Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 5249 3 пікір 31 Наурыз, 2021 сағат 12:05

Қытай – әлемдік экономиканың драйвері ме?

Бүгінде ҚХР жаһандық экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналды. Екінші жаһандық интеграция циклінің таңғаларлық нәтижелерінің бірі – бұрын батыс сарапшылары «артта қалған» және «жабық» үшінші әлем елі ретінде қабылданған Қытайдың қар­қынды дамуы. Қытайдың қыс­қа мерзімде кеңестік стиль­дегі жоспарлы экономикадан тиім­ді аралас типтегі нарықтық модельге салыстырмалы түрде ауыртпалықсыз көшуге қалай қол жеткізгені күрделі тал­дау жасауға лайықты.

Әлемдік тәжірибеде ірі экономиканың 40 жыл ішінде орта есеппен жылына 9,5% қарқынмен дамып, рецессияны былай қойғанда, ешқашан теріс мәнге ие болмаған ҚХР-дан басқа прецеденті жоқ. 1978 жылы «реформа мен ашықтық саясатының» бастапқы кезеңінде ҚХР экономикасының көлемі шамамен 368 миллиард юаньды құрады. Ал 2021 жылы Қытайдың ЖІӨ-сі 276 есе өсіп, 101,6 трлн юаньды немесе 15,7 триллион долларды құрады.

Қытай әлемдегі екінші ірі экономика мәртебесін алды, оның әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі 1978 жылғы 1,8% -дан 2020 жылы 17% -ға дейін өсті. Бұл көрсеткіш бойынша ҚХР АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр. Қытайдың таңғаларлық өсуі туралы айтатын болсақ, шетелдік сарапшылар алуан түрлі түсіндірме береді. Бірақ көбіне оны Қытай билігі сырттан ешкімнен алмай, өздері дамытқан реформалардың сәтті үлгісі деп атайды.

Шетелдік сарапшылардың ҚХР экономикасының «қатты қону» ықтималдығы және оның өсу қарқынының төмендеуі туралы, тіпті Қытайлық «экономикалық ғажайыптың» аяқталуы туралы болжамдары қате болып шықты. Бұл елдегі жоғары өсу қарқыны халықаралық қаржы-экономикалық дағдарыс кезеңінде де сақталды. Пандемияға қарамастан 2020 жылы, күрт экономикалық құлдыраудан кейін, Қытай тез қалпына келе бастады және өсімді (+2,3%) көрсеткен жалғыз ел болды, бұл оның экономикасының тұрақты­лы­ғына тағы бір рет дәлел бола алады. 2021 жылы Қытай ЖІӨ өсімі 6% -дан астам қалпына келеді деп күтеді.

Геосаяси бәсекелестік пен сауда соғыстарының өршуі дүниежүзілік экономикалық кеңістіктің бытырауына әкеп соқтырады. Өзінің дамуындағы сыртқы факторлар рөлінің төмендеуіне қарамастан Қытайдың өзі «Бір белдеу, бір жол» бастамасында айқын көрінетін жаһандану үдерісіне қатысудан бас тартпайды. Ашықтық пен өз күшіне сүйену арақатынасы Қытайда диалектикалық түрде түсіндіріледі: ашықтық арқылы өз күшіне сүйену қабілетін нығайту және өз күшіне сүйене отырып, экономиканы одан да кеңірек ашу.

Қазір ҚХР экономикалық құрылымын қайта тепе-теңдікке келтіру және экспорт пен инвестицияға тәуелділікті азайту, сондай-ақ ішкі тұтыну мен қызмет көрсету саласын ұлғайту арқылы Қытайдың экономикалық дамуының негізгі бағытын өзгерту жалғасуда.

Қытай өнеркәсіптік өндірістің белгілі бір сегменттерінде өзінің Батысқа технологиялық тәуелділігін жоюды көздейді. Қазір бұл ел бүкіл дамушы әлемдегі урбанизация, индустрияландыру және ғылыми-техникалық прогресс процестеріне жетекшілік етеді. Бұл ел ең ірі өнеркәсіптік өндірушінің орнын иеленді: 2010 жылдардың ортасында әлемдік цемент өндірісінің 60%, болаттың 50%, алюминийдің 55%, мырыш пен қорғасынның 40% -дан астамы және автомобильдердің 27%-ы Қытайға тиесілі.

Қытайдың инновациялық салалардағы, ғылыми-техникалық прогрестің негізгі бағыттарындағы позициясының нығаюы өндірілетін ЖІӨ-де көп білімді қажетсінетін сектор үлесінің өзгеруін анық көрсетеді. Бүгінде ҚХР хай-тек секторының үлесі 35%-дан асады (АҚШ-та – 38%). Соңғы онжылдықтарда қуатты секіріс жасай отырып, Қытай әлемдік технологиялық өндірістегі үлесі бойынша 2008 жылы Жапонияны, 2012 жылы ЕО-ны басып озды және Америка Құрама Штаттарына жақындады. Сондай-ақ ол көп білімді қажетсінетін сектор өнімдерінің әлемдік экспортында жетекші орын алады (24%).

2001 жылы ДСҰ-ға кіргеннен кейін ҚХР-дың экспорттық секторы қарқынды дами бастады: 2009 жылы ҚХР тауар экспорты көлемі бойынша 1-орынға шығып, сол орында мықтап отыр. Бүгінде Қытай көптеген тауар нарығының жағ­дайын, шикізатқа деген сұра­ныс­ты және жалпы әлемдік экономиканың дамуының тұрақтылығын айтарлықтай деңгейде айқындайды.

