Сенбі, 23 Қараша 2024
Естелік 5366 2 пікір 24 Мамыр, 2021 сағат 16:19

Бейсен бауыр!..

Секеңдеп секундтар, мыстиып минуттар, жылмиып жылдар өте шығатыны-ай!..

«Апай, жақсысыз ба?-деп пейілді пауза жасап: - Өтінем жағдай айтпайсыз, жарты киіміңізді пакетке салып алып, екпіндеп жетесіз. Бүгін қатарынан үш хабар түсіріледі. Соның біреуінің немен аяқталатыны түсініксіз. Сіз соған керексіз. Машина кетті, апай...», - деп өзімси бұйрық беретін, ішкі ілтипаты үнінен сезіліп тұратын, келіспеске қоймайтын Бейсен бауырдың 87019502299 нөмірлі телефоны қоңыраулатпағалы да жыл өтті...

Бір айтқыштың: «Қазақтың өлгенінің жаманы жоқ, тірісінің өсектен аманы жоқ» деген «тапқырлығы» келмейтін екеу болса-бірі едің, біреу болса-өзі едің.

Өнер шіркінге қызғаныш жабысып туғандай көрінгенмен, оның да орнын білетініне көз жеткізген өзіңсің бауырым. Ақын Мәриям Хакімжанова апамыз жиі қолданатын «Болған адам -болдым демес, болдым десе – болғаны емес» сөзін бойтұмар еткен де өзіңсің. Бірде-бір ісіңе жасандылық қоспайтыныңды, жарнама үшін жанықпайтыныңды айтсайшы!.. Сен танымалдық үшін тележурналистикаға келген жоқсың. Заманның ең қауқарлы қаруы сол болғасын, қаладағы қатігездік пен даладағы даукестіктің бетін қайтармаққа ақыл-санаңды аямай алдыңа салып, беймаза тірлікті шарқ ұра шарлап жауап іздедің.

Үлкен іс тындырып тұрып, үлкен сөз айтпадың, қызыл сөзге жақындамадың. Жаныңның қуанышы жылы жымиысыңда тұратын. Тізгін өз қолымда деп ешқашан асыра сілтемейтінсің және мәре сызығына жетпей шабыт тұлпарын жолда тоқтатпайтынсың. Өзіңнің ақылың жетіп тұрса да, не мәселені көппен кеңесе шешкенді, әр түрлі пікірлер тыңдағанды қалайтынсың.

Хабарыңа шақырылатын қонақтарыңның алуан санатты болуына қарамастан, бір дәстүрлі отбасындай тәртіп сақталатын. Төрде баталы ата мен ақ жаулықты ана, жан-жағында жолы мен жөніне қарай ақылдастар алқасы отырғандай әсер қалдыратын.

Тағдыры тығырыққа тірелген, жағдайы дүйім жұртқа жария болған бақытсыз жандарды, кейіпкерлерді қорғаштаумен қоса, намысын оятпаққа «тиісу» де керек болатын. Сондайда ең негізгі жанашыры, қамқоры, сенгені өзің болып, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, алды-артыңды абайлап, түп мақсатыңның көмектесу ғана екенін дәлелдейтінсің. Сосын айтылмаған, айтуға аузың бармаған ауыр сөз, ащы өкініш көкірегіңді қарс айырып, басыңды ауыртып тұрып, «айтуға оңай!..» деп күрсіністің көп нүктесін қоятынсың. Қанша хабарыңа қатысып жүріп, небір шиеленісті, шетін тақырыптар барысында түрлі-түрлі мінездер, түсініктер ортасында бір пенденің көңілін қалдырар қатты сөз айтқаныңды, не кінәлі кейіпкерлердің қызбалықпен саған қарсы келіп, дауыс көтергенін, тіпті, теріс қарап күңкілдегенін де көрмеппін. Бұдан асқан пәтулы іс, азаматтық абырой болар ма, сірә?!

