Бейсенбі, 31 Қазан 2024
4854 0 пікір 15 Наурыз, 2021 сағат 20:25

Алматыда блок-бекеттер қойыла ма?

Алматының Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин бүгін онлайн-брифинг өткізіп, Алматыдағы эпидемиологиялық жағдай туралы баяндапты. Ол өз сөзінде, қалада індеттің өршіп тұрғанын, (қызыл аймақ) қандай жағдайда қала толық жабылатынын айтқан.

«Біз Қазақстанның Бас санитарлық дәрігері әр аймақ бойынша белгілеп берген критерийлер бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Біз қолданыста бар, стандартты шараларды ғана қабылдап жатырмыз. Керек болған жағдайда оларды қатаңдатамыз. Бірақ, жеңілдетпейміз. Көрсеткіштерден көріп отырғандарыңыздай, нәтиже бар. Сондықтан, бұл шектеу шараларын әрі қарай да жалғастыра беру керек», - депті Бекшин мырза.

Одан соң, Жандарбек Бекшин «қызыл аймақтағы» Алматыда қайта локдаун жарияланып, блок-бекеттер қойылуы мүмкін екенін айтқан.

«Қазіргі уақытта бізде 3400 орын бар. Олардың жүктемелік көрсеткіші 40 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ, 7 мың қосымша орын дайын. Бірақ, бұл қосымша орындар да жетпей қалуы мүмкін. Егер күн сайын ауруханаға жатқызылатындар саны 500 адамнан болса, бір ғана инкубациялық кезеңде-ақ, барлық орындарды пайдалануымызға тура келеді. Бұған жол бермеуіміз керек. Тіпті, күн сайын ауруханаға жатқызылатындан саны 300 адамды құраған күннің өзінде де, қайтадан локдаунға көшеміз. Қала жабылады. Егер дер кезінде шара қолданып, алдын алмасақ, тек қала ғана емес, кейбір ірі кәсіпорындар да жабылып қалады. Біздің міндет – осыған жол бермеу», - депті Бекшин.

Abai.kz

0 пікір