Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4722 0 пікір 11 Мамыр, 2012 сағат 09:52

«ҚҰЛМАНБЕТТЕН ҚАЛҒАН ҚҰЛЫН»-ДЫ

Ақын Оразалы Досбосыновты еске алғанда

Оның ғұмыры тым қысқа болды. Егер оның өмiрi қамшының сабындай қысқа болмағанында, қазақтың рухани өмiрiне өлшеусiз үлес қосар ма едi, кiм бiлсiн! Ол - бар-жоғы 29 жыл ғұмыр кешкен, қазақтың айтыс өнерiнде жасындай жарқырап өткен бiр жұлдыз Оразалы Досбосынов болатын. «Құлманбеттен қалған құлынның» ажалы көлiктен келдi. Аққан жұлдыздай өте шықан Оразалы Досбосыновтың өмiрiнiң соңында өлмейтiн, өшпейтiн айтыстары, жазба өлеңдерi, толғаулары қалыпты. Жасындай жарқы­раған таланттың тағдырлас жары, белгiлi әншi Ажар Түзелбекқызының да ғұмыры келте болды. Қазақ мәдениетiндегi қос жұлдызды да Ажал шiркiн арамыздан тым ерте жұлып әкеткен едi.

Ақын Оразалы Досбосыновты еске алғанда

Оның ғұмыры тым қысқа болды. Егер оның өмiрi қамшының сабындай қысқа болмағанында, қазақтың рухани өмiрiне өлшеусiз үлес қосар ма едi, кiм бiлсiн! Ол - бар-жоғы 29 жыл ғұмыр кешкен, қазақтың айтыс өнерiнде жасындай жарқырап өткен бiр жұлдыз Оразалы Досбосынов болатын. «Құлманбеттен қалған құлынның» ажалы көлiктен келдi. Аққан жұлдыздай өте шықан Оразалы Досбосыновтың өмiрiнiң соңында өлмейтiн, өшпейтiн айтыстары, жазба өлеңдерi, толғаулары қалыпты. Жасындай жарқы­раған таланттың тағдырлас жары, белгiлi әншi Ажар Түзелбекқызының да ғұмыры келте болды. Қазақ мәдениетiндегi қос жұлдызды да Ажал шiркiн арамыздан тым ерте жұлып әкеткен едi.

Оның ғұмыры тым қысқа болды. Егер оның өмiрi қамшының сабындай қысқа болмағанында, қазақтың рухани өмiрiне өлшеусiз үлес қосар ма едi, кiм бiлсiн! Ол - бар-жоғы 29 жыл ғұмыр кешкен, қазақтың айтыс өнерiнде жасындай жарқырап өткен бiр жұлдыз Оразалы Досбосынов болатын. «Құлманбеттен қалған құлынның» ажалы көлiктен келдi. Аққан жұлдыздай өте шықан Оразалы Досбосыновтың өмiрiнiң соңында өлмейтiн, өшпейтiн айтыстары, жазба өлеңдерi, толғаулары қалыпты. Жасындай жарқы­раған таланттың тағдырлас жары, белгiлi әншi Ажар Түзелбекқызының да ғұмыры келте болды. Қазақ мәдениетiндегi қос жұлдызды да Ажал шiркiн арамыздан тым ерте жұлып әкеткен едi.

Ажар мен Оразалының бүгінгі жоқтау­шысы - өнерді сүйетін, өнерге жанашыр жұрты ғана. Одан кейін оның достары, бауырлары, бауыр еті балалары. Атақты Сүйiнбай, Жамбыл, Құлманбет бастаған Жетiсу өңiрiнiң ақындық мектебiнiң төл перзентi Оразалы ақын - айтыс өнерiн өзiндiк өресiмен жаңаша биiкке көтере бiлген талант иесi еді. Ауыл қарттарының аузынан халық әндерi мен қисса-дастандарды тыңдап, Мұқағали жырларын бала жастан бойына сiңiрiп өскен ол мектепте оқып жүрген кезiнде-ақ республикалық ақындар айтысына қатысып, өнерге ерте араласты. Ерте араласты, ерте көпшілік қауымға танылды, ерте үзілді...
