Сенбі, 28 Қыркүйек 2024
46 - сөз 4665 2 пікір 23 Сәуір, 2021 сағат 14:13

QazCovid-Inнен QazVacқа дейін

2021 жылдың 1 ақпанынан бастап Қазақстанда жаппай вакцинация басталды. Қазақстандықтар ресейлік "Спутник V" вакцинасын алуда. Вакцинация басталған сәтте қазақстандықтардың қандай вакцинаны алатындығын өздері таңдауына мүмкіндік берілетіні айтылған еді. Алайда осы уақытқа дейін вакцина алғандардың барлығы дерлік ресейлік "Спутник" вакцинасын қабылдады. Себебі таңдау жоқ, демек амал жоқ.

Қазақстан індет басталған сәтте өз вакцинасын жасауды қолға алды. Себебі вакцинасыз бұл індетті жеңу мүмкін еместігі белгілі болды. 2020 жылдың мамыр айында вакцина жасау жұмыстары басталып кетті. Вакцинаға бастапқы кезеңде шартты түрде "QazCovid-In" атауы берілді. Ал оны клиникалық сынақтан өткізу кезеңі күз мезгілінде іске асты. Вакцинаның эффективтілігі сынақ барысында дәлелденді. Вакцинаны үш кезеңді сынақтан өткізу еріктілер арасында жүргізілді. Алғашқы клиникалық сынақтан өткізуге 18-65 жас аралығындағы 44 ерікті, екінші кезеңінде 200 ерікті, ал үшінші кезеңінде 3 мың ерікті қатысты. Әр кезең бойынша сынақтар екі кезеңнен, яғни араға 21 күн салып жүргізілді. Әр еріктіге 200 мың теңге көлемінде қаржы төленді. Сынақ барысында қазақстандық вакцинаның вирустан сақтайтын иммунитетті жақсы қалыптастыратыны дәлелденді.

Қаңтар айында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық вакцинаны қабылдауды жоспарлап отырғанын айтты. Алайда 6-сәуір күні президент ресейлік "Спутник V" вакцинасын алды. Ол вакцина Қарағандыда жасалғанымен, ресейлік еді. Бұл қазақстандағы вакцинацияның тым баяу жүруімен, ал отандық вакцинаның әлі толық дайын болмауымен байланысты болды. Дәл сол күні, сәуірдің 6-сында президент Үкімет отырысын өткізіп, Денсаулық сақтау министрлігінің қызметін қатаң сынға алды. Президент вакцинация бойынша артта келе жатқанымызды айтып, Цойға кадрлық ауыс-түйістерге дейін қадам жасалуы мүмкіндігін ескертті.

«Алексей Владимирович, мен бұрын айтқанымдай, қазіргі уақытта Үкіметтегі басты міндет денсаулық сақтау министрі, сіздің ерекше құзыретіңіз бар. Сіз жұмысыңызды жақсы бастадыңыз да, кейіннен екпініңіз азайды. Сәуір айында сіз жағдайды қалыпқа келтіруге тиіссіз. Олай болмаған жағдайда сізді қапаландыратын кадрлық тағайындаулар болады. Бұл тек қана денсаулық сақтау министрлігіне ғана емес, жалпы Үкіметке қатысты», - деген болатын президент Тоқаев.

Жиыннан кейін елімізде жаппай вакцина алу қарқыны артты. Сауда орталықтары мен нарықтарда, ауруханаларда екпе егу жұмыстары жүргізіле бастады.

Қазақстан өз вакцинасын халыққа егуді 26-сәуірде бастайтын болды. Енді оның атауы "QazCovid-In" емес, "QazVac". Отандық вакцинаның жасалу әдісі де "қызық". Вакцина Қазақстанда жасалып, Түркияда ампулаға құйылатын болады. Вакцинаның ауқымын арттыру жағы қарастырылуда. 22-сәуір күні қазақстандық вакцина Жамбыл облысындағы зауыттан өзге аймақтарға жол тартты. Бұл алғашқы партия. Алдағы таңда оның көлемі артатын болады. Мамыр айынан бастап айына 500-600 мың доза отандық вакцина шығару көзделіп отыр. Президент бұл қадамды оң бағалап, арнайы "Твиттер" парақшасына жазба қалдырды.

"QazVac вакцинасы еліміздің өңірлеріне жеткізіле бастады. Барлық азаматтарға қолжетімді болу үшін отандық екпе өндірісін ұлғайтамыз. Қазақстан әлем бойынша өз вакцинасын шығарған бірнеше елдің қатарында. Екпені әзірлеген ғалымдар мен мамандардың бәріне алғыс айтамын!", - деді президент.

Қазақстан отандық вакцинасы әлемдегі он елдің қатарына кіреді. Елімізде QazVac вакцинасынан бөлек, тағы төрт түрлі вакцина жасалуда. Ал жалпы вакцинациядан биыл 10 млн адамды өткізу көзделген.

Abai.kz

 

 

 

2 пікір