Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 7948 19 пікір 9 Мамыр, 2021 сағат 18:01

Константин Затулиннің шабына неге шоқ түсті?

Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров қазақ билігінің көңілін аулау үшін: «Ресейлік саясаткерлер Қазақстанның аумақтық тұтастығы туралы арандатушылық мәлімдемелер жасай отырып өздеріне назар аударуға тырысып жатыр. Ресейдің Қазақстанға қатысты саясатын анықтайтындар мұндай сөзді ешқашан айтпаған, айтпайды да», - деп мәлімдегені сол еді.

Ресей Думасындағы ТМД істері, отандастармен байланыс және еуразиялық интеграция бойынша комитет басшысының бірінші орынбасары, арғы түбі татар Константин Затулин қазаққа қарата түкірігін шашып шыға келді.

Ресей СІМ басшысы Сергей Лавровтың мәлімдемесіне қатысты «НСН» телеарнасының эфирінен депутат қазақ тарихын бұрмалап, аузына не келсе соны айтты. Әріптесі Вячеслав Никоновты судан ақ, сүттен таза қылып айды аспанға бір шығарып алып: «Меніңше, біздің сыртқы істер министрі Қазақстандағы Ресеймен өз тарихындағы қарым-қатынасына байланысты еш түсініктеме бермейді. Бірақ менің ойымша, біздің біреуге жалпақтап кешірім сұрағанымыз артымызды ашып кететін тірлік. Кешірім сұраудың еш керегі де жоқ!» – деп бір көсіліп алды.

Қазақтар орыстар көп қоныстанған өңірде әуелі автономиялық, ең соңынан одақтас ел атанып, мейманасы асып отыр-мыс. Орыс жерінде өз мемлекетін құрғаны тарихи факті болып табылады-мыс.

«Біз қазақ жеріне көз алартып отырған жоқпыз. Егер шындап түбін тексере келсек, кімнің мәселені қоздырып отырғаны әшкере болады. Никонов сөзінде қазақтарды шамдандыратындай дәнеңе де жоқ», - деген ойда.

«Атап айтар болсақ, менің түсінігімде Никонов қазақ жеріне көз алартқан жоқ. Ол – тарих ғылымының докторы. Бірақ оның аузынан шыққан сөзге жұрт жабыла науқан ашып, тіпті билік басындағылар да оған ілесті. Керек десеңіз, олар Никоновтың аузынан шықпаған сөзді айттыға балап, балағаттың небір түрін қарша боратты. Бұндай үн қату Қазақстанның саяси элитасының белгілі бір бөлігінің бізге деген көзқарасын білдіреді. Егер қаласақ, арандатушы биліктегі топтың кім екенінің ақ-қарасын аша аламыз», – деген Затулин жын ұрған бақсыдай эфирде зікір салды.

Ресейде сынауға ешкімнің батылы жетпейтін Елбасыны да іліп түсті: «ТМД-ның көптеген елдері, оның ішінде Қазақстан да тарихты бұрмалау жолына түсті. Мысалға, жұрттың бәрі сыйлайтын елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев та талай мәрте «КСРО бұрынғы республикалары ішінен ең көп зардап шеккен Қазақстан деп мәлімдеді», - дейді ол.

Әрі көрермен жұртқа қарата: «Тарихи тұрғыдан осының бәрінен кім ұтты, кім ұтылды?» – деген сауал тастады. Қазақтарға ұлттық мемлекеттігін құрып беріп, тілі мен салтын сақтатқан Ресейге алғыс айтуға тиіс екен деген тұжырымға меңзеді.

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394