16 мамыр күні Студенттер сарайында Оразалы мен Ажарды еске алу кеші өтпек. Кешті ұйымдастыруға мұрындық болып отырған достары мен бауырлары. Оның арасында Оразалының көзі тірісінде рухани әкесіне айналған бір жан бар. Ол «Балдырған» журналының редакторы Дүйсен Мағлұмов.
Дүйсен аға Оразалымен бірге өткізген күндерін сағына да, мұңая еске алады. Ол кісі Оразалыны тым ерте кезден, кішкентай бүлдіршін сәтінде жолықтырған екен. Ол кезде Дүйсен аға «Ұлан» газетінде істейді. Қазақ телевидениесінің жетекшісі Сағат Әшімбаевтың кезі. «80-жылдардың аяғы болатын. Сағат Әшімбаевтың басшылығы кезінде «Алтын сақа» деген балаларға арналған телеойын ұйымдастырылды. Сол телеойындарға әрбір облыстан балалар келіп қатысатын. Бірде сол телеойынға Алматы облысынан бір шоғыр бала келіп қатысты. Мен сол балалардың ойынын жазу үшін, студияға арнайы бардым. Сол балалардың арасында Бақыт Беделхан, Оразалы Досбосынов, Сержан Молдасан, Бақыт Жағыпарұлы да бар. Өнерлі балалардың барлығын үш ауданнан жинап алып келген екен. Сол жолы Оразалыны алғаш көрдім», - дейді Дүйсен аға.
Кейін де өнерді сүйетін Дүйсен аға Оразалының әрбір қадамын сырттай бақылап жүріпті. Қаршадай баланың талантын ерте мойындаған Дүйсен аға арада біраз жыл өткеннен кейін, Қарқарада өткен Ұзақ батырдың асына барады. Сол жолы аста Оразалыны кездестіреді. Оразалы ақын Ұзақ батырға арнау орындайды. Сахнадағы жеткіншектің өнеріне сүйсінген аға оны жолдан тосып алып: «Қарағым, Оразалы қайда жүрсің?» деп сұрайды. Оразалының мектеп бітіріп, оқуға түсе алмай, ауылда жүрген кезі екен. Жаны жайсаң Дүйсен аға бір амалын тауып, көмектесетінін айтып, уәдесін беріп кетеді.
«Ойымда ешнәрсе жоқ. Оразалыға берген уәдемді ұмытып та кетіппін. Бір күні үйдің есігі қағылып, үйге Оразалының анасы кіріп келді. Артында - Оразалы. Сол кезде сарт етіп, уәдем есіме түсе кетті. Тілімді тістей қойдым. Анасы маған: «Айналайын, Оразалыға уәде берген екенсің. Баламды саған қалдырдым. Оқуына түсіріп бер» деді. «Мақұл, апа, мақұл» деп, басымды изей беріппін. «Оразалыны маған тастаңыз да, ауылға кете беріңіз» дедім анасына. Содан бірінші болып, Баққожа ағама қоңырау шалдым. Ойым - жан-жақтан хат жинау. «Ұлан» газетінің атынан, «Ақжелкеннің» атынан хат ұйымдастырып, Алматы мемлекеттік университетінің ректоры Тоқмұхамет Садықовқа алып бардым. Оразалыны жаныма ертіп алғам. Оразалыны көріп, ректор: «Мына баланы мен танимын ғой», - деді. «Танысаңыз, өнерлі баланың біреуі осы. Осыған сіздің көмегіңіз керек болып тұр», - дедім. «Құжаттарын қалдырып кет», - деді. Екеуміз қуанып шықтық. Содан мен ауылға кетіп қалдым. Бердібек Соқпақбаевтың 70 жылдық