Ерлан ҚАРИН: Экономикалық немесе саяси жаңарту рухани жаңғырусыз мүмкін емес
Саясаткерлерді бұрын үкімет дәліздері мен парламент залдарында, жиындар мен басқосуларда кездестірсек, қазір интернет желілерінде жолықтыратын болдық. Саясаттанушы Ерлан Қаринмен Facebook арқылы «достасып», Абай мен Twitter, Путин мен ұлт патриоттары, «Жетеудің хаты» мен «Жаужүрек Мың бала» туралы әңгімелесудің реті келген.
- Интернеттегі әлеуметтік желілерді тек байланыс құралы ретінде пайдаланасыз ба? Әлде бұл да виртуалды саяси алаң ба?
- Әлеуметтік желілерді белгілі бір саяси мәселелерді талқылауға, мысалы, «Нұр Отанның» идеяларына үгіттеуге, партияның іс-шараларын насихаттауға ғана емес, сонымен қатар түрлі мәселелер бойынша пікірлесуге қолданамын.
- Әлеуметтік желілерде тікелей сұрақтарға жауап бере қоятындай қазақстандық саясаткерлер тіпті аз...
- Саясаткерлер әлеуметтік желілерге ұмтылмайды. Өйткені, олардың бір ерекшелігі - желіде тіркелген адам жаңа «достарымен» тең дәрежеде өзара пікір алмасуға дайын болуы тиіс. Мысалы, егер сұрақ түссе, бәріне бірдей болмаса да, жалпылама бір жауап беруі тиіс. Бұл саясаткерлерді екі жақты байланысқа итермелейді. Ал көп саясаткерлер оған дайын емес. Сондықтан олар аздап сескеніп, қауіптеніп тұратындай көрінеді.
- Бұл саясаткерлерімізге ашықтық жетпейтіндіктен шығар?
Саясаткерлерді бұрын үкімет дәліздері мен парламент залдарында, жиындар мен басқосуларда кездестірсек, қазір интернет желілерінде жолықтыратын болдық. Саясаттанушы Ерлан Қаринмен Facebook арқылы «достасып», Абай мен Twitter, Путин мен ұлт патриоттары, «Жетеудің хаты» мен «Жаужүрек Мың бала» туралы әңгімелесудің реті келген.
- Интернеттегі әлеуметтік желілерді тек байланыс құралы ретінде пайдаланасыз ба? Әлде бұл да виртуалды саяси алаң ба?
- Әлеуметтік желілерді белгілі бір саяси мәселелерді талқылауға, мысалы, «Нұр Отанның» идеяларына үгіттеуге, партияның іс-шараларын насихаттауға ғана емес, сонымен қатар түрлі мәселелер бойынша пікірлесуге қолданамын.
- Әлеуметтік желілерде тікелей сұрақтарға жауап бере қоятындай қазақстандық саясаткерлер тіпті аз...
- Саясаткерлер әлеуметтік желілерге ұмтылмайды. Өйткені, олардың бір ерекшелігі - желіде тіркелген адам жаңа «достарымен» тең дәрежеде өзара пікір алмасуға дайын болуы тиіс. Мысалы, егер сұрақ түссе, бәріне бірдей болмаса да, жалпылама бір жауап беруі тиіс. Бұл саясаткерлерді екі жақты байланысқа итермелейді. Ал көп саясаткерлер оған дайын емес. Сондықтан олар аздап сескеніп, қауіптеніп тұратындай көрінеді.
- Бұл саясаткерлерімізге ашықтық жетпейтіндіктен шығар?
- Оппозициялық қайраткерлер арасында да әлеуметтік желіні пайдаланушылар бірен-саран, белсенділіктері аса жоғары емес. Жалпы, қазақстандық саясатқа тән құбылыс: көпшілігі өздерінің аудиториясымен тікелей байланысқа ұмтыла бермейді, ашық пікірталасқа әзір емес.
- Қазіргі саясаткерлерді қайдам, жақында ұлы Абайдың есімі интернетті дүр сілкіндірді емес пе?! Twitter арқылы қазақ ақыны әлеуметтік желіде ең бір танымал тұлғаға айналды. Ресейліктер оның қарасөздерін қайталаса, ресейлік баспагерлер өлеңдер жинағын шығаруға кірісіпті...
