Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Айқай 5907 4 пікір 21 Мамыр, 2021 сағат 14:19

«Рахат» саудагерлері Байбекпен «соттаспақ»

Белгілі оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай мен «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек арасында сот процессі өтіп жатқаны белгілі. Жанболат Мамайдың желіде тараған «зерттеуінен» кейін «ар-ожданым мен іскерлік беделіме нұқсан келтірді» деген Бауыржан Қадырғалиұлы сотқа жүгініп, Мамай мен оның әйелі Инга Иманбайдың үстінен домалақ арыз түсірген еді.

Бұл сот процессі қазір қоғамның жіті бақылауында. Ел ішінде Мамай мен Байбек жақтаушылары арасында қызу пікір-талас өрбуде.

Жуырда Алматының «Рахат» базарының басшылығы мен 130-ға тарта саудагері сотқа жүгініп, Алматы әкімдігінің, қалалық Жер қатынастары басқармасының, қалалық Урбанистика және қалалық жоспарлау басқармасының, қалалық Жер комиссиясының шешімдерінің күшін жою туралы талап-арыздарын жолдапты.

Оған Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек үшінші тарап ретінде шақырылған екен.

Алматының әйдік болған «барахолкасындағы» «Рахат» базарына қатысты дау әлі басылмай тұр. Биыл наурыз айының басында БАҚ пен әлеуметтік желіде: «Алматыда 250-ге тарта кәсіпкер жұмыстарынан айырылып қалуы мүмкін», деген ақпарат жария болды. Онда Алматыдағы «Рахат» базарының жер учаскесі өзге компанияның қолына өтіп кеткені туралы айтылған.

«Жерді жалға алған жаңа компания ескі базарды сүріп тастап, орнына жиһаз фабрикасын салмақ», деген саудагерлер наразылықтарын білдіріп, митингке  де шыққан.

«Рахат» базарының жабылуына қарсы кәсіпкерлердің айтуынша, «ТКМ» компаниясы базар аумағын жиырма жылдан астам уақыт бойы жалға алып келген. Ал 2018 жылы жергілікті атқару органы (Алматы қалалық әкімдігі) жер «зираттың санитарлық қорғау аймағында орналасқанын» себеп етіп, жалға алу мерзімін ұзартпаған.

Бір қызығы, жердің пайдалану мақсаты өзгертілместен, бір ай уақыт ішінде дәл сол жерді өзге компанияға - «Алматы CPS» ЖШС-ға жиһаз фабрикасын салу үшін 5 жылға жалға беру туралы шешім шығарған.

Аталған фабирканы салу туралы қаулыға Алматы қаласының бұрынғы әкімі, қазір «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек қол қойған. Ал «Азаттық радиосы» фабрика салушы компанияға иелік еткен адам Бауыржан Байбектің әкесі Қыдырғали Байбекпен серіктес болғанын анықтап жазған.

«ТКМ» ЖШС басшылығыынң сотқа берген арызында жауапкер ретінде: Алматы қалалық әкімдігі, Алматы қ. Жер қатынастары басқармасы, Алматы қ. Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы, Алматы қ. Кәсіпкерлікті дамыту және инвестициялар басқармасы, Алматы қ. Жер комиссиясының мүшелері: Әзірбаев Мұхит, Мұқанов Темірлан, Иманбет Раушан, Құдайберген Қайрат, Граячев Михаил, Ибрагимова Сәуле танылған. Одан бөлек, үшінші тарап ретінде Алматының бұрынғы әкімі, қазіргі «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Буаыржан Байбек пен «Рахат» базарының 128 саудагері де сотқа шақыртылған.

Ұзын-саны 14 беттік талап-арызда Алматы қалалық әкімдігіне қарасты құзырлы мекемелер мен қалалық Жер комиссиясы «Рахат» базары орналасқан аумақтағы жер телімін «ТКМ» ЖШС-ға жалға беру мерзімін ұзартудан бас тартып, оны «Алматы CPS» ЖШС-ға жиһаз фабрикасын салу үшін жалға беру процессінде жіберілген өрескел заң бұзушылықтар туралы егжей-тегжейлі баяндаған.

