Жұма, 22 Қараша 2024
Өзгелер 10731 21 пікір 16 Сәуір, 2021 сағат 14:02

Оралғандар елі – Израиль

Басы

Израиль және еврейлер бізге ежелден таныс. Себебі ол туралы қасиетті Құранда аз айтылмайды. Ол және тарихта Яһуди діні, Христиан діні және Ислам діні тараған қасиетті мекен. Израиль - қазіргі еврейлердің Отаны болған мемлекеттің аты. Ол Құранда есімі он жеті рет аталатын Жақып Пайғамбардың тағы бір есімі. Жақыпта 12 ұл болады. Израильдің 12 тайпасы содан тараған деседі. Тарихта Мұса, Дәуіт, Сүлеймен және Иса Пайғамбарлар еврейлерден тарайды. Құранда Мұса Пайғамбарға - Таурат, Дәуіт Пайғамбарға – Забур, Иса Пайғамбарға – Інжілдің түскені айтылады. Бір қызығы, біздің бүгінгі ұғымымызда еврейлердің образы үнемі сүйкімсіз, сүркей тартып тұрады. Мұның себебі батыс әлемінің, әсіресе, христиандардың ықпалы болуы әбден мүмкін. Бізге еврейлер қазақ оқырмандарына кеңінен таныс Шекспирдің «Венеция саудагері» драмасында ашкөз, өсімқор, етіңнен ет кесіп алатын безбүйрек  еврей саудагері Шейлок образы сияқты елестейді. Бірақ адамзатқа ерекше есе қосқан Эйнштейн, Фрейд, Заменгоф,  Мендельсон қатарлы ұлы ғалымдармен қоса, Нобель сыйлығының иегерлерінің ішінде еврейлердің алар орны да ерекше. Әлемге әйгілі атақты ғұламалар мен ұлы ойшылдар, саясаткерлердің қатары да аз емес. Ал енді осылардың бәрі жер шары халқының 0,3 % ғана иелейтін еврейлерден шығып отыр. Бұл жағынан еврей ұлты адамзат өркениеті мен ғылымына өшпес есе қосқан ұлы қауымның санатына жатады.

Бірақ, еврейлер өз тарихында құлдық пен қуғынның, аштық пен қырғынның небір зұлматын бастан өткерген бақытсыз халық болды. Бір қырынан отаршылдардан көрген қорлық пен зорлығы біздің қазақтарға көбірек ұқсайды. Біз тағдырлас халықпыз. Еврейлер өз атамекенін тастап кетуден бұрын 8 млн жан саны бар іргелі ұлт болатын. Содан екі мың жылдан соңғы бүгінгі күнде күллі әлемдегі еврейлердің саны 2019 жылдың шілде айындағы ресми санақ бойынша небәрі 16 млн адамды құрайды. Демек, әлемдегі қазақтардың санынан да аз деген сөз.

Біздің жыл санауымыздың 132-135 жылдары орын алған Бар-Кохба көтерілісінен кейін Рим империясының тағылықпен жаныштауы және          қуғын-сүргін мен адамгершілікке жат өзге де саяси шаралардың кесірінен өз атамекенін тастап, әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылып кеткен болатын. ХІХ ғасырдың екінші жартысында шығыс Еуропадағы еврейлердің жағдайы күн өткен сайын қиындай бастады. Батыс Еуропада да еврейлердің тең құқылы ұлттық мәртебе алып, экономикалық жақтан бақуатты елге бет алғандығына қарамастан, оларға қарсы өшпенділік пен қуғын-сүргін қайта бас көтеріп еді. Бұл жағдайлар Мозес Гесс, Карл Маркс, раввин Иехуда Алкалай, раввин Цви-Гирш Калишер қатарлы еврей ойшылдарын еврейлердің ұлттық мәселесін түбірінен шешу жолдарын іздеуге мәжбүр етті. Олардың ойлап тапқаны Йерусалимнің жанындағы ежелгі еврей патшалығының билеушісі Дәуіт Пайғамбар жатқан қасиетті жер Сион тауға қайту ұраны болды. Оның басты мақсаты - Палестинадағы еврейлердің ежелгі ата қонысынан өздеріне экономикалық және рухани тірек тауып, сол араға топтасу арқылы тәуелсіз еврей мемлекетін қалыптастыру.