- Бұл бір қызық құбылыс болды. Біз қаншама рет үкіметаралық деңгейде түрлі шешімдер қабылдап, Абайдың, Пушкиннің жылдарын өткіземіз. Бірақ олар шын мәнісінде қоғамды, ең бастысы жастарды селт еткізіп, соншалықты олардың назарын аудартпаған шығар. Twitter бетіндегі бір ауыз сөз, пікірталас қазақстандық және ресейлік әлеуметтік желілер арасында бірден Абайға, қазақ поэзиясына, қазақ дүниетанымына, қазақ философиясына деген қызығушылықты оятты. Енді барлығы Википедиядан Абайдың кім екендігі, оның қарасөздерін іздеп, тауып оқи бастады.
- Ия, орыс жастары әлеуметтік желіде Абайдың нақыл сөздерін жаппай келтіріпті. Тіпті кейбір ресейлік ақпарат құралдары қазақ ақынына хабар арнады...
- Мұның өзі әлеуметтік желілердің күшін, ерекше қасиетін, феномендігін байқатады. Бір сәтте қазақстандық қоғам, жастар - Мәскеуде болып жатқан оқиғаларға, ресейлік қоғамдық топтар - Қазақстандағы процестерге назар аударды. Виртуалды көпір пайда болып, өзара ақпараттық байланыс күшейе түскен тәрізді. Бірақ бар мәселені әлеуметтік желілердің феномендігіне тіреп салу дұрыс емес. Абайға қызығушылық біздің қоғамымызда, мейлі ол қазақ, ресей қоғамы болсын, жалпы адамзатты бәрібір рухани мәселелер толғандыратынын, қарапайым құндылықтар мазалайтынын көрсетеді. Қалай айтсақ та, кез келген саяси, әлеуметтік құбылыстың өзегі - рухани ізденіс.
- Абай туралы әңгіме Мәскеудегі ақынның ескерткіші маңындағы оппозицияның жиынынан шықты ғой. Тіпті кейбір ресейлік ақпарат құралдары: «Абай Путинге қарсылықтың символына айналды» деп жазды. Осындай қоғамдық наразылық аясында билікке келген Путиннің үшінші президенттігі қандай болмақ?
- Бес жыл бұрынғы Путин мен Ресейдің жағдайын қазіргі ахуалмен тіпті салыстыруға келмейді. 2007 жылы Путин Медведевке билігін тапсырып жатқан кезде ол ұлттық лидер статусында болатын. Себебі бұл уақытта Путин басқаратын «Единая Россия» партиясына сайлаушылардың 60 пайыздан астамы дауыс беріп қолдаған болатын. Кремль саяси технологтары осыны пайдаланып: «Путин - Ресей қоғамын біріктірген саясаткер, ұлттық лидер»
деп насихаттайтын. Ол ұлттық лидер образын президенттік биліктен кеткеннен кейін де пайдаланып жүрді. Бірақ осы жолы ол президенттік тақты иеленсе де, ұлттық лидер статусынан айырылып қалды. Себебі Путиннің билікке қайта оралуы Ресей қоғамының жіктелуіне, яғни бір топтың оны қолдап, екіншісінің қарсы шығуына соқтырды. Соңғы парламент сайлауында «Единая Россияға» сайлаушылардың 50 пайыздан төмен дауыс беруінің өзі Ресей қоғамының бөліне бастағанын көрсетеді. Ол президенттік өкілеттігін алып жатқан тұста қарсылық акциялары да толастамай отыр. Ең бір демократиялы 90-жылдардың өзінде Ресейде осындай үзіліссіз, бір апта бойы мыңдаған адамдардың қарсылық акциялары болса да, жиі болмаған шығар. Осының барлығы қазіргі таңда Ресейдегі ішкі саяси жағдайдың күрт өзгергендігін, жаңа саяси факторлар пайда болғанын айғақтайды.
Қазаққа бірігу үшін ортақ жау керек пе?
- Ресейліктер интернетте қазақ поэзиясына қызыға бастаса, қазақ қоғамында керісінше Ресеймен интеграцияға қарсылық байқалады. Жақында бір топ қазақстандық қоғам белсенділері «Еуразиялық Одақ Қазақстанның саяси тәуелсіздігінен айырады» деген қауіп білдіріп, президентке, үкіметке, парламентке ашық хат жолдады. Қоғамдық сарапшылардың осындай алаңдаушылығына негіз бар ма?
