Қуандық Түменбай. Қара қазан
(хикаят)
Ұшар төбесінен Күн көрінген сидам бөренеге Көк Туды іліп қойды. Тіп-тік бойымен өрмелеп барып, мүйіздей қатты алақанымен аялап ұстап, жүздік шегеге іліндіріп қойған Көк Ту желкемнен желбіреп, желпілдеп тұр. Ошақ басында қазан қайнатқан, қартайса да қаржымы қайтпаған, шашы қылаң тартып қобыраған кемпір жалпылдақ отынды қолымен ішке қарай ысырып тастап, бөренеден сыпырылып түсіп келе жатқан баласына ту сыртын беріп тұрып күңк етті.
- Онан да отын түсірсейші. Көк Туды Көкке ілгеннен не пайда? О, сұмдық-ай! Мынау жалпылдақтың ең соңы...
Тілес тірлігіне мәз. Ұзын бөрененің басындағы Көк Ту болмашы желкемнен желбіреп, есік алды 1-мамыр мен 7-қарашаны елестетіп, бұрын көрмеген көрікке бөленгендей. Сөмкесін арқалап сабақтан қайтқан бірлі-жарым балалар да желп-желп еткен үлкен жалауға қызыға қарап тұр. Бірақ олар ештеңені де терең түйсініп тұрған жоқ. «Бұл Алаң емес, мектеп емес, Тудың бұ жерге не керегі болды екен?» деп балаң санаға сәл-пәл салмақ салып тұрса да, желп-желп еткен көк Ту көздің жауын алып, жан-дүниеңді арашалап алғандай.
Шешесі:
- Отын да, тіске басар да таусылды. Мынау соңғы ет, - дей бергенде, мал қора жақтан ыр-р еткен бөтен дауыс қақсал кемпірді селк еткізді.
(хикаят)
Ұшар төбесінен Күн көрінген сидам бөренеге Көк Туды іліп қойды. Тіп-тік бойымен өрмелеп барып, мүйіздей қатты алақанымен аялап ұстап, жүздік шегеге іліндіріп қойған Көк Ту желкемнен желбіреп, желпілдеп тұр. Ошақ басында қазан қайнатқан, қартайса да қаржымы қайтпаған, шашы қылаң тартып қобыраған кемпір жалпылдақ отынды қолымен ішке қарай ысырып тастап, бөренеден сыпырылып түсіп келе жатқан баласына ту сыртын беріп тұрып күңк етті.
- Онан да отын түсірсейші. Көк Туды Көкке ілгеннен не пайда? О, сұмдық-ай! Мынау жалпылдақтың ең соңы...
Тілес тірлігіне мәз. Ұзын бөрененің басындағы Көк Ту болмашы желкемнен желбіреп, есік алды 1-мамыр мен 7-қарашаны елестетіп, бұрын көрмеген көрікке бөленгендей. Сөмкесін арқалап сабақтан қайтқан бірлі-жарым балалар да желп-желп еткен үлкен жалауға қызыға қарап тұр. Бірақ олар ештеңені де терең түйсініп тұрған жоқ. «Бұл Алаң емес, мектеп емес, Тудың бұ жерге не керегі болды екен?» деп балаң санаға сәл-пәл салмақ салып тұрса да, желп-желп еткен көк Ту көздің жауын алып, жан-дүниеңді арашалап алғандай.
Шешесі:
- Отын да, тіске басар да таусылды. Мынау соңғы ет, - дей бергенде, мал қора жақтан ыр-р еткен бөтен дауыс қақсал кемпірді селк еткізді.
- О-о, Құдай, құртшы осының көзін. Онан да қой асырамайсың ба?
- Апа, осы қасқырды сойып алсам ба екен?..
- Тәйт! Біртүрлі Тілес атанғаның аз еді. Жалау желбіретіп жұртты жинадың, енді қасқыр сойсаң, жындыханаға кетерсің.
- Төсін жеймін ғой. Терісін ішік қылам...
- Мейлің, сен менің айтқаныммен жүріп пе ең.
Тілес есік алдындағы табалдырыққа көт басып, еркін жайғасып отырды. «Кеше қалаға барсам, жұрттың жүк салған сөмкесінде біздің Елтаңба, жұрттың киген футболкасында - иығында, арқасында, тіпті тап-тар шалбарының артына дейін біздің Елтаңба тұр. Онан да Елтаңба менің дәл есігімнің алдында желбіресін де» деп, ол өз тірлігіне дән риза.
- Базардан бір қой сатып алатын ақшаң бар ма? - деп шешесі қомпайып тұрған қол басынан мазалы жалпылдақ отынды ошаққа қарай ысырды.
- Ақшам жоқ. Бірақ есебін табамыз.
Шешесі сергек көңілмен еркінсіп бір қарады да, шөмішпен сапырып-сапырып сорпаның дәмін татты. «Әйтеуір бір нәрсе қылар» деп ұлына сыртын беріп тұрып, арқасын кеңге салды. Сол сәт бастырмадағы қасқыр тағы да ыр-р етті. Тілес оны өткен аптада қақпан құрып ұстады. Апанынан ұстайтын қыс емес, қазір қоңыр күз. Аңшы Тілес қасқыр келеді-ау деген жерге дейін қақпан тастап кетті. Бір қақпан сүйретіліп жарым жолда қалыпты, біреуі әрі кетіпті. Із кескенде артқы аяғынан ақсаңдап бара жатқан түз тағысын көрді. Тілестің қолынан келмейтіні жоқ. Қуып жетіп ап, жылқыға салар құрықпен ақсаңдаған түз тағысының тұла денесін орап алды. Ырылдап айбат шеккенмен қаны тамшылаған қаншық әбден әлсірепті. Қол-аяғын буып, «Москвич» деген маркамен МАИ-ға тіркетіп алған қолдан құраған мәшинесінің артына салып, үйге әкелді. Алдыңғы оң аяғы мен артқы сол аяғын босатты. Алдына арам су ішіп өлген тауықты үйіп қойды. Оны иіскеместен итеріп тастады. Бүгін, міне, ырылдаған үні шықты.
- Апа, мен хайуанаттар паркін жасап, бұнымен ақша табамын, - деді қазанды тағы бір сапырған шешесіне.
- Өзің біл, неғылсаң да. Тек ырылдамасыншы.
- Маған да ырылы жақпайды. Құлағыма қойдың даусы келеді.
Есік табалдырығында отырған Тілестің құлағынан қара қойдың үздік-создық маңыраған үні кетпей қойды. Әкесі мал сойғанда бұған сирағын ұстатып қоятын. Әкесі қасап еді. Тіпті көрші-қолаң: «Маңдайымыз жіпсісін де, қаңсып қалдық қой» дегенде, қорадағы қойдың біреуін сойып тастап, кіләлап сататын. Өзі тапжылмай сирағын ұстап отырып қолы талып кететін. Алқымына пышақ тигізерден бұрын сәл ғана маңырайтын жануар жаны шығарда байланбаған оң сирағын қайта-қайта сермейтін. Сермелген сирақты ұстайын десе, әкесі: «Тиме, жан далбасасын жасасын», - дейтін. Бірде ішін жарғанда егіз қозы шықты. Сонда шыдамай кетіп: «Көке, неге қойды соя бересіз?!» дегенде: «Бас-сирағы пайда, терісін өткіземіз» деген жайбарақат. Табалдырық пен қауындықтың екі арасы малдың қаны боп көлкіп жатыр. Кетпен тигізсең, сол жерден қып-қызыл боп қан бұрқ ете қалады. Сол қора толы қойдан бір бас та қалмады. «Қаңсығанның көкесін енді көресің» деп, жалғыз шешесінің бір ауыз сөзі қамшы боп қалтасын сипады. «Бар екен. Бес сом ақша бар екен». Өзі құрастырып алған «Москвичті» гүр еткізіп оталдырып, кейін шегіндірді.
- Көже пісті ғой, қайда барасың?
- Қазір, апа, Шиеліге барып келейін.
«Осының бір шайтаны бар» дейін десе, қағанағын жарып шыққан жалғызына жаман сөз айтуға аузы бармайды. Әпкесі Ілес - Шиеліде. Еркек кіндіктен қалған көсеуі де, көсемі де осы. Тірлігінде мін жоқ, темір мен ағаштан түйін түйеді. Бірақ, қимылы шалт. Қас пен көздің арасында біреу қуғандай не жау тиді? Қолмен құрастырған «Москвич» ауылдың жалғыз аялдамасына жете бере тоқтады. Бәрі де ошарылып, аудан орталығына баратын ережесі жоқ автобусты мойындарын созып күтіп тұр.
- Төрт адам отырыңдар.
Бесінші боп бір келіншек тығылыса беріп еді, Тілес:
- Жеңеше, болмайды, рессор майысып кетеді, ол да адам сияқты артық жүкті көтермейді, - деді.
- Өй, ресорыңмен бірге қата қал. Ресорда басың қалғыр, - деп сидам келіншек есікті сарт жапты.
Екі жарым шақырым төрт дөңгелекке түк емес. Осы мәшинені құрастырып жатқанда гу-гу сөз болған. «Тілес қолдан белесебет жасап еді, енді темір тасып, мәшине құрастырып жатыр, дейді. Әкесі мал союдан қолы талмайтын қасап еді, өзі темірдің қасабы. Басына көрінсін» деп біраз сөз айтқан.
Артта отырған үш келіншекте үн жоқ. Алда, қасына қатар отырған тілін шайнап сөйлейтін Ажаркүл шешей бір мезет бетіне жалт қарады.
- Тілес, мәшинең құтты болсын. Осыған темірді қайдан аласың? - деп күле қарады.
- Іздесең табасың.
- Біздің Сейітқазы трәктіріне өмірі зәпшәсті таба алмайды ғой.
- Ол - колхоздың трактірі. Бұл - жеке.
- Сонда бұл өзіңнің жекең бе?
- Енді, қарасаңызшы. Жеке болғасын ғой, дызақтап жаным ашитыны.
- Шешең мініп көрді ме?
- Айтқан жеріне апарам.
- Өй, арманы жоқ қой Патымаштың. «Енді есек арбаға көшіңдер. Мәшинеге май жоқ» депті ғой алыстағы дәу әкім.
- Дұрыс айтасыз, Ажаркүл апа. Бір литр май бір қойдың құны.
- Көтек!.. Өстіп жүріп қойдан айрылар ма екенбіз?!
- Айрылдық қой, - деді артта әрең шыдап отырған сұр келіншек. Оның қасындағы болмысы бостау сары келіншек әрең шыдап отыр екен, аузын басып, ішек-сілесі қатып күлгенде толық кеудесі дір-дір етіп, қасындағы келіншектің иығына сүйір иегін сүйеді.
- Келдік, - деді Тілес нән автобус пен бір-екі «Газель» тұрған жүдеулеу аялдамаға жеткенде.
Арттағы үш келіншек отыз теңгеден ұстатып, түсіп кетті. Ажаркүл құрқол есікті аша бергенде:
- Апа, жолақы төлеңіз, - деді Тілес.
- Үйбай! Патымаштың баласы менен теңге алмақшы ма?! Пішту!
- Апа, бұл социализм емес, капитализм. Заман өзгерді.
- Әй, бағана отыра бере құтты болсын айттым ғой мәшинеңе. Кәпитәлизм болмай онан зоры болса да, пішту мәшинеңе, - деп Ажаркүл жаулығы желп-желп етіп, есікті ашық қалдырып кете берді. Бірге түскен үш келіншектің күлегеші ішін басып, екі бүктетіліп, жазыла алмай бара жатыр. Тілес тоқсан теңгені қалтасына салды да тартып кетті. Шиелінің шетінде босалқы бөлшек сататын неміс бар. Сол енді арақ сататын болыпты. Тірлігі тастай. Осы мәшинені құрастырғанда талай босалқы бөлшек алған еді, енді барып арақ алмақшы.
Эмел үйінде екен. Тілестің мәшинесін көрді де, «Во!» - деді бас бармағын майыстырып. - Енді сыртын сарымен сырла. Сары түс шаң мен кірге төзімді келеді. Не аласың?
- Бұ жолы темір емес, арақ іздеп келдім.
- Оны қайтесің?!
- Қойға айырбастаймын.
- Вот тебе, жаңалық. Люба, сенде бірдеңе бар ма?
Әйелі қылқындырып ұстап алып келген бір бөтелкені көне газетке орап алды да, ақшасын төлеп жүріп кетті. Енді ауылдың күнбатысындағы «Шошқа баз» қыстауына барады.
Шешесінің көңілі құлазығанда айтқан бір ауыз сөзі өз көңіліне дік ете қалды. Анасының сөзін өмірі жерге тастамапты. Бұ жолы да есік алдына Көк Ту іліп, қорасына қасқыр қамаған баласының қолынан іс келетіндігін көрсетпекші.