Аталған арман-мұраттың жетегімен бір ғасырға жуық өзінің тәуелсіз мемлекетін қалыптастыру жолындағы жан алып, жан берген күресінің нәтижесінде 1948 жылы 14-мамырда өзінің тәуелсіздігін жариялады. Бір қызығы, Израиль әлемде бірден-бір БҰҰ-ның шешімімен мемлекет құрған ел. Әрине, сан ғасыр бұрын тастап кеткен байырғы еврей жерінен шаңырақ көтеріп, мемлекет құру және оны күллі әлемдік қауымдастыққа мойындату оңай болған жоқ. Сол кезде БҰҰ-ның шешімімен Израиль мемлекетіне бөлінген аумақ 15 200 шаршы км болатын. Ал қазір 25 000 шаршы км аумаққа иелік етеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылында Израильдегі еврейлердің саны 650 мың ғана болатын. Содан 70 жылдан астам уақыт өткеннен кейінгі бүгінгі күнде ондаған есеге көбейіп, 2019 жылдың қазан айындағы санақ бойынша 9 млн адамды құрап отыр. Экономикалық табыстары да таңғажайып. Ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің қорғаныс қуаты да адам шошырлық. Соның арқасында айналасына айбар шегіп, Араб әлеміне күн бермей келеді. Біз еврейлер мен арабтардың тарихтан қалыптасқан ұлттық өшпенділігін қайыра тұрып, еврей халқының сан ғасырға созылған азапты өмірі мен өзінің тәуелсіз мемлекетін қалыптастыру жолындағы кешірмелеріне кеңінен тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Әсіресе, еврейлердің өздерінің байырғы ата қонысында мемлекет құру мен көші-қон саясаты жас, тәуелсіз еліміз үшін ерекше қымбат.

ЫҚЫЛЫМ ЗАМАНДАҒЫ ЕВРЕЙЛЕРДІҢ ЕЛІ

Израиль мемлекеті 70 жылдан аса ғана тарихқа ие. Бірақ Израиль саясаткерлері, тарихшылары, дін ғұламалары бір ауыздан өздерінің тарихын төрт мың жылға бір-ақ жеткізеді. Себебі олар Палестина жерін еврейлерге Тәңір сыйлаған қасиетті мекен деп біледі. Олардың ата-бабалары сол бір ықылым замандарда осы топырақта өсіп-өніп, бақуатты тірлік кешіпті. Еврейлер 2000 жылға жуық басқаның босағасында телім болып,  сергелдеңдік өмірді бастан өткерген соң, өз атамекенін қайта тауып, Израиль мемлекетінің түтінін қайта түтетіпті. Сан ғасырлық сергелдеңдік өмір еврейлер тарихының бір ғана құрамдас бөлігі. Сол себепті олар Израиль мен еврей ұлтының тарихын бөліп қарастырмайды екен. Әрине, арабтар олардың бұл уәжіне мысқылмен ғана жауап береді. Халықарада көптеген тарихшылар да олардың бұл уәжіне күмәнмен және сақтықпен қарайды. Мейлі, қалай десек те, Израиль тарихы мен еврей ұлтының тарихының біте қайнасып кеткендігін ешкім де жоққа шығармайды. Араб-Израиль текетіресінде екі  жақ та ежелгі тәпсірлерден цитата алып, өздерін Палестина аймағының заңды қожасы екендігін дәлелдеуге тырысады. Сол себепті Израиль тарихын терең зерттеу үшін еврей ұлтының тарихын толық сүзіп шығу лазым. Еврейлер әлемде жан саны онша көп емес халық. Бірақ, ықпалы орасан. Адамзаттың мәдениет тарихында олар бұл ғаламға Таурат, Забур, Інжілді сыйлаған ұлт ретінде әспеттеледі.

ҚАСИЕТТІ КІТАПТАР ХИКАЯСЫ

Шынайы тарих пен аңыз-әпсаналардың мидай араласып кетуі еврейлердің ежелгі тарихының ерекшелігі саналады. Еврейлердің ежелгі тарихында Иегова, Жақып, Мұсалар жөніндегі аңыздардың шынайылығына  ғылымды ту еткен тарихшылар күмәнмен қарайды. Ал еврейлердің санасында Алланың әмірін орындаған осындай Пайғамбарлар болмағанда еврейлердің күллі тарихы қазіргідей болмас еді. Былайша айтқанда, еврейлердің ежелгі ата-бабаларының  ерекше қасиеті жөніндегі аңыздар өмірде нақты болған тарихи оқиғаларға қарағанда осы ұлттың дамуы мен рухани келбетіне дәл осындай ерекше ықпал жасамаған болар еді. Еврейлердің ежелгі тарихы жоғарыда баяндалған қасиетті кітаптарда кеңінен баяндалады. Құранда да еврейлер жөнінде аз айтылмайды және олардың пайғамбарлық қасиетіне шек келтірмейді.

