Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ. Мигранттарға тәуелділіктен қалай құтыламыз?
«Елде жұмыссыздық мәселесін түбегейлі шешу үшін шеттен келетін еңбек мигранттарына қатаң шектеу қою қажет». Әрине, бұл мәселе бұдан бұрын да бірнеше дүркін көтерілген-ді. Тіпті өткен жылы Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей тұрғындарына еліміздің аумағына кіруге шектеу белгіленіп, заңдық тұрғыда қатаң қадағалау қойылған болатын. Енді биыл еңбек мигранттарына қатысты жаңа ереже бекітіліп, сәуір айынан бастап нақ осы жаңашыл жүйе бойынша іс атқармақпыз.
Негізінен, Қазақстан жұмыс берушілер конфедерациясы мамандарының айтуынша, ереженің өзіндік ерекшеліктері де бар. Мысалы, ереже бойынша мигранттардың Қазақстан аумағында тіркеусіз жүру мерзімін 90 күннен 30 күнге дейін қысқарту көзделген. Сондай-ақ елімізде еңбек еткісі келетін мигранттарда бірінші кезекте еңбек келісімшарты болуы қажет; бұған қоса, олардың денсаулығына қатысты құрт ауруы және басқа да жұқпалы аурулармен есепте тұрмайтыны жөнінде анықтама; істі болғаны немесе болмағаны турасында құжат; медициналық сақтандыру қағазы, миграциялық карточкасы және фотосуреті болуы шарт. Бір қарағанда, бұл ереженің өзіндік ерекшелігі бары рас. Дегенмен бірқатар мамандар «жалпылама ереже түйткілді толық шеше алмайды» деседі.
Сапабек ӘСІПҰЛЫ, «Жер және қазақ тағдыры» комиссиясының төрағасы:
- Өз басым ережеде көрсетілген медициналық анықтама қағаздары жайлы немесе медициналық сақтандыру қағазына қатысты бөлімді мигранттардың сақтайтынына күмәнім бар. Жасыратыны жоқ, бұл мәселеде заңсыз әрекеттер тым көп. Еңбек мигранттары көршілес шет мемлекеттерінен келіп, дені құрылыста және ауылшаруашылық салаларында жұмыс істейді. Әсіресе Оңтүстік Қазақстанда мақта плантацияларында және Алматыда темекі жинау жұмыстарын Өзбекстаннан келген мигранттар жасайды. Олар өз елдерінде аш-жалаңаш жүргендерін жасырмай айтады. Оларда жалақы көлемі 20 доллар, бірақ ондай жұмыс болса жақсы. Сондықтан олар 15-20 мың теңге үшін Қазақстанға келеді. Оларға бұл әжептәуір ақша. Гастарбайтерлер құрылыста, құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындарда және киім, тамақ нарықтарында тұрады. Жүкші, жүргізуші болып та істейді. Ал өзіміздің қазақ азаматтарының қаншасы жұмыссыз жүр! Соларды жұмыспен қамту үшін шетелден енетін арзан жұмыс күшін қысқарту керек.
Осылайша, өзгелер емініп еніп еңбегімізге араласып жатыр. Мұндайда еңбек нарығында отандық азаматтарымыздың әлеуеті тысқары қалып, қазақ азаматтарының «екі қолға бір күрек» таппай жүргені де рас...