«Москвич» зулап, «Мәріп көпірден» өтіп, ауылдың шетін бойлап, «Шошқа базға» да жетіп қалды. Өсімтал малды шаруашылықтан алып кеткенмен жекешеленген қыстауда талпақ танаудың аты қалды. Осы жерде қолда бар қойын бағып отырған Бектұрған алыстан қосылатын ағайын. Істі жақсы бастап, мал басын көбейткенмен арақтан аша тұяқты аямайды. Ішінде бықсып, жанбай жатқан бір қыжылы бар. Перзенті болмағасын ба, екі дүние бір қадам, ештеңені аялап, алақанына салмайды. Бұрын бір рет мал алуға барғанда: «Ішетін бірдеңең бар ма?» деп інісінен ашықтан ашық сұраған. - Мен мал басын көбейту үшін емес, мына бала тумаған кішкентай қатын қоймағасын бағып жүрмін ғой», - деп ошақ басында жүрген киіктің асығындай жұбайына ызамен бір қарап қойған. «Жұрттың бәрі әйелінен көреді, ағайдың өзі де көрініп, тексерілмей ме екен? - деп ойлады да, «айтсам ба екен?» деп оқталып тұрып, айтсам - «Сен маған ақыл айтатын кімсің?!» деп шешемді нысанаға алады ғой деп үндемеді. Қазір кім көрінгенге бір бөтелкеге бір қойды айырбастай салады дейді. Сонда малдан тұқым алып қалмай ма екен?»
«Шошқа баздың» төбесі қарауытты. Шифермен жабылып, ұзыннан-ұзақ созылған сән-салтанаты бар үй. Талпақ танауға үкімет бар жағдайды жасап қойғаны мына үйдің безендіруінен-ақ белгілі. Бірақ, ауыл шетіне барып ойнауға кішкентайлар қорқатын. Торай қорсылдап, басқаларды бөтенсініп тұратын. Майлы дененің сирағы жылдам, балалар әйтеуір қашып құтылатын. Бас ие Шпанковтың суреті колхоздың «Құрмет тақтасының» төрінен түспейтін. Ақ торайға сәулетті қыстау соғып, колхоз төрт түліктің бесінші қылып санын арттырып, қадірін асырудай-ақ асырды ғой. Қойшы жарықтық есік-терезесі жоқ алаша тұтқан аласа тамда отырғанда, «Шошқа баздың» шамы жарқырап, ауыл шетін нұрға бөлеп тұратын. Сол қойшы ауылды тамсандырған ақшаңқан үйге де жақындап қалды. Өзінің қасындағы орындықта газетке ораулы бөтелке арлы-берлі шайқатылып, екі дүние бір қадам деп жатыр. «Бір ары, бір бері лықсыған тентек су, сен де бір адамды алып қойған құдіретсің-ау!» деді де, не де болса ә дегенде «Шошқа базды» жекешелендіріп алған ағамды айтсайшы» деп, алыстан көрінген баздың көркіне көңілі тояттап, жаны жадырай қарады. Жұпыны киінген жүдеулеу ағасы сол маңда жүр екен, қойлары «ақ қойдан» қалған астауға бас қойыпты.
- Суытсың ғой, - деді Бектұрған салған жерден.
- Суытпын. Шешем маңдайым тершіп, сорпа ішсем деп отыр. Сол үшін...
- Шөлмегің бар ма?
- Онсыз жүрмейміз ғой...
Кешегі ішкен арақтан кеңсірігі қаңсып тұрған алпыстың асқарындағы кісінің шодырайып шыққан тамақ безі бүлк ете қалды да, бірден жадырай жөнелді.
- Әкел...
Тілес алдыңғы орындықтағы ораулы шөлмекті ытқып барып әкеп берді.
- Өзің таңдап ал бір тоқтыны...
Осы кезде жақындап келген жұбайы - бұған жеңге болатын жіңішке әйел сөйлей жөнелді.
- Қойды араққа айырбастап болғасын қалаға көшсек дейміз. Осы біреу өзі тезірек таусылса екен. Даланың шөбі де құнарсыз, жем де жоқ. Бір берекесіз дүние. Бұрынғы берекенің бәрі бір күнде қайда кеткенін, қайдам?! Аш қасқыр шапқан сайын Алматы жаққа көшіп кеткіміз келеді. Арба айдасақ та өлмеспіз.
Бедеу әйелдің жанынан шыққан екі-үш ауыз сөз Тілестің жанына қатты батты. «Сонда мына қара қойдан айрылып қалаға көшкенде... О жаққа барғанда қойды кім береді? Бұларға басу айтатын біреу жоқ па? Мен айтсам, жұмыртқа тауыққа ақыл үйреткендей болар».
- Шешеңнің маңдайын тезірек терлет. Мен де жіпсіп шәйімді ішейін, - деп шөлмектің тығынын тісімен тыңқ еткізіп ашты да, тезірек кесеге құйғанша асықты. - Әй, сен қашан келін түсіріп, Патымашқа боқ жуғызасың?! - деді кетіп бара жатып артына бір бұрылып.
Аржағында әйелі ернін тістеніп, ызалана қарап тұр. «Өзіңді жарылқап алсайшы» деген сөз оның алпыс екі тамырын айналып жүр. Тілес семіз тоқтыны артқы қуысқа тықты да, «Москвичті» гүр еткізді. «Шынында, осы үйлену керек. Жас болса келді. Әскерден құтылдық, баспаналы болдық. Енді шешеміз көрер қызықты ойласақ... Ана байлаулы қасқырды бір жақты қылайыншы» дегенде, құлағына қойдың маңырағаны естілді. «Бұл не, баяғы Құмкөлге айырбасқа айдалған қойдың жандаусы ма?!». Мәшинені тоқтатып, жүк салғышты ашты. Ауасыз кеңістікте қара тоқты танауы пысылдап, ырсылдап жатыр. Өзін көргенде маңыраған да жоқ. «Момын сорлы... Шыда». Қақпақты тарс жапты да, жоғары жылдамдыққа салды.
Үйіне қой әкелгенде шешесі таң-тамаша қалды. «Осыным әкесіндей шалымды болмаса да шалттығы бар. Бір жерден шығар, әйтеуір» деп, ерніне тиер майлы сорпаны көңілімен ұрттады.
Қасқыр тұрған қораның бергі бұрышына байлады.
- Қасқырың тартып жүрмей ме? - деді шешесі сақтандырғандай боп.
- Адам мен қасқырдан қой артылған ба...
Шешесі тырс етіп үндеген жоқ.
***
Қара қойдың қаны аққан табалдырық пен қазандықтың аралығына темір тордан үйшік жасап қойды. Айналасы жылан жалағандай тап-таза, көз көретін қылаудай артық зат жоқ, жыңғылдың бұтасы да, қыстан қалған қара көмірдің жұғыны да жоқ, айнала көсе адамның иегіндей жып-жылмағай. «Қарашы, қаланың зоопаркі жолда қалады, ауылдың зоопаркіне жол ашық» деп, өзіне-өзі іштей айтатын әжуа сөзінің мойнын қылталақтата бергенде кітабын қолтығына қысқан балалардан кейін мектептің бірлі-жарым мұғалім қыздары да көріне бастады.
- Келіңдер, келіңдер, анау қара шелекке елу теңгеден тастаңдар да көре беріңдер, - деді келушілердің алдынан шығып жылыұшырап.
Қара шелектің түбіне тық-тық етіп тиын түсіп жатты. Тиынға тиын соғылысып, бірте-бірте күмістің даусы жұмсақтау шықты. Жалп етіп дыбыссыз түсіп жатқан қағаз сомдықтар да бар. Салушылар шелек тұсынан тезірек өтіп, тор ішіндегі арлы-берлі айналған қасқырды көргенше асық.
Бұл ауылдың баласы түгілі ересегі де қасқыр көрмепті. Егін салып, кетпенді серік қып тұқшыңдаған ел дария бойлаған тоғайға барып, қасқыр аулауға құштар емес-ті. Шелекті айналып өткен көрші-қолаң: «Түсінің суығын-ай! - деп кетті. - Көзі жаман екен кәпірдің, қасқыр көзіңді жұмғанда атылады деген рас қой» десе, «Қара қойды жеп тойынып, тұрысын қарашы» деген бір әйелге мұғалім келіншек басу айтты: «Оны қасқырдан көретін дәнеңе де жоқ, өзіміз сойып жеп, қалғанын бартерге айырбастадық» деп білімді жауап беріп еді, әлгі әйел: «Жигулиді» қойшы боп тұрғанда, қара қойдың арқасында алып едік, енді майсыз арбамен жүріңдер деген ұран тастап жатыр ғой» деп жауаптан жаңылмады.
Оқушылар аң-таң. Жыртқыш та темір тордың ішінде қимылсыз жатыр. Қақпанға түскен артқы аяғын тұзды су сіңген ақ шүберекпен матап таңып тастаған.
- Көксерек сияқты адамға шауып жүрмей ме?! - деді арық қара бала қорқақтай қарап.
- Ол кино ғой, - деді екінші бала.
- Өмірде бәрі бола береді. Бұл - жыртқыш.
- Адамды қасқыр асырап, біз сонан өсіп-өнгенбіз дейді ғой, - деді әңгіме бастаған бала. - Бір елдің туында Көкбөрінің суреті бар, - дегенде, дәл түбіндегі баған басында желкемсіз күз күнінде желбіремей тұрған аспан түстес Көк Туға қарады.
- Оны ертең желбірегенде көреміз. Бізде қыран ғой.
Сол кезде гүрілдеп, есік алдына таман жатаған жеңіл мәшине келді. Тілестің жездесі - Ілестің күйеуі Хайдар екен. Келген бетте Тілесті іздеді.
- Не болды от алып келгендей, ағарғаннан ауыз тисейші, - деді қайын енесі қатуланып.
- Жоқ, апа, облыс әкімі Таусамалов біздің ауданға келе жатыр. Сол кісіні шекарадан күтіп ап, күймелі арбамен алып жүреміз. Сол жерге халықты жеткізу керек. Сіздің ауыл, қайын жұртың ғой деп маған жүктеліп еді. Тілес мәшинесімен жұртты тасиды.
- Ол қасқырымен болып жүр ғой.
- Ол да бір... Қой жоқта қасқырдың не керегі бар екен...
- Қасқыр қашан да керек. Ол тегіннен-тегін беріспейді, - деп бір бүйірден Тілес шыға келгенде жездесі әй-шәй жоқ шаруасын айта жөнелді.
- Осы «Қызылтаң» мен «Жаңатұрмыс» менің мойнымда. Бүкіл халық иінтіресіп Таусамаловты күтіп тұру керек. Мәшинеңе сыйғанша мінгіз де, шекараға жеткіз. Қайтарда өздері бірдеңе қылып жетер. Қазір ат арба мен есек арбаның заманы, соған көшіп жатырмыз ғой. Сені де көрсетеміз, қолдан мәшине құрастырып алды деп. Бір әдемілеп сырлап алғаныңда болатын еді. Мейлі, бүгінге үлгермеді дерміз.
Жездесінің сөзі заң. Бұрын да бір аяқастынан кеп: «Ертең Құмкөл мұнай кенішіне осы ауданның қойын айырбасқа айдаймыз. Осы ауылдан қосшы ғып сені жаздырттым, ең ұқыпты адам, шашау шығармай айдап апарады деп. Сондай мәселе ғой», - деп Тілес «Жигулін» оталдырып жездесіне ере бергенде шешесі:
- Мына қасқырыңа кім ие болады? - деді.
- Қасқыр адамның досы ғой, апа. Адамның қасқыры болмаса... - дегенде, бұның алыстап бара жатқанын байқаған қаншық ырылдап, қуықтай тордың ішін тағы да тынымсыз айнала бастады. Ол жездесінің соңынан ерді. Жолай төрт адамды тегін отырғызды. Осымен бір айда екінші рет жездесінің базынасын орындап отыр. Бірінші рет, түнделете келіп, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас есепшісі екендігін алға тарта сөйледі. «Біз қойдың бәрін Құмкөл мұнай компаниясына айырбас жасайтын болдық, - деді. - Бүгін түнде күншығысты бетке алып, солай қарай айдаймыз. «Қызылтаңның» малына сен бақылау жаса. Тиын-тебенін төлейміз. Ең бастысы, өлтірмей аман апарайық.
- Айырбас болғанда не болады?
- Қазір, өзің білесің, май жоқ. Мәшинеге бензин, трактірге солярка керек. Ертең егін егу керек. Жерді бөліп беріп жатырмыз ғой, соны жыртып, егін егу үшін май керек емес пе?
- Түк түсінсем бұйырмасын. Сонда қойды жанар-жағар майға айырбастаймыз ба? Халық қойсыз қалай күн көреді?
