Өзбекстан ЕАЭО-ға қосыла ма?..
Өзбекстан Еуразиялық Экономикалық Одаққа бет алуда. Өзбекстан Парламенті Еуразиялық Экономикалық Одақпен бірлесе атқаратын шаралар бойынша жол картасын мақұлдады.
Бұл туралы 15 наурызда Сыртқы сауда және инвестиция министрінің бірінші орынбасары Лазиз Кудратов мәлімдеді.
Желтоқсан айында Куба мен Өзбекстан ЕАЭО-да бақылаушы статусын алған еді. Статус бойынша олар барлық отырыстарға қатыса алады, алайда дауыс беру құқығы жоқ. Өзбекстанның бұл одаққа кіруі жайында талай мәрте айтылды. Гайдар форумында Ташкенттің одаққа мүше болудан бас тартпайтыны байқалды.
«Күні кеше ғана біздің Парламентіміз жол картасын мақұлдады. Шекарадағы тарифті реттеу, заңдық нормаларды сәйкестендіру бойынша біраз мәселе көтерілді», – деді Л. Кудратов.
Ресей тарапы Өзбекстан үшін одақ өте тиімді болады деп сендіруде. Әсіресе еңбек мигранттарының құқығын қорғау және тауар айналымын арттыру бойынша одақтың берері мол дейді Мәскеу.
Abai.kz