Бейсенбі, 28 Қараша 2024
Анық-қанығы 6537 27 пікір 12 Наурыз, 2021 сағат 17:22

Халық полицияға неге сенбейді?

Бүгін Сенаттағы Үкімет отырысында ҚР Ішкі Істер министрі Ерлан Тұрғымбаев баяндама жасап, Ұлттық статистика бюросы жүргізген сауалнама нәтижесімен бөлісіпті. Аталған сауалнамаға сәйкес, Қазақстан азаматтарының 37%-ы полицияға толық, 38%-ы жартылай сенеді екен.

Бұған дейін, Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығына алаңдайтындарын айтып, арнайы қарар қабылдағаны туралы Азаттық сайтында жазылған болатын.

Біз осы мәліметтерге орай, сарапшылардың пікірін білген едік. Сонымен, халықтың полиция жұмысына көңілі тола ма? Полицияның имиджін көтеру үшін не істеу керек? Еуропарламент депутаттарының сынына ІІМ не дейді?

Ермұрат Бапи, ДАТ жобасының жетекшісі:

- Генерал Тұрғымбаевтың айтып отырғаны шындықтан алшақ мәлімет. Өйткені Қазақстанның қазіргі жағдайында азаматтардың құқығын қорғау туралы проблема өршіп тұр. Сонымен бірге, қылмыс әлеміндегі жағдайлардың да ушығып тұрған кезінде халықтың 37%-ы полицияға сенеді дегені, жасанды әлеуметтік сауалнаманың нәтижесі деп ойлаймын. Қазір Қазақстандағы полицияның мүмкіндігіне халықтың ары кеткенде, күштегенде 10 пайызы сенім артатын болса, соның өзі шындыққа бір табан жақын көрсеткіш болар еді.

Халықтың полицияға сенбеуінің себебі белгілі, ол - полицияның көмегі арқылы әділеттілікке араша түсу мүмкіндігі тапшы. Халық қазір полицияның жәрдемін емес, оның өзіне жүгінген адамды сергелдеңге салып қоятынын, елдегі азаматтық қоғамды қудалап, қамап, ереуілге, шеруге шыққан адамдарға қоқан-лоқы көрсетіп жатқанын көріп отыр. Мұның бәрі халықтың көз алдында болып жатқан жағдай. Әлеуметтік желі арқылы Қазақстан полициясының қандай әрекеттер жасап жатқанын да көріп отырмыз. Оның үстіне, елдегі жасалып жатқан қылмыс, ұрлық-қарлық, мал ұрлау, пәтер тонау сияқты қылмыстарды полицияның ашу фактілері өте төмен. Тіпті, полицияның өзі сондай ұры-қарылармен сыбайлас деген деректер де  әлеуметтік желіде өріп жүр. Осындай жағдайда халық полицияға қалай сенім артуы мүмкін?

Жалпы, Қазақстанның жағдайында жеке бір министрлікті оңаша алып шығып, имиджін көтеру мүмкін емес. Себебі, елдегі саяси жүйе әлдебір жеке министрліктің имиджін көтеруге негізделмеген. Сондықтан, полицияның, прокуратураның, басқа да құқық қорғау, күш көрсетуші органдардың имиджін көтеріп, жағдайын жақсарту үшін, қорқыту, үркіту, авторитарлық режимнің тізеге салып сындыру сияқты әрекеттеріне тыйым салыну үшін - елдегі тұтастай саяси жүйені реформалау қажет. Сонда ғана оң нәтижеге жетуге болады.

Ал, өткендегі Еуропарламенттің қарары шын мәнінде рекомендация беретін құжат. Оны Қазақстанның билігі әзірге пысқырып отырған жоқ. Бірақ, оның нәтижесі біртіндеп болады. Парламент қабылдаған құжатты Еуроодақтың үкіметі өзінің жұмыс басшылығына алған кезде, Еуроүкімет Қазақстан үкіметімен қарым-қатынастар жасаған кезде, бұл құжат басшылыққа алынады. Соның нәтижесінде ғана Қазақстанның саяси режимі аталған құжатқа мойынсына бастауы мүмкін. Әзірге бұл Еуропарламенттің ұсыныстар деңгейіндегі құжаты ғана. Бірақ, бұл соңғы 20 жылда қабылданған өте тиімді, нақты деректер көрсетілген, нақты аты-жөндер аталған мықты құжат боп тұр. Соның нәтижесінде ертеңгі күні жекелеген лауазымды тұлғаларға санкциялар салына бастауы да мүмкін. Демек, бұл - Еуропа үкіметінде,  соның дәлізінде айтылып жүрген әңгіме деп түсіну керек.

