Балғын Әділбаева. Шөп те өлең, шөңге де өлең емес қой деп....
Ақындық өнер туа біткен талант, ол екінің біріне бұйыра бермейтін жаратушының баға жетпес сыйы.Жасандылықтан гөрі жасампаздықты, ескіден гөрі жаңаны, саннан гөрі сапаны сүйетін сөз патшасы поэзия әлемінің хал-ахуалы жаһандану заманында қандай күй кешуде? «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абай ақын айтқандай киелі өнердің қадірін арттырып жүргендер де, өздерінше арттырған болып артта қалдырып жүргендер де біз өмір сүріп жүрген қоғамда баршылық.
Ақындық өнер туа біткен талант, ол екінің біріне бұйыра бермейтін жаратушының баға жетпес сыйы.Жасандылықтан гөрі жасампаздықты, ескіден гөрі жаңаны, саннан гөрі сапаны сүйетін сөз патшасы поэзия әлемінің хал-ахуалы жаһандану заманында қандай күй кешуде? «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абай ақын айтқандай киелі өнердің қадірін арттырып жүргендер де, өздерінше арттырған болып артта қалдырып жүргендер де біз өмір сүріп жүрген қоғамда баршылық.
Көркемдік сапасы нашар, ырғақ бірде сақталып, бірде сақталмаған тек ұйқасқа құрылған, тіпті ұйқас та жоқ жадағай жаттанды өлеңдер қалтасы көтергеннің кітабына айналып жатқаны өкінішті-ақ. Осыған дәлел ретінде еліміздің әр түкпірінен шыққан «ақындарымыздың» кітаптарына шолу жасап көрсек. Солардың бірі Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданының тумасы Балтабайұлы Айыпбергеннің 2009 жылы Алматы қаласындағы «Нұрлы әлем» баспасынан шыққан 200 беттік «Туған жер» кітабы. Азан шақырып қойған есімін өзгертіп, «нұрдың» заманы дүрілдеп тұрғанда өзін «АйыпНұр» деп атаған ағамыздың өлендерін оқып шығып, көңілге ешнәрсе түйе алмаймыз. Мұқабасынан мазмұнына дейін мән-мағынасыздық тұнып тұрған осы секілді дүниелер ұлттық поэзиямызға сын. Кітаптың мұқабасына мән берілмегендігі сонша елді ел етер рәміздеріміздің бейнеленгенінен-ақ көруге болады. Бұл тек сыртқы сипаты ғана, ал осыған дейін 7 кітабы шығып үлгерген автордың кітабының ішкі мазмұны толған мән-мағынасыздық. «Басын көтерместен жазылта, жандандыра жүрегінің түбінен рубаи, өлең-жырлар жазған» АйыпНұр:
Жүрегім - мұз,
Көңілім - құз,
Денемде - тұз,
Астымда - сыз,-дейді. Оқырманына ой салып емес, балабақша тәрбиеленушісіне жұмбақ жасырып тұрған секілді болса, келесі өлеңінде:
Бес саналы сөздер:
Ол - бақыт,
Ол - арман,
Ол - ардақ,
Ол - ұрпақ,
Ол - болашақ,-дейді.
Абай бес нәрседен асық болу немесе бес нәрседен қашық болу керектінін айтса, «ұйқысыз кейде түнін өткізіп, кейде тас қараңдап күнін батырып» жыр жазатын АйыпНұрдың бес саналы сөзінен еш мағына да, мән де таба алмаймыз. Халық арасында саналы адам , саналы жан деген тіркестер бар, алайда саналы сөз деген тіркесті кездестірген де, естіген де емеспіз. Саналы сөз деп қандай мағына да қолданған? Ол жағы құпия.
«Өлең тіліне көркемдік сипат беретін ой-сезім тереңдігі, өткірлігі, әсерлілігі» деп Заки Ахметов өз еңбегінде пікір айтқан болатын. Расымен де, терең мағыналылық, өткір де әсерлі ой болмаса өлең өлең болмайды. АйыпНұр Балтабайұлының өзінің айтуындағы «рубаи, қисса-хикмет, өлең-жырларында» осы аталғандардың бірі де жоқ.
Кешіргін мені Бір Аллам!
Дүниеге жаратып пендеңді өзің,
Таң сәрілеп күнім атқанда,
Ұйқысыз кейде түнім, таң қараңдап күнім батқанда
Рубаи, қисса-хикмет, өлең-жырлар жаздырып,
Және де, шексіз көп күнәларға батырасың.
