өмір, үдеріс), солтұс - қара (өлім, кері үдеріс).
Жылдық кезең төрт маусымға жіктелген. Әр маусым, жылдың жасына қарай балалық, жастық, егделік, қарттық сыйпатты бейнелеген. Әрбір үш ай бірігіп, бір маусымды құраған. Әр маусымға тән өз бояуы бар: көктем - жасыл, жаз - қызыл, күз - сары, қыс - ақ.
Жыл басы міндетті түрде көктем айының алғашқы күні болып табылған, өйткені, наурыз айында тоқсан күндік қыс кетіп, көктем келеді, ал қыс дегеніміз - ескі жылдың соңғы маусымы. Қыстың нышаны - қар, түсі - ақ, яғни табиғи қартайу мен ескіліктің шегі. Көктем нышаны - өсімдіктің көктеуі, түсі - жасыл, яғни, табиғи жасару межесінің басы. Сайып келгенде, Наурыз - жаңа жылдық мүшелдің маусымашары.
НАУРЫЗДЫҚ ТҰРПАТ
Таңбалы жартастағы қашама суретке куә болғанымыздай, Наурызды мерекелеуде он екі мүшелдік айуан бейнелерінің қатысуы міндетті нышан болғандығында ешкімнің дауы жоқ. Сондай-ақ, «Аластау» рәсімінің де өз алдына орны болғандығы күмәнсіз. Ал, «Ұйқыашар», «Селтеткізер» секілді дәріптер де Ырыс түнін өткізуге арналған бірден бір ғұрып болса керек.
Наурызға тән ұғымдардың барлығы да бір ғана мерекенің мәнін ашудан шыққан десек, қателесеміз. Керісінше, Наурыздың мереке болуының өзі белгілі бір ежелгі адамзаттық идеяның түрлі сенімдер мен тұжырымдарға бөлшектелмей тұрғандағы тұтас үрдісінің шырқауынан шыққан. Енді ескірген, мифтенген Наурызды заман талабына сай лайықтайтын оның тұрпатын қалыптастыратын ұғымдар мен нышандарға, рәсімдер мен ғұрыптарға тоқталайық.
Ұ Ғ Ы М Д А Р
Наурыз - «Көктің соны берекесі, ырысы, сыйы бұйыратын, ғаламдық Құбылыстың, жербетілік Жылдың, Жылдық мезгілдің басы боларлық - сәт» деген сенімнен туындаған ырымды жүзеге асыру жоралғысы; ғаламдық «Ұлы Іс» ретінде мойындалған ұлы мереке.
Көк - барлық игіліктің көзі; ғаламды билеуші Жаратқанның төрі,тұрағы,түркілік жоғарғы әлемдік мекен.
Тәңір - ғаламға жарық таратушы, бар жақсылықтың көзі, Жаратушының жасампаз рухы, қайырымды құдырет.
Іңір - Тәңірдің антиподы, Жақсылыққа қарсы рухани күштердің басы, түнек таратушы қайырсыз құдырет.
Құт - Ұлы күштің, Жаратқанның, киелі жандар мен дуалы адамдардың батасымен байанды болатындай кепілі бар құбылыс пен құдырет көзі. Қазақтың «Құтты болсын!» айту дәстүрінің түбінде кез келген қуанышты құбылыстың құдыретті Көктің қолдауына ие болуын, Тәңір ырқына негізделуін тілеу арқылы оның баянды болуын аңсау жатыр.
Ырыс - Жаратқанның бұйрығымен, Қыдыр атаның батасымен дарыйтын сый, Жақсылықтың нәтижесі, ұлы жоспар - ұлы істің салдары.
Береке - адамдардың ниетіне рыйзалықтан Тәңір мен Ұмай тарапынан бұйыратын табыс, жеміс, бұйырым, нәрселенген несібе.
