Ресей қырғызға шекара мәселесін шешуге көмектеседі
Ресей Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы мәселелерді шешу үшін барлық мүмкіндікті қарастырады. Осылай деп Ресей президенті Владимир Путиннің 24 мамырда Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен кездесу кезінде айтқанын ТАСС ақпарат агенттігі хабарлады.
Аталған агенттік Жапаров Путинге қырғыз-тәжік шекарасындағы проблемаға назар аударғаны үшін риза екенін білдірді деп жазды.
Мәліметке қарағанда, кездесу кезінде Путин коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасын Қырғызстанда өндіру мәселелесін қарап жатқанын да жеткізген.
Осыған дейін қырғыз-орыс президенттерінің кездесуі кезінде шекара мәселесінен тыс еуразиялық аймақтық интеграциялық әріптестік жайында сөз болатыны хабарланған.
28-29-30 сәуірде қырғыз-тәжік шекарасындағы қарулы жанжалдан Қырғызстанда 36 адам, тәжік тараптан 19 адам қайтыс болған. Екі ел билігі бірін-бірі айыптап, қылмыстық істер қозғаған.
Ресей президенті Путин бұл оқиғаны тәжік президенті Эмомали Рахмонмен 8 мамырда Мәскеуде кездесіп, талқылаған.
Abai.kz