мерейтойы болатын Тойдан кеш келіп, ұйықтап жатқам. Таң атпай, біреу есік қағады. Қарасам, Оразалы. Басы салбырап кеткен. «Аға, мен құлағандардың тізімінде тұрмын», - дейді. «О, Құдай-ау. Енді не істейміз? Тұр» дедім де, дереу киініп, университетке келдік. Ректордың есігінің алдында тұрмыз. Кірейін десек, ішке жібермейді. Таңертең тоғызда келгенбіз. Түс ауып барады. Сағат бес болды. Хатшы қыз ішке кіргізбейді. Хатшы қыз жұмыстарымен теріс айнала бергенде, Оразалыны жетектеп, ішке зып бердім. Ректор орнынан түрегеп тұр екен. Артымыздан хатшы қыз да қуып келді. Біздің рұқсатсыз кіргенімізді айтып, ақталып жатыр. Содан «Дат, тақсыр» дедім. Тоқмұхамет аға Оразалыны көрді де: «Ой, мен мына баланы ұмытып кетіппін ғой» деді. Сөйтті де, хатшысына «дереу проректорды шақыр» деді. Проректор кірді. «Маған оқуға түскендердің тізімін алып келіңіз», - деді. Бұйрық шығып кеткен. Филология факультетінде 25 бала тізім бойынша қабылданып қойған. «Осы тізімге 26- қып, Оразалыны тірке» деді. Бұл Садықовтың Оразалыға жасаған үлкен жақсылығы еді. «Менің есебімнен оқиды бұл бала», - деді. Сол жерде тұрып, сенсеңіз, құлағым тарс бітіп, естімей қалдым. Тізем де дірілдеп кеткен. Өз құлағыма өзім сенер емеспін. Не болып, не қойғанын білмей қалдық. Сөйтсем, Оразалының да құлағы естімей қалыпты. Бұрын-соңды ондай жерге кіріп көрмеген бала ғой. Өзі де аңтарылып қалса керек. «Оқуға түстің, болды енді» десем, әлі де сенбейді. Осылайша, Оразалы Алматы мемлекеттік университетінің студенті болып шыға келді. Содан бастап, үйге жиі келіп тұрды. Оразалыны өзім де жиі бақылап жүрдім. Үйде ақындар айтысының екі томдығы болатын. Соны қолына бердім. Қолымнан келгенше, көмектесуге тырыстым. Сөйтіп жүріп, Ажарға үйленді», - дейді Дүйсен аға.
Ажар мен Оразалының таныстығы да өте қызық болыпты. Ажар Түзелбекқызы өзінің естелігінде Оразалыны тойда кездестіргенін жазады. Өнер академиясында оқып жүрген кезі. Деканның әкесінің мерейтойы болып, соған өздерінің студент қыздарын ән айтуға шақырады. Сол күні тойды Оразалы марқұм басқарған екен. Домбырамен сызылта ән шырқаған Ажардың әні жүрегін тербеген Оразалы одан көрерменнің тағы бір ән айтып беруін сұрап жатқанын айтады. Той жасап жатқан декан болған соң, қайтып бас тартсын. Орнынан тұрып бара жатқанында, Ажардың бір сырғасы жерге түсіп қалады. Сырғасын жалма-жан жерден көтеріп, екінші сырғаны да құлағынан ағытқан бойда, екеуін бірге тамаданың қалтасына салып кетеді. Той біткеннен кейін, Оразалыдан сырғасын сұраса, ақын жігіт өлеңдетіп, сырғаны өзі апарып беретінін айтады. Осылайша, қыз бен жігіттің таныстығы басталып, соңы махаббатқа ұласады.