К Е Й І П К Е Р Л Е Р
Қыдыр ата - Жаратқанның, Ұлы құдыреттің атынан жер бетін аралаушы және адамзатқа құт үлестіруші, оны қолдаушы кемел Рух. Қыдыр атаны Наурыздың персонажы ретінде «тірілтуге» болмайды, ол мистикалық тұлға болғандықтан, Ырыс таңының басты мифтік кейіпкері болып, Аяз атаның орнын басып, «тірілмегені» жөн.
Ұмай ана - аналық негізді әйелбейнелі тұлға, береке мен қайырымның көзі, жер бетіне Жаратқанның бұйрығымен дарыған игіліктерді туындатушы, еселеуші, молайтушы кейіп; Жердің мифтік бейнесі, киесі. Наурыз мерекесінің басты кейіпкері ретінде тұлғалауға тұратын бейне. Ол негізінен наурыздық сахнаның көркі, басты тұлғасы, оқиғаның кейіпкері болғаны абзал.Себебі, Наурыз мейрамы - жасару мен жаңару, түлеу мен молаю, тазару мен арулану секілді Табиғатқа әйелдік сыйпатты телитін мереке!
Жылкие - әрбір жылдың мазмұнына сәйкес келетін түрлі жылдардың киесі саналатын айуандар тұлғасы; Уақыттың мүшелдік тұрпаты; онекіжылдық мүшелге сәйкес 12 жылкие болады; жылкиелер наурыздық негізгі кейіпкерлер болып, Ұмай анамен бірге сахналық оқиғаны дамытуға қатысады. Наурыз салтанаты кезінде әркім өз жылының киесін дәріптеу мақсатымен соған сәйкес бетперде тағынған. Кәзіргі карнавалдар сол жылкиелердің ежелгі көшін бейнелейді.
Алдаркөсе. Бұл - ежелгі көсе әрі қызыл телпекті Наурыз әмір, Наурыз қожа аталған наурыздық персонаждардың қазақыланған жалғасы. Наурыз мерекесін қыздыруға бірден бір лайық тарихи кейіп болып табылады. Одан басқа ертегілік кейіпкерлерді де балаларға арналған наурыздық салтанаттарға енгізуге болады.
Р Ә С І М Д Е Р
Иіс. Наурыз басталардан бұрын Әруақ әлемінің қажетін «Иіс» рәсімімен өтеу «жеті шелпек», «майшелпек», «жеті нан» аталған тағам пісіріп тарату, дұға оқумен жүзеге асырылған. Бұл да наурыздық ұқтырымдардың сарқыты. Алайда, ол бүгінде исламдық дәстүрмен астасып кеткен.Ешбір таным мен нанымға қайшы емес, жалғастыруға тұрарлық рәсім.Бұл - Көк пен Жерді, Жаратушы мен Жаратындыны жалғайтын бірден бір ежелгі жоралғының жұрнағы.
Көрісу - қазақтың қуаныш пен қайғыдағы ниет біріктіру ырымы, ғұрпы; адамдардың бір бірімен төс қағыстыра сәлемдесуі. Төстің өзі қазақша «көкірек» аталады да, ежелгі түркілік көк+ірек (ырақ), яғни, «Көкке тиесілі қақпақ» (ірек, ырақ - қақпақ, люк; мысалы: шаң+ырақ) дегенді білдіреді. Көкіректерді түйістіру арқылы, адамдардың бір бірімен бұлайша сәлемдесуі, көкірекке ұялаған жағымды ниеттер мен бастамаларды біріктіру, молайту пыйғылы жатыр.