- Халық өлмейді. Өз күнін отыз екінші жылғы жаманшылықта да көрген бірдеңе ғып. Жеке малын асырап, бағады. Шөп шабу үшін трактірге май керек емес пе. Сен өзің майды қайдан алып жүрсің?
- Сонда бір бас қойға қанша май береді?
Жездесі тосылып қалды.
- Білмеймін. Оны әкімдер біледі. Біздікі қойдың есебін жасап, аман-есен тірілей өткізу.
Қара қой ілбіп басып, жолындағы тырбық жусанды жұлып жеп Құмкөлге жетті. Ат үстіндегі Тілес те қой қайырған шопандармен бірге іші езілді. Өзі қойдың сирағын ұстап отырғанда әкесіне жек көре қарайтыны да көз алдынан көлбең етіп, көңілі дір етті. «Осы қойдан қашан құтылар екенбіз?!» деп сонда төзімі таусыла дызақтайтын. - Енді, міне, құтылып, қолдан беруге келе жатырмыз. Біражола...». Қара қойда жазық жоқ, тісі тигенін теріп жеп, басын көтермей, сирағы сыйдиып, аша тұяғы тиген жерде із де қалмай барады. Дүниеде қара қойдай момын мұңлық жоқ-ау. «Сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» дегенде, бір маңырап қана артқы сирағын сермеп қалатын. Сені баққан ақ таяқ ұстаған қойшы да өзіңнің серігің екен. Әйтпесе, көзінің ағы мен қарасындай алдындағы малын қолдан бере ме? Дәлелдеп тұрып алмай ма? Соның бірі өзім емеспін бе? Жоғары оқу орнын бітірмесем де кәсіптік-техникалық училищені бітіргем, газет-журналды құр жібермеймін. Біліп тұрып неге үндемеймін? Үндей алмаймын. Біз үндемес болып үйренгенбіз». Бұрын ойламаған қорғасындай зілі бар ой ат үстінде ішін ауыртты. Ұзамай құшқанаға кірісімен қолы қол, басы бас боп домалап, қалалықтардың қазанына қызыл ет боп кетіп бара жатқан тырбыңдаған момын жандарға қия алмай кіжініп тұрып бір қараған. «Қазір облыс әкімінен естиміз, қойдың құны қанша болғанын». Дәл қасында, күнбатысқа қарай шұбырған төрт дөңгелекті ырдуан арба мен қос есек жеккен екі дөңгелекті арбаны ұшыртқан үлкен-кіші. Дәл бір тойға жиналғандай үстеріне барын іліп, жылтырап киінген. «Біздің халық қандай кең, қандай сенгіш, - деді Тілес. - Көреміз, қазір әкімді де тыңдармыз».
Ақмешіт пен Шиелінің арасындағы шекаралық жарнама жазулар алыстан көзге шалынды. Екі дөңгелекті ат арба мен төрт дөңгелекті есек арбадан жол үсті көрінбейді. Арбаның үстінде түрегеп тұрып, бір нәрсені тағатсыздана күткен жұртшылықтың жанында ширығу бар. Дәл бір деректі кинолардан көрген ұжымдастыру кезіндегі ұсқын бар, жиналыс өтетін жер де соған ұқсайды. Жақып тартылған темір жолдан ышқынып пойыз өтіп барады, тек будақтаған түтіні жоқ, электр қуатымен болат жолды еркін билеп алған. Темір жолдың дәл түбінде май жоқтықтан мәшинені арбаға ауыстырған адамдар тұр. «Бұл да бір заманның бергені шығар», - деді Тілес. - Апам айтатын «заманына сай тірлік шығар». Бұл екі еркек, екі әйелді мәшинасынан түсірген кезде қара байталдай жұп-жұмыр «Джип» жеңіл көлігі қала жақтан құйғытып кеп жақын тоқтады. Салбырап тұрған қызыл жіптен адам да, мәшине де асқан жоқ. Қызыл жіптің бергі беті толы қызыл жағалылар, халық солардың ығында мойнын созып тұр. Сұңғақ бойлы сидам жігіт көліктен шықты да ошарылып тұрғандарға қол бұлғады. Жұрт қыран топан қол шапалақтап, алақанның сартылы қазанға бидай қуырғандай боп естілді. Тілес шешесінің қара қазанын ойлады. Бір бөтелкеге айырбастап әкелген қойдың сорпасынан әлі дәм татқан жоқ, шешесі жалғызымның маңдайы жіпсісе деп жолын тосып жүр.
- Жолдастар! Бүгін бізге қонаққа облыс әкімі Мейірбек Таусамалов жолдас келіп отыр. Ол кісі ауданның жекешелендіруде қол жеткізген жетістіктерін өз көзімен көрмекші. Қарашы, мынау иін тірескен ат арба мен есек арба - осының бәрі біздікі. Ат арбамен жүк тасимыз, есек арба - дайын такси. Бензинсіз-ақ, миды ашытқан моторсыз-ақ, күнімізді көреміз. Енді сөзді Таусамалов жолдастың өзіне береміз, - дегенде, ду қол шапалақты қол сермеп тоқтата алмаған әкім «Мәке!» - деді дәрежесі жоғары шенеуніктің алдында төменшіктеп. - Бізде жекешелендіру басталысымен қолдан мәшине құрастырып алған жігіт бар. Ол - ақ күрішті ауыл - «Қызылтаңнан». Қайда сол жігіт?» дегенде, облыс әкімі қосыла дауыстады: «Шақырыңдар, менің қасыма кеп тұрсын!». Жұрт итермелеп Тілесті алға оздырды. Сұңғақ бойлы, көзі ойнақшыған ел ағасы өзіне жақындай берген құс тұмсық, қауын бас, мұнтаздай таза киінген жігітке «Құттықтаймын!» деп бес саусағын тіп-тік созып, алақанын ұсынды да, «Мұндай жігітті аспанға ұшыру керек?» деп қос қолын ымдап көтергенде қасындағы галстук таққан төрт жігіт Тілесті он екі мүшесінің кез келген жерінен ұстап ап «Әуп!» деп аспанға атты. Үш рет атқанда халық өкілдері «Уралап» үш рет күңіренді. Жерге түскесін жұмыр жердің бетінде не болып жатыр дегендей, өзіне-өзі келе алмай әкімнің қасында біраз бөгелді. Жүре беріп еді, «Сен кетпе, мен тұрған жерде тұр» - деді әкім.
Әкім сөйлеп кетті. Жекешелендіруде қол жеткізіп жатқан жетістіктерді тілге тиек етіп, біз әлі де «Қазақтың Сыр бойынан шыққаны анық» деген сөзді дәлелдеп, өзімізді республика жұртшылығы алдында мұнан да артық дәрежеде көрсетеміз. Мал да, егіс те, жер де жекешеленетін болады. Жерден алатын үлестеріңіз үшін көкқағаз береміз. Сол көкқағазды аялап ұстайсыздар. Сандыққа салып қойыңыздар да, кез келген уақытта сол қағазды көрсетіп, жерді пайдалана бересіздер. Жекешелендіру деген сол. Ал, не сұрайсыздар? - деп аяқтады сөйлеген сайын кеңірдегі бүлк-бүлк еткен әкім. Сол кезде құлағының дәл түбінен саңқ еткен дауыстан тұлабойын жиып алды. Тілес өзі білмейтін нәрсені сұрап қалғысы келді.
- Әкім мырза, - деді тез сөйлейтін әдетімен. Осы қазір жиі айтылып жүрген шағын және орта бизнес, инвестиция дегендерге түсіне қоймаймыз. Тендер дегені тағы бар. Осыны түсіндіре кетсеңіз.
Аудан әкімі «кет бұ жерден» дегендей ала көзімен ата қарап еді, өзінен жоғары басшының жылы жымиысы Тілеске тосқауыл болды.
- Бұл мәселе, - деді облыс әкімі Таусамалов өз-өзінен шаттанып, - әнеугүні Алматыдағы жиналыста та айтылды. Телевизордан көрсетті ғой. Мен де тура өзің айтқандай осы сауалдарды Елбасына қойдым. Осыларды түсіне алмаймын, бірақ айтқан сөзіңіз, берген тапсырмаңыздың бәрін мүлтіксіз орындаймын дедім ғой.
Ат арба мен есек арбаның үстінде өкшесін көтеріп тұрып әкімнің аузына қараған қарақұрым жұртшылық бұ жолы да алақанын аяған жоқ. Әсіресе, жастар жағы үсті-үстіне қол соғып, әлі де бір нәрсе жетпей жатыр-ау дегендей, қос саусақты ауызға салып, қызыл тілді қайырып жібергенде ысқырықтан желкем соғып, тас жолдың бойындағы қарағаш жапырақтары жыбыр-жыбыр етті.
- Мен, - деп Тілес тағы да киіп кетті. «Құмкөлге» айырбасқа қой айдағанның бірімін. Сонда бір қойға қанша литр бензин, қанша литр солярка төлемекші? Обал емес пе? - дегенде әкім тілдей қағазды төс қалтасынан шығарып:
- Оның жауабы дайын, - деді. - Міне, былай: 4 өгізге 2 бөшке бензин аласыз. 6 кір сабын - 1 тоқты. 1 қап тұзыңыз - құнан қой. Ендігісін өздеріңіз есептеп шығара берерсіздер, - деп жұртқа қарап қол бұлғап, микрофоннан кете бергенде Тілес естіртіп «Обал ғой», - деді тағы да.
- Обал-сауаптың жауабы Алладан. Біз орындаушысымыз, - деді әкім аспай-саспай.
«Қап, жездеме қиын болмаса нетті, - деп өкінді Тілес. - Мені әкелген сол ғой. Бұлар сұрастырып жүріп, біліп алады ғой кім екенімді?».
Сол кезде аудан орталығы жақтан жұртты киіп-жарып, қос ат жеккен күймелі арба ентелей келді. Ат тұяғы тас жолды шақ-шақ ұрып дәл әкімнің қасына тоқтады.
- Бұл Шиелі ауданының күймелі арбасы. Жекешелендіру өмірге әкелген фаэтон, - деп аудан әкімі өзінен жоғары әкімге иілді. - Бірінші жолаушысы өзіңіз боласыз.
Сол кезде ұлттық киім киіп, тапжылмай күтіп тұрған мәдениет бөлімінің домбырашылар оркестрі «Сарыарқаны» құйқылжытып қоя берді. Таусамалов күй ырғағымен күймеге отырып, арбакеш божыны жасқап жібергенде қара күйме бүлкілдеп, халықтан бөлініп кете берді. Босып қалған жұртшылық есі барда елін табуды естеріне енді алып, жан-жаққа тарыдай шашылып тарай берді. Әкімнің қара «Джипі» оталып, арбаның соңынан ілбіді.
Тілес те тегін келген төрт жолаушысын тастамай ауылға тартты.
Ол төртбұрыш торда өзін күтіп шыр айналған қаншық қасқырға асықты.
***
Қасқыр көрмеген ауыл жұрты атынан қорқатын жыртқышты көріп іштей сескенсе де сырттай мәз боп айыздары қанды. «Апырмай, ит қой мынау. Бірақ, итің қасқырдың иісін сезгеннен артын қысып тұра қашады ғой» деп, отыз жыл түйе баққан Ақжан қызық үшін келіп көргенде қаншық үсті-басына паң жануардың иісі сіңіп кеткен адамға тұңғиық көзін тіге қарады. - Бойына сеніп жылдан құр қалған түйең бұл тапалға бұйым емес. Арс етіп қарнын жарады да, тұмсығын ыстыққа малып ап рахаттанады. Сиыр ғой бұған алдырмайтын. Мүйізімен қағып тастап, шыр айналып тұрады қашан әл-дәрмені таусылғанша. Бірақ, мынау атаңа нәлеті, шаршамайды ғой, - деп бұрылғанда өзі де түйедей адам қасқырмен көз түйістіріп қалды.
- Көзақыңызды төлеңіз, - деді Тілес ауылдың үлкен кісісіне. - Ауылдың әкімі де ақы төлеп көрді.
- Әкең жарымаған еді. Шешеңе түйенің бір жілігін беріп жіберем, - деп қайынжұрттығын алға сап, дірілдеп кете берді.
- Осыларды жекеше тірлікке үйретем деп-ақ шаршадым. Мен ауданның салық мекемесіне салық төлеймін, осы хайуанаттарды ұстағаным үшін. Өзім де қасқыр боп кетер ме екенмін. Түйекеш ет әкелсе, алма, - деді күйбеңдеп жүрген шешесіне.
- Иә, Ақжан беріп жіберген ет қара қазаныңда қайнап тұр, - деді шешесі тік сөйлейтін әдетін бұзбай.