Қазіргі Израильдіктердің ата-бабасы еврейлер деп аталады. Олар байырғы заманда батыс Азияны мекендеген семиттердің бір тармағы саналады. Олар бұрын көшпенді тайпа болатын. Інжілде олардың бұрын  қос өзен алабындағы Ур қаласын мекендегендігі жайлы айтылады. Ур ежелгі шумерлердің астанасы. Ежелгі шумерлер көп Құдайлы, адамдары түрлі тотемдерге табынатын халық болды. Ал еврейлер негізінен өз тайпаларының Құдайы саналатын Иеговаға сенетін. Авраам тайпа көсемі болған соң, ежелгі Вавилондықтардың  діндік қысымына тап болып, қуғын көреді. Сол кездегі патша Хаммурапи өз қарастылығындағы тайпаларды өзінің табынатын Құдайы Мародакка сенуге мәжбүрлейді. Ал оған шек келтіргендер қатаң жазаланатын. Еврейлер мұндай діни қудалауға мүлде төзе алмады. Аңызда осы кезде Иегова Құдайы Авраамға аян беріп басқа жаққа қоныс аударып, өз мемлекетін құруды бұйырады. Авраам өз тайпасын бастап, Урдан кетіп, Ефрат өзенін бойлап, солтүстікті бетке алып, тартып отырады. Олар Харран өткелі арқылы батысқа беттеп, мың бір машақатта Ханаанға, яғни, бүгінгі Палестина жеріне келіп табан тірейді. Ханаан дегеніміз Ханаандықтардың мекені саналады. Олар өз жерлеріне келіп қоныс тепкен тайпаны еврейлер деп атап кетеді. Оның мағынасы «өзеннің арғы жағынан келгендер» деген сөз болатын. Авраам Ханаанға келіп орнығысымен, Иегова Құдайы тағы аян беріп, оған: «Сен басыңды көтеріп, шығыс пен батысты, оңтүстік пен солтүстікті барлап қара. Сенің көзің жеткен жердің бәрін мен сен және сенің ұрпағыңа сыйға тартатын боламын және ол сендердің мәңгілік қоныстарың болады» - дейді. Аталған аңыздың негізінде Палестинаны Алла Тағала еврейлерге арнайы сыйлапты. Мұндай сенім еврейлердің бұлжымас нанымына айналып, олардың қанына сіңген қасиетті ұғым саналады. Еврейлер келуден бұрын Ханаандықтар таптық қоғамға бет алып, экономикасы мен мәдениеті айтарлықтай өркендеген ел еді. Інжілде ол туралы:  «Сүт пен бал ағып жатқан мекен» - деп суреттеледі. Алғаш келгенде еврейлердің экономикасы мен мәдениеті Ханаандықтардан көп мешеу болатын. Құдіретті Ханаандықтардың өздерін құлданып, ассимиляциялауынан қорғану үшін Авраам діни сенімнің күшімен өз тайпасын айналасына топтастыра білді. Ол: «Еврейлердің Құдайы Иегова ерекше құдіретті. Еврейлер Иегованың сүйген құлдары саналады. Иегова мен еврейлер қасиетті шартқа қасам бергендер. Иегова Тәңірі бізге бақыт пен байлық сыйлайды және бізді қорғайды» - деп сендіретін. Иегованың тағы бір аты Христиан дінінде еврейлердің Құдайы  Яхвидің (мәңгілік ғұмыр кешуші) қате оқылуы. Кейін келе осы қателік ешбір түзетілместен Иегова болып  тарихқа енді. Авраамның да әуелгі есімі Абрам болатын. Бір күні Иегова Құдайы оған аян беріп: «Сенің атың Авраам болсын!» - депті. Оның мағынасы «бүкіл елдің атасы» деген сөз еді. Міне, солай Авраам бір ғана Тәңірге сенетін нанымды қалыптастырды. Бұл  еврейлердің Яһуди дінінің бастауы болатын. Авраамның баласы Ысқаққа Пайғамбарлық қонып, қасиетті Құдыста 80 жыл ғұмырын өткізіпті. Қартайған шағында Алланың рақымымен егіз ұл көріпті. Біріншісінің есімі Иесу, екіншісінің есімі Жақып екен. Ысқақ Жақыпқа ерекше мейірі түсіп, алғыс-батасын береді. Иесу оған қызғаншақтық етіп, оны өлтіруге ниет етіп жүреді екен. Мұны сезген шешесі Жақыпты нағашысына жібереді. Нағашысына барар жолда түсіне аспанға өрлеп бара жатқан періштелер кіреді. Алла Тағала Жақыпқа: «Мен саған береке берейін. Ұрпағыңды көбейтемін. Осы жерді – Баитл Мұхадасты сол ұрпақтарыңа мекен етемін» - дейді. Сол түсі бойынша Аллаға арнап бір ғибадатхана салуды мақсат тұтады. Кейін ғибадатхана салатын орын белгілейді. Сол жерде Баитл Мұхадас бой көтереді. Жақып Ысқақ өлген соң, еврей тайпаларының көсеміне айналады. Жақып билік құрған жылдары Ханаанда қағыршылық апаты болып, егіс алқаптары толығымен күйіп кетеді. Аштықтан адамдар қырыла бастайды. Халқын аман сақтау үшін Жақып Пайғамбар елін бастап, оңтүстікке беттеп, Ніл өзенінің құяр сағасындағы Гошен аймағына қоныс аударады. Еврейлер Мысырды 430 жыл мекен етіпті. Жат жерге барған соң, олар Мысыр перғауындарына құлдыққа жегіліп, азапта ғұмыр кешеді. Үлкен Рамзес ІІ перғауынының заманында (мөлшермен жаңа эрадан бұрынғы 1317-1251 жылдары аралығы) еврейлердің Леви тайпасынан шыққан Мұса Пайғамбар  Мысырды тастап,еврейлерді бастап Палестинаға қайта оралады. Сөйтіп, олар төрт ғасырға созылған құлдықтан әрең құтылады. Еврейлердің пасха мерекесі Иегова Құдайының қолдауымен жеңіске жетіп,  Мысырдан қашып шыққан  күннің құрметіне арналған. «Мысырдан кету естелігі» деп аталатын кітапта жазуынша Иегова Құдайы еврейлердің Мысырдан қашып шығуын қорғап-қолдауы үшін және олардың арасына бытырай  қоныстанған Мысырлықтарды өлтіру үшін еврейлерді өз шатырларына қойдың қанын жағып, белгі салуға бұйырыпты. Иегова Құдайы еврейлерді сол қанмен боялған белгілері арқылы танып, қапыда жазым етуден сақтап қалады. Сол себепті еврейлердің пасха мерекесін «қашып құтылу мерекесі» деп атаса да болады. Еврейлердің Мысыр перғауындарының қанды шеңгелінен аман құтылған осы ерліктерін батыс әлемі түгелдей азаттыққа ұмтылған ұлттардың символы санайды. Бенджамин Франклин мен Томас Джефферсондай АҚШ құрушы ұлы тұлғалардың өзі Мұса Пайғамбардың бастауымен Қызыл Теңізді кешіп өтіп, Мысырдан аман құтылған ерліктерін Американың мемлекеттік гербіне айналдырған болатын. Және оған «қатыгез билеушілерге қарсы тұрып, Тәңірге мойынұсыну» деген сөздерді жазып қалдырған еді.