Осы жолдарда АйыпНұрдың айтпақ ойы не? Жаратушы пендесін өзі жаратып, өзі күнәға батыра ма, әлде өлең жазғаны үшін күнәға бата ма, мүлде түсініксіз. Айтар сөзі, түйер түйіні жоқ. Тағы да айтар мәселе, Балтабайұлының жинағынан өзі айтқан қисса-хикмет көрмедік. Қай өрнегі баттасқан, айшығы жоқ сөзін рубаи, қисса, хикмет деді екен? Ол да құпия. АйыпНұрдың жазғандарының мағынасыздығымен қоса, ұйқасы да, ырғағы да піспеген шала. Әлгінде келтірілген өлеңнің буын, бунақ санын талдап көрсек.
Кешіргін //мені// Бір Аллам! а
Дүниеге //жаратып// пендеңді өзің, б
Таң сәрілеп //күнім атқанда, в
Ұйқысыз// кейде түнім, //таң қараңдап// күнім батқанда в
Рубаи,// қисса-хикмет,// өлең-жырлар жаздырып, г
Және де, //шексіз көп //күнәларға батырасың. д
Қазақтың қара өлеңі белгілі ырғаққа негізделіп, ұйқасы сақталып кейде ішкі ұйқасқа жүйеленіп жазылады. Ал мына жолдарда ырғақтың тұрақсыздығы да, ұйқастың үйлесімсіздігі де айқын көрініп тұр. Буын саны бір жолда 8, бірінде 12, енді бірінде 16. Мұндай жолдарды өлең деп бағалаудың өзі әбестік болады.
Жаздым енді өзіңді өткінші ғұмыр тағдырым,
Жүрегімнің терең төрінен ерекше бір үнге қосып,
Бірде қуаныш, бірде реніш, күйге,жырға қосып,
Күн нұрынан жаралған о рубаи, өлең-жырлар, қиссаларым- дейді АйыпНұр. Өзінің ойынша күн нұрынан жаралған жырлары оқырманның жүрегіне жылылық әкелмек түгілі, әсер де қалдырмағандығын «ақын ағамыз» біледі ме екен? Ол да құпия.
Ана тілім - асылым, ардақтым,
Ана тілім - бақытым,бағым.
Ана тілім - болашағым, тұғырым.
Ана тілім - жүрегім, жырым,
Ана тілім - қазақ тілім, бар халқым.
Бір қарағанда ақын ана тілін шексіз сүйетінін көреміз, алайда елге ақыл айтар жасқа келген ақсақалымыздың бастауыш сынып баласы құрастыра салғандай етіп жазғаны ар мен намыстың ісі.
Жалпы кітаптың алғы сөзінде айтқандай АйыпНұр шынымен де «құпия ақын» ба деген ой түйеміз. Айтар ойы да,түйер түйіні де түсініксіз.
«Тарих нақтылы жайды білдіргенде, поэзия көпті, жалпы жайды аңғартады»- деген екен Аристотель. Қазіргі таңда жалпыны жырлаумен қоса, жалқыны да жырлау белең алып бара жатыр. Бағзы заманда Асан қайғы Әз-Жәнібектің, Жиембет Есім ханның, Бұхар Абылайдың ағын ақ, қарасын қара деп бағалатқан арнаулар қазір жағымпаз ақынсымақтардың шенділерге жағыну үшін пайдаланар құралына айналып, туған-туыс, ағайын, бала-шағасына мақтан үшін айтар сөзіне ұласып, сонымен қоса оны кітапқа бастырып,түрлі-түсті етіп суретін қоюды да шығарды.
Бір жинағындағы145 өлеңінің 70-тен астамын туысы мен балаларына, шенділерге арнаған мақтауға толы Өткелбай Ордабектің «Өмір-таразы» атты кітабы 2009 жылы Қызылорда қаласындағы «Мирас» баспасынан шыққан.
Абай өлеңді ермек үшін жазбаймын десе, Өткелбай Ордабек «Ермек үшін жазам өлең» дейді. Сонда сөз патшасын еріккеннің ермек етер ойыншығы еткені ме?
Бәрі бір атақты ақын бола алмадым,
Жаратқан әлде ісімді қолдамады.
Жазғанымның бәрі де шимай-шатпақ,
Қиялдағы мақсатым бір оңбады.
Өзінің талантсыздығын емес, өлеңінің оңбағанына жаратқанды кінәлаған ақынды кім көрді екен? Атақ үшін, ермек үшін жазылған жырдың қияда қалықтамайтыны да, жұлдызының жанбайтыны да айдан анық.
Құрбан айтта Бауыржаным үйленді,
Майра келін босағаға аттап, үйге енді.
Наурыз күні немере кеп өмірге
Қуаныштан ерекше бір күйге ендім,-дейді «Алғашқы немереге» өлеңінде. Бауыржан кім, Майра кім? Бұл кітап қалың оқырманға емес, белгілі бір әулет арасында ғана түсінікті болып, сол әулет үшін шығарылған секілді. Кітап ішіндегі өлеңдердің жартысынан астамы бейтаныс кісі есімдері мен соларға арналған небір маржан сөздерге толы.