Бейсен бауыр, сен өзгені сыйлай білгендіктен өзіңді де сыйлата алатынсың. Бойыңдағы аспау, таспау, саспау деген қасиеттер қадіріңді асырып тұратын. Байсалдылық байыптылыққа жеткізді. Өзіңді біреу мақтаса ыңғайсызданып: «Алғыстарыңызды бағдарламаның бір қауым жастарына айтыңыздар, солар ғой бәрін істеп жүрген, менікі  дайын нәрсені жүргізу ғана»-деп кішіпейілдік танытып, экран сыртындағы әріптестеріңді әспеттейтінсің.

Әр түсірілім соңында қилы тағдыр иелері ме, сарапшылар ма өзіңмен қимай қоштасушы еді. Бірдеңесін ұмытқандай қипақтап кете алмай тұрғанын сезіп, «қане, келе қойыңыздар, ескерткішке фотоға түсейік»- деп ойларынан шығатынсың. Бәрі балаша мәз болып, сенің жаныңа жақын тұрып түсуге таласатын, соны әжептеуір мәртебе көретін.

Сен сыр мен сымбаты келіскен көркем жігіт едің. Іші, сыртың тең еді. Талғамың да мінсіз-тін. Үйлесіммен киінетінсің, бірақ кейіннен байыған біреулердей киімінің бағасы өзіңнен асып тұрмайтын. Маңайыңдағылардың ыстық ықыласы мен мейірлі махаббаты үшін маңызданып, масаттанбайтынсың. Адам біткенді қуантуға жаралғандай күлімдеп қарағаныңмен-ақ көңілдерін тоқ қылатынсың.

Кейде түсірілімдер арасында сәл-пәл саңылау бола қалса: «Апай, бір кесе шай ішіп келейік»- деп іш тартатынсың. Бір бөлме сықап тұрған киімдер сенікі болатын. Жөніне қарай оның да шетінен алып, сыйлап жіберетініңе сан мәрте куә болғанбыз.

Қазақы жолмен құр қол келмей, бірдеңесін ұстай келген жандардың сый-сияпатын қасыңдағыларға таратып беруде де алдыңа жан салмайтынсың. Сондайда  «Әженің баласымыз ғой» деп, көңіліміз босап,  жанымыз сүйсінетін.

Бірде: «Бейсен бауыр, осы сенің тегіңде асқан діндар, ақсүйек біреу бар,ә?..» -дегенім бар.

- Оны қайдан білдіңіз?! –деп көзің бақырайып тұрып қалдың. Мен: «құмалақ саламын ғой» деген өтірігімді күлкімен жуып-шайған болдым.

-Апа-а-й!.. Сіз бен біз жата-жастана жатып айтатын әңгіме жетеді. «Айгөлек» үшін жарғақ құлағыңыз жастыққа тимей жанұшыратыныңыз да жүрегімде. Мен сізді Талдықорғанға шақырамын, екі күн уақыт бөлесіз. Апаммен, отбасыммен, ата-ана, бес бауырыммен таныстырам. Елмен кездестірем. Көптен ойымда жүрген бір жоспарларым бар: сізбен кең отырып сұхбат жасап, телевизияның алтын қорына қосқым келеді. «Құмалағыңызға» қатысты нақты жауапты да сонда аласыз,- деп қолымның үстіне қолыңды қойып елжірей қарағаныңды қайтіп ұмытайын...

Хабардан соң телефондап «Апай, мына бір сөзіңізді айтып жүрсем, эфирге пайланасам рұқсат па?» дейтінсің. –Бауырым-ау, төркінімнен келген сөз жоқ. Сұрағаның тілін бұзбай өткен атам қазақтың сөзі болса айта ғой, айта жүр, – деп арқаңнан қаққандай елпелектеп кетуші едім.