Мұса Пайғамбар еврейлерді бастап, Қызыл Теңізді кесіп өтіп, Синай құмына барып тығылады. Аталған шөл далада олар қырық жыл ғұмыр кешіп, мың бір машақатпен Синай тауының етегіне жетеді. Синай тауына барған соң, Иегова Құдайы Мұсаға он түрлі өсиетті аян етеді. Бұл Таураттағы әйгілі «Мұсаның он түрлі өсиеті» деп аталады. Ал Құранда Мұса Пайғамбар ең көп аталатын тұлға. Ол тұңғыш шариғат заңдарын жасаушы Пайғамбар ретінде дәріптеледі.

Мұсаның он түрлі өсиетінің өмірге келуі Яһуди дінінің өмірге келгенінен дерек береді. Мұса еврейлерді бастап, «Тәңір сыйлаған жердің» шетіне ілініп, өз миссиясын аяқтар алдында Алла оны өз панасына алып кетеді. Еврейлер Мұсаның ізбасары Иисус Навиннің бастауымен жалғасты сапар шегіп, Ханаанға қайтып оралады. Жаңа эрадан бұрын 13-ғасырға келгенде еврейлер Ханаандықтар мен басқа да тайпаларды бағындырып, көшпелі өмірден отырықшылық тұрмысқа бет алды. Осымен бір уақытта рулық түзім де ыдырап тынды. Осыдан кейін солтүстікте еврейлердің он тайпасы бірлескен тайпалар одағы қалыптастып, өздерін Израиль деп атады. Ал Өлі Теңіздің батыс-оңтүстік бөлігінде Джамин және Иуда тайпаларының тағы бір одағы құрылып, «Иуда» деп аталды. Бұл дәуір еврейлердің тарихында «билердің дәуірі» деп әйгілейді. Ондағы би тайпалар одағының көсемі саналады. Оларды «Пайғамбар», «билеуші» және «құтқарушы» деп, пір санап, әспеттейді. Олар Құдайдың еврейлерді билеу үшін таңдап алған пендесі санайды. Билер дәуірі іс жүзінде еврейлердің әскери демократиялық дәурені саналды. Еврейлер Ханаандықтарды бағындыру кезінде Крит аралынан келген теңіздік  Филистимляндықтардың қатты қарсылығына тап болды. Олар осы өлкеде ең алғаш метал қаруларды қолдана білген ұлт болатын. Олардың соғыс қуаты ерекше күшті болды. Палестина деген ұғымның өзі Филистимляндықтар деген сөздің түрленуінен келіп шыққан. Филистимляндықтармен  соғыста еврейлер сан мәрте жеңіліс тапты. Тіпті, еврейлердің қасиетті келісім кітабы салынған сандықтың өзі Филистимляндықтарға қолды болған кездері де болды. Соғыстағы жеңіліс еврей тайпаларының бірлігін нығайта түсті. Соғыс барысында әр тайпаның көсемдерінің де билігі артты. Бұл үрдіс мемлекеттің қалыптасуын тездетті. Міне, осылай ежелгі еврейлер сыртқы жаумен соғыс барысында біртіндеп тұтас бір ұлт болып қалыптасты.