Бастаңғы. Бұл - Көктен жаңа ырыс тілеу; жаңа Уақыттың жаңарған Кеңіске (Жерге) келуін тілеу, пенделік пыйғыл мен ниеттерді бір мезгілде бір арнаға тоғыстырып, Жаратқанға құрмет көрсету, оның назарына ілігу; таң атқанға дейін салтанатпен ұйқысыз өткізу ғұрпы; Жаңа жылдың жаңа Таңына куә болу; Наурыздың 21-нен 22-не қараған түнгі таңның алғашқы сәулесін қарсы алып, басқы таңға сәлем ету, жас сәулеге шому, алғашқы пәк қуатқа кенелу рәсімі. Жыл сайын таңғы 5:15 -те наурыздық таң сәулесі рауандайтын сәтті түні бойы мерекелеумен қарсы алу шарасы.Аталмыш шара қазақтың ұғымындағы қыз-келіншектердің оңаша отырысы ауқымына қусырылған тар сыйпаттан кеңейтіп, жаңғырта ұсынып отырмыз.
Алтыбақан - Күн мен Түн, Тәңір мен Іңір, Құт пен Жұт үйлесімінің белгісі, ұлттық ойынға айналған бас таңды қарсы алуға арналған ежелгі ұмыт болған наурыздық жастар жоралғысы.
Ғ Ұ Р Ы П Т А Р
Аластау. Аластау немесе шырақ жағудың бірнеше мәні бар: Қыдыр атаның жолына жарық түсіру; отауды аластау, лас қуат пен кір ниеттен тазару; үйдегі құт пен ырысты, жылу мен ошақты қадырлау белгісі; Рухани әлеммен сыйласу, оларға құрмет көрсету нышаны. Шырақтың жетеу болғаны абзал.
Ұйқыашар. Бойжеткендер тарапынан ғашық жігіттеріне арнап пісірілген, Бастаңғы кезіндегі дастархан мәзірі. Қазақтың ежелгі дәстүрі болса да, кәзіргі заман талабына кірікпей келеді.
Селтеткізер. Жігіттер тарапынан бойжеткендерге арнайы, алдын ала, әзірленген сыйлық. Бұл сыйлық Бастаңғыға жыйналған жігіттердің бойжеткендерге сыйлайтын тосын да сүйікті сыйлығы - сюрприз.
Белкөтерер. Қариялардың Ырыс таңын қарсы алу кезінде тамақтануына арналған мерекеге лайық ас мәзірі. «Белкөтерер» әдетте ауқатты отбасының қадырлы қарттарды шақырып, Қыдыр түнін өткізуге арнаған қонақ асы. Сол түні көпті көрген егде жандар өткен-кеткен қызықты әңгімелеп, жастық шақтарындағы дәуренін еске алысып, уақыт өткізеді, өзара ескі жылдағы жақсылықтарды еске алады, жаңа жылға болжам жасайды.
Н Ы Ш А Н Д А Р
Наурызкөже (жеті дәм)- ғаламдық құбылыстың кемелденген дәмін паш етуге арналған, Наурыз мерекесіне арнап жеті дәмнен пісірілетін ырымдық ас. Наурызкөженің мәні - «ескі» дәмдерді біріктіре отырып, жаңа жас дәм алу; әлемдік жаңа ғұмырдың басы ретіндегі жербетілік селдің (аласапыран) апатын позитивтік арнаға бұру ниетінен туылған. Бұл тағам ежелгі Нұқ пайғамбар заманынан қалған тасқынға орай туындаған жоралғы болуы да мүмкін. Алайда, қазан толтыра асылатын бұл көже «Қазантолы» аталып, жаңа жылдың берекелі, тоқ жыл болуын тілейтін рәсімдік сыйпаты да бар.
Жеті(к) үн (жетіген) - ғаламдық құбылыстың кемелденген үнін паш етуге арналған, жеті дыбыстың бірігуінен шығатын қасиетті әуен; Іңірдің (аңыр, ыңыр) күш алуынан туындайтын «ыңырсудың» алдын алу ниетінен қалыптасқан рәсім. Қазырғы кезде «жетіген» сөзі қазақтың жеті ішекті саздық аспап атауы. Ежелгі түркілік «жетік үн» тіркесінен шыққан болуы ықтимал.