«Қарекеттің» көтермеген мәселесі жоқ. Оған қатысқан ауылдан келетін кейбір ағайындар дәмге шақыратын. Шелек ауданынан өзінің-60,  «Москвичінің»-40 жылдығын тойлаған диқаншы апай өзің бастаған ұжымды, арасына мені қосып қонаққа шақырды. Менің бара алмайтыным әу баста белгілі болды. Күн жақындағанда сенің де уақытың келмей, сондағы ыңғайсызданған жан күйің: «Қарапайым адамды жерге қарататын болдық-ау... Апай, көлік те, сыйлық та дайын, құдай үшін, сіз барыңызшы»,- деп қиылғаның – кісілік дейтін қастерлі ұғымға таптырмайтын мысал еді. Сен атан түйеге жүк болардай атақ-абыройдың иесісің: «Қазақстан» Ұлттық арнасының белді журналисі, ҚР Президенті сыйлығының иегері, «Жетісу» телеарнасының бас директоры, ҚР Мәдениет қайраткерісің, Талдықорған мен Алматының күнделікті жолаушысысың. Ол тырп еткізбейтін жауапкершіліктер емес пе?! Сенің орныңда кеудесі кебек біреу болса, үнсіз қалар ма  еді, онысына сендей ұялар ма еді?!

Маған сенің қазаңа қайғырып көңіл айтушылар қатары жыл бойы жалғасып келеді.  Көрермен көзі қырағы ғой: «Бейсен айналайынның сізге ықыласы бөлек екенін байқайтынбыз. Атыңызды құрметпен атап, «Ал апайды тыңдайық» деп аузыңызға қарап,  мәз болып тұратын еді»,- деп еске алады.

Білмеймін, жаным! Білетінім: «О, апай келді! Енді еш уайым жоқ. Бастаймыз»-деп  алдымнан шығып, қолымнан жетелеп, төргі орынға жайғастыратының, бетіме тоқтала қарап, ишарамен сенім білдіретінің. Жиі жылтыңдап кеткесін, үзіліс қылсын деп бірде: «Мені ылғи жылап-сықтаған хабарларға шақырасың. Соңғы кезде өзім де жылауық болып кеттім,-деп базына айттым. Сонда сен дауысыңды нықтап: «Алаш қызы ел үшін жыласа айып па?!»-деп көзіме қарадың. Сөйтіп, мен жеңілдім, сен жеңдің. Иә, Бейсен бауыр, сіз бен бізді бауыр қылып, жақын тартқызып жүрген сол Алаш мүддесі екенін енді түсіндім.

Мен өзіңді спорт журналисі кезіңнен танығанмын. Еркін күрестен КСРО чемпионы Аманжол Бұғыбаев, самбодан әлем чемпионаты жүлдегері Зекен Шаймерденов туралы жазған ой-толғамдарыңа тәнті болып, 1996 жылы Қазақ радиосының «Ұшқын» жастар хабарына сұхбатқа шақырғам. Онда өрімдей жас едің. Өзің де, сөзің де, көзің де жалындап тұрған. Әріптестер «өзі де спортшы сияқты екен, жарқырағалы тұрған жігіт қой» дескен.

Араға жылдар түсіп, ғасыр жаңарды. Сен құдіреті күшті «көк жәшіктен» орныңды таптың. Енді күнде өзіңді-өзің көпшіліктің көңіл айнасынан көретін болдың. Сосын даналар айтқандай: «Бір күндік ғұмырың қалғандай уақытыңды қадірледің. Мәңгілік өмірің бардай білім жинадың». Ол жан-дүниеңді байытты, ақылыңа ақыл, жүрегіңе иман ұялатты. Ерте есейтті. Қырыққа жетпей-ақ,ұстамдылықтың ұстасына айналдың. Артық сөз сөйлемеуді, ешкімді асыра мақтамауды, сондай-ақ, сырын білсең де даттамауды дағды қылдың. Сол темірдей тәртіпке бағынған бой мен ой – көзі барды сүйіндірумен өтті. Иә, өкінейік, өртенейік, өтті!..

Бейсен бауыр, сен чемпион Бұғыбаев туралы толғанысыңда: «... Міне, 1962 жылы КСРО чемпионатының Алтын тұғырында Аманжол тұр. Бірақ Кеңес одағы ыдырағанша бірде-бір қазақтың еркін күрес төріне шықпайтынынан ол хабарсыз.

Бүгіні мен ертеңі үйлеспейтін өмір деген, осы!» - деп аяқтапсың ойыңды.

Бар болғаны 25 жасыңда аузыңа түскен осы сөзді бүгін бар қазақ саған арнап айтатындай болады да тұрады маған.