Жаңа эрадан бұрын 11-ғасырға келгенде халық мәжілісі Саулды еврейлердің тұңғыш патшасы етіп сайлады. Содан бастап еврейлердің мәдениет тарихы немесе таптық қоғам тарихы басталды. Саул еврейдің 12 тайпасын біріктіріп, біртұтас армия құрып, Филистимляндықтармен соғысып, жеңіске жетті. Бірақ Саулдың өзі соғыс майданында шаһид болды. Саул өлген соң еврей тайпаларының көсемі Дәуіт Пайғамбар Саулдың ұлымен патшалық таққа таласып, бұл тартыс Дәуіт  Пайғамбардың жеңісімен аяқталды да, ол еврейлердің патшасы болып сайланды. Дәуіт таққа отырған соң, Құдысты астана етіп белгіледі де, оны Дәуіт қаласы атады. Бұл бүгінгі Иерусалим  шаһары болатын. Ресми тарих Дәуітті даңқты қолбасы, асқан саясаткер болған деседі. Ол ерекше қуатты армияны жасақтап, Филистимляндықтарды біржолата жеңді де, біртұтас, ерекше қуатты еврей патшалығын қалыптастырды. Ол 40 жыл тақта отырған кезде сан мәрте жорыққа аттанып, күллі Қара Теңіздің шығыс жағалауын толықтай бағындырып, өзіне алман-салық төлеп тұратын бағынышты елдерге айналдырды. Финикиялықтар мен аздаған Филистимляндықтар ғана Дәуіт патшаға бағынышты болған жоқ. Мемлекеттің біртұтастығын  одан бетер бекемдей түсу үшін билікті орталыққа шоғырландыру арқылы Яһуди дінін барынша дәріптеп, оны біртұтас еврей патшалығының мемлекеттік дініне айналдырды. Дәуіт Пайғамбар билік құрған дәуірде Иерусалим күллі еврейлердің саяси және діни орталығына айналды. Қазіргі еврейлер мен Израиль мемлекеті Дәуіт Пайғамбарды ұлттық қаһарман, мемлекеттің атасы санайды. Мәдениет пен өнердің қайта гүлдену дәуірінде Италия мүсіншісі Микеланджелоның әйгілі сәулет туындысы «Дәуіт» осы Дәуіт Пайғамбардың бейнесі негізінде сомдалған. Дәуіт Пайғамбар өмірден өтер алдында өзінің кіші ұлы Сүлеймен Пайғамбарды өзіне мұрагер етіп бекітті. Сүлеймен жиырма жасында таққа отырды. Забурдың «Патшалар» дастанында Сүлеймен Пайғамбарды қару мен қағазға бірдей жетік, ақылына ерлігі сай, ел басқарудың ептісі, кемеңгер билеуші ретінде суреттейді. Сүлеймен Пайғамбардың билігі кезінде еврей патшалығы саясаты әділ, өндірісі дамыған, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мемлекеттің гүлденген дәуірі болды. Бұл кезең еврей ұлтының тарихындағы алтын дәуір саналады. Еврейлер Сүлеймен Пайғамбардың ең ұлы еңбегі Иерусалим қаласын салумен бірге Иерусалим ғибадатханасын салу деп біледі. Сүлеймен Сион тауында Иеговаға арнап алып ғибадатхана тұрғызады. Құрылысқа жеті жыл уақыт жұмсалыпты. Ғибадатхананың көркі көз сүрінтеді. Алтынмен апталып, күміспен қапталған. Сол замандағы құрылыс өнерінің жауһары саналады. Бұл дәуір Яһуди дінінің де дәурендеген кезі болатын. Сүлеймен патша өмірінің соңғы кезінде сән-салтанат пен қызық-құмарға беріліп, сарайдан сарай салдырып, халық қазынасын суша шашқандықтан елдің ренішін тудырып, мемлекетті құлдыратып жіберді деседі. Соған қарағанда, қартайғанша орын-таққа кенедей жабысып отыратындардың көбі қанша жерден данышпа «ғасыр ғұламасы» болса да мемлекетке жақсылық әкелмейтін көрінеді. Періштелермен күнде тілдесіп отыратын Пайғамбардың өзі солай болғанда жай пендеден не сұрайсың?!