Безендірім - Наурыз кезіндегі үйді, мекемені, ғимаратты, көшені, ауылды және айналаны жайнатып безендіру. Оның басты ұстамы: алуан түсті бояудың үйлесімін қарастыру. Ежелгі замандарда жапырақ шүберектерді талға ілу, үй-жайға алуан түсті жыртыстар мен мата қиындыларынан көктелген құрақ көрпе, текемет, сырмақ, алаша, кілем жаю, т.б. әрекеттер орын алған.
Жолдық. Наурызда «Жыл құтты болсын!» айта келген қонақтарға, жолыққан таныстарға ұстата салатындай, сондай-ақ, Наурыз шарасына қатысушыларға үлестірілетін ұсақ та қарапайым, кәкір-шүкір сыйланым. Бұл - наурыздық Көк жолына және жаңа жылға рыйзалық ниет білдіруден туындаған ырымдық сыйлықтар. Ежелгі кезде Жолтерек алуан түсті жапырақ матамен, шұғамен, терімен әшекейленген болуы керек. Наурыз рәсімі біткесін оны ырым қылып, жұрт таратып алып, қасиетті ырыс келтіруші тәбәрік ретінде киім-кешек немесе құрақ көрпе тігілгендей сыңайы бар. «Жолдық» үлестіру кәзірде Айт мейрамына да еніп кеткен. Осызаманғы жолдық есебінде наурыздық құтпарақты да (открытка) таратуға болады.
НАУРЫЗДЫ ЗАМАНҒА ЛАЙЫҚТАУ
Мемлекеттік мерекеге айналған Наурызды ресми мейрамдау жөнінде соңғы кездері біршама сыни пікір қалыптасты. Соның бірі - «Наурыздың мерекеленуі Жаңа жылдың аталып өту деңгейіндей емес, тар ауқымда әрі жұпыны» дегендей уәж. Бұған қоса, «Наурыз мерекесі бұқаралық сыйпаттан ажырап, сахналық кейіпке еніп, аздаған жұртшылықтың қызықтауына ғана айналған фольклорлық қойылым көрінісінен аспауда» деген де пікір бар. Қысқасы, қазақтың Жыл мерекесі уақыт талабы мен егемен елдің өміріне сәйкес бүкілхалықтық идеологиялық көз қуанышқа айналды деуге ертерек.
Этностық, тарихи да танымпаздық әрі жасампаздық болмысымыздың көрінісі болып табылатын Наурызды тоқыраған танымнан арашалап, өз деңгейінде паш ететін күн туды. Ол үшін, айтулы мерекемізді халықтың шынайы қабылдауына лайық атрибуттар мен жоралғыларды уақытқа сәйкестіре отырып, қалпына келтіруді қолға алған жөн. Тасыр идея мен қарабайыр мазмұнға толы ерсі көріністерден бірте-бірте құтқарсақ, Наурыз елдің ең аяулы мейрамына айналады да қояды. Және де халықтың өзі қалдырмай сақтап келе жатқан тұстарын үкілеп, одан әрі жетілдіре түсу керек. Мәселен, елдің батысы Жаңа жылды наурыздың 14-нен бастап қолға алады және оған ешуақытта ресми мереке сұрап көрген емес. Бұл дәстүрді бұйрықпен де қойдыру жөн емес, өйткені, мерекенің халықтық сыйпаты дегеніміз осы! Ендеше, наурыздың 14-21 аралығында Наурыздың талай рәсімін атқарып, ұлтына қарамастан, барлық жұртшылықты тартатындай шараларға жол беруге болар еді. Әсіресе, біржақты таптаурын болған ресми сценарилерден құтылып, мерекеге арқау боларлық жоралғылар мен кейіпкерлерді өз орнына қолдану арқылы мейрамды биліктің емес, халықтың мерекесіне айналдыру жағына көп назар керек. Сонда ғана ол аяулы азаматтық мерекеге ұласып, өзіміз түгілі өзге елдер қызығатын шараға айналады.