Бауырым, сен туған 1971 жылдың 9 желтоқсанын ұмытсам да, сен қайтпас сапарға аттанған 2020 жылдың 18 мамырын сау жүрсем, түпсанамда мәңгі сақтайтыныма сене бер. Өйткені мейіріміне жан тең келмес анам екеуің жарық дүниемен бір күнде қоштастыңдар. Ол -екеуіңді бірге сағыну, бірге еске алу, бірге құран мен дұғаға қосу дегенді білдіреді.

Анамды жоқтап отырғанда, сенің суық хабарың жетті. Төбемнен жай түскендей аңырып,  отырып қалдым. Қаралы қауым: «Қымбат-ау, Бейсен бауырыңнан да айырылдың ғой»,-деп қайта көріскенде қалай егілгенімді білмеймін... Есімді жиған соң, шерімді ақтарып жоқтау жырын жаздым. Ол құран дастарханында оқылып, ел құлағына жетті. Газетке беруімді  сұраушылар көбейгесін «Алматы ақшамына» жібердім. Шықпады. Есесіне сондағы «бір мықты» өз мақаласының алғы сөзіне «Жетісуда жеті өзен жылаған шығар» деген тіркесімді пайдаланып газетке жариялапты.

Қай істің де сәтін күтесің. Бәлкім, жыл бұрын жазылған жоқтауымның жарық бұйырған күні осы шығар. Адал ниетпен қолға алынған іс қайырлы болуға тиіс.

Бейсен марқұмды әрқайсымыз өзімізге жақындата жақсы көргенімізбен, қалың елі- қазағының махаббатының қасында, жеке сүйіспеншілігіміз түкке де тұрмайды.

Ұлдарының ұстанымы ұсақталып, азаматтық деңгейі аласарып, уайымы күшейіп тұрған қазаққа Бейсендей біртуар перзентінен, 49 жасқа жетпеген боздағынан айырылу – қайғының  қайғысы, өкініштің өкініші. Алайда Алланың әміріне көнбеске шара жоқ. Көндік.

Ойдағысын орып жазатын Оралхан ағам (Бөкеев) «Мәңгілікке ұласатын ұлылық – жалған дүниені майша шылқыған жалпақ табанымен жалпағынан басу емес, тіпті ілініп- салынып алжығанша жасау да емес, артыңа өшпес із қалдырып, арғымаққа мінгендей, асығыс, зулап өте шығу, яғни өз өміріңді оқыс әрі әдемі аяқтау» деген-тін бір сұхбатында. Өте әсерлі пікір. Сұм ажалға Б.Құранбектей жақсыңды қимағанмен, қолдан келмеген соң жылатпайтын, жұбататын осындай жігерлі тоқтау сөзге келісіп тұрып, шетіне  қол қоясың.

Сұхбат дегеннен шығады, сұхбаттың бір құндылығы жан иесінің ойы өз сөзімен беріледі. Ол сонысымен қымбат. Бейсен марқұм соңғы жылдары кездесулер мен сұхбаттардан алыстап, бой тартып жүретінін сезетінмін.

2017 жылдың ақпанында «Айгөлектің» жас оқырмандарының тілегі бойынша сұхбатқа шақырдым. Сөзге келместен келісті. Ақ маңдайы жарқыраған осы фотосы мен сұрағыма жауабын жазбаша  жазып берді. Бұл – жақсының көзіндей, өлмейтін сөзіндей тасқа басылған  бір белгі, есті естелік енді...


- Әйгілі тележүргізуші Ларри Кинг ешқашан «Мен» деген сөзді қолданбаса да бүкіл елді 50 жыл бойы бір жалықтырып көрген жоқ. Ал бізде көзіқарақты қазақ күтіп жүріп көретін бағдарламалар өте аз. Соның бірі де бірегейі сіз жетекшілік етіп жүргізетін «Айтуға оңай». «Екі жақсы» қалай қосылдыңыздар?

- Әрі қызық, әрі қиын сұрақ екен. «Екі жақсы қосылмайды дейсің сен, тағдыр қосса мен-ақ жаман болайын» деген Байбота ақынның өлең жолдары есіңізде шығар. «Айтуға оңай» - жақсы атанып, елдің көңілінен шықса, жаман болмағанымыз.

