Сенбі, 23 Қараша 2024
Өзгелер 5042 8 пікір 17 Мамыр, 2021 сағат 11:26

Тәуелсіздікті қорғау жолындағы шайқастар...

Басы: Оралғандар елі – Израиль

Жалғасы: Босқындық өмір. Отансыз тағдыр

Жалғасы: Сион тауына қайту...

Жалғасы: Қиялдан шындыққа дейін...

1947 жылдың 29-қарашасында БҰҰ Палестина жерінде тәуелсіз еврей және араб мемлекетін құру жөніндегі қаулысы шығысымен, 24 сағаттың ішінде күллі Палестинада қан-қасап соғыс өрті қаулай жөнелгендігін айтқан болатынбыз. Соғыстың алғашқы майданы біздің ұғымымыздағы ұлт аралық араздық деңгейінде болды. Ал 1948 жылдың 14-мамырында Израиль өз дербестігін жариялап, мемлекет құру ісіне кіріскен күннен-ақ айналадағы араб мемлекеттері Израильге ресми соғыс жариялады. Бұл соғыс шын мәнінде мемлекет аралық қырқыс болатын.

Палестинадағы арабтар мен еврейлердің қырқысы кезінде еврейлер Иерусалимнен басқа Израильге бөлінген аумақты түгелдей өз бақылауына алып үлгергеді. Арабтар өз ата-қоныстарын тастап, басы ауған жаққа босып кетті. Иерусалимнің өзі қоршауда қалды. Араб әлемінің қақ ортасында ғайыптан тайып бір еврей мемлекетінің бой көтеруі араб елдерінің намысына тиіп, төзімін тауысты. Енді ғана шаңырақ көтерген Израильге Ирак, Сирия, Ливан, Иордания және Египет қарулы күштері жан-жақтан лап қойды. Соғыс өрті аядай Израильдің барлық шекарасында тұтанды. Ал оларға қарсы соғысып жатқан Израиль армиясы бұрынғы қарулы күштер негізінде енді ғана жасақталып жатқан болатын. Оларда қару-жарақ пен оқ-дәрі тапшы болды. Танкке қарсы қолданатын бірде-бір ауыр қару түрі болған жоқ. Сонда да олар тәуелсіз, жас Израиль мемлекетін қорғау үшін жанын шүберекке түйіп, ерлікпен шайқасты. Солтүстік шепте 1948 жылдың 15-мамырында тәуелсіздіктің екінші күні Сирия армиясы Иордания өзені аңғарындағы еврей қоныстарын ұшақпен бомбалап, зеңбірекпен атқылай бастады. Екі күнге созылған тоқтаусыз бомбалаудан соң, елді-мекендер қирап, қорғаныс күштері ауыр шығынға ұшыраған соң, кері шегінуге мәжбүр болды. Сирия армиясы елді-мекендер мен сақшы бөлімшелерін басып алды. 28-мамырда араб қосындары  Иерусалимнің ескі қалашығын еврейлерден босатты. Бірақ, арабтар еврей қосындарының жанды күштерін талқандай алған жоқ. Бұл соғыста шашырай қоныстанған еврей елді-мекендері кәрі-жас, ер-әйел демей, жан қиярлықпен соғыс қимылдарына белсене қатысқандықтан, Израиль жеріне басып кірген араб қосындарына ойсырата соққы берді. Бұл соғысты халықарада «Палестина соғысы» деп атайды. Мұның мағынасы арабтар мен еврейлердің Палестина үшін болған соғысы дегенді білдіреді. Ал Израиль мұны тәуелсіздік үшін соғыс деп атайды. Ал тарихшылар бұл соғысты «Бірінші реткі орта-шығыс соғысы» деп атаған болатын. Себебі, осыдан кейін де әлденеше рет араб елдері мен Израильдің арасындағы соғыс оты тұтанғандықтан, оны реттік саны бойынша білдіргендегісі еді. Бұл соғыс 1949 жылдың 3-қаңтарында  Израильдің жеңісімен аяқталды. Ал соғыстан ең көп зардап шеккендер Палестиналық арабтар болды. Осы соғыстың кесірінен БҰҰ шешімімен құрылуға тиіс араб мемлекеті құрылмай қалды. Олардың жерін Израиль, Иордания және Египет пышақ үстінен бөлісіп алды. Израиль тарапынан жеңіс қомақты болғаны соншалық, Израиль өз территориясына 6 222 шаршы км аумақты қосып алып, өз аумағын 21 100 шаршы км дейін кеңейтіп үлгерді. Халықаралық сарапшылар Израильді тұрақты шекара болмайды деп мысқылдайды. Себебі, Израиль мен әр реткі арабтар соғысында Израиль аумағы кеңейіп отырады. Мұнда соғыс қимылдары ең соңында бейбіт бітіммен аяқталатындықтан, араб елдері Израиль басып алған аумақтарды заңдастырмаса да, уақытша бітіммен олардың иелік құқығын мойындауға мәжбүр болады.

