Тағы бір Әлиханның фотосүгіреті табылды
Естеріңізде болса, наурыздың 23-ші жұлдызында Алаштың Әлиханының (Әлихан Бөкейханның) жаңа фотосүгіреті табылғанын хабарлаған едік. Енді және бір Әлиханның – Әлихан Ағаевтың (Әмірхан Тілеумағамбетов) фотосы табылғаны белгілі боп отыр. Бұл туралы алаштанушы журналист Серікбол Хасан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады:
«Алаш идеологиясын өзекті ету ісіне Алаш қозғалысының идеяларын 1920-1930 жылдары астыртын жалғастырған оның соңғы толқынын зерттеп-зерделеу де кіреді. Өкініштісі, бізде осы кезеңге қатысты құжатты дерек тым аз болғандықтан жоғарыдағы тақырып бойынша кешенді зерттеу жүргізілмей келеді. Сонымен бірге Алаш идеяларының Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскери тұтқындар арасында өріс алуы, Түркістан легионында және «Алаш қосындары” деген жалпы атпен арнайы құрылған ұлттық әскери бөлімшелерге идеологиялық таған болып тартылуын ашу ісі де кемшін. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында соңғы жылдары шөмеледен ине, құмнан түйіртпек іздегендей мехнат тартып келе жатқан белгілі эссеист жазушы, алаштанушы Мақсат Тәж-Мұрат жуырда Мәскеудегі Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих архивінен (РГАСПИ) Германияда құрылған “Алаш” батальонының командирі Әлихан Ағаевтың фотосүгіретін тапты».
Зерттеушінің айтуынша, фотосүгірет – Әмірхан Тілеумағамбетов Ақтөбе облысындағы Ойыл ауданында егіншілік бөлімінің аға агрономы қызметінде жүріп, 1939 жылы компартия қатарына қабылданған кезде берілген партиялық билеттің есептік карточкасына жапсырылған құжаттық фото. Зерттеуші есептік карточканың скан нұсқасын және партбилетті тіркеу бланкісінің ксерокөшірмесін Мәскеу архивінен электрондық жолмен алдыртқан және соның алдында Подольскідегі Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен алдырған мұрағаттық анықтамада көрсетілген партбилет нөмірін білу әлгі құжаттарды табу ісін көп жеңілдеткен.
– Өтірікке ұйытудың әлемде бұрын болып көрмеген аса жетік үлгісін жасаған кеңестік насихат тарихқа «Ағаев» деген атпен кірген Әмірхан Тілеумағамбетовті өзінің ақпараттық фантомымен бірмойын күйе жағу арқылы аса мейірімсіз, қатыгез адам ретінде көрсетіп, жек (демон) ретіндегі жағымсыз образын жасап қойған, – дейді Мақсат Тәж-Мұрат. – Ал мен он жылдан аса уақыт бойы зерттеп келе жатқан бұл тарихи персонаж өмірде ондай жағымсыз адам болмаған. Ол – 1930-шы жылдары Оралда, Ташкентте арнайы білім алған алғашқы агрономдарымыздың бірі, алашшыл мұғалім-оқытушылардан оқыған көзі ашық, сарамжал, алғыр адам. Ойыл-Қобданың тың жатқан жеріне тары егуді ұйымдастыру ісінің басында тұрған, атақты Шығанақ Берсеұлының дәнді дақылдар бойынша дүниежүзілік рекордтар жасауына кесек үлес қосқан. Қазақ кавалериялық полкінің алғашқы командирлерінің бірі. Ол қызмет еткен 44-ші кавалериялық дивизияның 51-ші кавполкінің командирінің орынбасары Әбілқайыр Баймолдиннің жазуынша, пулемет взводының политругі Тілеумағамбетов соғыстың алғашқы айларында Мәскеу түбінде үлкен ерлік көрсеткен. Неміске тұтқынға түскеннен кейін Алаш көсемінің атымен «Әлихан Ағаев» деген есім алып, полковник Гелен сияқты вермахт құпия қызметінің басшыларын Алаш туы астында тәуелсіз Қазақ елін құру туралы идеяға иландыра отырып, алдымен «Алаш» барлау-диверсиялық айрықша тобын (зондервербанд), соңыра Берлин түбіндегі Люккенвальде қалашығында, кейін Герцоговинаның хрват, боснак мұсылмандар қоныстанған Мостар қаласында қазақ пен қырғыз әскери тұтқындарынан «Алаш» батальонын жасақтайды. Арғы астыртын ойлары орыстан да, немістен де бостан Қазақ республикасын құру болған. Тарихта мұны «үшінші жол» дейді. Ол үшін неміс кеңесті еңсерген бойда, әлгі «Алаш» әскери құрамасын қазақ жеріне бірінші қылып кіргізіп, ел билігін өздері қолға алуды жоспарлаған. «Мына дүние тіршілігінде, достым Гораццио, біздің дәнішпендердің түсіне де кірмейтін тала-ай нәрсе бар» деген Шекспир лұғаты осы жерге дәл... Бізге Ағаев сияқты қилы тағдыр иелерін ақтап алудың қажеті шамалы, сол сияқты оларды қаралап таптауда да абай болуымыз керек. Бізге азырақ мақтанып, азырақ қаралап, тарихымыздың 1930-1940-шы жылдарын саясаттандырмай, Пәленшені Түгеншенің әңгімесімен тірілте бермей, нақты дәлел-дәйекпен көбірек зерттеу керек. Бұл кезең тарихымыздан жұлып тасталған бір бет. Осы жылдары мықты бір буынымыз соғыста орылып түскеннен кейін де біз белге соққан жыландай болып қалғанбыз.
Осы жолда, әрбердесін, «ол өйткен», «ол бүйткен» деген қырық алуан алыпқаштының төрелігін де беретін, шындығын да ашатын ең сенімді қазы – құжатты дерек. Осы орайда мені Ағаев сияқты тұлғаларды өзіміздің архивтер әліге дейін «нелеу» тақырып көріп, оларға қатысты деректерді құлып астынан шығармауы, ал бұл жағынан, керісінше, ресейлік архивтердің қолжетімділігі, ашықтығы, бейтарап көзқарасы таңдандырады. Қалай десе де, орыстарда ұлттық тарихқа біртұтас көзқарас – ұлттық біртектіліктің өлшемі деген ұстаным басымдау тәрізді.
Abai.kz