Қысқаша:

Жерді жалға алу туралы 16.04.2015 жылғы №66 келісімшарт бойынша (мемлекеттік акт номері: 0013598)  «ТКМ» ЖШС жерді уақытша пайдалану құқығымен (кадастрлық номері: 20-314-041-016) жалпы аумағы 4,9045 га жерге иелік етеді. Бұл жерді пайдалану құқығы екі ЖШС-ға беріледі. Бірі – осы «ТКМ» ЖШС болса (жер көлемі: 0,9699га), екіншісі – «АСТ Аренда» ЖШС (жер көлемі: 3,9089 га). Анығырақ: 05.02.2018 жылғы жерге орналастыру жобасы бойынша (мемлекеттік акт номері: 0162184. 27.02.2018 датамен берілген.) жаңағы 4 гектардан аса аумақты қамтып жатқан жер учаскесі екі бөлікке бөлініп, жоғарыдағы екі ЖШС меншігіне уақытша пайдалану құқығымен беріледі.

Ал 2018 жылдың 24 сәуірінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаевтың төрағалығымен Алматы қалалық Жер комиссиясының отырысы өтіп, «ТКМ» ЖШС-ға уақытша пайдаланып отырған жердің жалға алу мерзімін ұзартаудан үзілді-кесілді бас тартады.

Жерді жалға беру мерзімін ұзартудан бастарту туралы Алматы қалалық әкімдігінің қаулысында бірнеше себеп көрсетілген. Олар:

*Халыққа қызмет көрсету ғимараты орналасқан қоғамдық іскерлік аумақ - аумақты функционалды пайдаланудың рұқсат етілген түрлеріне кірмейді;

*Құрылысты реттеу үшін қолданылатын Қазақстан Республикасының 16.07.2001 жылғы «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңына сәйкес көшелері ішінара «қызыл жолақта» орналасқан;

*Қазақстан Республикасының 16.07.2001 жылғы «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 58 бабына сәйкес, зираттың санитарлық-қорғау аймағына оның параметрлеріне қарамастан ғимараттарды орналастыруға (салуға) жол берілмейді.

Сотқа арыз берушілер Алматы қаласының сол кездегі әкімі Бауыржан Байбектің жер учаскесін «ТКМ» ЖШС-ға жалға беруден үзілді-кесілді бас тартып, шу шығаратын болса жауапкершілікке тартуды тапсырғанын айтыпты.

Арызда:

«2018 жылы 15 мамырда Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбек әкімдік ғимаратында жиын өткізді. Оған әкімдік құрылымдарының басшылары, ҰҚК департаментінің басшысы, Алматы қалалық прокуроры Жүйріктаев Б., Полиция департаментінің басшысы Күдебаев Е., «ТКМ» ЖШС өкілдері: директоры Сағымбеков А., заңгер Төленова Д., қатысты. Онда Бауыржан Байбек «Рахат» базарының жерін «өліп кет» «ТКМ» ЖШС-ға бермейтінін айтып, 2 апта ішінде жер учаскесін босатуды талап етті. Онан соң, құқық қорғау органдарына, Алматы қалалық прокурорына тікелей тапсырма беріп: «Олар міне, сіздермен бірге отыр. Түрлерін жаттап алыңыздар. Егер шу (бунт) болатын босла, жауапкершілікке тартыңыздар», - деді де залдан шығып кетті», - деп жазыпты арызда.

2018 жылғы 24 сәуірдегі Алматы қалалық Жер комиссиясы шешімі мен Алматы қаласы әкімдігінің қаулысын күшін жою туралы «ТКМ» ЖШС арызы бойынша 2018 жылғы 3 мамыр күні сот отырысы өткен. Алматы қалалық ауданаралық мамандандырылған экономикалық соты (төараға Қазымбетова Г.) 2018 жылдың 7 тамызында қалалық әкімдік пайдасына шешім шығарған.

Онан кейін де бірнеше сот процессі өткен. Сот бірде «ТКМ» компаниясының, бірде қалалық әкімдік пайдасына шешім шығарып келген.

Осыған дейін біз Алматы қалалық әкімдігі «ТКМ» ЖШС мен «Алматы CPS» ЖШС өкілдерін шақырып, үшжақты жиын өткізгені туралы жазған едік. Онда Алматы әкімдігі «Алматы CPS» ЖШС-ға индустриалды аймақтан жер учаскесін ұсынған. Алайда, жиһаз фабрикасын салушы компания бұл ұсыныстан бас тартқан.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1231
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2945
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3290