Қаз-қатар тізілген діңді талдардың төбесіне үш-төрт торғайдың ұясын шегелеп қойды. Баған сымына қаз-қатар қонақтаған қара торғайлар сол ұяға зып етіп кіріп жем жеп, қайта шығып жатыр. Бір қызығы, баған сымына қонақтаған торғай біртіндеп азайып, ұяны мекен қылуда. Сабақтан қайтқан екі бала соны сөз қылып тұр.
- Қалай дәл табады ұясын. Адам сияқты. Қызық, - деді біреуі.
- Біз сияқты ғой, біз де сабақтан қайтып, үйге бара жатырмыз.
Осының бәрін естіп тұрған Тілес темір тордан торғайларға көзін алмай қараған қасқырға аң-таң. Көзін бір нүктеден айырмай түйіле қарайды. «Ол аспандағылардың тірлігіне тәнті боп тұр, - деді ішінен. - Мен жерде жүрмін, мына біреуге тұтқын боп тұрмын. Көкте ұшқанымда ғой, солар секілді еркін қалықтар едім» деп тұр ғой. «Жоқ, қателесесің, қасқыр мырза, - деп Тілестің тағы бір ойы қарсылық білдірді. - Көктегілер де екі аяқтылардың нысанасынан құтыла алмайды. Жердің иесі - екі аяқтылар. Төрт аяқтылар оларға тамақ, киім, есіне түскенде - ермек. Соның бірі - сенсің. Сен де қол-аяғың еркіндікте болса ешкімді аямас едің». Әлі де құстың ұясынан көзін алмаған қасқырды қитұрқы қиялмен тұқырта бергенде желке тұсынан апасы саңқ етті.
- Ақжанға ақша төле деп бекер айттың. Түйе сойғанда құр қалдырмаушы еді...
- Апа, ол заманның кең кезі. Қазір жекенің заманы. Ұялсаңыз аш қаласыз. Сізді ибалы, инабатты екен деп ешкім асырамайды, - деп, «Көру бағасы - 50 теңге» деген жазуды кәрі ағаштың түбінен жақында еккен жас талға қарай ысырып қойды.
- Сен жоқта Ілес кеп кетті. Жездеңнің айтатын сөзі бар екен. Барып қайтсай, жалғыз жездең ғой.
- Апа, жалғыз демесең де барып қайтам. Қазір біз көппіз. Есігіңнің алдында қасқырың бар, ұяда қаншама қара торғайың бар. Қазір Тілес жалғыз емес.
- Тезірек барып қайт, - деп бөтен сөз айтпай қауындыққа қарай кетті.
- Мен кеттім, - деді Тілес мәшинесіне отыра беріп. - Келгендерден көзақы алуды ұмытып кетпеңіз...
«Түу, осы Ажаркүл апам да базардан қалмайды екен. Тағы да мәшине күтіп тұр ғой». Автобус аялдамасына тоқтап еді, әнеукүнгі Ажаркүл апа есікті ашып, алдына отырып жатып тұрғандарға сөз салды.
- Мінбейсіңдер ме тезірек!
- Жоқ, біз «Газельге» мінеміз. Он теңге арзан.
- Өздерің біліңдер, - деп Ажаркүл есікті тарс жапты да, рөлдегі Тілесті сұрақтың астына алды. - Осы, Тілес, осы мәшинені қалай құрастырып алдың? Біздің Сейітқазыға да жолын айтсайшы. Мен осылай мәшинесінің алдында шіреніп отырайын.
- Әуелі ескі мәшиненің құр сүлдесін сатып алдым. Сосын құрастырдым. Мотор сатып алдым, дөңгелек сатып алдым.
- Удай ақша шығар?
- Кім тегін береді дейсіз, Ажаркүл апа?!
- Сосын?..
- Сосын жүргіздім.
- Саған мәшинеден де, үйіңдегі қасқырдан да ақша дегенің құйылып жатыр дейді ғой. Қара торғай да саған қонақтайтын бопты, дейді. Енді маймыл сатып әкеледі, дейді. Қаладағылар секілді, анау ше, зепарк ашады, дейді. Рас па?
- Рас. Маймыл құрлы жоқпыз ба? Олар да өмір сүру үшін билеп, ән салады.
- Астапыралла! Тегін ештеңе жоқ екен ғой. Өйбу, өтіп кетіпсің ғой. Неге айтпайсың?! Мен базарға емес, құдағиымның қызының баласын сүндетке отырғызып, сонда бара жатырмын ғой. Айтпайсың ба?! Бұрыл да, оңға жүр!
Кемпір не айтса да құлдық ұрып, кері сөйлемеді. Бір бәкене шым қораның қасына келгенде:
- Өркенің өссін, Тілес-ау, - деп есікті тарс жапты да, - Ой-бу, - деп қайта ашты. - Тегін дүние жоқ екен ғой, Патымаштың баласы өкпелеп қалар, - деп қолына он теңге ұстатты.
Тілес таң қалды. «Көре-көре көсем боласың» деген осы шығар. Ажаркүл апа да тегін дүние жоқтығына көзі жете бастапты. Осылай-осылай капитализммен де қауышармыз» деп жездесінің үйіне тартты.
Есік алдына жеткенде-ақ бір әлемтапырық иіс танауын қытықтап, теріс қаратты. Ішке енгенде өлген тауықтың иісіндей иіс алпыс екі тамырын аралап, миын шымыр еткізді.
- Мына үйде қалай тұрып жатсыңдар? - деді әпкесі Ілеске қабақ шытып.
- Жездең де қонақ шақырайын десе, осы иістен ұялады.
- Өздерің де қонақсыңдар ғой. Қалай тұрып жатсыңдар мына үйде?!
- Соны саған көрсетсек деп едік. Үйді, өзің білесің, биыл ғана қайта өріп, қайта әктедік.
- Мынау өлген тауықтың, әйтпесе шіріген жұмыртқаның иісі...
- Иә, жездең де өзіңмен сөйлесем деп еді. Әне, келді, - дегенде, жездесіне тарпа бас салды.
- Бір-бірден противогоз кимей, мүмкін емес қой мына үйде өмір сүру. Жұмыс істеген өзбектердің ақысын дұрыстап төлеп пе едіңіздер?
- Жарым-жартылай төледік қой босыған немелерге.
- Олар не болса да мұндай үйде тұрмайды. Қазаққа бәрібір деп кеткен ғой.
- Соларды көргенде апам айтып еді, жаманшылықта босыған қазақ бір дорба бидай үшін өзбекке қызын тастап кете беретін деп. Бастарына келді ғой, - дей бергенде Тілес әпкесін тиып тастады.
- Ілес, қателеспе. Олардың есігінің алдында жайқалып тұрған егіні бар, қорасында маңырап тұрған малы бар. Олар мұнда бизнес жасап жүр. Түсіндің бе, бизнес. Мына дуалдарды бала-шағаң бүгіннен қалдырмай қырып тастасын.
- Сен сөйлей бермеші, - деп жездесі Хамит әпкесіне көз алартып, мұрнын басып тұрған қайнысын есік алдына алып шықты. Ағаш сәкіге жайғасып, езуіне темекісін қыстырып, жалп еткізіп оттық тигізгенде аузынан бір уыс түтін елп етіп, «Тілес!» - деді. - Тілес, мен ауданның сенің аулыңдағы өкілімін ғой. Кеше аудан әкімі бюрода: «Қызылтаңды» екі күнде жекешелендіріп бітіріңдер!» деп нұсқау берді. Соған сені де қосып отырмын. Құмкөлге қой айдағанда да серік қып қостым. Онан жаман болған жоқсың.
- Сонда не дейсіз?
- Әкімде бір өшпенділік бар. Перзенті болмағандықтан ба, өмір бойына іштен тынып, күйініп өтетін сияқты, жарықтық. Жас қатын алмайсыз ба десем, қатынынан қорқады. Тоқ етері, аулыңдағы перзентхананы әкім өзі алады. «Сенде бала көп қой, - деп маған ала көзімен атып бір қарады да: «Балабақшаны сен ал», - деді. Қырманды бас агроном Мұстафа да, гаражды бас инженер Сейітқали алады.
- Сонда маған не қыл дейсіз?
- Сенің міндетің, аудандағылар аулыңды жақсы білмейді ғой, комиссияның қасында боп, бірге жүріп, сол объектілерді көрсетіп, есіктеріне мөр басып жүресің. Ыңғайы келсе, үйіңнен шәй бер. Гараж бен қырманда қалған-құтқан көп қой, керегіңді аларсың. Саған темір-терсек көптік етпейді ғой, сол ауылда сенен асқан темірден түйін түйетін де ешкім жоқ.
- Бар айтпағыңыз осы ма?
- Осы, - деп жездесі темекісін құшырлана сорды. - Балабақшаны алсақ, түбі жалға да берерміз. Жоқ жерден саған да жаман болмайды.
- Менде әзір асыр сап ойнайтын перзент жоқ, өзіңізге жақсы болса болды ғой. Анау бес бөлмеңнің қабырғасын түгел қырғызып қой, мен ертең келемін,- деді де, сөз төркініне түсініп, қоштаспастан тартып кетті.
- Өзінің тілі қышып жүр, - деді жұбайына.
- Оның да ойлағаны бар ғой, - деді әпкесі жамандыққа қимай.
***
- Қабырға дайын, - деген әпкесінің мүләйім даусы шыққанда Тілес Ілестің алдына түсіп жүре берді. Бір жатырда жатқан жан дегендегі жалғыз қандасы - өмірі алдын кесіп өткен емес. Бүгін пәнәйі себеппен келмей қала ма деп күдіктенсе керек, таң атпай Ілестің өзі келіп тұр. Тілге келместен мәшинесіне отырғызып ап Шиеліге тартып кетті.
- Мәшинеңнің бір-ақ кемшілігі бар, сырланбаған, - деді әпкесі жайғасып отырған соң.
- Сырланса сұлу боп кетеді, - деді інісі. - Үйленерде бір-ақ сырлаймын. Қазір көңілдің өзі алабажақ боп тұр ғой. Уақыт солай.
- Апамның көзі тірісінде үйге біреуді кіргізсейші. Қызығыңды көрсін де, - деп әпкесі наздана сөйледі. - Жұрт күліп жүр, қасқыр түсіргенше келін түсірмей ме, Патымаштың баласы деп.
- Қасқыр шымылдықта емес, есіктің алдында тұр ғой. Қасқырға қол жеткізіп алсын. Қасқыр - Ана. Адамды емшегімен емізген. Көрген кезде, бәрінің зәресі ұшып тұрады да, былай шыға бере қорқынышы басылып, сөздің майын тамызады кеп. Шешен халықпыз ғой.
- Иә, оратормыз, - деді әпкесі орысшалап.
Кешегі әппақ қабырға бүгін бұжыр-бұжыр құм сылақ боп үрей шақырып тұр. Осында қара көңілдің екеуара бітіспес дағы қалған сияқты. Дақ бір жаққа түспейді, көңілдің екі жақты егесуінен түседі. Тілес алақанымен сипалап жүріп, ең үлкен қонақ бөлмеден ештеңе таппады.
- Шамды жақ, - деді әпкесіне.
- Талтүсте ме?
- Талтүсте арам қолдың дағын таппай жүрген жоқпыз ба?
Тілес шырпы тұтатып, лып-лып еткен шырақты қабырғаға тақады. Төбедегі қымбат люстра жанбай тұрып-ақ терезеден түскен күн сәулесі шырақпен шағылысқанда тік төртбұрыш боп тартылған бөртпешекті байқады.
- Пышақ әкеліңдер.
Үшкір пышақтың ұшымен дуалды айнала қаузағанда болмашы қуысқа түртінектеп сүңгіп кетті де, дуалды ұстап тұрған жұқа қабыршақ үгітіліп жерге түсті. Ілес: «Ойбай!» деп мұрнын басып, сыртқа жүгіре шыққанда өзі әрең жаққан төбедегі люстраны өшіре кетті.
- Шамды жақ! Шылапшынды әкел!
Төртбұрыш қуыста домаланып тұрған жұмыртқаның жұмыр денесі шұрқ тесік, сарыуызы кілегейленіп ағып, кірпішке ирек-ирек сызық боп жабысып жатыр. Мүңкіген иіске Тілес қана танауын басып, амалсыз шыдап тұр. Әпкесі әкелген шылапшынға тесік жұмыртқаны тарс еткізіп тастай салғанда қуыстан шыққан шірік иіс төрт қабырғаны түгел шарлап кетті.
- Далаға апарып көміңдер.
Ілес мұрнын басып жүріп шылапшынды ала жүгірді. Тілес ашпалы қос терезені айқара ашқанда таза ауа лекіп, шірік иіс сытылып шығып, орнына самал келді.
- Жанымыз кіріп қалды ғой, - деді әпкесі.
- Әлі төрт бөлмеңнен де осындай қуысты табу керек.