- Осындай үндеулер қоғамдық пікірдің рөлі күшейіп келе жатқандығын аңғартады. Егер оның авторлары қоғамдық пікірдің, ақпарат құралдарының ықпалына сенбесе, мұндай құжаттар қабылдамас еді. Енді үндеудің мазмұнына келсек, қоғамда Кеңес Одағына қайта оралу мүмкіндігінен қауіптеніп жүргендер аз емес. Сонымен бірге, Ресейде де, тіпті өз қоғамымызда да Кеңес Одағына қайта оралсақ, көптеген мәселелер шешілетін еді деген пікірлер де баршылық. Алайда олардың барлығы Кеңес Одағына қайта оралу ешқашан да жүзеге аспайтын утопия екенін анық түсінгендері жөн. Әрине, қазіргі заманда экономикалық қарым-қатынастарды нығайту өте маңызды. Оны мойындауымыз керек. Бұл - жаһандық тенденция. Елдердің өзара экономикалық қарым-қатынастарының күн сайын күшейе беретіні сөзсіз. Яғни экономикалық тұрғыдан қарағанда, қалай болса да байланыстарды одан әрі нығайту қажеттілігі күмән келтірмейді.
Дегенмен, бұл үндеу қоғамның белгілі-бір бөлігінің жүзеге асып жатқан интеграциялық жобаларға байланысты алаңдаушылығын аңғартады. Әрине, бұл үндеуде айтылған әртүрлі дәйектерге қатысты басқа да пікірлер айтып, қарсы аргументтер мен уәждер келтіруге болады. Бірақ үндеудің жалпы мазмұны - бізді барлығымызды - қоғамды да, билікті де, саяси партия өкілдерін де осы секілді сыртқы саяси интеграциялық жобаларды тағы да жан-жақты талқылап, оның барлық ұтымды-ұтымсыз жақтарын, одан шығатын түрлі қатерлерді қайта саралап, сараптауға мәжбүр етеді. Мұндай пікірлермен біреулер келісіп, енді біреулер келіспесе де, жалпылай келгенде санасу, ескеру қажет.
- Бұған дейін негізінен осы азаматтар «Жетеудің хатын» жазған. Олар мемлекеттік тіл мәселесін шешпей, сөзбұйдаға сала беру «Қазақстан мүддесіне орны толмас зиян әкелетіндігін» айтып, билік пен қоғам алдына он сұрақ қойған. Оларға не деп жауап берер едіңіз?
- Мемлекеттік тілге қатысты жағдай бойынша соңғы жылдары бірқатар жүйелі қадамдар жасалғанын мойындауымыз керек. Жаңа қазақ телеарналары пайда болып, қазақтілді ақпарат құралдарының таралымы кеңеюде, жыл сайын қазақ мектептері салынып жатыр. Яғни кім қалай десе де, билік мемлекеттік тілді жүйелі түрде дамытуға өзінің мүдделі екендігін тұрақты түрде танытып келеді. Әрине, екінші жағынан әлі де болса, барлық мүмкіндіктер толықтай жүзеге аспай жатқаны да рас. Оған қоса соңғы уақыттары мемлекеттік тіл, ұлттық, рухани мәселелер екінші, үшінші қатарға ысырылып қалғандай әсер қалыптасты. Сондықтан аталған «Жетеудің хаты» қоғам мен биліктің назарын қайта осы мәселелерге аудартуға септігін тигізеді. Бұл жағынан хаттың пайда болуы дұрыс болды - тіл және басқа ұлттық мәселелерді билік пен қоғам назарынан шығармау қажет. Бірақ ұлттық, рухани және әлеуметтік, саяси, экономикалық мәселелерді бөлек емес, барлығын бірге, жүйелі түрде қарастырған жөн.
Жалпы, осы үндеулер ұлттық-патриоттық қозғалыстардың қайтадан белсенді бола түскендігін байқатады. Соңғы жарты жылдықта, әсіресе, сайлау және одан кейінгі кезеңде олардың белсенділіктері бәсеңсігендей көрінді. 2-3 жыл бойы күшейіп, билікті де, оппозицияны да өзімен санасуға мәжбүр еткен қозғалыстар әртүрлі саяси күштермен ымыраласып, өз ішінде ыдырап қалғандай болды. Бірі - «Руханиятпен», екіншісі - «Ақ жолмен», үшіншісі - «Азат» ЖСДП-мен серіктестікке ұмтылды. Шындығын айтатын болсақ, ұлт патриоттары арасындағы ауызбірліктің жоқтығы өздерін дербес саяси күш ретінде толыққанды танытуға мүмкіндік бермей отыр.
