Жұма, 22 Қараша 2024
Күбіртке 7728 11 пікір 13 Сәуір, 2021 сағат 19:51

Министр Райымқұлованың басы дауға қалды

Қазақстанның бір топ өнер қайраткерлері президент Тоқаевтың атына Ашық хат жариялап, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың қызметіне көңілдері толмайтындықтарын білдіріпті.

Ел Президентінің атына жолданған үшбу хатта әуелі Абай атындағы опера және балет театрының айналасындағы жағдай туралы баяндалған.

«Дәл осындай қиын кезеңде әртістер халықтың рухын көтерудің және өз таланттарын жаңа қырынан көрсету мен қоғаммен байланыс орнатудың жаңа, қызықты формасын тапты. Біз бәріміз осы көнекөз театрымыздың (Абай атындағы опера және балет театры) танымалдылығы мен онлайн бағдарламаларының әрқилылығы жағынан ТМД театрлары арасында үздік үштікке енгеніне қуандық, мақтандық. Біздің театрымыз тек, Ресей мен Беларустың «Үлкен театрларына» ғана есе жіберді. ЕДС жылдарындағыдай, театр ұлттың рухани және эмоционалдық рухын көтерудің алдыңғы шебінде тұрды.

Театрды творчестоволық тұрақты жағдай қалыптастырып, іскерлік жұмысын тоқтатпай, айтарлықтай биік нәтижелерге жеткізуде ұжымның бірінші жетекшісі Ая Қалиеваның орасан зор еңбегі бар екеніне қоғамшылық та келіседі деп есептейміз. Оның профессионализмі, жедел шешімдер қабылдай білуі, ұйымшылдығы мен өз ұжымын жігерлендіре білуі, творчестволық жаңа тәсілдерді іздей алатындығы мен әр істің генераторы бола білуі өз алдына бөлек сөз», - дей келе театрдың карантин кезіндегі қызметі мен жеткен жетістіктері туралы сөз еткен.

Сөз аяғында: «Алайда бізді мәдениет саласындағы соңғы болып жатқан оқиғалар алаңдатады. Ол біздің сүйікті театрымызға қатысты. Осы жылдың 18 ақпанында директор Ая Қалиеваны аяқ-астынан, ешқандай түсіндірусіз қызметінен босатты. Мәдениет және спорт министрлігінің бұл шешімі театр ұжымы мен қоғамшылықта талқы тудырды.

Біз театр ұжымының осы екі жылда ілдәлдалап жүріп қалыптасқан творчестволық жігері бүлінбесе екен дейміз. Театр басшылығына Ая Қалиеваның келуімен театр төңірегіндегі дау басылып, ұжым жұмысы қалыпқа түскен болатын», - деген өнер қайраткерлері Ая Қалиеваның қызметіне кепілдеме ретінде атқарған жұмыстары мен жеткен жетістіктерін тізіп айтып, сөз түйінінде: «Бүгін әріптестері  Ая Жәкенқызына қолдау білдіруде. Біз Қазақстанның творчестволық интеллигенциясы Ая Қалиева жағындамыз», - дейді.  Президент Тоқаевтан араша сұрап, іске араласуын өтінеді.

Хатқа Бибігүл Төлегенова, Ренат Салаватов, Ғафиз Есімов, Нағима Есқалиева, Нұржамал Үсенбаева, Лаки Кесоглу, Люция Тулешова, Бейімбет Қожебаев,  Мұрат Шалабаев,  Толқын Забирова, Мұхтар Қалдаяқов секілді есім-сойы елге белгілі адамдар қол қойған.

Аталған мазмұндағы Ашық хат Abai.kz ақпараттық порталының редакциясына да келіп түскен. Ашық хат орыс тілінде әзірленген.

Ал кеше белгілі кино режиссер Ермек Тұрсынов аталған Ашық хатты өзінің «Instagram-дағы» парақшасында жариялап, «Президент неге шара қабылдамай отыр», - деп жазды.

«Жалпы халыққа танымал музыканттардың Президентке  хат жазуына не себеп болды? Сол баяғы... Даудың ортасындағы тағы да мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова. Жұрт оның қызметіне көңілдері толмайды. Президенттен осы іске араласып, шешім қабылдауын сұрауда.

Бұл өнер иелерінің мемлекеттің бірінші тұлғасына қайрылып, хат жазған бірінші жағдайы емес. Осыған дейін Тоқаевқа есімі елгі білгілі киногерлер хат жазды. Оның алдында театр қайраткерлері де жазған. Енді кітапханашылар мен музей қызметкерлері жазуы керек шығар. Бәлкім, сонда естір?

Тағы кімдер осы министрліктің қол астында? Спортшылар? Анау вице-министрді бір сөмкемен әуежайды ұстаған жоқ па? Не болды? Ештеңе де болған жоқ. Отырған орнында отыр.

Ал мына жағдайға қатысты, менше, осының барлығы бекер!  Осы хаттар, өтініштер, талаптар бос әурешілік. Ешқандай да реакция болмайды!

