Думан Анаш. Сұлу Сәкеннің бейнесі жазылған тағы бір таспа табылды
«Бір жоқ бір жоқты табады» дейді қазақ. Белгілі режиссер Жаңабек Жетіруов ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің өмірі мен шығармашылық жолына арналған деректі фильміне ізденісі үстінде қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, сұлу да сырбаз Сәкен Сейфуллиннің бейнесі жазылып қалған таспаны қолына түсіріпті. Әр нәрсеге себепші оқиға болады емес пе! Әйтпесе, бұл тақырып бүркеулі күйінде жата берер ме еді?..
«Бір жоқ бір жоқты табады» дейді қазақ. Белгілі режиссер Жаңабек Жетіруов ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің өмірі мен шығармашылық жолына арналған деректі фильміне ізденісі үстінде қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, сұлу да сырбаз Сәкен Сейфуллиннің бейнесі жазылып қалған таспаны қолына түсіріпті. Әр нәрсеге себепші оқиға болады емес пе! Әйтпесе, бұл тақырып бүркеулі күйінде жата берер ме еді?..
Аурухана палатасында ем қабылдап жатқан сәкентанушы, көрнекті ғалым Тұрсынбек Кәкішевпен бір уақытта ауруханаға түскен режиссер Жаңабек Жетіруов профессормен әңгіме үстінде өзінде Сәкеннің әзіз бейнесі жазылған таспа барын айтып қалады. Сәкен десе құлағы түрік жүретін ғалым бұған аң-таң болса керек. Осылайша, режиссер мен ғалым әлгі таспаны алдырып бірге көреді. Тұрсынбек аға өзінің өмір бойы соңына шам алып түскен кейіпкерін жазбай таниды. Біз де осы леппен бұл таспаға назар аудардық. Сонан соң, режиссер мен ғалым ағаларымызға қоңырау шалдық. Әлбетте, екеуінің сөзі бір жерден шықты. Ағалардың айтуынша, бұл бейнетаспа отызыншы жылдары түсірілген сияқты. Сәкен және қасында тағы бір белгісіз жан (Т.Жүргенов болуы мүмкін дейді) әлдебір жиналыста түрегеп тұр. Алайда, қандай жиналыс өтіп жатқаны белгісіз. Адамдар сөйлеп жатыр. Дегенмен, Сәкеннің сөйлегені көрсетілмеген, кесіліп қалған болуы да кәдік. Себебі, 1937 жылдары «Халық жауы» деп танылған азаматтардың бейнесі мен еңбегі барлық жерден аластатылғаны белгілі. Десе де, Сәкеннің түрегеп тұрған бейнесі таспадан қалай қиылмай қалғаны жұмбақ дүние.
Міне, осы таспа енгізілген режиссер Ж.Жетіруовтің «Сыр сүлейі» деректі фильмі тек Қызылорда қаласында ғана көрсетілген екен. Яғни, көрермен қауым бұл фильммен әлі таныс емес. Сондықтан, Сәкеннің сұлу бейнесі де ел назарына көрсетілмеген.
Алайда, айта кететін бір жәйт, осыдан бір жыл бұрын Сәкеннің бейнесі жазылған бір таспа Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайына да әкелінген болатын. Бір қызығы, екі таспа да Красногор қаласынан әкелінген. Бір кадр болуы да мүмкін дейік десек, мұнда Сәкен ат үстінде отыр.
- Белгілі режиссер, оператор Абраам Ром түсірген «Турксиб открыт» дыбыссыз деректі фильмінде Сәкеннің көпшіліктің ортасында ат үстінде отырғаны көрсетіледі. Кадрлар арасында «рельстер түйісті», «халық жиналып жатыр» деген титр жазулар бар. Бір кезде Тұрар Рысқұловтың ұшақтан түсіп келе жатқаны, теміржолшыларды марапаттап тұрғаны көрініс береді. Деректі фильмде ауыл-ауылдан атпен, түйемен, тіпті есекпен жеткен халықтың бір-бірінен сүйінші сұрап жатқаны жайлы да көріністер бар. Сол аралықта Сәкенді - Сәкен Сейфуллинді көресіз. Үстінде қынама шапан. Бастағы тымағын қолына алып «Ур-ра» деп айқайлап тұрған сияқты. Бұл Сәкеннің нақ өзі екеніне тағы бір дәлел болады. Өйткені, ол кезде қырдағы екі қазақтың бірі «ура» деп айқайламаған. Ал, Сәкен «ура» сөзінің мағынасын жақсы білетін, - дейді аталған бейнетаспаны әкелген мұражай қызметкері Күлбағила Бейсекеева.