- Тап, түске дейін тапшы. Хайдар түсте келгенде бәріміз рахаттанып отырып шәй ішейік.
Тілес жатын бөлменің шамын жақты. Ілес талтүсте электр қуатын есептегіш түксиген төртбұрыштың бетінде ытқыған қызыл сызыққа қабағын түйе қарап қойып, осыны жақпай-ақ жұмыртқаны іздеп табуға болмай ма екен деп жанұшырып жүр. Інісіне айтуға кереғар сөз естіп қалам ба деп сақтанады, бағана айтқан «екі қара көңілдің бетпе-бет келуі қара дақ салмай қоймайды» деген сөзі де көкірегіне тікендей қадалды.
- Өзбек-әкәлар риза боп кетіп пе еді?
- Қайдам, әйтеуір тамағын уақтылы беріп тұрдық. «Әпше», «әпше»-леп жайылып жастық, иіліп төсек боп жүрді ғой кеткенше. Кететін күні кішкентай шелекпен жұмыртқа әкелгендерін көргем, жүгермектердің.
- Ақшасын төлеп пе едіңіздер?
- Білмеймін. Ақшасын төлейтін жездең ғой. Сонан сұра.
Екінші бөлмеден бөртпешек оңай табылды. Төртбұрыштың ішіне тізілдіріп екі жұмыртқа қойыпты.
- Хайдар екеуіңе таза ауа иіскетейін деген екен де... - терезені ашып жібергенде сасық ауа сыртқа лекіп, жан саясы кеңіді.
- Болған шығар, - деп Ілес жарықты жағып-сөндіретін төртбұрыш тетікті шырт еткізді.
Қалған үш бөлменің қабырғасынан да жұмыртқа табылып, бас-аяғы жеті шіріген жұмыртқа залалсыздандырылды. Хамиттің үйінің дуалы қара сылақ боп қалғанмен есік-терезесі айқара ашылып, керімсал самал соқты.
- Жездең екеуің рахаттанып отырып шәй ішіңдерші. Жүз грамнан да көріңдер.
- Біздің жүзден аулымыз алыс...
- Иә, сен татпайсың ғой. Жездең жадырап отырып бір жүзді сімірсін, - деп төзімі жетпей жолын тосып отыр.
- Енді қабырғаларыңды ағартып алыңдар. Күн суытып кетпей тұрып... - дей бергенде, Хамит кіріп келді.
- Ой, рахат-ай! Жарық дүниеде таза ауаға не жетсін, - деді қомданып, бір нәрсеге асыққандай.
- Жабық дүниеден жеті жұмыртқа шықты. Жеті күлше құдайы беріңдер, - деді де, Тілес жездесінің өң-жүзіне шұқшия қарады. - Өзбектердің ақшасын түгел төлеп пе едіңіз?
- Үштен бірін...
- Өзбек пен шешен ақысын жегізбейді. Құрығанда сазға отырғызып кетеді. Олар қазақ емес қой. Тағы да айтам, қабырғаңнан шыққан жеті жұмыртқаға жеті күлше құдайы беріңдер.
Хайдар қайнысының сөзіне қабағын тыржиытты.
- Бүгін кешке әнеукүнгі айтқан комиссия аулыңа барады. Өзің бастап жүресің, - деді.
- Неге кешке?
- Бұндай жұмыс қараңғыда істеледі. Жұрт көзінен тасада...
- Өздері іздеп тауып алар, - деп Тілес үйден шықты. Жездесімен бірге ішетін шәйға да қарамады.
***
Күн бата колхоздың қос қабатты кеңсесінің алдына аудан орталығы жақтан екі жеңіл мәшине келді де, кеңсе қарауылы арқылы Тілесті тауып алды. Ол ескі «Москвичімен» өзі бастап жүріп, ауыл шетіндегі кәрі сәмбі талдар көмкерген бау ортасындағы ұзыннан-ұзақ созылған ақшаңқан үйге әкелді. Бұл - «Қызылтаңның» талай тумасының кіндігі кесілген перзентхана. Төрт адам, бастаушысы Тілеспен бесеу боп ішке енді. Жылан жалағандай тап-таза, самаладай жарқыраған бөлмелер. Бергі жағында есігі бөлек шыққан екі бөлме тұр, бұл - дәрігерлік пункт. Ол да перзентхананың қоржынында кетпекші.
- Дұрыс екен, - деді аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бастығы - жекешелендіру жөніндегі комиссияның төрағасы жауырыны қақпақтай жансебіл жігіт. - Кім алса да игілігін өлгенше көреді. Ал, толтыр қағазды.
Анықтама
Жекешелендіру комиссиясының ұйғарымы бойынша, «Қызылтаң» колхозының 10 орындық перзентханасы, қасындағы медициналық пунктпен қосылып, аудан әкімі Қорғанбек Әйімбетовтің атына жекешелендірілсін. 4 бөлме. Бар дүние-мүлкімен.
Жекешелендіру комитетінің төрағасы - аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бастығы _______________ (қолы)
Мүшелері:
Аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі ___________(қолы)
Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы жоспарлау-экономика бөлімінің бастығы _______________ (қолы)
«Қызылтаң» колхозының колхозшысы ____________ (қолы)
- Сенің аты-жөнің кім еді? - деді қағаз толтырып жатқан жалпақ жауырын.
- Тілес.
- Әкеңнің аты?
- Қорасан.
- Тарихта қалдың. Өзің де, әкең де... Құттықтаймын! - деді өзеуреп. - Баста. Келесі объектіге барайық.
Тиіп тұрған қос қабатты балабақшаның іші де жылан жалағандай. Дәл алдында социализм көсемі Лениннің тас мүсін бейнесі қолын созып тұр.
- Мына кісіге рахмет! - деді жекешелендіру комитетінің төрағасы күз күнінде аулада жанған жарық астында басына шыбын-шіркей үймелеген тас мүсінді нұсқап. - Бәрі осының арқасы. Тек өзі бүгіннен ештеңе білмейді-ау, жарықтық.
- «Заманға заман күйлемек, Замана оны илемек» деп Абай атам айтқан... - денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі әйел кітап оқитындығын көрсетіп қалды.
- Иә, біздің Абай бұ кісіден де асып кетті ғой. Мынау өзі қаланың балабақшасын жолда қалдырады ғой. Хайдардың бес баласы бар еді, тағы бесеу қосылатын болды ғой, - деді де, бастап келе жатқан Тілеске қарады.
- Сенің жездең ғой. Жездең мықты, - деп қаламсабы мен қағазын қолына алды. Анықтаманы тастай ғып жазып, төртеуі қол қойып, есік алдына шыға бергенде жекешелендіріп жаны тыншыған төраға шам жарығы астында қол-басына маса мен соны қонақтаған ескерткішке қарап:
- Мына кісі Хайдекеңнің қолына өткесін де осылай тұрар ма екен? - деді. - Ертең ол өз білгенін істейді ғой.
- Тұрмайды, - деді Тілес. - Алматыдағы Дзержинский ескерткішін «Азат» партиясы бір күнде алдыртып тастады. Балтық елдері көсемнің бәрін былтыр-ық аластатты. Бізге де ең соңынан болса да кезек келер.
Төраға ұйып тыңдады да, көгілжім жарық астында Тілестің түтіккен өңінен көзін тайдырып, «тегін емессің-ау, бала?» дегенді байқатты.
- Тәуелсіздікті ең соңынан алсақ, жекешелендіруді ең бірінші боп бастадық, - деген тағы да Тілестің даусы естілді..
- Болатын істі бірден бастаған дұрыс, - деп төраға қараңғыға сүңги берген Тілестің соңынан ерді.
- Енді шеберхана мен қырман қалды ғой.
Екі нысан қатар жатыр екен. «Шеберханадағы темір-терсектің аты-жөнін тізіп жазу шарт емес, оны бас инженерге қалдырайық, біз анықтама жазып, хаттама жасайық» деді де, бәрі төрағаның шаужайын төңіректеп, аузын аңдыды. Күз түні салқын құшағына алып, денені мұздата бастады. Асфальт төселген жып-жылтыр атшаптырым аумаққа келгенде Тілес жүгіріп барып жақын жердегі трансформаторды түрткілеп жарықты қосты. Жерде жатқан ине көзге көрінер жылан жалағандай кіршіксіз дүние. Астық орылу науқанында газеттер «Комбаиннан - қырманға», «Қырмандағы қызу еңбек» деп жазып, ақындар мен әншілер «Нан қоймасы» деп нәшіне келтіре жырлайтын еңбек алаңы. Қазір қарасаңыз, қараусыз қалған жетім баладай жүдеу. Мойны сорайған дән тазалағыштардың үні өшкен. Анадай жерде томпиып вагон-үйшік тұр. Бәрі сонда кіріп, үркіп тұрған үстел үстіне қағазын қойып, төраға жаза бастады.
- Аумағы қанша екен? Сен аяқпен өлшеп келші, - деді төраға Тілеске қарап. - Мәшине ойлап тапқан адамға қырманды өлшеу не тұрады, - деді шығып бара жатқанда. - Өзі зоопарк ашып, қасқыр ұстайды, дейді.
Тілес бұлардың өзін бүге-шігесіне дейін біліп алғандығына қайран қап бас шайқады. «Хайдардың қайнысы екенімді білер, қасқыр ұстағанымды қайдан естіді екен? Жаманат жатпайды ғой. Бұл өзі жаманат па, жақсылық па?» деп өзін-өзі сауалдың астына алды.
Қырманның орнын адымдап айналып шықты. Солдаттың сапта жүргеніндей адымын жазып төрт айналғаннан кейін «300х200 шаршы метр асфалтталған колхоз қырманы десеңіз болады» деп үйшікке сөйлей кірді.
- Айтсаң болды, - деп төраға қопаңдап қалды.
Вагон-үйшіктің бір бұрышында тайдың еті сиятындай нән қазан сүйеулі тұр.
- Мында қараңыздар, - деді Тілес, - қазан қап қойыпты ғой.
- Бұл, сірә, аспаздың тамақ істейтін жері болар.
- Қой кетіп, қазан қалғаны қызық екен, - деді денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі әйел тағы да сауаттылығын танытып.
- Бұл сұраусыз дүние боп қалмасын. Бас агрономға қалғаны да жетер. Ертең қырман қыла ма, жұрт демалатын жағажай қыла ма, оны бас агроном өзі біледі. Бұл қазанды қасымызда жүрген мына азаматқа берейік. Осы ауылдың бас көтерері ғой. Колхоздан қалған бір ескерткіш болсын. Кейін жекешелендіру сөз болғанда «Мен колхоздың тайқазанын алғанмын» деп айтып жүрер. Келінге апарып бер.
- Келін жағынан ұяттымыз.
- Болмаса болады ғой. Келін түскенде осы тайқазанға ет асып, бәрімізді тойға шақырасың. Ал, кеттік, - деп, бәрі вагон-үйшіктің көмескі жарығы астында алабажақ қағазға қолдарын қойып, есіктен шықты.
Тілес тайқазанды қарауыл екеуі әрең көтеріп, «Москвичтің» жүк салғышына тігінен қойды.
Бәрі іс бітті деп, түн жамылып бет-бетімен тарап кетті.
Бұл олжасын алып, «Москвичін» мимырт жүргізіп келеді.
«Апам не дер екен? Бір қазанды қайната алмай жүргенде екінші қазан не теңің дер. Мейлі, айдалада қалғанша менің дуалыма сүйеулі тұрсын. Қара қазан бұрқ-сарқ қайнайтын кез де келер» деп қиялымен жарысып, оң қолымен қолақпандай қара темірді алға итеріп, жедел жылдамдыққа салды.
***
- Балам, - деді шешесі Патымаш бір күні. - Түз тағысы қасқырды әкеп, қораңа қамап қойдың. Жұрт аузынан жырып, тиынын тастап көріп кетіп жатыр. Ол да түздің киесі ғой. Аяғын шайнап тастап, қақпаннан құтылған мақұлық тегін емес. Қырманның қара қазаны келді үйіңе ойламаған жерден. Бұ да Құдайдың бергені шығар, кімнің үйіне аяқ астынан қазан кеп жатыр. Айтайын дегенім, балам, мынау таяқ тастам жердегі Оқшы-Атаға барып, әруақтарға Құран бағыштап қайт. Садақа бер.
- Түсіндім, апа - деді Тілес. Бір атадан жалғыз өскен өзіне шешесінің, онан қалса, атадан қыз боп жаралған әпкесінің сөзі талдап-талқылауға жатпайтын заңдай боп естіледі.