Алайда, танымы мен тағдыры аса күрделі діни идеологиялық шарпысуға итермелейтін Қыдыр атаны Аяз ата мен Санта Клаустың кейпіне түсіріп, мерекелік кейіпкер етпей-ақ, оған өзі сұранып тұрған Ұмай ана тұлғасын алсақ та жетеді. Қыдыр ата Бас таңды қарсы алатын түнгі мифологиялық бейнесінен ажырамастан мистикалық құбылыс көзі болып қала берсін. Бәлкім, біреулер шынында да, оның кейпін өңінде не түсінде көрер. Бірақ, оны сол күйінде танып, мойындап, тұшынсақ та жеткілікті. Өйткені, ол - кісі бейнесінде келбеттенуге тиісті емес, Жаратушының басты «қызметшілерінің» бірі, рухани әлемдегі шынайы Рух ретінде мойындайтындар жетеді.
Ал, Ұмай ана - Жердің киесі болғандықтан, жаңажылдық жаңару рәсімдеріне сұранып тұрған тұлға. Ол - Жердің киесі, жыйынтық бейнесі, сондықтан ол адамзатты жамандықтан аластаушы, жер бетін ластан тазартушы және тайқазанға ие боларлық берекелеуші қаһарман ретінде Наурыздың басты да көрнекті персонажы болуға лайық. Әсіресе, өзге ертегілік персонаждармен былықтырмай-ақ, оны фольклор мен этнографиялық еске алу күніне айналдырмастан, Наурыздың өзіне тән Ұмай ана бастаған он екі жылдық кейіпкерлерді қатыстыра отырып, «Аластау», «Ұйқыашар», «Селтеткізер» секілді ежелгі дәріптерді заманға сәйкестендіріп жаңғыртатын жағдайымыз бар.
Наурызды мерекелеудің шынайы мазмұнға сәйкес болуы мен заманға сай қызықты да, сәнді болуы, терең мағананы қарапайым рәсімдермен «әшекейлеу» арқылы жұртқа тартымды мейрам бейнесін жасақтау ғана оны жағымды да әйгілі етпек. Сондықтан көпшіліктің көңілінен қағыс қалдырмас үшін барлық мүмкіндікті ойластыра отырып, наурыздың 14-22 аралығында кірісуге болатындай рәсімдер мен ғұрыптарды заманға сәйкестендіре жүйелей ұйымдастырып, фестиваль түрінде өткізуді ұсынып отырмыз. 9 саны - ежелгі түркілерше Тәңірдің нышаны, 7 - адамға тән жетілу саны. Бұл тоғыз күннің әрқайсысына мазмұн бере отырып, Наурыздың сыйпатын ашатындай және заманға сәйкес шараларға айналатындай әрі ұлттық таным мен дәстүр, салт пен жоралғылар өз орнын табатындай ахуал орнатуға әбден болады.
«НАУРЫЗ» ФЕСТИВАЛІ
Ж О Б А
Аңдату
Барлық елдерде Жаңа жыл мерекесі аңсаулы да аяулы салтанат болып табылады. Қай мемлекет те одан уақыт пен жарақ-жабдықты аямайды. Сол себепті, оны 2-3 күндік өтпелі мейрам ретінде емес, рухани құндылық пен танымның жарқын көрінісі есебінде Фестиваль етіп өткізу елдігімізге тән шара болар еді. Оны кез келген аудан-қалада өткізе беруге болады және де былайғы кездері үзіп-жұлып өткізіліп жатқан шаралардың жүйелі көрінісі болар еді.
Мереке-Фестивальді 9 күн бойы өткізіп, әр күнге тән мәртебе беру керек. Соған сәйкес оған түркілік ғұрыптар мен кәзіргі атрибуттарды кіріктіріп, азаматтық мерекеге айналдыру мүмкіндігі бар. Бұл жоба түркілік құндылықты қадыр тұтатын, оны бүгінгі өмірімізге енгізуге тырысып, Наурыз мейрамын мерекелеуге жаңаша мазмұн беруге ұмтылған кез келген азаматтар мен тұлғаларға және ұйымдарға арналған.