Дүйсен ағамен Оразалының бауырластық қатынасы студенттік күндерден басталған екен. Оразалының әкесі көзі тірісінде ұлын қолынан жетектеп, «Бұл енді сенің де балаң» деп, Дүйсен ағаға өзі табыстапты. Аманаттап қалдырған балаға қолынан келгенінше әкелік қамқорлығын аямаған Дүйсен аға оны үйлендіріп, үй болуына да себепші болады. Тұңғыш қыздары Нұрайша дүниеге келгенінде, Оразалы мен Ажар марқұм қыздарының атын Дүйсен ағаның үйіндегі тәтесіндей болсын деп, ырымдап қойса керек. Ал ұлдары Нұрсұлтанның дүниеге келген күні, Елбасының туған күнімен дәлме-дәл келіпті. Ел президентінің туылған күнінде дүние есігін ашқан сәбиіне ырымдап, Елбасының атын қойыпты.
Оразалы марқұм болды деген суық хабарды естігенде, алғашында Дүйсен аға сенбегенін айтады. Талант Арғынғали қоңырау ша­лып, Оразалының марқұм болғанын айтады. Тұздыбастау деген жерден жер алып, анасына үй салып беруді қолға алған кезі болса керек. «Анасына шаңырақ тұрғызып берем деген арманына жете алмай кетті», - деп қамығады Дүйсен аға. Қазір Оразалының денесі анасымен бірге, Тұздыбастау деген жерде жатыр.
Дүйсен аға қазір Оразалы мен Ажарға арнап, «Қос жұлдыз» атты естелік кітабын жинақтап отыр. Аталмыш кітап төрт бөлімнен тұрады. Ағаның қолындағы естеліктерді де, жазба өлеңдерін де, толғауларды да Ажар марқұм көзі тірісінде жинақтаған екен. «Оразалы туралы бір естелік кітап шығарсам ба?» деп жүрген әнші арманына жете алмай кетті.
- Ораздан қалған дүниелердің бәрі Ажарда болатын. Жиырма шақты айтысын қағазға түсіріпті. Өзі де Ораз туралы естелік жаза бастаған екен. Сөйтіп жүргенде, Ажардың өзі жол апатынан қайтыс болды. Қазір ол дүниелердің бәрі менің қолымда. Соның негізінде кітапты құрастырып, баспаға дайындап қойдым,- дейді Дүйсен аға. - Кітаптың алғашқы тарауы - «Айтыстың ақтаңгері» деп аталады. Ол бөлімге Оразалының таңдаулы жеті айтысы еніп отыр. Айтыспен бірге, жазба өлеңдері де енген. Екінші бөлім «Қайран да қайран қос жұлдыз» деп аталды. Мұнда Оразалы мен Ажар туралы естеліктер кірді. Үшінші бөлім - «Ажар салған әсем әндер» деп аталады. Бұл бөлімде Ажардың репертуарындағы әндер жинақталып отыр. Ажардың қырық шақты әні бар екен. Соның ішінен жиырмасын таңдап алдық. Ол әндер нотасымен бірге енгізілді Соңғы бөлім - «Өр рухты аспандатқан жырлар» деп аталады екен. Бүгінде Оразалының айтыстары ғылыми айналысқа еніп кеткен. Ол туралы тіпті, ғылыми диссертациялар да жазылды. Осының бәрі кітаптың төртінші тарауына арқау болып отыр.