Бүгін Шиелінің моншасына түсіп, жуынып-шайынды. Ешкімге тұла денемді куә қылмайын деп жеке түсті. Терлеп-тепшіп, жуан сан мен қос балтырын шапаттап, киіздей алақанын жұмсарта сипап, жаны енді. Кеуек таспен табанын ысқылады. «Осы аяқтың арқасы шығар дүниенің төрт бұрышын адақтап жүргенім», - деп өзіне-өзі тәуба айтты. - Сенің ізің Сахалинде де қалды ғой» деп екі жыл әскерде болған үскірігі құлақта қалған қарлы өлкені емексіп есіне алды. Осы жолы «Құдай екі аяғыма қуат бергей» дегенде, құлақ түбі жел тұрғандай гуілдеп кетті. Терлеп-тепшіп шығып, бусанған бойын кептірер-кептірместен үш шақырым жердегі үйіне жетіп, шешесінің сүт қатқан шәйін сораптағанша асықты.
Қасқырдың торына тақау ішінде үш ақ қояны бар төртбұрыш жәшік қойды. Бұны мектепте зоологиядан сабақ беретін сыныптасының айтуымен жасады. Шиелідегі арақ сататын неміс Эмел қоян да асырайтын. Балалар түгілі, бұл ауылдың ересегі де қоян көрмепті. Танау тұсы бүлкілдеп тұратын үш ақ қоян әбден жемге семіріп, қоң жинап, домалана бастады. Әкелген күні қаншық құп-құйттай болған тірі жәндіктің өзімен қатар тұрғанына назаланып, ырылдап, айбат шекті. Бұл заңды құбылыс. Адам да сөйтеді, теңін іздейді, танысып, тіл табысқанша бірін-бірі жеп қоя жаздайды. Қасқыр да белі жуандап, қоңдана бастады. Бағанға керілген сымда қаз-қатар қонақтап тұрған жерінен ұшып кеп, жайбарақат ұясына кірген қара торғайға әрі таң қалса, өзінің осындай болмысымен әлі күнге жерде жүргеніне қорланатын секілді. Ақ қоянға аяушылықпен қараған сайын сен де жер үстінде қор болған менің серігімсің ғой дегендей сілкініп-сілкініп қояды. Ақ қояндар қасқырдың әлемтапырық иісінен танау тұсын жыбырлатып қорғанғандай боп еді, барар жер, басар тауы болмағасын қайтсін, дөңайбат шеккен жыртқыштың көз алдында домаланып күн кешіп жатыр. Адамның қолында тұрып бәріне де төзесің. Ауылдан аттап шықпаған кішкентайлар үшін бәрі қызық, тіпті қоян көрмеген ересектер де келіп-кетіп, қайтар жолда адам қолындағы хайуанға аяныш білдіріп қайтады. «Көру ақысы - 50 теңге» деген тақтайшадағы жазуға бүкіл ауылдың көзі де, аузы да үйренді. Сөз тиылды. Бәрі уақыттың уысында кетті. Осының бәрі «жүрген аяққа жөргем ілігедінің» арқасы деп Тілес рахат күй кешіп келе жатыр. Апасының ыстық шәйін ішкенде де көңілін тоқ санап, арқаланып отырды. «Ертең Оқшы-Атаға барып қайтсам, бұлардың қатарын көбейтіп, қасына қырғауыл мен ақбөкенді қосып қоям» деп тәтті ойдың иіріміне түсіп кетті. - Бір атаның балаларындай боп бәрінің бастары біріксін, көрген адам таң қалсын, - деп бір сурет көз алдын кес-кестеп өтті. - Ол үшін Арқа беткейге бір шығып, бөкен ұстауым керек, қырғауылға Састың тоғайына барып тұзақ құрармын, - деді. - Енді біраз мызғып алайын, - деп жатқанда ыстық будан кейін балбыраған денесін тәтті ұйқы қармап құшағына алды. Күн де батып кетті. «Күн батарда ұйықтама», - деп айтуға шешесі ішке кірді де, баласының сәби күніндегідей балбыраған тәтті ұйқысын бұзбайын деп кері шықты. Ол тәтті ұйқы құшағында түс көріп жатыр еді. Қазір жолға шығарда жорыса - күндізгі ойы мен қиялының жемісі, тіпті наразы көңілдің назасына ұқсайды. «Көрерміз», - деді жолға асығып.
Оқшы-Атаның мазары ауылға он шақырым. Мәскеу мен Бейжіннің арасын қосатын алып жолда автомобил толас таппайды. Адам мен темір осы күре жолдың үстінде жүрек пен мотор боп түсініскен таңғажайыптар секілді. Алысқа шыққан жолаушылар үшін бұл бір мерекеге бөленген мерейлі жол, ауыл арасының адамы үшін күнделікті берері аз бүкең жол. Құдірет санап, ел сиынған әулиенің бәрі осы жолдың бойында тынығып жатыр. Оқшы-Ата қасындағы пеш жағып, кірпіш құйған Кірпіш-Ата, оқудан бас көтермеген Кітап-Ата, көзге бір көрініп, зым-зия жоқ боп отырған Ғайып-Ата, одан әрі Досбол датқа кесенесі, одан әрі қобызшы Қорқыт-Ата кесенесі. Білетіндер тұсына тоқтап, Құран бағыштап өтеді. Жол бойындағы ескертпе жазуды оқып, аттарынан түсіп, тие берсін айтып жататындар да бар. «Бұл жерде пәлен деген әулие кісі жатыр. Жолаушы! Жылдамдығыңды азайтқаның жөн» деген МАИ-дың жарнама-ескертуін оқып, баяу жүріп, өзі білмейтін дүниеге бас иетіндер де, ештеңені елемей ерегісіп, тегеурінін тежемейтіндер де бар. Тілес осының бәрін ойлап келе жатыр. Кеше суға түсті, тұла денесіне ақ көйлек, ақ дамбал киді, басында ақ тақия. «Әруақты сыйласаң қор болмайсың» деген шешесінің даусы қашан да құлағында, ғылыми коммунизмді қанша малданғанмен адамды тәнті еткен бір құдірет барын іштей сезеді. Басын сәждеге ұрған діндар болмаса да, жаратылыстың адамзат ардақ тұтар бір қасиетіне бойұсынуды жанымен қалайтын секілді. «Кешегі күн батарда көзі ілініп кеткенде көрген түсі не түс? Оны кімге жорытам? Ешкімге де жорытпаймын, ол - өз көңілімнің кілті, құпиясы ашылған қойма. Ол қойма да енді мен үшін кілтсіз қойма. Қойманың аузы ашық қалса не болғаны?» Кітапты көп оқитын, адамзат тарихының қайнарларын білуге тырысқан алақұйын көңілі алып-ұшып тұр. «Ата-тарихтың мынау еркіндік алған заманда алдымнан қол бұлғап шыққаны да» деп, өз қуанышына өзі ортақ боп келе жатыр. ...Түсінде аулына кәдімгі жоңғар деп жүрген қалмақ шауыпты. Бұл жердің қожайыны - кеше өзі бес нысанды жекешелендірген комиссия төрағасы - әлеуметтік қамсыздандыру мекемесінің бастығы екен. Ол «жерді қорғасаңдаршы» деп өзіне және өзі сияқты қасында тұрғандарға жалынады. Бірақ, ешқайсысы былқ етпейді. Өзі бұрылып: «Ол жекешеленіп кеткен жер ғой», - деді. Сөйтіп, ел басына күн туғанда жекеменшік жерге ешкім көмек қолын созбады... Оянып кетті де, «Басыңа көрінсін!» - деді күбірлеп. Шешесі жаман түс көріп оянса сөйдейтін. Қуанып қағаз толтырып, әрнені айтып шаттана қол қойған төраға қамығып тұр... «Өзімен кетсін!» - деді тағы да күбірлеп. - «Түс - түлкінің боғы».
Кең жолдың көлігі де көп - неше түрлі үлкен-кіші автобустар, ауыр жүк машиналары, атасы бөлек жеңіл көліктің сан түрі. Әнебір тұрқы ұзын автобуста қыдырып бара жатқан оқушылар қол бұлғайды. «Құдай біледі, олар да Оқшы-Атаны көруге бара жатыр. «Шүкір, - деп тәубаға келді Тілес. - Бұрын бұл да жоқ еді. Осылай-осылай теңесіп кетеміз де. Мұсылманшылық әсте-әсте» дегендей...» Өзі де сол оқушылардан қалмай Шиелінің шетіне шыққанша асыға бастады. Мына бір су жаңа «Джип»-тің жүрісі тіпті сырдаң. Бас иесі қалғып бара жатқан біреуге ұқсайды. Не жол бермейді, не жолмен жүрмейді, тертеге байланған ырдуан арбадай ырғаң-ырғаң етеді. Тілес жылдамдықты қосып, қатарласа бере басып озды. «Джип» мимырт жүрісінен танбады. Әлде көлікті жаңа жүргізіп жүрген біреу ме екен? Рөлде салиқалы, салмақты,тістеніп отырған нән кеудені көрді. Басып оза берді. Бір мезет өзін бүйірден соққан соққы жол шетіне ысырып тастады. Қара «Джип»-ті көзі шалды. «Сірә, намыс жеңген болу керек» дегеннен басқа ештеңе ойлауға мұршасы келмеді. Кетіп бара жатқан сұлыға тойған қара айғыр көз ұшында қалды, жем жемеген құнандай қолдан құрастырған көріксіз «Москвич» мөңкіп-мөңкіп жолдан шығып, екі аунады. Қаңылтыр майысып, бүрісіп, мотор мен рөл бірігіп кетті. Тілестің көз алдынан Оқшы-Ата, онан кейін Қыш-Ата, Ғайып-Ата, Кітап-Ата біртіндеп ғайып бола бастады. «Артық кеттім бе?» деген сөз ызыңдап миында тұрды, бірақ сөз боп сыртқа шыға алмады.
***
Көзін ашып еді, әппақ дүние - әппақ әлем құшағында жатыр. Басындағы құс жастық, астына төселген жайма, жамылған көрпе, бас жағындағы төртбұрыш әбдіреге жапқан жамылғы да әппақ. Қасына кеп қан қысымын өлшеп, қолтығына мөлт-мөлт еткен қызу өлшегіш қойған медбике қыздың тұлабойы түгел әппақ. Қаракөлеңке дүниеден әппақ дүниеге қалай тез жеткенін ойлаған сайын төбесі шым-шым етіп, шаншып кетеді.
- Жамбасыңызға ине саламыз. - Медбике қыз ілтипатпен тіл қатты. Бұл оның есін жиып, ұйқыдан оянғаннан кейін естіген сөзі. Ұйықтататын дәрі егіп, шұғыл ота жасағанша не болғанын білмеді, дауысы бар дүниеге енді-енді бас сұғып келе жатқандай. Әппақ есік ашылып, әуелі еңгезердей бір еркек, соңынан жауырынынан күн көрінген тағы бір еркек кірді. Бұлардың бәрі де дөңгелек қалпағынан бастап, тұлабойларын аққа малып алғандай.
- Тілес Қорасанов, қалай, өзіңе-өзің келдің бе? - деді алдыңғысы тамырын ұстап тұрып. Қимылы да, сөзі де дөрекілеу. Білегін сілкіп тастай салды да: - Біз сенің екі аяғыңды кестік. Солай етпесе болмайтын болды. Шешең мен әпкеңнің рұқсаты бар. Инеңді сала бер, - дегенде, жамылғыны серпіп жіберген медбике қыздың шалт қимылынан кейін тағы да аққа оранған аяқ жағын көрді. Екі аяғы ақ дәкемен маталып оралған, төменгі жағын бұрынғыдай емес, біртүрлі салмақсыздау сезініп жатыр. Қозғалып еді, аяқ жағы қаңбақтай алып-ұшып кетті. «Адамның аяқ жағы бас жағына қарағанда ауырлау болмас па еді?».
- Жамбасыңызды тосыңыз... - медбике айтуын айтқанмен сәл қырындаған жігіттен жауап күтпестен инені шым еткізді. Өларада жатқан бұған шыбын шаққан құрлы сезілмеді, мынау әппақ дүниеде неғып жатқанын да білмейді. «Сонда осылай әрекетсіз жата берем бе?» деп қимылдап еді, аяқ жағы тағы да жеңіл тартып кетті.
- Бір апта жатасың. Аяғың әбден жазылғасын протез-аяқ салғызасың. Үйіңе барып, біраз демаласың ба, әлде бірден Алматыға тартасың ба? - деді еңгезердей бас оташы түк болмағандай түксиіп.
- Үйге ақсақ боп қайтпаймын.
- Молодец! Онда бірден протезге жібереміз. Жігіт!
Олар шыққан есіктен Ілес кіріп кеп, көзін ашқан інісін көріп, жанарынан жас парлап егіліп қоя берді.
- Саған соққан осы ауданның нәшәндік мілитсасы екен. Рөлде ұйықтап кетіпті. Қорқып, қашып кетіпті, ең болмаса, бұрылып жағдайыңды білмей ме? Хайдарлар айтып жүріп ұстатты. Сенің жекешелендірудің мүшесі болғаның да жақсы болды. Хайдар әкімге соны айтып тұрып алыпты.