Телеарнаның жұмысында «жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды». Сүттей ұйыған: «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» білікті команда болмаса, қандай жарық жұлдызың да жарқырай алмайды. Менің жолым болды. 5 жыл бойына бағдарламаны жұдырықтай жұмылған жігіттер мен қыздар дайындап келеді. Мен тек солардың еңбегін жандырып, эфирге алып шығамын.

-Телеарнадағы сіз көтеретін тақырыптарда елдік мәселелердің еңсе түзеуі, шешім табуы қалай? Қуанышыңыз бен ренішіңіздің қайсысы басым?

- Қазақ қоғамында қордаланып тұрған мәселелерді барлық бұқаралық ақпарат құралдары хал-қадірінше көтеріп жүр. Біз де өз үнімізді қосып келеміз. Кез келген хабарды жасамас бұрын өзімізге: «Осы бағдарламаның кімге пайдасы бар?» деген сұрақты қойып, соған жабылып жауап іздейміз. Екінші қоятын сауалымыз: «Бір адамға болсын нақты көмегіміз тие ме?» деген нәрсе. Біз елдік үлкен мәселелердің еңсесін түзете алмағанымызбен, жеке бір адамның ауыртпашылығын азайта аламыз. Осы жылдардың ішінде біраз жандарға қол ұшын создық, осыған қуанамыз. Ал кейбір кездерде алдымызға келген жанға әртүрлі себептермен көмектесе алмай жатамыз. Сондай жайттардың жанымызды жабырқататыны рас.

-Әр көрсетілімнен соң әртүрлі пікір естірсіз. Есіңізде қалған есті сөзді кім айтты?

- Меруерт Сүлейменова деген білімді де білікті, ұлтжанды, намысшыл қазақтың аруы бар. Өзі қоларбаға таңылса да, өнегелі өмірімен өзгелерге үлгі болып жүрген, ұлағатты ұрпақ өсіріп отырған аяулы жан. Сол қарындасымның «Сіз адам жанының зергерісіз ғой» деген бір ауыз сөзі жүрегімді жылытып, әлі күнге күш-қуат береді әрі әрбір кейіпкерімнің жанына тереңірек үңілуге итермелейді.

- Ой қазынаңызды немен байытасыз?

- Кітап оқимын. Өмірден көргені мен түйгені көп жандардың әңгімесін тыңдаймын.

- Уақытқа өкпеңіз бар ма? Әлде уақытыңыз өз кестеңізге бағына ма?

- Уақытқа өкпе мен базына жүрмейді ғой. Қолдан келгенше оны тиімді пайдаланғанға не жетсін?! Әр күнді жоспарлайтыным рас. Оны жолдан қосылған қауырт шаруалардың бұзып кететіні де рас. Бәрібір жылдық, айлық, апталық, күндік мақсат-жоспарларым көз алдымда тұрады. Солардың тым болмаса 70%-ын орындауға тырысамын.

- Бүгінгі ер бала, ер жігіт, ер-азаматтардың тұлғалық қасиетін көтеру, ірілік мінез қалыптастыру туралы ойыңыз?

- Бұл өте өзекті мәселе. Қазір әйел ерге, ер жерге қараған заманда өмір сүріп жатырмыз. 70 жылға созылған Кеңестік солақай саясаттың, кейінгі жылдары қолға алынған гендерлік теңдік ұстанымының ащы жемісін жеп жүрміз. Қымбат апай, сізді ойландырған мәселеге қол жеткізу үшін ата-бабаларымыздың ғасырлар бойына сүзгіден өткізген салт-дәстүріне оралуымыз керек. Ол енді айтуға оңай...

- Балаларыңызбен сырласа аласыз ба?

- Менен гөрі шешелеріне сырларын көбірек ақтарады. Онда да толық емес деп ойлаймын. Ер жетіп, бой жетіп қалған балалар ата-аналарына барлық сырларын бірдей ақтара бермейді ғой. Бірақ олар қандай қиындықта да қастарынан табылатынымды, кез келген жақсы бастамаларын қолдайтынымды біледі.