Ұлттың руханияты - оның мерекелеу дәстүрі мен түрлі салтанаттарынан көрініс табады. Қазақтың бүгінгі салтанаттарды түркілік тамырдан тайқып жатса, жалған дырдумен күн өткізсе, оған таихи таным мен тамырдың жұтаңдығы емес, бүгінгі заман талабына сай түлете алмай отырған ұрпақ қана кінәлі. Жанымызға батқан осы жайт аталмыш жобаны алуға мәжбүрледі.
Наурызды заман талабына сәйкес мерекелеу бүгінгі рухани өзекті мәселе болуда. Жұртшылық Наурыз мейрамының атрибуттары мен ғұрыптарын қалыптастыруды, оны ғылыми негіздеуді түрлі жолдармен сұрастыруда. Аталмыш жоба осы сұраныстан туындап отырғандықтан да аталмыш саладағы жинақталып, жүйеленген түркілік танымдар мен рухани-мәдени құндылықтарды негізге ала отырып, Наурыз мерекесін этнографиялық сипаттан гөрі азаматтық мазмұнмен толықтыру арқылы оған тар шеңбердегі этностық емес, мемлекеттік-азаматтық тұрпат беру көзделді.
Талпынысымыз елдің түкпіріне еміс-еміс жеткенінен болар, жұртымыз шарқ ұрып іздеу салуда, өзінің көмескі тартқан кешегісі мен көмілген құндылығын жасау еткісі келіп алып ұшуда.Халқымыздың сол сұранысы бізді еңбектенуге мәжбүр етті. Қабыл аларлық жағы болса, халқымыз қажетіне жаратсын.
Серік Ерғали, мәдениеттанушы
«Абай-ақпарат»
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1. Кенжеахметұлы С., «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», Алматы: Алматыкiтап, 2007.- 284 с.
2. Қондыбай С.,«Арғықазақ мифологиясы». 4 кітап - Алматы: Дайк-Пресс.2004.
3. Сейдімбек А., «Қазақ әлемі», Алматы, «Санат», 1997. - 464 бет.
4. Сафар А., «Магия Навруза», Алматы, «Дайк-пресс», 2007. - 324 с.
5. Турсунов Е.Д., «Древнетюркский фольклор: истоки и становление», «Дайк-пресс», 2001
6. Аджи М. «Кипчаки. Огузы» - Международный благотворительный фонд «Святой Георгий», 2001. - 215 с.
7. Ерғали.С. «Нау мен ырыс»: Пайымдама- Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2011. - 184 бет.
8. «Мифы народов мира» екітомдығы, 1987-1988
9. «Истоки тюрков», Алматы, «Кочевники», 2005. - 304 с.
10. «Қазақ тілінің сөздігі» , А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білім институты, Алматы, 1999
11. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», Алматы, 1961
12. Ренато Сала, Жан-Марк Деом, «Наскальные изображения Южного Казахстана», 2005
13. Журнал «Наука и образование Казахстана», №2, 2008г., А.Махамбетова, «Таинственный мушель»
14. http://gov.cap.ru/hierarhy_cap.asp?page=./86/1367/1319
15. http://elabuga.egpu.ru/nmzegpu/material/prazdniki/chuv.aspx
16. http://www.kyrgyzstantravel.net/culture/sports-ru.htm#ex10
17. http://kazinosalon.ucoz.ru/publ/khakasskie_igry/1-1-0-9
18. http://active.thailand-obnovlenie.ru/to_see/sightseeing/bangkok/4802.html
19. http://www.info-tses.kz/red/article.php?article=45674
20. http://malimetter.org/?p=570
21. http://adyrna.kz/?p=225
22. http://www.atazholy.kz/index.php?option=com_content&view=category&layout=blog&id=44&Itemid=59