- Ол түрмеде ме?
- Жоқ, кепілде. Өз түрмесіне өзін қамаушы ма еді.
- Мәшине?..
- Мәшинең құрысын. Өзің аман болшы. Ауыл гу-гу. «Аман қалғанына шүкір, тағы бір мәшинені құрастырып алады ғой» дейді. Басың аман болсын, аяқ қайда кетеді дейсің. Темірден салып береміз, дейді ғой. Аяғын комбаин жеп қойған Жадыра да темір аяқпен байға тиіп, баланы шұбыртып туып жатыр ғой. Өзі герой.
- Ілес, қасқыр тұр ма?
- Тұрмай қайда кетеді. Апам қалған етті алдына тастайды. Сен кеткелі бері көзін бір ноқаттан алмай мүлгіп тұрады да қояды. Қасындағы ақ қоянға да қарамайды. Мә, сорпа әкелдім, суып қалмай тұрғанда іш. - Ілес әкелген сорпасын сөзбен суытқанын білген жоқ, кесеге құйып, інісіне ұсынды. Тілес ернін тигізді де, бассалып іше қоймады. Сол сәт медбике қыз тарс еткізіп бас жағына қос балдақты қойып кетті.
- Далаға шығам десеңіз, рұқсат.
Тілес көз алды мұнартып, талықсып кетті. Дәл қасындағы әпкесі де, оның қолындағы бір кесе сорпа да майдаланып, бөлшектеніп, Көкке ұшып бара жатты. Бас жағындағы қос балдақ та бырт-бырт үзіліп, ұсақ-түйек жаңқа боп ұшып, төбеде қалықтап жүрді. Отырған күйі ақ жастыққа шалқасынан түсті.
- Ойбай, доғдыр, есі ауып қалды, - деп Ілес дәлізге тұра жүгірді.
Есеңгіреуге қарсы дәрі еккеннен кейін есін жиған ол әпкесіне екі-ақ ауыз сөз айтты.
- Енді келмей-ақ қойыңдар. Алматыдан үйге өз аяғыммен жүріп барам...
***
Алматыда тағы да әппақ әлемге малынды. Атшаптырым кең бөлме толы қол-аяғы ақпен таңылып, атқан таңнан жылы әуез күтіп аңтарылып жатқандар. Дәл қасындағы серігінің оң қолы жоқ, «не болды?» десе, «ұрлықтан болды, мені протезден кейін түрме күтіп тұр» дейді аспай-саспай. Бұл сөздің Тілеске анау айтқандай жан ауыртар әсері болмаса да, атшаптырым бөлмедегі әртүрлі мінез-құлықтың өзі бір әлем боп жан-дүниесі жайыла түсті.
- Сен ше? - дейді серігі.
- Жол апаты.
- Соққан кім?
- Полисай.
- Ұсталды ма?
- Кепілде жүр.
- Ол құтылып кетеді. Біздің қоғамды ұстап тұрған солар, заң да солардың жағында.
«Өзі білгіш, неге қылмыс жасады екен?» деп Тілес таң қалды. Екі қол, екі аяғы жоқ бітеу адамдар да бар мұнда. Олар Ауғанстанның тақсіретін тартқандар екен. Ең жаманы - күту. Сарғайып күту адамды шаршатады, осал жүректің сағын сындырады. Әйтпесе бәрі де өмірден үмітті. Кеудеде жаны болғаннан кейін кім болса да өзінің үлесін іздейді. Қарашы, ұры да үмітті. Ол темір тордан құтылғасын кәсібін қайта жалғастыруды ине-жібін дайындап, жоспарлап отыр. Адамның алданышы - үміт. Үйден жырақта, анасы мен әпкесінен аулақта, ауылдастарынан оқшау жатқанда Тілес осындай ой кешіп, мүгедек үшін де қу тірліктің берері аз емес екен-ау деген байламға тоқтады.
Биікте тұрған теледидардың экраны быж-быж етіп ирек-ирек сызықтар толқындана жүгірді. Бұл - өмірдің кіріспесі. Экран осындай ирек-ирек сызықтардан кейін адамды көрсетеді, соның тіршілігі туралы айтады. «Маугли туралы мултфильм боп жатыр. Қасқыр асыраған адамның баласы, ол жауыз жолбарысты жеңіп, адамдарды құтқарып қалады, өйткені оның сүйегі - адам, адам аңды жеңеді. Осы... деп ойлана қалды Тілес Мауглидің әр қылығына жүрегі елжіреп жатып. - Осы қазір адамға адамнан гөрі жан-жануар жақын боп барады. Олар ақшамен есептестейді ғой». Өз есігінің алдындағы бір ноқаттан көзін алмай тұрған қаншықтың бейнесі жанарын кес-кестей бергенде құлағының дәл түбінен ұрының даусы саңқ етті.
- Үкіметке қойшы. Заңды тыңдайық. Рахымшылыққа ілігер ме екенбіз? - деді. Оның арманы - ауырдың үсті, жеңілдің асты, ине-жіп ұстаған қолының көрпе көктеуі де осы.
Экранда үлкен жиналыс жүріп жатыр. Мәжіліс пе, Сенат па, әйтеуір ығай мен сығай. Қылқынған біреу баяндама жасап тұр. Бір мезет шолтаң ете қалған бір сөйлемді сыдырта оқып шықты. «Жекешелендіруде асығыстық пен кемшіліктерге жол берілді». Одан әрі қол жеткізген жетістіктер жайлы толғанып кетті. Сол жадағай жалғыз сөйлем ұрының қасында түсініп тыңдап отырған Тілестің көкірегін мұздатты. Өзінің де осыған қатысы бар емес пе? Орындаушысы басқа болса да... Перзентхана мен балабақша жекешеленгенде қол қойды, қырман мен шеберханаға да. «Енді мен осы перзент көріп, бала тәрбиелей алар ма екем? Апам айтпақшы, маған біреу тие қояр ма екен? Тиген күнде, тоғыз ай, тоғыз күннен кейін ол қайда барып босанады? Жекешелендірген адам перзентханасының есігінен сығалатар ма екен? Менің әлі отаспаған әйелім босанғанша ол бұзылып кетпей перзентхана табалдырығын сақтап тұрса... Мен де енді еркек боп темір көлік жүргізіп, қырманда дән суыра алар ма екенмін? Мынаған айтсам ба екен?» деп қасындағы ұрыға төменшіктеп көз қиығын тастады. - Жоқ, ол мынаны естісе маған сау қолымен пышақ сұғып алары сөзсіз. Олар шен-шекпен жамылғандардың артық қимылын ешқашан кешпейді ғой».
- Асықпаған жалғыз Сталин. Біз соның арқасында жеңдік немісті. Мен сол неміс соғыс ашқан жылы туыппын. Әкем мені туғызып, соғысқа кетіп, Киевті алғанда өліпті. Ақымақ. Мені ұры ғып тастап кеткенше қашпай ма соғыстан. Қазір ақшасы барлар мен мына тізіліп отырғандардың перзенттері әскерге бармайды. Асфальт тепкілеп, «Менің елімді...» айтып жүргендер сені мен менің балам. Сондықтан жалғыз баламды дәл өзімнің көшірмем ғып шығарам... Қорғаныс міністірің де әскерді көрмеген киномеханик па, бірдеңе... Сталин баласын алғы шепке жіберді. Сол бұзылмаған ант пен темір тәртіптің арқасында біз жеңдік. Біреудің қанатының астында қоғамды өзгерттік. Жекешелендірдік. Екі-үш қатыннан жекешелендіріп алдық.
«Қой, бұған жекешелендіруге қатысым бар деп тісімнен шығармайын. Қолы болмаса да аяғымен теуіп, қанжоса қылып жүрер». Ол жақын жатқан ұрыға іші жыли бастағандай боп мейіріммен қарағанда аққа малынған мейірбике қыз келіп:
- Қорасанов Тілес, сізге ертең протез салынады. Кешкі алтыдан кейін тамақ ішпеңіз, салу ұзаққа созылады. Соломенцев, сізге де солай, - деп қасындағы ұрыға қарады.
Тілес тұлабойынан бір зымыран құс ұшып өткендей жеңілдеп қалды. Күткен күні келгендей, бәрін де бір мезетте бітіргендей болды. «Бір ай бойғы өлшеу, сызу, егеу - бәрі артта қалып, енді өз аяғыммен тік тұрмақпын ба?». Қасындағы ұрының көңілі тоқ емес. Ол медбике қызға жауап ретінде: «Криминалистер бәрібір жібермейді, амал жоқ, қол керек», - деп бір-ақ қайырды.
Теледидар жетістікті айтып тауысар емес.
- Жағын қарыстыршы мынаның! - деп ұры нұсқау бергесін жақын кереуетте жатқан ақсақ жігіт бір аяқпен шоқаңдап барып қызыл нүктені басты.
Әппақ дүниеде құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады.
***
Пойыз доңғалағының жүрісі адам жүрегінің дүрсілі сияқты. Жүрек лүп-лүп соқса, доңғалақ екпіндеп, ентелейді. Айырмасы - пойыз кесте бойынша тоқтап, қайта жүреді. Жүрек тоқтауды білмейді, тоқтаса қайтып жүрмейді. Сонан болар, ол адам атымен бірге аталады, адам мен жүректің бірге туып, бірге өлуі де осыдан. Ол жүрдек пойызбен Алматыдан шыққалы бері осыны ойлап келеді. Темірмен жаны бір еді, темірден түйін түйіп, «темір Тілес» деген лақат аты да бар еді. Қалай болғанда да темірдің аты темір, оның алпыс екі тамыры, қуалап аққан қаны жоқ, ол - адамға қызмет етуші мылқау дүние. Сол тілсіз тылсымның арқасында мүгедек болды, сол темір дүние асығып, ауылына алып келе жатыр. Екі аяғы да темір, алпамсадай жігіттің бар салмағын темір жанкешті көтеріп келеді. Түнде шешіп жатуға болады деп еді, ол протез - аяғының бауын ағытпады, үйге барғасын бір-ақ қол тигізейін деді. «Он сегіз сағатқа сүт те шыдайды, мен адаммын ғой» деп өзін тәкәппар ұстады. «Астыңғы орындыққа жатасыз ба?» деп бүлдіршіндей қыз кішілік танытып еді, билет нөмірі бойынша онан да бас тартып, секіріп үстіне шықты. Бұның темір аяқ екенін купедегі үш көршісі де біліп келе жатқан жоқ. «Адамның да темірі бар. Сенің көсегең көгерсін» деп, өзіне жол берген бүлдіршін қызға іші езіліп кетті. Өзін мүгедек қылған адам келіп кешірім де сұрамады. Бұның бар кінәсі - оны басып озуында екен. Бұл аймақта нәшәндік мілитсаны - мілитса бастығын ешкім де басып озуға қақысы жоқ екен. Жаман «Москвич»-тің атандай «Джип»-ті жолда қалдыруы бұл өңірде санаға сыймайтын салт, тіпті салтты бұзған саяқ құбылыс боп қабылданады екен. Ол шығынды төлеуі тиіс. Шығын емес, адамдық иілу ше? «Егер ол адамдық сөзін айтып, алдыма келсе кешіре салар едім. Жаным сау, екі қолым аман, соғыстан ақсақ боп кеп көштен қалмағандарды да көрдік, ана бір ұшқыш орыс кинода жансыз аяғымен жау тылынан жылжып өтіп, темір аяқпен би билеп, жұртты естен тандырады емес пе. Мейлі, әркім өз қадірін өзі білсін. Менің темірге өкпем жоқ, әлі-ақ темірмен де қайта қауышып, темір-аяқпен де адамша өмір сүрем. Тек тіршілікте темір-адамға айналып кетпесем...». Ол төсек тартып жатқалы әлі бір көрмеген анасын ойлады. «Апама бір жақсылық істесем деп ем. Темір аяқпен жүріп... Маған қарайтын қыз болса... Өзім сияқты аяғы ақсақ, қолы шолақ, көзі қитар біреу болса... Мүгедек болса да дүрс-дүрс соққан адал жүрегі болса... Апам үшін бәріне барам...»
Пойыз дүрсілі біртіндеп басылып, бекетке келіп тоқтады. Жездесі Хайдар, әпкесі Ілес, салы суға кетіп ауыл әкімі Мұқаш тұр. «Ана қара, ауданның бас дәрігері Кәрімбаев...» Кәрімбаевты көргенде адамдардың бәрі өзіне аяушылық жасап келіп тұрғандай көрінді. Пойыз тоқтаған мезетте темір басқыштан вокзалдың асфальт төселген алаңына секіріп түсті.
