Қош бол, қазақтың ардақты ұлы!
Қазақтың көнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есенғали Раушанов өмірден өтті. Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек жеткізді.
«Қадірлі ағайын! Қазақтың аса көрнекті ақыны, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушановтан айырылып қалдық.
Алла алдынан жарылқасын. Асыл рухы бейіштің төрінде шалқысын. Қосымша ақпарат кейінірек беріледі», - деп жазды Ақберен Елгезек.
Есенғали Әбдіжаппарұлы Раушанов 1957 жылы Қарақалпақстанның Хожелы қаласында дүниеге келген. 1976 -1980 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
Еңбек жолын Өзбекстанның Жызақ облысы Мырзашөл ауданындағы «Достық» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып бастаған. Әр жылдары «Жалын» журналында бөлім меңгерушісі, «Арай» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, «Зерде» (бұрынғы «Білім және еңбек») журналының бас редакторы (1988 — 95), 1995 жылдан «Жазушы» баспасының директоры болды.
Алғашқы жыр жинағы «Бастау» деген атпен 1980 жылы жарық көрді.
«Келінтөбе» (1984), «Шолпан жұлдыз туғанша» (1988), «Ғайша бибі» (1991, «Aлаш» сыйлығын алды), «Қара бауыр қасқалдақ» (1995) атты жыр кітаптары жарық көрген. Көптеген өлеңі, поэмалары орыс, литва, украин, болгар, чех, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған.
Abai.kz ақпараттық порталының ұжымы, қазақтың дара тұлғалы перзенті, ақын Есенғали Раушановтың қазасына қайғырып, туған-туыстарына көңіл айтамыз...
Серік Ақсұңқарұлы:
ҚОШ БОЛ, АРДАҒЫМ!
Күтпеген жерден Есенғали кетіп қалды... Оны да мына індет алып кетіпті?!. Қайырымсыз сұм ажал қазақ жырының бір қабырғасын суырып алды, көзімізді бақырайтып қойып!
Адам-Ата - Һау-Анадан бері иісі қазақтан бұған дейін тумаған, енді қайта тумайтын ақын келді де кетті! Оның орыны енді қазақ жырында ғана емес, күллі әлемдік поэзияның төрінде мәңгі үңірейіп тұратын болады...
Ұлы Мұхаңның (М. Мақатаев):
«Туады, туады әлі нағыз ақын,
Нағыз ақын бал мен у тамызытын.
Жесірдің айырылмас сырласы боп,
Жендеттің көзінен жас ағызатын,
Туады, туады әлі нағыз ақын!
Жыр сөздері жай болып атылғанда,
Атылғанда, аспаннан оқылғанда,
Мылқауларға тіл бітіп, керең естіп,
Жанар пайда болады соқырларға!», - деген ақыны осы еді ғой?!
Қош бол, ардағым! Арқасында ұлттық рухы шымырлаған қазақ баласының бәріне аза тұтып, көңіл айтамын!
Abai.kz