Пәндік олимпиадалар тек электронды форматта өтеді
Оқушылардың пәндік олимпиадасының облыстық және республикалық кезеңдері тек электронды форматта өтеді. Бұл жайында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті.
«Жақында ҰБТ-ны электрондық форматқа көшіру туралы пост жарияладым. Бұл өзгерістерді қоғам жақсы қабылдап, қолдау білдірді. Бірақ, біз тек осы емтиханды ғана емес, барлық іріктеу іс-шараларының форматын ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету үшін өзгертудеміз. Осы бастамалар туралы қысқаша тоқталсам. Біріншіден- оқушылардың пәндік олимпиадасы. Біз биыл ақпан айында алғаш рет оқушылар арасында республикалық олимпиаданы электрондық форматта өткіздік», - деп жазды министр Facebook парақшасында.
Оның атап өтуінше, олимпиада барысында әр қатысушыға жеке компьютер беріліп, іс-әрекетін бейнекамера бақылап отырды.
Сонымен қатар арнайы орталықта кезекшілер барлық процесті қадағалай алып, прокторинг жүйесі де қолданылды.
Әлеуметтік желілерде және арнайы порталда ашық трансляция жүргізілді.
«Бұған қоса, біз биыл олимпиада тапсырмаларын тексеру жүйесін де өзгерттік. Бұрын қазылар алқасы мүшелеріне балалардың жұмыстары пропорционалды түрде берілсе, енді бағалау кезінде субъективизмді төмендету үшін қазылар алқасының әр мүшесі бір ғана тапсырманы көріп, бағалай алды. Келесі жылдары да олипиаданың облыстық және республикалық кезендері тек ғана осындай форматта өтетін болады», - деді Асхат Аймағамбетов.
Abai.kz