- Міне, жігіт! - деді өзін ауруханадан Алматыға қол арбамен итеріп шығарып салған бас дәрігер. - Жедел жәрдемге мінгізіңдер.
- Басқа көлік жоқ па?
- Бар. Менің мәшинем бар.
- Сіздің мәшинеңіздің маңдайында крест, қабырғасында «03» тұр ғой. Мен бір қарапайым, өзімнің «Москвичім» секілді жәй мәшинеге мінсем деп ем. Күнделікті тіршілікте жүргендей...
- Өзің біл, - деп бас дәрігер бұрылып кетті. - Бір жетіден кейін соғарсың. Зейнетақыға анықтама берем.
Тілес үндемеді. Жездесінің «Жигулиіне» мініп жатып:
- Күтіп алуға нәшәндік мілитса келмепті ғой, - деді.
- Ертең оның соты. Кепіл мерзімі бітіп, құлыпасты жатыр, - деді жездесі.
- Обал-ай, - деді Тілес. - Өз түрмесіне өзі жатқаны ма?.. - Миығы тартқанда құс мұрны мен езуінің арасы дірілдеп кетті.
Екі жарым шақырым жол - иек асты. Екі аралық Ілес айтқан әңгімемен едәуір қысқарды.
- Апам жалғыз қойын сойып, қазанын қайнатып, күтіп отыр. Ауыл арасының батасын алам, дейді. Кейінге қалдырмаймын, дейді.
- Қой барда апам қара қазанын қайната берсін. Қой таусылғасын қояды ғой.
- Өзі де соған келе жатыр, - деп алдында отырған жездесі қырындай қарады.
Үй жанына өзінің бәйгеторысы - қолмен құрастырған «Москвичінің» қаңқасын әкеп қойыпты. Бүрісіп, майысып, жүк салғышы жұлынып, мотор тұсы үңірейіп, үй түбінде темірдің тәбәрігі тұр. Тек төрт дөңгелегі аман. «Сүйреуге жарағасын әкеп тастаған ғой» деп, қайыңның безіндей қатты жігіт апатқа ұрынғалы алғаш рет көңілі босады. Көзіне жас келген жоқ, астындағы атынан біреу аударып түсіріп тастағандай мажықты. Қаңқаның қасына барып селт тұрды. Қолын мыж-мыж қаңылтырға тигізіп еді, ту сыртынан жездесінің жан даусы шықты.
- Оу, шешең күтіп тұр ғой!..
Тілес анасына жақын келді. Төзімі де анасының ақ сүтімен келген, қаттылығы да Патымаштың қанынан дарыған. Бет-бейнесі өзі еміс-еміс білетін әкесінің қалыбынан аумайды. Баласының ақсаңдамай, шоқырақтамай жер басып келе жатқанына Патымаш қарап тұрып тәуба айтты. Осы кішкентай «Қызылтаңда» Әбдуәлінің баласы мәшинеден кетсе, Несібелі келіннің жалғызы мас боп мәшинемен көпірден құлап кетті, Ақжан мен Бәкірдің баласы мәшине мен матасекіл қақтығысынан кетті. Алла жар болған екен, жаным! Оқшы-Атаның киесі қорғаған екен, жаным! Өзің де бір жұтым суға алғысыз әппақ боп киініп шығып едің!» деп күбірлеп, көңілімен тілдесіп тұрғанда есік алдындағы тордан ыр-р еткен үрейлі дауыс естілді. Қаншық аядай тордың ішін арлы-берлі айналып, тісін ақситып, Тілеске қарай атылып, торға жабысты. Тұмсығы тордың тесігіне кіріп, ақ азумен көнтемір сымды ашырқана шайнап, әрең дегенде тұмсығын тордан босатып ап, әрлі-берлі дөңгелек сызып айнала берді.
- Досың сағынған екен, - деді жездесі.
Тілес ана-қасқырға қарай аяқ баса беріп, ошақ басында қазан астынан шыққан түтін өңін көлегейлеп тұрған анасына бұрылды. Ана-қасқыр енді жер жастанып ап, құлағын тікірейтіп, аналы-балалы екеудің жүздесуіне көз құмары қанғанша қызғана қарады. Алдыңғы аяғымен жер тырмалады, артқы аяғын байлаған ақ шүберек әбден кірлеп, жылтырап кеткен екен, ол да тынымсыз қозғалыстан қараң-құраң етті.
Патымаш баласының қауын басын қос алақанымен өзіне қыса тартып, құлағына естілер-естілместей сөз айтып сыбырлады.
- Аяғың жарым болса да басың аман. Аяғы ақсақтар да өліп жатқан жоқ, өмір сүріп жатыр. Артыңда тұқым қалдыр. Үйге кіріңдер, - деп тез қимылдап, ошақтан шығып тұрған жалпылдақ отынды отқа қарай аяғымен ысырды. Саз балшықтан соққан қазақы пеш гүрілдей тартып, су қайнап, садақаға сойған тоқтының еті бүлкілдей бастады.
Қасында қырманнан әкелген тайқазан төңкеріліп жатыр.
***
Түнде тырп етпей ұйықтады. Сәлем бере келген үлкен-кішіні түн ауа шығарып салды, сыныптастарымен бірге әуенге қосылып ән шырқап, көңіл көтерді. Осының бәрі пойыздың доңғалақ дүрсіліне қосылып, адам сұлбасын едәуір шаршатыпты, шалқалап жатқан күйі қыбыр етіп қозғалмастан тырп етпей ұйықтапты. Көзін ашса, сібірлеп таң атып келе жатыр екен. Күздің соңы қараша енді қар күтіп тұр. Тілес тұңғыш рет денесінен бөліп алып тастаған темір аяғын тізесіне қайта кигізіп, бұрандасын бұрап, далаға шықты. Қасқыр тұрған үйшікке жақындап еді, қаншық қозғалмады, бұдан темір иісін сезіп былқ етпеді. Қасқыр адамнан қорықпайды, темірден қорқады, темірдің ар жағында ұңғысы үңірейіп мылтық тұрады. Қара торғайлар ұясына кіріп-шығып жүр. Үш ақ қоян әбден семіріп, ырс-ырс етіп әрең демалады. «Көру ақысы - 50 теңге» деген жарнама жазу жыңғыл қораға таман ысырылса да, құламай тігінен тұр.
Таңғы таза ауада самал жұтып, сергіп жүргенде бір мәшине көшені шаңдатып осылай қарай келе жатты. Бұл - жездесі Хайдар еді. Осы екі арада апасы қасына келді де: «Тілес, өзің келдің ғой, енді қасқырды апарып таста, оның да иесі бар ғой», - деді жайбарақат. Құптағандай бас изеді, бірақ үн қатпады.
«Жигули» бұрылып кеп жездесі түсе бергенде:
- Ертелетіп жүрсіз ғой? - деді.
- Мынаны мәшине құрастырып алғанша сен мін. Саған мәшинесіз болмайды ғой.
- Сол үшін бе?
- Сол үшін. Анау нәшәндік мілитса кеше сотта рахымшылыққа ілігіп, босатып жіберіпті.
- О не қылған рахымшылық?
- Тәуелсіздіктің бес жылдығына...
Тілес Алматыда протез-қол салдырмақ боп қатар жатқан ұрыны ойлап кетті. Оның жарықшақ үні де анық естілді. «Ол құтылып кетеді, заң соларға қызмет етеді...».
- Мен асығыспын. Сен, - деді де, тоқтап қалды. «Зейнеткерлік құжатыңды қашан даярлайсың?» дегелі тұрды да, «сұрайтын кез келер» деп жолға жаяу шығып кетті.
Тілес тор қораға кіріп, мойнына кендір жіп байлап, қасқырды алып шықты.
- Апа, - деді анадайда тұрған шешесіне. - Үш ақ қоян әбден семіріпті, біртіндеп сойып ала беріңіз. Қораңда не қалды соятын?
- Өзім де соны ойлап жүрмін, - деді аспай-саспай.
- Қара торғай ұясына кіріп-шығып жүре берсін. - Мәшиненің артқы есігін ашып, қасқырды кіргізді. Артқы үш адамдық орындыққа жіңішке бел қаншық еркін сыйды. Жамбастап жатып ап, өзі екі ай тұрған мекенді қасқыр көзімен бір шолып шықты. Ол бұл жерді адаспай табар алашұбар пейілін алға сап бара жатыр еді.
Мәшине гүр етті. «Рөл орнында, жылдамдық ауыстырғыш қақайған темір орнында, май табанмен мыжып басар жылдамдық күшейткіш пен тежегіш орнында ма екен?». Ол темір аяғымен күшейткішті басты. Мотор гүрілдеп, түтін будақтап барады. Артқа шегініп, қайта алға жүрді. Тағы да артқа шегініп көрді, «енді не де болса алға айдау керек». Таң атпай жеңіл мәшине жолға шықты. Газ күшейткіш қалақтай төртбұрышқа темір табан тиген сайын жеңіл мәшине қамшы жалатқан тұлпардай ытқып кетеді. Тежегішті әлі басқан жоқ. «Тоқтар кезде бір-ақ басам, тоқтату қиын дейсің бе». Арттағы қасқыр басын көтеріп, орындықта белуардан жоғары отыр. Бағана, мәшине жүрерде, шешесі қорқып кетті. «Ту сыртыңнан қасқырды қаратып қойғаның не?!» - деді күбірлеп. Сосын баласының тезіне салған. «Алып келген адам апарып та тастай алады». Ал «Адамнан гөрі маған қасқырдың мейірімі мол боп тұр ғой, - деген ой баласының төбесін шым еткізген. - Шынында, желкемді бас салып шайнап тастаса. Жоқ, қасқыр жыртқыш болғанмен адаспайды». Бірде ауыл шетіне шыққанда анадай жерде алақтап қарап тұрған қасқырды көрген. «Бұл неге қашпайды?» десе, «Бізде мылтық жоқ қой» дейді қасындағылар. «Менің де протез-аяғымның иісі әлі кеткен жоқ, даланың иісі сіңген жоқ. Осы иіс-ақ оны таңқалдырып келеді» дегенше, «Шошқа баздың» төбесі көрінді. - Оның арғы беті - қалың тоғай мен жынысты алқап. Соған жеткізсем, інін өзі-ақ табады».
«Шошқа баздың» арғы беті табан ізі тимеген қорыс - батпақты жер жеңіл көліктің дөңгелегін жүргізбей өзіне желімдей тарта берді. Тілес тізесін созып, темір аяқпен тұңғыш рет тежегішті басты. Май табанның мыжуындай емес, темірге темір тақ етіп тиіп, мәшине қалт тоқтағанда артындағы қасқыр да емпең етіп, тұмсығымен иығын жалап өтті. Тоқтаған бетте артқы есікті ашты. Қасқырдың мойнынан кендір жіпті шешіп ап лақтырып жіберді. Қаншық алдыңғы екі аяғымен биікке секіріп, бұны бір айналды. «Қап, артқы аяғын байлаған ақ шүберекті шешпеппін-ау. Енді маған ұстатпайсың. Ақ шүберек те әбден кірлеп кетіпті. Кешір, екі ай адамға ойыншық қылғаныма. Мен де екі ай өзің сияқтанып жаттым. Адамдар арасында екеуміз бірдей болдық, - деп жапан далада жан сарайын жайып салды. - Бар, бара ғой, ауылға қой келгенде қайтып келерсің. Сонда танырсың мені».
Тілес келген ізімен қайта жолға түсті. Асықпай жәй жүрді. Асыққанда қайда барады? Көретіні бір нәрсе - өзінен іңгә естіп, жаялық жуғысы келетін шешесі, есік алдындағы жатаған ошақ, оның үстіндегі қара қазан.
Есік алдына кіргенде әуелі көзіне шалынғаны - қырманның қазанын жыңғыл қораға таман төңкеріп қойыпты. Апасы ошақтағы қазанға су құйып иіліп тұр. Үш қоянның біреуін сойып ап, қаладан қаңсып келген жалғызына жас сорпа ішкізуге әрекеттеніп жатыр.
Баласы қой болмай қоян болса да қара қазанның қайнағанына қуанды.
Төңкеріліп тұрса қайтер еді.
Апасы артына бұрылды. Жіңішке жыңғылды місе тұтпай қызыл жалыны үйіріліп, қазан түбін желп-желп етіп жалап алар сексеуілдің жалпылдағы болса ғой, шіркін дегендей ер-азаматқа емеурін білдіре қарады. Соны сезген Тілес қалған тірліктің бәрін өзіне қалдырды да, тұлабойынан жүгіріп өткен біртүрлі суық сезіммен қарсы алдындағы түп-түзу сидам бөрененің ұшар төбесіне көз тікті. Аз-кем желкеммен желп-желп еткен Көк Ту көңілін демдеді.
«Абай-ақпарат»