Жалпы, бізде нақ осы түйткілді шешуі тиіс «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Күні кеше еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова: «Бюджетті нақтылау кезінде тиісті көрсеткіштер түзетіліп, бұл мақсатқа қосымша 12 млрд теңге қарастырылды. Бағдарлама бойынша шығыстардың жалпы сомасы 62,3 млрд теңгені құрады» деді. Бұған қоса, келешекте бағдарлама «Жастар тәжірибесі» шарасымен толықтырылмақ. Бұл шара оқу орындарын жаңа бітіріп жұмыс таппай жүрген 15 мың түлекті жұмыспен қамтуға ықпал етпек... Сөйтіп, біз атақ-дәрежесі айтарлықтай бағдарламаның арқасында жұмыссыздық мәселесін біршама жеңілдеткіміз келеді. Тіпті «бұл бағдарлама отандық жұмыс күшінің әлеуетін арттырып, сырттан келетін мигранттарды белгілі мөлшерде шектейді» деген үмітте жоқ емес. Алайда болжамдарға жүгінсек, Қазақстанның экономикалық жағдайында кәсіпорындар мен өндіріс орындарының саны бұдан әрі артатын болса сырттан келетін жұмыс күшіне біз амалсыз тәуелді боламыз. Өйткені бізде істің мәнін білетін маман тапшы. Демек, елімізде мигранттар мәселесі әлі де күрделене түспек. Сондықтан «мәселені шешу үшін бізге жекеменшік еңбек агенттіктерін тетікке қосу қажет».
Үсен АМАНБАЕВ, экономист-ғалым:
- Болашақта елімізде кәсіпорындар мен өндіріс орындарының саны артатынын ескерсек, біз сырттан келетін жұмыс күшіне әлі де тәуелді боламыз. Демек, олардың елімізде тым еркінсіп кетпеуі үшін арнайы лицензиялары бар жекеменшік еңбек агенттіктері құрылғаны жөн. Себебі бұл мәселені бір ғана министрліктің немесе комитеттің құзыретіне қалдырған жөн емес. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, мұндай агенттіктердің құзыретіне бірнеше міндеттер жүктеледі. Еңбек мигранттарын тіркеу, денсаулығын тексеруден өткізу, оларды әлеуметтік құқықтық тұрғыдан қорғау, мигранттар жөнінде тиісті орындарға ақпарат беру тәрізді жұмыстарды осындай жекелеген агенттіктердің еншісіне жүктеген жөн. Сонда бұл мәселеде заңсыз әрекеттер туындамайды. Сондай-ақ жекелеген кәсіпкерлердің де мигранттарды жалдау ережесін қатаң бақылауға алған жөн. Себебі қазірде еліміздің көптеген жекелеген кәсіпкерлері ешқандай құжаты жоқ мигранттарды топ-тобымен жалға алып, жұмысын бітіртіп, артынан еңбекақысын төлемей қанап жүрген жайы бар. Сондықтан мигранттарды жалдау ережесіне де арнайы өзгеріс енгізген жөн.
Сөйтіп, мамандардың пайымдауынша, елімізге енетін мигранттарды жалдау тәсіліне мынадай нақты-нақты талаптар енгізу керек: а) бірінші мигранттарға тіл білуді міндеттеген жөн. Себебі көршілес Ресейде орыс тілін білмесе, мигранттар жекелеген кәсіпорындарға жалдамалы жұмысқа алынбайды. Ресейліктер тіл қарым-қатынас құралы екенін ескергендіктен барып осындай қадамға барып отыр. Демек, бізге де мигранттарға қазақ тілін орташа білуді міндеттеген жөн. ә) Мигранттарға арнайы салық төлетуді міндеттеу қажет. Егер олар арнайы салық төлеп нәпақа табатын болса, ешқандай заңбұзушылыққа жол берілмейді. б) Әртүрлі мәліметтер бойынша, импортер мемлекеттерде еңбек мигранттарының 60-70 пайызы заңсыз түрде жұмыс істейді, ресми түрде миграция ұйымдарында гастарбайтерлердің бестен бірі ғана тіркеледі. Сондықтан мигранттарды тіркеу мәселесін мемлекеттік тұрғыда бақылауға алған жөн.
Ал, жалпы, мигранттарға деген тәуелділіктен құтылу үшін ұлттық кәсіби жұмысшы табын қалыптастыруға мән берілуі тиіс. Жасыратыны жоқ, 1992-93 жылдары дайындалған кәсіби техникалық мамандықтардың базасы бұл күні нарықтық заманға сәйкес келмей қалды. Қазір жаңарған техниканың тілін білетін қазақ азаматтары некен-саяқ. Сондықтан орта кәсіби мамандарды заманға сай жаңа технологияның тілін білуге бейімдегеніміз жөн.
«Алаш айнасы» газеті