1956 жылы Израиль мен Англия, Франция қосындары Египетке бір уақытта шабуыл жасады. Бұл соғыс Египеттің Суэц каналының иелік құқығын қайтарып алуға байланысты туындаған болатын. Тарихшылар мұны «Екінші реткі орта-шығыс соғысы» деп атайды. Бұл соғыста Израиль Газ аймағы мен Синай түбегін басып алды. Бірақ соңынан қайтарып беруге мәжбүр болды. Тек осы жолғы соғыста ғана Израиль өз аумағын кеңейте алған жоқ.

1967 жылдың 6-маусымында Израиль, Египет, Сирия және Иорданияға бір уақытта тұтқиыл соғыс ашты. Соғыс 11-маусымда тоқтағанға дейін бар-жоғы жүз-ақ сағатқа жалғасты. Бұл соғысты Израиль «6 күндік соғыс» деп атайды. Осы алты-ақ күнде Израиль күллі әлемге, әсіресе, өзінің араб көршілеріне соғыс қуатының қаншалықты жойқын екендігін дәлелдеп берді. Тарихшылар мұны «Үшінші реткі орта-шығыс соғысы» деп атайды. Бұл соғыста Израиль бір кездері Египет пен Иорданияның Палестина жерінен басып алған барлық аумақты (Газ аймағы, Иордания өзенінің батыс жағалауы және Иерусалимнің шығыс бөлігі) өзіне қосып алды. Осыдан кейін бір дәуірде ағылшындар сенімді басқаруға алған Палестинаның барлық аумағы Израильдің бақылауына өтті. Бұдан тыс Израиль  Египеттің Синай түбегі мен Сирияның Голан үстіртін де өзіне қосып алды. Әдетте халықарада «басып алынған аймақ» деп аталған жерлер меңзеледі. 1967 жылғы соғыс тоқтату келісіміне сәйкес белгіленген шекара сызықтарын Израильдіктер  «күлгін сызық» деп атайды. Бұл «күлгін сызықтың» ішіндегі Израиль бақылауындағы аумақтар 87 000 шаршы км құрайды. Бұл әуелгі БҰҰ белгілеп берген территориялық аймақтан 6 есеге үлкен. Израильдің бұл жолғы ашқарақтықпен ірге кеңейтуін араб елдері түгілі, халықаралық қауымдастық та қабылдай алған жоқ. АҚШ-ты қамтыған батыс әлемі де Израиль территориясы туралы әңгіме болғанда олардың заңды территориялық аумағы 1967 жылғы соғыста басып алған аумақты қамтымайтындығын шегелеп айтумен келеді. Халықаралық қауымдастық Израиль территориясы бар болғаны 20 000 шақырымнан аспайды деп есептейді (есептеу тәсілдерінің ұқсамауына байланысты 20 300 шаршы шақырымнан 21 100 шаршы шақырым аралығында).

Халықаралық қауымдастық Израильдің мұндай ірге кеңейтуіне қырын қарағандығы себепті Израиль де кейін қосып алған «жасыл сызық» пен «күлгін сызықтағы» аумақтарды «басып алынған аумақ» деп атайды. 1980 жылдан бұрын бұл аймақ Израильдің картасына кіргізілмеген болатын.

1973 жылы 6-қазанда Египет пен Сирия бірлескен қосындары Израильге тұтқиылдан соққы беріп, 1967 жылғы «6 күндік соғыстың» қарымтасын қайтармақ болды. Бір қызығы,  соғыстың алғашқы 1-2 күнінде шабуылдаушы тарап басым түскенімен, соңынан Египет пен Сирия қосындары күйрей жеңіліп, кері шегінді. Тіпті, Израиль қосындары бұрынғы келісімдерде көрсетілген Суэц каналынан да асып, Египеттің негізгі қосындарын қоршауға алды. Егер БҰҰ ара-ағайындық танытып, соғысты тоқтатпағанда, Египеттің жағдайы мүлде мүшкіл болар еді. Бұл соғыста Сирия, Голан үстіртін тастап шықты. Бұл соғыс тарихта «Төртінші орта-шығыс соғысы» деп аталды. 1980 жылы Израиль ресми түрде шығыс Иерусалимді қосып алды. 1981 жылы тағы да арнайы заң қабылдап, Голан үстіртінің қалған 700 шаршы шақырым аумағын да жұтып қойды. Бірақ, Израильдің территория талабы мұнымен аяқталмағанға ұқсайды. Олар тағы Иордания өзенінің батыс жағалауы мен Газ аймағын толығымен өзіне қосып алудың қамында жүр. Бүгінгі күнде Израиль АҚШ-тың қысымымен Синай түбегін және Палестинаның 2 000 шаршы шақырым аумағын қайтарып беруден тыс, қалған аумақтарға толығымен иелік етіп отыр.

Әлемдік қауымдастық Израиль мен араб елдерінің күндердің күнінде қалыптасқан шындықты қабылдап, бейбіт бітімге келіп, қырғиқабақ күндердің аяқталуын асыға күтеді. Бұл күн орта-шығысқа бейбітшілік сыйлайтын күн болып тарихқа енері даусыз.

Жалғасы бар...

Рақым Айыпұлы 

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5490