Сүлеймен патша өмірден өткеннен кейін, қуатты еврей патшалығы екіге бөлінді. Солтүстігіндегілер сол баяғыдай Израиль патшалығы деп аталды да, он үлкен тайпа Самарияны астана етті. Ал оңтүстік бөлігі еврей патшалығы деп аталды да, сол баяғыдай Иерусалимді астана етті. Екіге бөлінген еврейлер  өзара жауласып, мемлекеттің берекесін кетірді. Сол дәуірде олармен тең келетін басқа да қуатты патшалықтар болмағандықтан, екі мемлекет екі жүз жыл дербес және қатар өмір сүре алды.

Жаңа эрадан бұрынғы 8-ғасырға келгенде,  қос өзен алабындағы Ассириялықтар күшейіп, батыс Азияның саяси жағдайын басқа арнаға бұрып жіберді. Ассириялықтар алдымен Израильді тізе бүктіріп, оларға алман-салық төлетті. Соңынан, жаңа эрадан бұрынғы 721-жылы Самария қаласын жаулап алды. Олар патшадан қарашаға дейін 27 000 адамды тұтқынға түсіріп, Израильді Ассирияның бір өлкесіне айналдырды. Ал еврей патшалығы одан кейін де 100 жылдай өмір сүрді. Бірақ, Ассириялықтарға ауыр алман-салық төлеудің есебінен ғұмыр кешті. Жаңа эрадан бұрынғы 605-жылы Ассирия жаңа Вавилон тарабынан жойылды да, енді жаңа Вавилон патшасы Навуходоносор ІІ мен Мысыр перғауыны Нехо ІІ Палестинаға таласқан соғыстың отын тұтандырды. Навуходоносор ІІ Иерусалимді он сегіз ай бойы қоршауға алып, жаңа эрадан бұрынғы 586-жылы оны жаулап алды. Қатігез жау қаланы қанға бояп, қала қамалдарын күл-талқан етті. Сүлеймен Пайғамбар салдырған ғибадатхананы түгін қалдырмай тонап, қирандаға айналдырып жіберді. Еврейдің патшасынан тартып,  уәзір-ақсүйектері қолөнер шеберлерімен қосып жүз мыңдаған адамды тұтқын ретінде Вавилонға айдап кетті. Олар сол арада жарты ғасыр құлдықта жүрді. Бұл тарихта «Вавилон құлдығы» деп аталады.

«Вавилон құлдығы» дәуірінде жат жұртта құлдықта болған еврейлер жаңа діни идеяны ойластырып жатты. Олар Иегова Құдайынан өздерін құтқарушы Мессияны жіберуді тілеп, жат жұрттардың үстемдігінен құтқарып, өз мемлекетін қайта түлетуді армандады. Мұндай идеяны, ең алдымен, Иезекииль Пайғамбар құлдықта жүрген еврейлердің арасында насихаттай бастады.  Пайғамбар атанған адам періштелер арқылы Құдаймен тілдесіп отыратын, сол арқылы алдын-ала бәрін болжап-білетін данышпандар деп қаралатын. Олардың көбі ғұламалық білімі бар байқампаз, алғыр, зиялы адамдардың ортасынан шығатын. Жаңа эрадан бұрынғы 538-жылы парсылар жаңа Вавилонды талқандады. Парсының патшасы Ұлы Кир ІІ еврейлердің Палестинаға қайтып, Иерусалим ғибадатханасын қайта салуға рұқсат берді. Иезекииль Пайғамбардың сәуегейлігі  біртіндеп өмір шынлығына айнала бастады. Айтуларға қарағанда, бірінші топта 40 мың адам өз еліне оралыпты. Еврей дінбасылары Иерусалимде әкімшілік пен діннің үстемдігі біріктірілген билік жүйесін қалыптастырып, парсы империясына бағынды. Жаңа эрадан бұрынғы 516-жылы қайта салынған ғибадатхананың құрылысы аяқталды. Ол еврейлер тарихында екінші ғибадатхана атымен белгілі. Сол арқылы Сүлеймен патша салдырған алғашқы ғибадатханадан парықты айтылады. Осымен бір уақытта еврейлер Тауратның жаңа нұсқасын құрастыруға кірісіп, діни шариғаттар мен діни рәсімдерді белгілеп, Яһуди дінінің соңғы қалыптасу үрдісін аяқтады. Яһуди дінінің қалыптасу барысында еврейлер атам заманнан бері сақталып қалған жазбаларды дін ғұламаларының сараптауымен ретке келтіріп, діни жоралғылардың талаптарына үйлесетін жалпы жинақ шығарып, оны Таурат деп атады. Еврейлер Тауратты Құдай мен адамдардың арасындағы келісім ретінде қарастырады. Таурат еврейлердің тарихи дастаны, аңыз-әпсаналары, діни өсиеттері мен діни аңыздардың жиынтығы. Құран аяттарына зер салсақ, бұл қасиетті кітап Хазіреті  Мұса дүниеден өткен соң, көп уақыт өтпестен-ақ әуелгі түпнұсқасынан ауытқи бастаған. Уақыт өте келе, Израиль ұрпақтары көптеген қуғын-сүргінге ұшырап, Таурат кітабы сақталған сандықты жоғалтқан. Осы секілді жайттар Таурат кітабының мазмұнының өзгеріске ұшырауына әкеп соқтырады. Әлемде ескі өсиет атымен танылған Таурат кітабының бізге белгілі үш нұсқасы бар:

  1. Яһудилер мен Протестанттар сеніміндегі ибрит тіліндегі нұсқасы;
  2. Рим және шығыс христиан шіркеулері қабыл еткен грек тіліндегі нұсқасы;
  3. Самирилердің қабыл еткен «Сами-рише» нұсқасы;

Таурат адамзаттың мәдениет қазынасында ерекше мәнге ие мәдени мұра.  Ол кейін келе Христиан діні мен орта ғасырлық Еуропаға шешуші ықпалы болды. Христиан діні Яһуди дінінің бір Тәңірлік ұстанымымен әлемді құтқарушы құдірет идеясына мұрагерлік етті. Тіпті, Тауратты толығыменен қабылдады десе де болады. Бірақ христиандар Тауратты толық емес, сондықтан Алла Тағала кейін тағы өз Пайғамбарларын жіберіп, адамдармен басқаша уағдаласты деп санайтындықтан. Тауратты «ескі өсиет» деп атайды. Сол арқылы алғашқы Христиан дінін таратушылар құрастырған Інжілді «жаңа өсиет» деп атап, Таураттан парықтайды. Христиандардың Інжілі екеуінің біріккен нұсқасы десе де болады. Таураттағы оқиғалар мен кейіпкерлер екі мың жылдан бері батыс әдебиетіндегі шығармашылық жасампаздықтың мәңгі сарқылмайтын қайнар көзіне айналған. Оның кейінгі дәуірге болған ғаламат ықпалы Құраннан бұрынғы ешқандай кітаппен салыстыруға келмейді.

Жаңа эрадан бұрынғы 333 жылы Македония патшасы Ескендір Зұлқарнайын Палестинаны басып алды. Ал Ескендір Зұлқарнайын өмірден өткен соң, ілгерінді-кейінді Мысырдың Птолемей патшалығы мен Сирияның Селевкидтер патшалығы Палестинаны биледі. Осы мезгілде Иудея атауы өмірге келді. Сол кездегі гректер Палестинаның оңтүстік өңірін осылай атаған көрінеді. Мағынасы  «еврейлердің жері» дегенге саяды. Птолемей патшалығы дәуірінде бір бөлім еврейлерді Мысырдың Александрия қаласына айдап апарып, құлдықта ұстайды. Кейін олар құлдықтан азат етіліпті. Олардың арасынан Александрия қаласында тұратын еврейдің 70 оқымыстысы Тауратты ибрит тілінен грек тіліне аударады. 70 оқымысты әрқайсысы жеке-жеке бөлмеде тұрып, өзара бір-бірімен байланыссыз жағдайда әрқайсысы тұтас кітапты толығымен аударып шығады. Бір қызығы, жетпісінің аудармасы, сөз-сөйлемі, үтір-нүктесіне дейін бірінен-бірі туғандай болып шығыпты деседі. Таураттың осы аударма нұсқасын кейінгілер жетпіс ғұламаның грек тіліндегі нұсқасы деп атайды.

Жаңа эрадан бұрынғы 198-жылы Сирияның Селевкидтер патшалығы Палестинаны басып алады. Селевкидтер патшалығы гректік ассимиляцияландыру саясатын қолданып, Иерусалимді грек үлгісіндегі қалаға айналдыруға тырысады. Жаңа эрадан бұрынғы 168 жылы Селевкидтер Яһуди дінін заңсыз деп жариялап, еврейлерді басқа дінге сенуге мәжбүрлейді. Тіпті, олар еврейлерді атып-асып, киелі үйді тонап кетеді. Бұл еврейлердің қатты қарсылығына ұшырап, еврейлер өз раввині Матианың басшылығында қарулы көтеріліске шығады. Матиа қайтыс болған соң, еврейлер оның ұлы Иуданың басшылығында жалғасты күреседі. Иуда ерекше қайратты, ержүрек қолбасы болыпты. Оны адамдар сырттай «маккаби» деп атайды екен. Оның мағынасы құрыш балға немесе күрзі  дегенді білдіреді. Сол себепті бұл көтерілісті тарихшылар маккаби көтерілісі деп атайды. Екі жылға созылған қан-қасап соғыстан кейін жаңа эрадан бұрынғы 165-жылы еврейлер Иерусалимді басып алып, көтерілісті жеңіспен аяқтайды. Селевкидтер патшалығы еврейлердің тәуелсіздігін мойындауға мәжбүр болады.   Маккаби әулеті діни үстемдік орнатып, маккаби патшалығы деп аталды. Осыдан соң, қасиетті үй қалпына келіп, Яһуди діні де өркен жаяды. Маккаби әулеті Палестинаны жүз жылдан аса уақыт биледі.

