«Ахаңның тойын ЮНЕСКО көлемінде атап өту керек»
Сенат депутаттары Үкімет басшысы Асқар Маминге Алаш қозғалысының рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде атап өтуді ұсынып, депутаттық сауал жолдады.
Сенаторлардың айтуынша, ұлт ұстазының мерейтойына орай, бірқатар маңызды шаралар атқарылуы тиіс.
- «Біз Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығын зерттеуге арналған ғылыми конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізу, оған елордада және өзі қызмет еткен Қызылорда, Семей, Алматы қалаларында ескерткіштер қою қажет деп санаймыз. Сондай-ақ, Сізден Қостанай облысы әкімдігінің алдына Ахмет Байтұрсынұлының ауылын абаттандыру, оған апаратын жолдарды жөндеу туралы тапсырма беруіңізді сұраймыз», - деді Алтынбек Нухұлы.
Сонымен қатар, Ахмет Байтұрсынұлына арнап деректі және көркем фильмдерді көбірек түсіру туралы ұсыныс айтылды.
Біз сенаторлардың депутаттық сауалын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік...
«Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!
Биыл тәу етер Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Осы ұлық мерекені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тағылымдық мәні бар шараларға баса назар аударып, Ұлт тарихында өшпес із қалдырған тұлғалардың еңбегін насихаттаудың аса маңыздылығына да тоқталды. Міне, осы қатарда Мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттануының негізін қалаушы, Алаш қозғалысының рухани көсемі, қазақ әліпбиінің тұңғыш реформаторы, ғұлама, ел тарихында өшпес із қалдырған Ұлт ұстазы, халқымыздың ең көрнекті тарихи тұлғаларының бірі әрі бірегейі ардақты Ахаң - Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы тұр.
Оқу - білім азығы, білім - ырыс қазығы, білімі толық мыңды жығады деген қағидатты темірқазық қылып алған Ахмет Байтұрсынұлы - осыдан тура 100 жыл бұрын - Оқу министрі болып, сан буын қазақтың сауатын ашты. Әліппесі 1912-25 жылдар аралығында 7 рет қайта басылып, ұлтты ағартуға үздіксіз қызмет етті.
Ахаңның өз сөзі: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» - деді. «Тіл-құрал» атты оқулығы арқылы қазақ тілінің табиғаты мен құрылымын айқындап, ғылыми жүйесін жасап, «Қазақ тіл білімінің атасы» атанды.
1913 жылы Орынбор қаласында «Қазақ» газетінің ұйымдастырушысы және тұңғыш редакторы болып, ұлттық баспасөз мәдениетін қалыптастырды.
Алаш қозғалысының саяси көсемі - Әлихан Бөкейхан болса, рухани көсемі - Ахмет Байтұрсынұлы еді. Алаш автономиясын құру жолындағы жанкешті еңбектері арқылы саналы ғұмырын ұлттық мүдде жолына арнады. Осыншама ұшан-теңіз еңбегі ұлт жүрегінің төрінен орын алып, туған халқы «Ұлт ұстазы», «Ұлттың рухани көсемі» деп ардақтап ат берді. Ұстаз есімін ұлықтау - тұғырлы Тәуелсіздігіміздің, ұлттық құндылықтар мен ұлт мұратының жүзеге асып жатқандығының белгісі. Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын әлемдік деңгейде тойлау - Еліміздің әлемдік аренадағы беделін арттырады.
Ұлт ұстазының ізбасарлары Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сияқты ғұламалардың 100 жылдық мерейтойлары, кеше ғана серіктесі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы ЮНЕСКО-ның шешімімен дүниежүзілік деңгейде аталып өтті. Осыған байланысты және жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, мынадай ұсыныстарға тоқталмақшымыз:
1. 2022 жылдың 5-ші қыркүйегінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО шеңберінде атап өту үшін Үкімет арнайы хатты дайындап тиісті жерге жіберілуін қамтамасыз ету;
2. Рухани көсем тұлғасын айшықтау үшін Ахаңа Елордадағы көшесінің бойынан еңселі ескерткіш тұрғызу. Мұндай сәулетті ескерткіштер өзі қызмет жасаған Қызылорда, Семей, Алматы қалаларынан да орын алуы керек.
3. Кіндік қаны тамған қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ауылға баратын жолдың жөнделуі және әкесі Байтұрсын мен ағасы Қали жатқан бейітте кесене көтеру мәселесін, ауылды абаттандыру арқылы музей-үйін заманауи қалыпқа келтіруді Қостанай облысының әкімдігіне тапсырып, нақты міндеттер қою;
4. Алаш ардақтысы туралы деректі фильмдерді толықтырып жаңарту және Ұлт ұстазына арнап көркем фильм түсіру;
5. Ахметтану саласында Ахаңның көпқырлы еңбектерін алыс-жақын шетелдік мұрағаттардан жинап, жаңадан көптомдығын шығару және халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар арқылы ғұламаның ғұмырбаяны мен шығармаларын кеңінен насихаттауды қолға алу.
Сөз орайына қарай құлағдар ретінде: Наурыз айының соңында Сенат қабырғасында Ұлттық құндылықтар тақырыбында кең көлемде Парламенттік тыңдау өтпекші. Бұл Ахаң аманатына адал ұрпақтың тағылым алар шарасы болмақшы.
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес депутаттық сауалды қарау нәтижесі туралы заңмен белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен: А. Нухұлы, Н.Әбдіров, М.Бақтиярұлы, С.Айтпаева, Б.Жұмағұлов, Н.Жүсіп, С.Карплюк, А.Күрішбаев, Д.Нөкетаева, Ж.Нұрғалиев»
Айта кетейік, Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте Қостанай округі, Торғай уезі, Тосын болысының 5-ауылына қарасты Сартүбек елді мекенінде дүниеге келген. Ол - әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. Қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, ағартушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі.
Abai.kz