Әдеттегідей, алдымен ақпараттың қайдан шыққанын анықтайды. Сосын, атақты адамдарға кімдердің қол қойдырғанын іздеуге көшеді. Сосын қол қойғандарды кезек-кезек айыптай бастайды. Біреуіне - қол қоюдан бас тартуын өтінеді, енді біреуіне - үйіп-төгіп уәде береді. Ал біреулерін - қорқытып-үркітеді. Барлығы да тексерілген, танымал әдістер. Бірақ, ең ақырында ең маңыздысы ұмыт қалады. Жұрт мұндай министрден құтқаруды сұрады емес пе?», - деп жазды Ермек Тұрсынов. Тұрсыновтың толық жазбасын оның Facebook-тегі парақшасынан оқуға болады.

 

«Nege.kz» сайты Абай атындағы қазақ мемлекеттік опера және балет театрының көркемдік жетекшісі Шахимардан Қайдарұлының пікірін жариялапты. Онда Шахимардан Қайдарұлы: «Біреудің атынан ашық хат дайындау – нағыз бассыздық», - депті.

«Біз неге бір-біріміздің артымызға түсіп аламыз? Бұл адамгершілік қасиетке жата ма? Біз Абайдың жолымен жүрсек, бұлай болмас еді. Өз басым министр Ақтоты Райымқұлованы өте жақсы білемін. Құрманғазы атындағы консерваторияда 35 жыл жұмыс істедім. Декан болдым. Оны министр етіп тағайындағанда қуандым. Бізге бірлік керек. Мұны басқа ел-жұрт көрсе күледі. Әр нәрсенің өлшемі бар. Ал КСРО Халық әртісі Бибігүл Ахметқызы ешқашан мұндай жала арызға қол қоймайды. Олардың атынан ашық хат дайындау – нағыз бассыздық. Әуелі министрдің жұмысына баға беру керек қой», - дейді театрдың көркемдік жетекшісі.

Осы жазбадан кейін әлеуметтік желіде министр Ақтоты Райымқұлованы ақтау «операциясы» басталып кеткенге ұқсайды. Мәдениет министрлігіне қарасты түрлі мекемелердің ресми парақшалары «Біз Ақтоты Райымқұлованы қолдаймыз» деген мағынадағы жазбалар жариялай бастады. Қараңыз:

Қ.Қожамияров атындағы Мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры: «Біз Ақтоты Рахметоллақызын қолдаймыз!» атты жазба жариялады.

Онда: «Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлованың министрлік қызметке тағайындалғанына маусымның 17-жұлдызы екі жыл толады екен. Бұл аз уақыттың ішінде еліміздің мәдениет және спорт саласында көптеген оңды істер атқарылды. Министрдің істерін іскерлігін бағаламау жөнсіздік, әлбетте. Осы тұрғыдан, 2018 жылы театрымызда басталған күрделі жөндеу жұмыстары 2020 жылдың қараша айында сәтті аяқталды. Көрермендерімізді Ұйғыр театрының жаңа ғимаратында қарсы алдық, 86 маусымды аштық. Осындай аз уақыттың ішінде ұйғыр театры ғимаратын қайта құруда қолдау көрсеткен Мәдениет министрлігіне - Ақтоты Рахметоллақызына алғысымыз шексіз! Ақтоты Рахметоллақызын білімді де білікті өз ісінің шебер маманы ретінде жоғары бағалаймыз! Қ.Қожамияров атындағы Мемлекеттік академиялық Ұйғыр музыкалық комедия театрының директоры лауазымын уақытша атқарушы Саутжан Сонуров басшылығындағы театр ұжымы министрге өз қолдауын білдіреді. Біз, Ақтоты Рахметоллақызының қызметіне тек шығармашылық табыс пен сəттілік тілейміз!», - деп жазылған.

«Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи-қорық музейі театры: «Ақтоты Рахметоллақызын жоғары білімді, өз ісінің кəсіби маманы ретінде бағалаймыз. Көптеген жылдар бойы мəдениет саласын басқаруда жинаған тəжірибесі - Министр деңгейінен төмендетпейтініне сенімдіміз. «Өзіңе сен, Өзіңді алып шығар-ақылың мен білімің екі жақтап», - деп ұлы Абай осындайда айтса керек. Біз, Ақтоты Рахметоллақызының қызметіне тек қана шығармашылық табыс пен сəттілік тілейміз!», - деп жазды.

Кітап палатасы: «Ақтоты Рахметоллақызы - тынымсыз еңбек етіп, Қазақстан Республикасының мәдениет, өнер салаларына айтарлықтай өзгерістер енгізген, министрлікке қарасты мекемелердің мұң-мұқтажына құлақ асып, заң аясында бірнеше мәселені жолға қойған білікті басшы.

Жұмыс істеген кісіге күйе жақпақ болғандардың әрекеттері әшкереленуде. КСРО Халық әртісі, опера әншісі Бибігүл Төлегенованың өзі мұндай үндеуге қол қоймағанын айтып, Ақтоты Райымқұлованың жұмысына жоғары баға берді.

Біз ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованы және оның ұстанған жұмыс бағытын толық қолдаймыз!», - деп жазды.

Ақпарат үшін: Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлова 2019 жылдың маусымынан бері Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі лауазымын атқарып келеді. Оған дейін 2016-2019 жылы ҚР Мәдениет және спорт вице-министр қызметін атқарған.

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5257