- Оларды біріктірудің бір жолы - Қазақстандағы ондаған ұлттық-патриоттық қозғалыстардың басын қосып, бір саяси ұйымға айналдыру емес пе?
- Өткен сайлау ұлттық-патриоттық қозғалыстардың нақты бір институт ретінде рәсімделуіне әкеліп соғады деген болжам болған. Яғни сарапшылар олардың бір партияға айналуын немесе белгілі бір партияның қатарына қосылуын күткен. Бірақ олардың алғашқы саяси науқанға қатысуы сәтсіздеу шықты. Олар ықпалдығын арттырғанымен, дербес саяси күш ретінде өздерін көрсете алмады. Неге? Бұл қозғалыстар әртүрлі кезеңдерде әркіммен одақ құруға ұмтылып, түрлі саяси интригаларға араласып, соның құрбаны болып қалды. Бірақ ұлт патриоттары қатарында жаңа толқын - жас қайраткерлердің пайда болуы ұлттық қозғалыстарға серпін берудің ұмтылысы деп есептеймін. Бұл да - оның ықпалдылығын арттыруда маңызды қадам.
- Бірақ, әсіресе, орыстілді баспасөзде оларды «нацпат» деп келемеждеп, олардың қызметіне скептикалық көзқарас басым ғой...
- Ия, соңғы уақытта орыстілді басылымдарда ұлт патриоттарын сынға алу жиі байқалып отыр. Мысалы,
Д.Әшімбаев өзінің соңғы сұхбаттарының бірінде ұлттық патриоттардың қызметі бос ұрандатулар мен өз тағдырына деген реніштерін жеткізуге бағытталып отырғанын айтты. Бірақ оның айтқаны рас болса, онда ешкім де олармен ымыраға келуге тырыспайтын еді, олармен есептеспес еді. Ал соңғы кездері ұлттық-патриоттық қозғалыстар көтеріп жатқан мәселелер шынайы қоғамдық резонанс туғызуда. Өткен жылғы 138 адамның хатын мысалға келтірейікші. Осындай қадам арқылы ұлттық-патриоттық қозғалыстар биліктің назарын сол өзекті мәселелерге аударта алды. Бұл да - ұлттық-патриоттық қозғалыстардың бірден-бір жетістіктерінің бірі. Керісінше, соңғы уақыттағы осындай түрлі сыни пікірлердің пайда болуының өзі олардың ықпалдылығының артып бара жатқанын көрсетеді.
- Ұлттық қозғалыстардың үлкен саяси алаңға шығатындай әлеуеттері жете ме?!
- Ия. Дербес саяси күш ретінде өзін таныту үшін бірден құрылтай съезін өткізіп, өздерін партия ретінде жариялау міндетті емес. Көптеген құрылымдардың қайталап жататын қателіктері де - осында. Ең алдымен көтеріп жатқан ортақ мәселелері жөнінде бірліктерін көрсету, белсенділіктерін сақтау маңыздырақ. Себебі олар «маусымдық» қайраткерлік танытып алып, бір кезде көрінбей кететіні рас.
Ұлттық-патриоттық қозғалыстардың басқа саяси күштерден артықшылығы бар: олар саяси ағартушылық мәселелермен де айналысуы қажет. Неге? Бізде қазақ қоғамы әрқашан саяси құбылыстарды дүниетанымдық категориялар бойынша бағалайды. Мысалы, «әділетті», «әділетті емес», «отаншыл», «отаншыл емес» деген сияқты категорияларды қолданады.
- Саясаткерлерді «мемлекетшіл» немесе «мемлекетшіл емес», «ұлтжанды» немесе «ұлтшыл емес» деп жиі бағалайтынымыз рас...
- Қазақ қоғамына белгілі бір саясаткерлердің ұрандарынан гөрі Абайдың және басқа рухани көсемдердің айтып жүрген мәселелері жақынырақ әрі түсінікті. Қазақ қоғамы алдында демократиялық құндылықтарды орнату міндетімен қатар ұлттық сипатымызды сақтап, оны күшейту, ұлттық құндылықтарды жүзеге асыру мен оларды қорғау сияқты мақсаттар тұр. Саяси ағартушылық мәселесін де ұмытпауымыз керек. Мысалы, «қазақ тәуелсіздік үшін күреспеген» деген сияқты мәселелерді айтып та, оны жариялап та отырған орыс ағайындар емес, өзіміздің қазақтар ғой. Осындай пікірлерден
кейін «біз бостандыққа, тәуелсіздікке лайықты емеспіз, қазақ ұсақ-түйек мәселелерден аса алмайды» деген ой туындайды.