Ал, Жаңабек Жетіруовтің таспасындағы Сәкеннің бейнесі әлдебір ресми жиында тұрғанын байқатады. Сондықтан, Сәкеннің сұлу жүзі таспаланған тағы бір бейнекадр табылды деп айтуымызға толық болатын сияқты.
Жаңабек ЖЕТІРУОВ, режиссер:
Сенсация жасайын деген ойым болған жоқ
- Сыр бойының ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуов 1937 жылы репрессияға ұшыраған. Ол Бұқарада Көкілташ медресесінде оқыды. Кейін Қызылордаға келіп, мектепте әдебиеттен, поэзиядан оқытты. Қызылорда қаласы қазақ елінің астанасы болып тұрған кезінде Сәкен Сейфуллин де сонда қызмет етті. Қызылорданың төңірегіндегі белгілі адамдармен аралас-құралас болып жүрген уақытында ол Тұрмағамбеттің ауылында болады. Оның өлеңдерімен танысқаннан кейін, кітап қылып басып шығаруға уәде береді. Бірақ, сол тұстарда астана Алматыға ауысады. Алматыға ауысқаннан кейін Сәкеннің Тұрмағамбет ақынмен қарым-қатынасы қандай болғаны белгісіз. Тұрмағамбеттің кітабы жарыққа шықпайды. Бірақ, Темірбек Жүргенов Тұрмағамбетті Алматыға шақырады. Сол кезде Фирдоусидің «Шахнамасына» 1000 жыл толып жатқан. Ал, Тұрмағамбет «Шахнаманы» аударған. Бұл кезде қазақтың көптеген зиялыларымен бірге Темірбекті, Сәкенді ұстап алып кетеді. Олармен байланыс жасағаны үшін Тұрмағамбетті де ұстап, соттайды. Түрмеден түрмеге ауысып жүріп, соңында бұл кісі түрмеде қайтыс болады. Бірақ, кітабын жер астына көміп тастаған екен. Тек 1961 жылы ғана ашылып, жарыққа шықты. Мен осы туралы деректі кино түсіргенмін. Түсірілім барысында Тұрмағамбет Ізтілеуовтің оқыған, жүрген жерлерімен жүріп, Бұқара, Самарқан, Душанбеде болдым. Ол Садриддин Айнимен бірге оқыған, дос болған. Сәкенмен де тығыз қарым-қатынаста болған. Міне, осыған байланысты мұрағаттардан деректер жинадым.
Алматы қаласындағы Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалары мұрағатындағы қызметкерлердің көмегімен Мәскеуден бірнеше құжаттар алынды. 1920 - 1930 жылдардағы қазақ интеллигенциясы мен тарихына қатысты бірнеше мұрағаттық деректерге қол жеткіздік. Міне, осы мұрағаттар арқылы Сәкеннің бейнесі жазылған таспа табылды. Бірақ, мен бұл таспа бұрын қолданылған болуы мүмкін деген оймен, Сәкеннің бейнесі жазылған таспа табылды деп жар салған жоқпын. Өйткені, «Қазақфильм» киностудиясынан өзге студияларда да фильмдер түсірілуде. Мүмкін, телеарналардың бірінде пайдаланылған шығар деп топшыладым. Осылайша аса мән бермедім. Бірақ, өзімнің дос-жарандарыма Сәкеннің бейнесі жазылған таспаны көргендіктерін сұрағанымда, олар көрмегенін айтты. Елімізде Сәкен Сейфуллинді кеңінен зерттеген Тұрсынбек Кәкішев ағамыз ғой. Жуырда ауруханаға емделуге жатқанымда менімен қатар Тұрсынбек Кәкішев ағамыз да жатты. Ағамыздың халін сұрай барғанымда, ол кісіден Сәкенді өмір бойы зерттеген ғалым ретінде Сәкеннің тірі бейнесін көрген-көрмегенін сұрадым.