- Қазақ «Балам, балалы болғанда білерсің...» дейді. Ата-ана қадірі туралы түсінігіңіз?

- Мен апамның қолында тұрамын. Біздің үйдің берекесі сол кісі. Басқа балаларына қыдырып кеткенде, үй қаңырап бос қалғандай болады. Мен азамат болып атқа мінсем, елдің бір шаруасына жарап жүрсем, сол ата-аналарымның кішкентайымнан құлағыма сіңірген өсиеттері мен берген баталарының арқасы шығар.

- Көрермен көзайымына айналған Бейсен Құранбекті не алаңдатады, не армандатады?

- «Не алаңдатпайды?» деп сұрасаңыз жеңілірек болар еді. Үш мәселе ерекше назарымды аудартады: қазақтың әрбір баласының өз ісінің мықты маманы болуы, бақытты отбасын құруы, өмірге дені сау ұрпақ әкеліп, оларды тәрбиелі, білімді, мақсатты етіп тәрбиелеуі. Армандарым да осылармен ұштасып жатыр.

- Азамат көтерер ар жүгін ауырсынбай, абыроймен арқалап, елі сүйген ер болып, ұзақ жасаңыз, Бейсен бауыр!

(«Айгөлек» журналы №2 (187) 2017 жыл)


Жоқсың енді

(Б.Құранбектің қазасына)

Кемелдігі бір төбе, келбеті де,
Жүрегімде үнің тұр тербетіле.
Үлгі едің жаңа ғасыр қазағына,
Кем еді сендей жігіт жер бетінде.

Жиып терген абыройың ғажап-тын,
Пешенеңе жазылғаны-ай, аз-ақ күн!
Бар болмысың сүйіндірген бауырым,
Маңдайына сыймай кеттің қазақтың.

Жақсылардың жақсысы едің, жан сөзім,
Елге елжіреп арнай білген ар сөзін.
Тасболаттан соғылған ой -  наркескен,
Тұла бойың тұнып тұрған бал сезім.

Арзандатпай азаматтық бағаңды,
Алаламай «ала-құла» адамды.
Халық-әулие көтерсе де төбеге,
Сенің көңілің «төмендерге» алаң-ды.

Бөлмейтінсің ел ісінен – ер ісін,
Еңкеюмен өтті есіл күн ел үшін.
Сан сұрақтың түйінін тауып сорақы,
Шешетінсің нүктең болып – келісім!

Тағдырынан көрген жандар көп қыспақ,
Бейсен дейтін, Бейсен, сені бетке ұстап.
Кінәлідей солардың көз жасына,
Ара түсер сені қалай жер құшпақ?..

Сенейін бе, сенбейін бе, қайтейін?..
Күн тұтылып, шегінгендей Ай кейін.
Кеудем жанып күйе-күйе күй кештім,
Сен тәрк етіп, дүниенің шәркейін...

Бейсенім-ау, бауырым-ау, көркемім,
Өссе деумен жүретін ек өркенің.
Бір мін тауып көрмеп еді бір қазақ,
Жұлдызша ағып өзектерін өртедің.

Қайғың батып, күңіреніп кетті елің,
Сен өйткені тектіден де текті едің!
Шаңырағың шайқалып қалды-ау, жаным,
Аңыратып арман-дәурен өткенін...

«Келініңіз дұрыс адам» дейтінсің,
Гүл перзенттер бетіне тек жел тисін.
Бақ пен соры арпалысқан тірлікте,
Жанды сөгіп шертілетін сен күйсің!

...Жетісуда жеті өзен жылаған шығар,
Алатау қары су-су боп құлаған шығар.
Талдықорған-Алматы жолы шұбап,
Тәңірден жәннаттық жай сұраған шығар.

Бейсен бауыр, Бейсен аға, Бейсен дос,
Білдің бе орның қалатынын өлсең- бос?!
Егілгенмен көз жасымыз мөлтілдеп,
Жоқсың енді... Қош, қош, қош!..

Қымбат Әбілдәқызы, 

ақын, республикалық «Айгөлек» балалар журналының
автор-редакторы, Түркі әлемі ақпарат саласының үздігі

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371