- Мұндай пікірлер баспасөзде бірінші рет айтылып тұрған жоқ. Неліктен қазақтардың өздерін, қазақ тілін түкке тұрғысыз қылатын осындай пікірлер қоғамға жиі таңылады?
- Міне, осындай мәселе көтерілген кезде ондаған, жүздеген ұлттық-патриоттық ұйымдарымыздың қандай
да бір пікірін естідіңіз бе? Қарсы реакция байқалмағандықтан, оларға тыйым да болмайды. Мысалы, Абай туралы интернетте пікірталас қайдан шықты? Twitter бетінде Алексей Навальный: «Түсініксіз бір қазақтың ескерткішіне бара жатырмын» деді, оны тағы бір блоггер іліп әкетіп: «Абай деген кім өзі? Оған ескерткіш неге орнатылған?» деп жазғаннан кейін бүкіл қазақ - «шаласы» да, «нағызы» да дүрлігіп кетті. Сонда біреу былай жазыпты: «Ресей қайраткерлері де кімге тиісетінін біліп алған. Кавказдың, тәжіктің немесе өзбектің бір тұлғасына тіл тигізіп көрсінші, жай қалдырмайтынын іштері сезеді». Кейде «осы сөздің жаны бар ма?» деп қаламын. Борат бізді қаншама
жыл сынап, әжуа етіп келді, ал біз оған алғыс айтқандай болдық. Басқалардың бұлай елді танығаны құрысын. Барған жерімізде: «Біздің ел ондай емес!» деп ақталатын жағдайға жеттік емес пе?! Қазақ қоғамында ұлттық мүддеге келгенде табандылық таныта алмаймыз, намыс жетпей қалып жатады. Әрине, Абай ескерткішіне қатысты жағдайда
бір сәт қуандым: әлеуметтік желіде қазақтың барлығы бірдей үн қатты. Сонда бірігу үшін бізге ортақ жау керек пе? Сонда ғана «аттандап» шығамыз.
Ұлт патриоттары тұрақты, белсенді әрі жүйелі түрде жұмыс істеп, ағартушылық жұмысты кейінге ысырмауы керек. Кезінде Алаш қайраткерлері ұлттың, елдің тәуелсіздігі үшін күнделікті күресе жүріп, ағартушылық ісін ұмыт қалдырған жоқ. Біреуі әдеби шығарма жазса, екіншісі газет шығарды, үшіншісі ғылыммен айналысты. Саяси қызметті рухани жұмыспен қатар алып жүрді. Шынайы ұлттық мемлекет құру үшін қоғам қайраткерлері де осы екі бағытты тең ұстануы тиіс.
Қазақ қоғамының ықпалы күшейе түсуде
- Сіз жаңа Әшімбаевтың мақаласын еске түсірдіңіз. Жалпы, қазір орыстілді баспасөзде қоғамда «қазақ артта қалған» деген стереотипті қалыптастыруға күш салынып жатқандай әсер қалдырады...
- Бұл керісінше қарсылық сияқты. Қазақ қоғамы күшейіп келеді. Мысалы, жақында телеарналар рейтингісін қарасам, соңғы уақытта телеарналар қазақтілді бағдарламалар арқасында алға шыққан екен. Яғни қазіргі таңда тұтынушылардың басым бөлігі - қазақ қоғамы. Осыдан 5-6 жыл бұрын «қазақтілді бағдарлама неге аз?» деген мәселе көтерілгенде телеарна басшылары: «Орыстілді тұтынушылар жарнаманы тек орыс тілінде береді, жарнамасыз даму жоқ» деп уәж айтатын. Егер телеарналар рейтингісі қазақтілді көрермендер есебінен өссе, онда жарнаманы, пайданы да солардан көріп отыр. Осыдан кейін, әрине, кішкентай топ азшылыққа айнала бастағанын, жаңа жағдайда бәсекеге қабілетті бола алмайтындығын түсінеді. Бұл қарсылық реакциясын тудырады.
