Мерзімсіз салым
Банк салымы – ақшаны сақтау мен жинаудың ең қарапайым, ең тиімді, ең қауіпсіз тәсілі. Сіз ақшаңызды банкке белгілі бір мерзімге орналастырып қана қоймайсыз, салымның мерзімі аяқталған соң, ақшаңызды қолыңызға сыйақысымен бірге аласыз. Яғни, банк салымы ақшаңызды инфляциядан қорғайды әрі табыс әкеледі. Оның үстіне елімізде салымдардың сыйақыларына салық салынбайды.
Бүгінде Қазақстанның депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне екінші деңгейдегі 23 банк қатысады және салымшыларға әр түрлі депозиттер ұсынады. Олардың барлығы «Мерзімсіз», «Мерзімді» және «Жинақ салымдар» болып үш топқа бөлінген.
Банк есептейтін сыйақы мөлшерлемесі әрбір салымның түрі мен мерзімі, толықтыруға болатын және болмайтындығына қарай әр түрлі болып келеді. Әдетте толықтыруға болмайтын, ұзақ мерзімге ашылған депозиттердің сыйақысы жоғары болмақ. Бұл ретте теңгелік салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемелері шетел валютасында ашылған салымдарға қарағанда едәуір жоғары. Демек теңгелік депозиттерді ашу тиімді деген сөз.
Қаржылық ахуалы жақсы, рейтингі жоғары банкті таңдаған соң, алдыңызға қойған мақсатыңызға қарай, ақшаңызды белгілі бір салым түріне сала аласыз. Бұл ретте өзіңізге қажетті салымның шартымен мұқият танысып шығу өте маңызды. Бүгін солардың ішінде мерзімсіз салымға мұқият тоқталайық.
Мерзімсіз салым - аты айтып тұрғандай, ең үйреншікті, ең танымал салым түрі. Оны кез келген уақытта толықтырып отыруға және одан кез келген уақытта азайтылмайтын қалдық шегінде ақша алуға болады. Ал қалдық шегі әр банкте әрқалай. Мың теңгеден бірнеше мың теңгеге дейін баруы мүмкін.
Мерзімсіз болып аталатындығына қарамастан бұл салымның қолданылу мерзімі бар – мұнда сыйақы мөлшерлемесі белгілі бір мерзімге тағайындалады. Банктерде мерзімсіз салымды әртүрлі мерзімге ашуға болады. Мысалы, ақшаңызды бір жылға салсаңыз, осы мерзім ішінде, яғни салымыңыз жабылып немесе әрі қарай ұзартылғанша сыйақы мөлшерлемесі өзгермейді.
Сыйақы мөлшерлемелері Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесіне тең және басқа салымдарға қарағанда төмен, бірақ инфляциядан жоғары. Қазіргі уақытта мерзімсіз салымдар бойынша жылдық сыйақы мөлшері 9 пайызды құрайды.
Салымның табысты болуы оған пайыздық сыйақының қалай есептелетіндігіне байланысты. Ол салым шартында нақты көрсетіледі. Әдетте банк сыйақы бойынша салым иесіне екі базалық нұсқаны: жылдық номиналды, яғни атаулы мөлшерлемені немесе жылдық тиімді мөлшерлемені ұсынады. Атаулы мөлшерлеме – салымға ай сайын есептелетін сыйақы. Мұндай жағдайда салым сомасы жылдық мөлшерлемеге көбейтіліп, 100-ге бөлінеді және одан шыққан сома 12 айға бөлінеді. Алынған сома – айлық атаулы сыйақы. Ол сіздің қалауыңыз бойынша шартта көрсетілген мерзім ішінде жеке шотыңызға аударылып отырады.
Жылдық тиімді мөлшерлеме – атаулы мөлшерлеме + капиталдандыру. Бұл жерде капиталдандыру – есептелген пайыздың басқа шотқа емес, салымның өзіне автоматты түрде қосылып отыруы. Яғни, салым сомасына ғана емес, оған есептелген сыйақыға да сыйақы есептеледі. Депозиттегі ақша оған қосылған пайыздардың есебінен арта түседі. Ал келесі жолы сыйақы, өткен айда қосылған сыйақының есебінен көбейген салымның бүкіл сомасына есептеледі. Капиталдандыру жиілігі жоғары болған сайын, депозиттің табыстылығы да арта түседі. Капиталдандыру есебінен қалыптасқан түпкілікті табыстылық – жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі деп аталады.
Екінші деңгейдегі банк ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес мерзімсіз салымды немесе оның бір бөлігін салымшының өтініші келіп түсуіне қарай төлеуге міндетті. Бұл ретте банк мерзімді немесе шартты салымды не болмаса оның бір бөлігін салымшының өтініші келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 7 (жеті) күн ішінде беруге міндетті болса, жинақ салымы бойынша төлеу мерзімі – өтініш келіп түскен күннен бастап кемінде күнтізбелік 30 (күнді) құрайды. Сондықтан депозиттен ірі көлемде қолма-қол ақша алу үшін бұл туралы банкке алдын ала хабарлау қажеттігін еске саламыз.
Айта кетелік, егер ақша депозитте ұзақ жатпаса (әдеттегідей бір айдан аз уақыт), банк сыйақы есептемеуі мүмкін немесе оны төменгі мөлшерлеме бойынша есептейді.
Банктердің банкрот болуы сирек құбылыс. Бірақ егер қандай да бір банк барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылар болса, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (Қор) жеке тұлғалардың кепілдік берілген салымдары бойынша өтем төлейді. Кепілдік берілген шекті соманың көлемі салымның түрі мен валютасына тікелей байланысты. Яғни бұл сома:
- шетел валютасындағы депозиттердің барлық түрі бойынша – 5 миллион теңгеден;
- жинақ салымнан басқа, теңгедегі мерзімсіз және мерзімді салымдар, төлем карточкалары мен ағымдағы банк шоттары бойынша – 10 миллион теңгеден;
- теңгедегі жинақ салымдар бойынша – 15 миллион теңгеден аспайды.
Егер бір банкте түрі мен валютасына қарай әртүрлі бірнеше депозитіңіз бар болса, олар бойынша Қор кепілдік беретін ең жоғары жиынтық сома – 15 миллион теңге. Әрине, Қор ақшаңызды банк лицензиясынан айырылған күні есептелген сыйақымен бірге төлейді. Ал шетел валютасындағы салымдардың өтем ақшасы банк лицензиясынан айырылған күнгі айырбас бағамы бойынша теңгемен есептеледі. Бұдан басқа салымшы бір емес бiрнеше банкте депозиттер ашқан жағдайда, кепiлдiк берiлген өтем әрбiр банк бойынша жеке-жеке төленеді.
Abai.kz