Жаңа эрадан бұрынғы 2-ғасырда Рим империясының ықпал-күші Жерорта теңізінің шығыс жағалауына жетті. Жаңа эрадан бұрынғы 64-жылы Римдіктер Сирияны басып алып, өзінің бір бағынышты өлкесіне айналдырды. Палестина қатер астында қалды. Жаңа эрадан бұрынғы 63-жылы Рим генералы Помпей Иерусалимді жаулап алып, он екі мың адамды оққа байлап, Палестинаны Сирияға біріктірді. Рим империясының үстемдігі кезінде еврейлер үнемі қарулы қарсылық көрсетіп, Римдіктердің қатыгез басқыншылығына үздіксіз қарсы шығып отырды. Жаңа эраның 66-жылы Рим губернаторы Флорус қасиетті сарайға ашық тонау жүргізді. Оның әскерлері қасиетті сарайға кіруге кедергі жасаған барлық адамды қырып салды. Бұл кезде төзімі таусылған еврейлер қолына қару алып, әлемдегі ең құдіретті империяға қарсы соғысты. Бұл тарихта еврей соғысы деп аталды. Еврейлер қару-жарақ пен азық-түліктің тапшылығына қарамастан, Иерусалимді жан сала қорғады. Ақыр соңында, Римдіктер Иерусалимге басып кірді. Екі жақ қасиетті сарай үшін қиян-кескі ұрыс салып, нәтижесінде қасиетті сарайдың өзі қирандаға айналды. Жан кешті жасақтың ең соңғы бір тобы Өлі Теңіздің жағасындағы жартасқа салынған Масада қамалына шегініп, сол арада үш жыл қарсылық көрсетті. Жаңа эраның 73-жылы 960 еврей жасағы ер-әйел, кәрі-жасына қарамастан Рим жасағына берілуден бас тартып, топтық түрде өздеріне қол жұмсап, ерлікпен қаза тапты. Осыдан кейін «Масада» деген сөз еврей ұлтының өліспей, беріспейтін қарсылық рухының символына айналды. Еврейлердің қарсылығы Масада қамалының алынуымен аяқталған жоқ. Содан жарты ғасыр өткенде жаңа эраның 132-жылы Бар-Кохбаның басшылығында еврейлер тағы да көтеріліске шықты. Көтерілісшілер Римдіктерді қуып шығып, Иерусалимді қайтарып алды. Оған төзбеген Рим императоры аса қуатты қосындарын аттандырып, Иерусалимді тағы да жаулап алды. Бар-Кохбаның жасақтары Иерусалимнен оңтүстікке қарай 12 шақырым жердегі Бетал қамалына бекініп, тағы да 3,5 жыл соғыс салды. Соңында, қамал талқандалып, Бар-Кохба ерлікпен қаза тапты. Римдіктер еврейлердің қарысылық сезімдерін біржолата өшіру үшін Иерусалимнің аман қалған барлық ғимараттарын жермен жексен етіп қиратып, тазалап, соқамен жыртып, құлазыған қу далаға айналдырды. Еврейлер аяусыз қырғынға ұшырады. Сол кезде құл ретінде басқа елдерге сатылып кеткен еврейлердің саны жарты миллионнан асыпты. Аман қалғандарының өзі Палестинадан қуылып, күллі әлемге тарыдай шашылып кетті. Осыдан бастап еврейлер Палестинада өмір сүруін тоқтатты.

Біздің жыл санауымыздың басында өмір сүрген Иса Пайғамбар, Құранда Мәриямұлы Иса Мәсіх деп айтылады. Иса - Құранда аты аталған 25 Пайғамбардың бірі. Оның есімі Құранда 25 рет аталады. Ол Ислам мен Христианда бірдей мойындалған. Исаға Алла Тағала Інжілді жіберген деседі. Иса өзінің қысқа ғұмырында Алланың ізгі жолын дәріптеп, көп еңбектенгенімен, оған бар жоғы 12 шәкірт (Құранда «хауари» деп аталады) қана еріпті. Оның бірі соңында оны сатып кеткен мүнафық болып шығады. Еврейлер оған ермек түгілі, оны өлтіруге оқталады. Нәтижесінде, Алла Тағала Жәбірейілді жіберіп, Исаны көкке алып кеткен деседі. Ал еврейлердің крестке шегелеп өлтіргені оны сатып кеткен шәкірті Тайтанос екен. Исаның өлімі Христиан діні мен Яһуди дініндегілердің арасындағы мәңгілік өшпенділікке ұласты.

Рим империясының үстемдігінен кейін еврейлердің трагедияға толы, отансыз, босқындық өмір басталды. Және ол тым ұзақ – 2000 жылға жуық уақытқа созылды.

Жалғасы бар...

Рақым Айыпұлы 

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3226
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282