Жұма, 22 Қараша 2024
5888 22 пікір 27 Мамыр, 2021 сағат 13:06

Ұшақ дауы Лукашенко билігіне нүкте қоя ма?

Беларусь елінің басшысы Александр Лукашенконың есімі ел аузынан түсер емес. Оған себепкер болған жайт Афинадан Вильнюске бет алған жолаушылар ұшағын мәжбүрлі түрде Минск әуежайына қондырып, оның ішіндегі екі азаматты тұтқындауы болып отыр.

Лукашенконың бүйрығы бойынша 26 жастағы Роман Протасевич пен оның қызы тұтқындалған. Роман Беларусь еліндегі толқуларда бағыт сілтеп, ақпарат таратқан NEXTA телеграм каналының негізін қалаушылардың бірі. Аталмыш каналда толқу кезеңінде 2 млн аудитория болған. Қазіргі таңда Романға "бүлік бастады, соғысқа итермеледі, төңкеріс жасамақ болды, іріткі салды, сепаратизм әрекеттеріне барды" деген айыптар тағылып отыр. Бұл айыптар ы дәлелденсе, оны өмір бойы бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасына кесу үкімі шығарылуы мүмкін дейді сарапшылар.

Лукашенконың бұл әрекеті әлемдік қауымдастық тарапынан жауапсыз қалмады. Еуропа елдері бір ауыздан Беларусь аспаны арқылы ұшатын рейстерінің бағытын өзгертіп жатыр. Минскке әне-міне берілуі тиіс болған 3 млрд еуро көмек берілмейтін болды. Беларусь елінің ірі компанияларына санкция салу жағы қарастырылып жатыр. Ал экономикалық қысымнан бөлек, Лукашенко режиміне қызмет ететін ірі лауазым иелерінің Еуропадағы есепшоттарын бұғаттау мәселесі де қарастырылуда. Бұл Минск үшін үлкен соққы. Еуропа елдерінің қарсы шаралары Беларусь экономикасын жыл сайын 3-5 млрд доллар пайдадан қағуы мүмкін деген болжамдар айтылуда.

Лукашенконың бұл әрекеті тек қана экономикалық шығын емес, саяси қатерге де толы. Ол енді Еуропа елдерімен қатынас жасау мүмкіндігінен біржолата айырылды. Демек енді ол анық Ресей мен Қытайдың қолдауына ғана сүйенуге мәжбүр. Лукашенконың бұл қадамына қатысты әккі саясаткер Михаил Саакашвили өз пікірін білдірді. Ryanair ұшағын мәжбүрлі түрде қондырған Лукашенконың әрекеті террорлық акт болып саналады. Сондықтан да оны ақтау мүмкін емес, алайда оның ауыр салдары ел халқына тимек.

"Еуропа қазір олармен қатынасын үзіп, беларусь дипломаттарын өз елдерінен қуып жатыр. Бұл Беларусь елінің қарапайым халқына соққы болады. Қазір Лукашенко өзін тығырыққа әбден тіреді. Ол не Путиннің айтқанынан мүлде шықпайтын басшыға айналып, Ресейге Беларусьті ақырындап қосады немесе билігінен біржолата айырылады. Өйткені соңғы әрекеті арқылы Беларусь ең соңғы мүмкіндігін жоғалтты, енді ол еркін қозғала алмайды", - деді бұрынғы Грузия басшысы.

Оның ойынша Лукашенко өтуге болмайтын қызыл сызықтан өтіп кетті. "Енді кері қайтуға жол жоқ. Сондықтан да біз қазір үлкен геосаяси өзгерістердің куәсі боламыз" деді Саакашвили.

Беларусь елінің басшысы 28 мамырда Путинмен кездеспек. Кездесу барысында олар соңғы оқиғаны да талқыламақ.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321