Жанболат Мамай, Демпартия жетекшісі:

- 37%-ы полицияға толық, 38%-ы жартылай сенеді, жалпылай алғанда халықтың 75 пайызға жуығы сенеді деп отыр ғой. Бұл меніңше бос сөз. Өйткені Қазақстанда қарапайым адамдардың ішінде полицияның жұмысына көңілі толатын, полиция өзінің жұмысын адал атқарады деп санайтын, оған толыққанды сенеді деген адамды кездестіру өте қиын деп есептеймін. Жалпы, осындай сұраулар Ұлыбританияда, Еуропада да өткізіліп жатады. Ол жерде полицияға халықтың 10 пайызы сенбесе, үлкен трагедия, дау-дамай болады.

Ал, Тұрғымбаевтың мына келтіріп отырған мәліметіне сенбеймін. Өйткені қазір халықтың ортасында полицияның ешқандай беделі қалған жоқ деп ойлаймын. Себебі, әбден жемқорлыққа батқан, көптеген қылмыстар ашылмай қалып жатады, митингілерде жасап жатқан әрекеттері, үлкен адамдарды қолтықтарынан сүйреп апарып, қамап жатқандарын көріп отырмыз. Одан кейін өз іштерінде болып жатқан түрлі дау-дамайлар да аз емес. Жемқорлық жасап, адам қағып өлтіріп жатыр, билігін шектен тыс асырып пайдаланып жатқандар бар. Осы тұрғыдан алғанда халықтың 3 пайызы сене ме, сенбей ме? Ондай адамды табудың өзі өте қиын деп есептеймін.

Ал, полицияның имиджін көтеру үшін қаражат жұмсап, БАҚ арқылы жақсы сипаттама беруге тырысудың қажеті жоқ. Олар өздеріне жүктелген істі нақты, адал атқаруы керек. Ол үшін полицияға үлкен реформа керек. Бұл көп айтылып жүр. Мысалы, Грузияда Саакашвили бірнеше жылдың ішінде  полицияның жұмысын бүкіл әлемге үлгі боларлықтай деңгейде реформалады. Қазір Грузияның полициясын алып қарасаңыз, барлығы ашық, транспарентті ғимаратта отырады, не істеп жатқандарын көресіз. Ал, біздегі полиция участкелерін қараңыз, тас қамал сияқты. Адам кіру мүмкін емес. Сондықтан, полицияның жұмысына халықтың көңілі толуы үшін, имиджін көтеру үшін - олар өздерінің жұмыстарын адал атқаруы керек. Бұл саладағы жемқорлық жойылуы тиіс, басшыларының барлығын ауыстыру керек. Жалпы, үлкен реформалауды қажет етеді. Ал, қазіргі жағдайда қанша қаражат жұмсаса да, полицияның имиджі көтерілмейді. Өйткені, шынайы, күнделікті жағдайды бәріміз көріп жүрміз ғой...

Жалпы, белсенділерді қудалаудың, Дулат Ағаділдің қазасының, Жаңаөзенде халыққа атылған оқтың жауапкершілігі Ішкі Істер министрлігіне жүктеледі. Бірақ, ресми билік өкілдері Тоқаев болсын, Назарбаев болсын неге шүйлігіп отырған жоқ? Өйткені полиция деген - жоғары биліктің қолындағы шоқпар. Олар осы авторитарлық жүйенің айтқанын орындап, сол биліктің репрессивтік тапсырмаларын бұлжытпай істеп отырған орган. Олар полицияны халыққа қарсы пайдаланып отыр. Халықты митингілерге шығармас үшін, митингке шыққан адамдарды ұстап әкету үшін, белсенділерді түрмеге қамау үшін полицияны пайдаланады. Сондықтан олар қазіргі биліктің қолшоқпары. Ал, билік өз тапсырмасын бұлжытпай орындап отырған мұндай органға шаң жуытпайды.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

27 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1577
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3388
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6548