Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
8082 21 пікір 18 Наурыз, 2021 сағат 11:29

Байденнің мәлімдемесі, Ресейдің қарсы жауабы...

17 наурызда АҚШ президенті Джо Байден ABC арнасына сұхбат берді. Сұхбат барысында Ресей мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас мәселесі де сөз болды. АҚШ басшысы қазіргі жағдайда екі ел арасында қарама-қайшылықтың өте көп екенін жоққа шығармады. 

ABC News арнасының тілшісі Джордж Стефанопулостың Ресейдің АҚШ-тағы сайлауға қатысы жайлы сұраққа Байден: «Біз ұзақ сөйлестік. Мен оны айтарлықтай жақсы білемін. Әңгімені былай бастадым: «Мен сізді білемін, сізде мені білесіз. Егер мен сіздің қатысыңыз бар екенін білсем (сайлауға араласу туралы), онда дайын болыңыз», дедім. Ол бұл үшін жауап береді», - деп жауап қатты. Алайда жауаптың қандай боларын ашық айтпады.

Журналистің: «Яғни сіз Владимир Путинді білесіз. Сіз оны кісі өлтіруші деп санайсыз ба?» деген сұрағына Байден: «Ммм, иә», - деп жауап берді.

Бұл сөздер лезде жаһан басылымдарында таралып, халықаралық саяси аренада кеңінен талқыланып жатыр. Ресей тарапы бұл мәлімдемені өзіне «ашық шабуыл», деп бағалауда.

Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Артур Чилингаров: «Байден - ауру адам, есінен ауысқан. Саясаткер басқа сөздерді табар еді, ал мынау нағыз басқа шығу», - деп өз ойын білдірді.

Ресей Федерациясы Кеңесінің бірінші вице-спикері Андрей Турчак: «Бұл АҚШ басшылығының шарасыздықтан бізге жасаған агрессиясының бір түрі», - десе, Мемлекеттік Дума төрағасы Вячеслав Володин өзінің «Телеграмдағы» каналына:  «Байден өз мәлімдемесі арқылы біздің азаматтарымызға тіл тигізді. Путин біздің президентіміз, оған жасаған шабуыл бәрімізге жасалған шабуыл», - деп жазды.

Екі ел арасындағы жанжал ушығып барады. Ресей АҚШ-тағы елшісін кеңесу мақсатында елге шақырды. АҚШ өз позицияларын қатаң қорғайтынын жеткізді. Ал 18 наурыз күні Ресейге салынатын санкциялардың жиынтығы белгілі болмақ.

Айтпақшы, Байденнің мәлімдемесімен бір уақытта Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу қазақстандық БАҚ-қа сұхбат беріп, Ресей-АҚШ қарым-қатынастары мен «Тұран армиясы» туралы ойларын айтқан. Әлеуметтік желінің қазақстандық сегменті Шойгудың қазақстандық БАҚ-қа сұхбат беруін Байден мәлімдемесімен байланыстырып жатыр.

Abai.kz

21 пікір