«Өзім жайлы сыр» өлеңінде:
Айтайын өзім жайлы ақтарып сыр,
Көп жазам қалса екен деп артымда сыр,-дейді. Қасым Аманжоловтай өзі жайлы сыр айтып, өлеңінің өшпегенін қалаған Өткелбай Ордабек осылай ұрпағына жыр арнайды. Сапасы да, құны да болмаса көп жазғаннан не пайда? Ермек үшін өлең жазатын ақын несіне жырының ұрпағына мирас болғанын қалайды? Осындай жауапсыз сұрақтарды тудырғанымен қоймай, өзінен кейінгілерге жауапты іс қалдырғандығы тағы да ар мен намыстың ісіне келіп тіреледі.
Ақынға шабыт, талантпен қоса жан-жақты терең білім де аса қажет. Өлеңіне не жазғанын білмей, халқына күлкі болғаннан артық масқара болмасы хақ.
Бауыржан Қарағызұлы атты ақын өзінің Оралхан Бөкейге арнаған «Біртуар» өлеңінде мағына да, ұйқас та сақталмаған, тек шұбырған теңеулер.
Сонымен қоса Қарағызұлы:
Ақ бас Алтайдың ақ бұрқақ ақыны -
Кербұға секілді қазақтың кербезі!
Оғлан ойлары тұңғиық тебіреніп,
Арудай сезімі тәкаппар еміреніп,
Өзендей буырқанып тасыған арнасы, - дейді. Ол өзінің кімге өлең арнап отырғанын жете танымаған білімсіздігін бірінші тармақтан-ақ көрсетіп қойған. О.Бөкейді «Ақ бас Алтайдың ақ бұрқақ ақынына», «Кешегі жыраулар жалғасына» теңегенін көргенде өзіміздің кім екенімізді әлі де білмейміз бе деген ой келеді. Алайда, білмей ме деп ойласаң, өлең соңында жыр барысындағы Оралхан Бөкей шығармаларындағы кейіпкерлерге анықтама береді.
Сен айтқан «Сейітқұлдар» - «құрметті әкімдер».
Сен айтқан «Анаулар» - «атақты данышпан» - деген жолдардағы Сейітқұл, АНАУЛАР-дың жазушының «Құм мінезі», «Сайтанкөпір» повестеріндегі кейіпкерлер екендігіне тоқталып, түсіндірме беріп кеткен. Енді ойланып қараңыз, ақын, жыраулардың ізін жалғаушылар кім, повесть жазушы қалай аталады, ең ақыры Оралхан Бөкей жыраулардың жалғасы болған ақын ба? Бұл - сөз патшасына деген салғырттық. Әрбір сөзі иненің жүзінен өткендей болуы шарт өлең жолдарының солқылдақтыққа ұшырату тағы да ардың ісіне келіп тіреледі. Қазақтың поэзиясы ешқашан тоқырауға ұшыраған емес, ұшырамайтыны да анық. Алайда бір құмалақ бір қарын майды шірітетінін ұмытпаған жөн.
Абай «сөз патшасы», Мұқағали «қасиетті қара өлең» деп бағалаған өлең сөздің қадірін түсіріп, қасиетін кетіргенімен қоймай, кітап етіп шығаруы «аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесіннің» кері болып тұр. Кез келген адам шығара бермейтін кітаптың қазір кім көрінгеннің ермегіне айналып, кітабының мағынасына емес, көлемінің үлкендігіне, қалыңдығына мән беріп, оны толтыру үшін бүкіл ағайын, туыс, құда-жекжаттарының суретін басу да сәнге айналды. Міне, осындай жайлар қазіргі өлеңнің өрісін тарылтып, қадірін кетіріп жүр.
Аталған өрескел келеңсіздіктерге жол беріп, аталған кітаптарды жарыққа шығарған «Нұрлы әлем», «Мирас» баспалары қайда қарап отырғаны түсініксіз. Ақын-жазушыларымыздың әрбір туындысын сүзгіден өткізіп отыруы тиіс Жазушылар Одағының да осындай келеңсізіктерді ауыздықтауға шара жасамайтындығы қарын аштырады. Бұл тек екі ғана баспа, мақала барысында аталуына қарап осы екі баспа ғана барлығын былықтырып жатыр деп ойламаңыз, елімізде ресми тіркелген баспалардың саны 127 жетеді. Міне, осы бизнес көзіне айналып отырған баспалардың не істеп, не қойып жатқанын билік тарапынан қадағалап, түбегейлі тексеріліп, мыңнан бірін сұрыптаса нұр үстіне нұр болары анық.
Балғын Әділбаева, ҚАЗҰУ-нің
Филология факультетінің студенті
«Абай-ақпарат»