Қазақ-Кипр қатынасы
Кипр аралы географиялық тұрғыдан Еуропа, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка арасындағы маңызды торапта орналасқан керемет жердің бірі. Тарихы да тым тереңде. Ежелден аралда мыс игерілген деген деректер бар. Тіпті Кипр деген сөздің өзі сол «cuprum» (мыс) деген сөзден шыққан деген да болжамдар айтылады.
Табиғаты әсем. Әдемі. Ауа райы қолайлы. Жылы. Туристер үшін тартымды аймақ саналады. Сол әдемі табиғатта аңыз бойынша сұлулық құдайы Афродита өмірге келген-мыс.
Кішкентай арал 1974 жылдан бері грек-кипр және түрік-кипр болып екіге бөлініп жатыр. Ең қызығы, бір қаланы қос тарап та астана деп санайды. Грек-кипр бөлігі Никосия қаласы деп атаса, Түрік-кипр бөлігі Лефкоша деп атайды. Бірақ бір қала ғой. Соны бөліп алған. БҰҰ-ның бақылаушылары бар. Солар бақылап тұр. Қаланың арасында өтетін арнайы орындар бар. Жалпы Еуропадағы осындай ерекше жүйедегі жалғыз қала бұл. Жалпы әлемдегі екіге жарылған жалғыз астана сияқты.
Грек-кипр бөлігін әлем мойындап, түрік-кипр бөлігін тек Түркия мойындаған. Бүгін бізге сол мойындалған Кипр Республикасының президенті келді. Астанаға апта сайын бір елдің басшысы, бір ұйымның төрағасы келіп жатады ғой. Сәрсенбінің сәтті күні Кипрден президент Никос Христодулидистің ұшағы келіп қонды.
Кипр – аумағы шағын болғанымен, Еуропадағы ықпалды мемлекеттердің бірі. Қазіргі таңда бұл ел Еуропа Одағы кеңесіне төрағалық етіп отыр. Сондықтан Никос Христодулидистің Қазақстанға сапары екіжақты қатынастармен қатар, Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы байланыстарды дамыту тұрғысынан да маңызды. Яғни, бір сапарда мемлекетаралық қатынастарды да, ЕО мен Қазақстан арасындағы байланыстарды да талқылау мүмкіндігі туды.
Президент Кипрді еліміздің сенімді серіктесі ретінде атап өтіп, сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Жалпы, екі ел арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары тұрақты дамып келеді. Астана мен Никосияда елшіліктердің ашылуы, Ларнака мен Астана арасындағы тікелей әуе қатынасының іске қосылуы жаймен дамып келе жатқан серіктестіктің көрінісі болса керек.
Әзірге сауда айналымы аса үлкен болмаса да, тараптар бұл байланысты нақты экономикалық нәтижеге айналдыруды көздеп отыр. Бірқатар кипрлік компаниялар Қазақстанда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр екен. Осындай инвесторларға Қазақстан тарапы қолайлы жағдай жасап, қажетті мемлекеттік қолдау көрсетілетінін айтты.
Кездесу барысында сауда, инвестиция, көлік-логистика, цифрлық коммуникация, жасанды интеллект және қаржы салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сонымен қатар президент экономикалық ынтымақтастықтың 2028 жылға дейінгі жол картасын әзірлеуді, үкіметаралық комиссия мен іскерлік кеңес құруды ұсынған.
Кипр Қазақстаннан алыс жатса да, ЕО-да дауыс беру құқығы бар, вето қою мүмкіндігі бар, саяси салмаққа ие мемлекет. Кипрмен байланысты нығайту Қазақстанның Еуропамен экономикалық, инвестициялық және технологиялық ықпалдастығын кеңейтуге бағытталған қадамның бірі деуге болады.
Асхат Қасенғали
Abai.kz