Ана тілінен бас тартқан Либерияның синдромы
Ана тілінен бас тартқан, табиғат байлығы өзіне сор болған Либерия қазір БҰҰ-ның ерекше бақылауында өмір сүріп жатыр.
Тәуелсіздіктің қадірін білмеу, ана тілінен бас тартып отаршының тілін таңдау, табиғи байлығының қызығын өзі көре алмау, трайбалистік тартыстың кесірінен тоз-тоз болу – қара құрлықтағы Либерия елінің тарихынан алатын сабақ осындай.
«Бостандық жері», «африкалық Израиль» - жергілікті негроидтік тайпалар мекендеген бұл жерге 1820 жылдары Солтүстік Америкадан құлдықтан мыңдаған репатрианттар оралады (аболиционистер қозғалысын тарихтан білеміз). Америкалықтар құрған жеке колония ресми түрде Либерия (ағылшынша liberty – бостандық) деп аталып, өзінің конституциясын қабылдайды. 1847 жылы 26 маусымда қоныстанушылар Либерия Республикасының тәуелсіздігін жариялайды. Бірақ репатрианттар өз қандастары – жергілікті негрлерге шекесінен қарайды, оларды жабайы санап, өздеріне құл етеді. Америкадан оралғандарын мақтаныш көрген кешегі құлдар ағылшынша сөйлеп, жергілікті тілден бас тартады. Мемлекеттік тіл ретінде ағылшын тілін таңдайды. Америкалық-либериялықтардың діні, салт-дәстүрі, мәдениеті, тұрмысы – бәрі америкалықтардың көшірмесі болады, тіпті туы да АҚШ туына ұқсас.
Либерия президенттік республика, америкалық үлгідегі саяси жүйесі, саяси партиялары бар. Бірақ, демократияны қаншама көшірсе де, бұл ел азаматтық соғыстан көз ашпай келеді. 1980 жылдары басталып, 2005 жылға дейін созылған Азаматтық соғыс 250 мыңнан астам адамды жалмаған, мыңдаған адам елден кеткен, таусылмайтын жанжалдан елдің экономикасы күйреген. Мемлекеттік мекемелері коррупцияға белшесінен батқан, жаппай жұмыссыздық, сауатсыздық жайлаған, ел заңсыз қару-жарақ қоймасына айналған. Адам саудасы әлі бар, «трущобаларда» тұратын жергілікті тайпалар осы күнге дейін ескі әдет-ғұрыптарымен өмір сүреді, оның ішінде адамды құрбандыққа шалу да бар.
Либерияның осындай артта қалған, жік-жікке бөлінген, «үшінші әлем» елі болып қала беруіне кешегі отаршылар да, елдегі саяси күштер де мүдделі. Өйткені бұл жер табиғи қазбаларға бай, таулы өлкесінде алмаз өндіріледі. Африка құрлығындағы тұрақсыз елдердің бірі болып отырған Либерия тұрғындары қазір негізінен гуманитарлық көмекпен өмір сүреді. Өзі 4-ақ миллион халықтың 80 проценті кедей. Бала өлімі өте жоғары деңгейде. Мемлекеттік тіл – ағылшын тілін либериялықтардың үштен бірі білмейді, себебі сауатсыз.
Міне, осылай этникалық себеппен қырық жікке бөлінген, ана тілінен бас тартқан, табиғат байлығы өзіне сор болған Либерия қазір БҰҰ-ның ерекше бақылауында өмір сүріп жатыр.
Амантай Тойшыбайұлы
Abai.kz