Қазіргі Қытай ірі халықаралық инвесторға айналуда. Соңғы жылдары ҚХР АҚШ пен Жапониямен бірге әлемдегі ең ірі инвесторлардың үштігіне кірді. Қытайлық ин­вес­торлар таңдамалы тәсілді ұстанып, капиталдың қауіпсіздігі мен өзара тиімділік негізінде олардың тиімді инвестициялануына кепілдік беретін елдерге барады. Қытайдың экономикалық серіктестері үшін ауқымды бірлескен жобаларды жүзеге асыруда жаңа жұмыс орын­дарын құру ерекше маңызға ие.

Соңғы 40 жылда жан басына шаққандағы ЖІӨ-ні 50 еседен астам көбейткен Қытай орташа табысы бар елдер санатына енді. БҰҰ-ның қолданыстағы стандарттарына сәйкес, елдегі 700 мил­лион­нан астам адам кедейліктен шық­ты, бұл бүкіл әлемдегі осы санның 70%-дан астамын құрайды. Қазіргі әлемдік саудада Қытай 400 мил­лиондық орта тапқа ие, ең ірі және танымал әлемдік нарық.

Ескі индустриалды орталық­тардың нарықтарындағы сұраныс­тың тоқырауына байланысты Қы­­тайдың экспорттық бағыты бо­ла­шағын жоғалта бастады, бұл эко­номикалық стратегияның ауыр­лық орталығының ішкі сұранысқа ауысуын алдын ала анықтады. Осылайша, тауар экспортының ЖІӨ-ге қатынасы 2008 жылы 32%-ды құрады, ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 17%-ға дейін төмендеді. ҚХР-дағы бір жарым миллиардтық ішкі нарық кеңеюін жалғастыруда және көптеген шетелдік корпорация «Қытайда Қытай үшін жаса» ұранын қабылдап, іс жүзінде қытайлық бизнестің бір бөлігі бола бастады.

Қазіргі Қытай қайда бара жатыр? Тарихи қысқа мерзім ішінде экономикалық және басқа реформалардың кешенін жүзеге асыра отырып, ел қол жеткізген жетістіктерге сүйенуді мақсат етеді. Осылайша, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин ХХІ ғасырдың Жібек жолы идеясын алға тартты және 2035 жылға дейін социалистік модернизацияның бірінші кезеңін аяқтап, Қытай ұлтының қайта өрлеуін және ҚХР-дың 100 жылдығы тойланатын 2049 жылға қарай оны заманауи қуатты социалистік державаға айналдыруға ауқымды мақсат қойды.

Осылайша, 30 жылдың ішінде Қазақстанның шығыс шекараларына жақын маңда ең ірі қарқынды экономика өркендеді, бұл кейбір са­рапшылардың болжамдары бо­йынша 2028 жылға қарай ғаламшарымыздағы нөмірі бірінші экономикаға айналады. ҚХР-дың технологиялық, қаржылық және өндірістік қуат тұрғысынан толық­қанды қуат орталығына айналуы экономикалық маневр жасау мен Қытайдың көршілес елдерінің іскер топтарының түрлі жобасын жүзеге асыру өрісін едәуір кеңейтеді. Бұдан басқа, ҚХР-дың индустриалдық капиталы шетелде қолданудың жаңа бағыттарын іздейді. Бұл ретте қаражаттың негізгі бөлігі тікелей инвестициялар, несиелер, жеңілдетілген несиелер, екіжақты негіздегі гранттар арқылы бөлінетін болады. Бейжің сонымен бірге Азия даму банкі және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арқылы қаражат ұсынуды ұлғайтуға ниетті.

Қытай іскерлік жобаларды жүзеге асыруда және инвестицияларды беруде оларды ешқандай саяси жағдайлармен ескертпейтінімен ерекшеленеді. Бейжің ішкі істерге араласпау және өзінің мемлекеттік құрылым моделін мәжбүрлемеу сая­сатын үнемі ұстанып келеді. Әри­не, қарыздың тұзағына түсу ық­ти­малдығын ескермеуге болмайды, бірақ ол басқа ірі ойыншыларға – инвестиция мен несие көздеріне де қатысты.

ҚХР-дың экономикалық моделі Орталық Азия елдері бай көп мөлшерде энергия ресурстарын пайдалануға негізделген. Қытайдың энергетикалық ресурстар импортының барлық көлемінде Түрікменстан, Қазақстан және Өзбекстанның үлесі 3,4%-ды құрайды. Орталық Азиядан жеткізілімдер Қытайдың мырыш импортының 21%-ын, 20,9% қорғасын, 10% бейорганикалық химиялық өнімдерді құрайды. Қытайдың ішкі тұтынуды кеңейтуге бағыты бүкіл Орталық Азияда экономикалық үдету үшін мүмкіндік береді, өйткені географиялық жағынан жақын елдерге ҚХР-ға экспортты ұлғайтудың перспективалары ашылады. Осыған байланысты шикізаттық сипатын жеңу үшін ҚХР-ға тауарлар жеткізілімін әртараптандыру проблемасы өзекті. Қазақстан үшін бұл елге ауыл шаруашылығы экспортын айтарлықтай кеңейту перспективасы ерекше тартымды.

Тұтастай алғанда, өзінің ау­қым­ды индустриялық және инвес­ти­ция­лық мүмкіндіктерімен қар­қын­ды дамып келе жатқан Қы­тайға жа­­қын­дығы тұтыну­шы­лық нарық­тың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына және Қазақстан мен басқа да Орталық Азия елдерінің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалануға қолайлы мүмкіндіктер туғызады.

Болат Нұрғалиев,

Қазақстан Республикасы СІМ жанындағы «Сыртқы саяси зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5302