Оразалының жазба поэзиясының өзі бір шоғыр. Оның толғамды жырлары көзі тірісінде көп жарық көре қоймаған. «Ол өте білімді, айтыскерлігі де ерекше болатын. Арасында жазба жырларды да жазды. Оның өлеңдері де - төрт аяғын тең басатын, мықты өлеңдер. Одан бөлек, Ажар екеуі бірігіп, бір драмалық шығарма жазған екен. Ол әлі менің қолыма түспей тұр. Оны оқып шыққан достары, «өте жақсы жазылған шығарма» деген баға беруде», - дейді аға. Оразалы сегіз қырлы, бір сырлы, қазақтың өнерлі жігіттерінің бірі болды. Суы­рып салмалығы, жазба поэзияның шеберлігі бір бөлек те, оның салған әсем әндерінің өзі ерекше болыпты. «Сарыбидайды» Оразалы шырқағанда, тыңдарман еріксіз елтіп кетеді екен. Оразалының тағы бір қасиеті, кемпір мен шалдың дауысын айнытпай салатын шеберлігі. Ол кемпір болып пародия ойнағанда немесе құстардың дауысын айнытпай салғанда, ешкім ажырата алмай қалады екен. Алғаш рет оның айтыс сахнасына өтірік өлеңмен шыққанын көрермен қауым жақсы біледі. Мәскеуден келген соң, Ринат Зайытовпен бірге өтірік айтыс жасағысы келгенін Жүрсін Ерманға айтқан екен, бірақ ол арманына жете алмай кетті.
Оразалының есімінің өзі бір тарих. Ораза­лы­ның әкесінің туған ағасы Оразалы деген сері кісі болыпты. Өмірін серілікпен өткізген Оразалы сері бір күні із-түзсіз ізім-ғайым жоғалып кетеді. Бауырын жоқтаған інісі бір баласының атын Оразалы деп қойсам деп жүреді екен. Бірақ оған Оразалының анасы көне қоймайды. Кенже баласы дүниеге келген кезде әкесі әйеліне айтпай, туу туралы куәлігіне «Оразалы» деп жаздыртып алады. Сері ағасының атын иемденген кенже бала талантты, дарынды болып ержетеді. Мүмкін өмірін серілікпен өткізген Оразалы атасының даңқын бала Ораз жалғастырса деген үміт болған шығар әке ойында....
«Сағындым сені» деп аталатын кеш­ті өткізуді Ажар көзі тірісінде өзі жоспар­лаған екен. Ажар Түзелбекқызының репертуа­рындағы «Сағындым сені» әні де сүйген жарын жоқтауы болатын. Ажар армандаған кешті өткізу ағасы Бауыржанның ойында жүріпті. Сол мақсатпен «Сағындым сені» атты еске алу кеші 16 мамырға жоспарланып отыр. Биыл Ажар Түзелбекқызының өмірден озғанына жыл толады. Соған орай, екі бірдей аққан жұлдызды еске алу кеші 16 мамырға жоспарланыпты. Кешке Оразалы мен Ажардың дос­тары, туыс-бауырлары, балалары қатысып, әншінің репертуарындағы әндерді шырқайтын болады. Оразалының айтыстағы әріптестері де кешке арнайы келмек.
Естелік кітаптың шығуына Ажардың бауыры Бауыржан Түзелбекұлы мен достары демеушілік танытып отыр. Естелік кітап 2 мың данамен таралатын болады. Кітаптан, әрі еске алу кешінен түсетін қаржы Нұрайша мен Нұрсұлтанның атына арнайы депозит ашылып, сонда салынатын болады. Оразалы мен Ажардан қалған бүлдіршіндер бүгінде нағашыларының қолында білім алуда. Нұрайша қобыз тартады. Нұрсұлтан болса, домбыра тартудың шебері көрінеді.

Айтақын БҰЛҒАҚОВ, ақын:
От ауызды, орақ тілді Оразалы
Айтыс дейтін арда өнерге айшықты із қалдырған Оразалы Досбосынов жайлы естелік айту маған өте ауыр. «Атамдатсаң атамдат, ботамдатпа» деген атам қазақтың айтқаны болмай, тағдыр өз әмірін жүргізіп бақты. Орда бұзар отызға толмай, толағайдай қара өлеңнің көшін алға сүйреген ақын бауырымыз көлік апатынан ажал құшты.