«Көрген жоқпын. Бірақ, бар болуы мүмкін. Өйткені, 1924 жылы Ленин қайтыс болған кезде Қазақстанның делегациясын қаралы жиынға бастап алып барған Сәкен Сейфуллин болатын. Осы кезде жазылған бейнетаспаға түскені бар», - деді Тұрсынбек аға.
Мен ол кісіге Сәкеннің басқа жерде түскен бейнесі жазылған таспа бар екенін айтып едім, ол мүмкін емес деп, көрсетуімді өтінді. Мен үйден дискіні алдырып, ноутбугіме салып көрсеттім. Тұрсынбек ағам: «Ой, мынау Сәкен ғой» деп таңданысын жасырмады. Қасындағы бір жігітті Темірбек Жүргенов болар деп шырамытты, тағы біреуін айта алмады. Бірақ, жанындағы азаматтың да қазақтың өте білімді, интелектуалды тұлғаларының бірі екені көрініп тұр.
- Бұл кадр басқа фильмде пайдаланылған ба?
- Жоқ, пайдаланылмаған. Әзірше, Тұрмағамбет Ізтілеуов туралы Мәдениет министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген «Сыр сүлейі» фильмінде пайдаланылды. Бұл фильм 2009 жылы жарыққа шықты. Бірақ, еш жерде көрсетілген жоқ.
- Режиссер әрі оператор Абраам Ромның «Турксиб открыт» атты дыбыссыз деректі фильмінде де Сәкен Сейфуллиннің бейнесі жазылған таспа бар екен. Сондағы кадрлармен сабақтас таспа емес пе?
- Бұл фильмді көрмедім. Мен «Түрксіб» атты басқа фильмді толық көргенмін. Онда Сәкеннің бейнесі жоқ. 2008 - 2009 жылдары Ресей мен Қазақстан арасында архивтік құжаттарды алмасу болды. Сәкеннің бейнесі жазылған таспа сол жылдары алынды. Әрине, негізгі сөзді Тұрсынбек Кәкішев ағамыз айтуы керек. Мен бұл материалды пайдаландым. Бірақ, бұдан сенсация жасайын деген ойым болған жоқ.
Тұрсынбек КӘКІШЕВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, сәкентанушы-ғалым:
Бейнетаспадағы тұлғаның Сәкен екені шүбәсіз
- Менің режиссер бауырым Жаңабек Жетіруов Тұрмағамбет туралы фильмді түсірудегі ізденісі барысында мұрағаттарда сақталған Сәкен Сейфуллиннің бейнесі жазылған таспаны тауып алған екен. Тұрмағамбет 1926 жылдары шамасында Сәкенге жолығып, «Шахнаманы» аударғандығын айтқан болатын. Бірақ, бұл дастанды жарыққа шығарудың реті келмей қалған. Өйткені, Сәкен Қызылордадан кетіп қалған. Кейіннен хабарласуға мүмкіндік болмаған. Фильмнің қай жерінде екенін білмеймін, Тұрмағамбет туралы айтып отыратын ақсақалды көрсетеді. Осы ақсақалдың фонында Сәкен мен бір белгісіз адамды көрсетеді. Осы бейнетаспаны маған алып келді. Бұл жігіттің Сәкеннің бейнесі екені айқын. Ал, қасындағы азаматтың кім екені белгісіз. Түрі Темірбек Жүргеновке келіңкірейді. Сәкеннің таспадағы бейнесі 1934 - 1936 жылдары түскен суреттеріндегі келбетіне келетіндіктен, бұл кадр да сол жылдары түсірілді ме деген ой келеді.
Мұндай бейнетаспаларды тауып алу, оны жариялау елімізге, оның ардақтыларының тарихтағы орнын көрсетуге өте керек дүние деп ойлаймын. Сәкен 1924 жылы Ленин қайтыс болған қаралы жиында Қазақстан делегациясын бастап барған. Сонда бөркінің құлағын түсіріп, келе жатқан сәті жазылып қалған бейнетаспасы бар. Ал, мұндағы бейне ешбір талассыз, шүбәсіз Сәкен Сейфуллин екенін айтқым келеді.
P.S: Қалай десек те, бейнетаспадағы Сәкеннің бейнесі екеніне риясыз сенгің келеді. Олай болса, қазақтың сұлу да өр тұлғалы қызыл сұңқарының бейнесі жазылған таспаның толығып келе жатқанына бар қазақ қуанса керек!
«Абай-ақпарат»