Мен Оразалыны балғын кезінен білуші едім. 1990 жылдары қазіргі Райымбек ауданына айтысқа бардық. Ол кезеңдерде аудандық, облыстық айтыстар жиі-жиі өтіп тұратын. Жыр додасы аяқталып, ақындарға қонағасы берген ақ отаудың ішінде нарынқолдық ақын Қасен Саматыров, Даубай Әбдісаев тағы басқа да айтыскерлер болды. Абыр-сабыр басылып, әңгіме ауаны айтыс төңірегіне ойысқанда, Даубай ақын жұдырықтай ғана қара домалақ баланы қасына шақырып: «Әй, Айтақын, мына бала менің баулып жүрген шәкіртім, өзіңнің бауырың болады, саған тартқан ақын болсын, қане, тақымыңнан өткізіп бер», - деді. Көптің көзінше аузыма сөз түспей, не дерімді білмедім де орнымнан тұрып, баланы тақымымнан өткізіп, аузына түкірген болдым. Міне, сол қара домалақ жас шамасы 11-12- дегі Оразалы болатын. Айлар аунап, жылдар жылжып кемеліне келген ақын баланы мен кейін Алматы мемлекеттік университетінде студент кезінде бір-ақ көрдім. Бір күнде бес ақынмен айтысқан Ораздың атақ-даңқы да осы оқу орнында жүріп жаңғырды. От ауызды, орақ тілді Ораз тек қана ақын емес, ол ауыз әдебиетін жетік меңгерген фольклорист әрі тарихты тереңнен қозғай білетін, бойына шешендікті, шеберлікті дарытқан аузы дуалы шайыр еді. Айтыс үстінде мақамды бірнеше түрге құбылтып, тыңдаушысын айрандай ұйытып, ұршықтай иіріп алатын қасиет Оразалыда ғана болатын. Жетісу айтыс ақындарының да мақам-саздарын жаңғыртып, жыр додасына алып келген әрі бірегей ақберен жүйрік осы азамат еді.
Жарас Сәрсек, ақын:
Ақын атында не көше, не мектеп жоқ
Таланты таудай азаматтар алыстаған сайын сағынышқа айналып, жақындаған сайын асқақтай беретіні ақиқат. Сондай аяулы перзенттеріміздің бірі адуынды айтыскер ақын Оразалы болатын.
Ол аққан жұлдыздай азғантай ғұмырында қазақ айтыс өнеріне жаңа тыныс, жаңа өрнек қосып, киелі сөз патшалығының ауылын адуын жырларының нөсерімен бір сілкінтіп өтті.
Маған ол өмірдегі де, өнердегі де жақсы інілердің санатында ерекше жақын болды. Әсіресе оның екінің біріне байқала бермейтін тәкаппар мінезі қатты ұнайтын. Жағынуды, жағымпаздануды білмейтін. Күйреуік мінезден де ада болып көрінетін. Бәлкім осы мінезі шығар, өз тұстастары көрген игіліктерден үнемі кешігіп жүретін. Алайда оған халықтың құрметі ерекше болды. Шын мәнінде ол халықтың ақыны еді. Ал халықтың ақыны болу дегеніңіз - әрі бақыт, әрі азап. Оразалы осы екеуінің де «ауылына» кезек-кезек қатынай жүріп, орта жолда опат болған ақын.
Арамыздан кеткеніне алты жыл уақыт болыпты. Алайда оны жоқтаушылардың қатары әлі селдіреген жоқ. Керісінше, артып келеді. Бір қызығы өнерін бағалайтын қарапайым қауым, жақын жүрген жора-жолдастары мен шәкірттері болмаса, оны өзі туып өскен өңірдің атқамінерлері ескермей жатқаны жүрек сыздатады. Өзі өле-өлгенше жырлап өткен Райымбек ауданында оның атында не бір көше, не бір мектеп жоқ. Ол кіндік қаны тамған топырағына да қиянат жасамай, Алматының іргесінен мәңгілік тұрағын тапты. Ендігі сөз ел басқарғандардікі болуы тиіс.

Гүлзина Бектасова

«Түркістан» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458