Кезінде саяси алаңда қостілділік артықшылық саналатын. Жұрттың алдына шыққанда: «Қазақша таза сөйлейді екен!» деп тамсанатын. Ал шындығында бұл абсурд болатын: қазақ елінде жүрген қазақ қайраткерлерін қазақ тілін білгені үшін мақтайтынбыз! Қазір бұл - қалыптасқан жағдай. Бүгін кейбір саясаткерлерді әлі де қазақша білгендігі үшін іш тартсақ, негізі бұл артықшылық емес, факт, нормаға айналуы керек. Бұрын 10-20 министрдің ішінде 3-4 адам қазақша сөйлесе, бүгінгі уақытта саяси элитада қазақша сөйлейтіндерден қазақша сөйлемейтіндер аз. Жағдай қанша дегенмен өзгеріп келеді.
- Ұлт, тіл туралы мәселе қозғайтын көп сарапшылардың бір ерекшелігі: олар қазақ және орыс тілдерін қатар меңгерген. Ал оған қарсы пікір білдірушілер көбіне тек орыстілді болып келетіні қызық...
- Қазақ тілін білмейтін, қазақ баспасөзін оқымайтын сарапшылардың біліктілігіне күмәндануға тура келеді. Себебі қоғамның жартысынан көбін құрайтын топтың мұңын, ойын, пікірін білмей, сезбей, естімей, елдегі саяси оқиғаларды қалай болжап, түсінуге болады? Яғни бұл қазақша сөйлемей, қазақша ойламайтын сарапшылар қазіргі шынайы жағдайды білмейді дегенді білдіреді. Ондай сарапшы, қайраткерлердің пікіріне өзім бірден күмәнмен қараймын.
- Егер саяси ұлттық ұйымдар күшеймеген жағдайда оның орнын діни экстремистік ұйымдар басуы мүмкін деген пікірге қалай қарайсыз?
- Мұндай пікірмен толық келіспесем де, оның негізі бар. Ұлттық-патриоттық қозғалыстардың мақсаты - ұлттық мемлекет құрып, ұлттың жаңғыруы. Кейбір дәстүрлі емес діни ағымдардың идеологиясы ұлттық құндылықтарды мойындап, оларды қабылдай бермейді. Ұлттық-патриоттық ұйымдардың әлсіреуі - екінші бір басқа ұйымдардың ықпалының күшеюіне пропорционалды. Біздің негізгі мақсатымыз - елдігімізді сақтау, ұлтымыздың жаңғыруы болса, ұлттық-патриоттық қозғалыстардың қоғамдық-саяси сахнадағы рөлі артып, ықпалға ие болуы қоғамымыздың мүддесіне сай келеді.
Ел-жұрт тарихи фильмдерге «шөліркеп» қалған
- Қазақ қоғамында пікір тудырып жатқан «Жаужүрек Мың бала» фильмін көрдіңіз бе?
- Жақсы, тамаша фильм. Балаларыммен бірге тамашаладым. Тек бір қынжылтқаны: кино қазақ тілінде көрсетіледі деп ойлаған едім, бірақ орыс тілінде көрдік. Астанадағы 5-6 кинотеатрда негізінен орыс тілінде жүріп жатыр. Қазақ тіліндегі нұсқасы аз көрсетілуде, әркез ыңғайлы уақытқа қойылмаған. Мен тарихи фильмнен қазақы диалогтарды естігім келген. Ал мына киноның сөздері жасанды көрінді. Бірақ осыған бола оны жамандауға асықпас едім. Бұрын кино мәселесін көтерсек, енді кино прокат мәселесіне назар аударған жөн. Қазақ киносын жасау - бір мәселе, оны қазақша көрсету - екінші мәселе. Осыны талқыға салғымыз келіп отыр. Жалпы, фильм жақсы әсер қалдырды. Оның үстіне, патриоттық бағыттағы кинолар жетіспейді.
- Тарихи фильмнің тақырыбы жөнінде не айтасыз?
- Кейбіреулер: «Әлі күнге дейін сол жоңғарлармен алыса береміз бе?» деп жатыр ғой. Бірақ сол жоңғарлар соғысының өзін де толық көрсетіп болған жоқпыз. Мысалы, Аңырақай, Бұланты, Орбұлақ шайқастарының әрқайсысы бөлек тақырып емес пе?! Әрине қазақ тарихында қаншама мықты тақырыптар бар?! Кенесары, Алаш қозғалысы, ашаршылық, 86-жылғы оқиға... Шіркін, осы сияқты тақырыптарға кіріссе деп армандаймыз. Тәуелсіздігімізді алғанға жиырма жылдан асса да, өз тарихымыздағы кейбір оқиғаларды естіп, әлі күнге дейін: «Солай ма?» деп таңдай қағамыз. Қазақтар ұзақ жыл ес-түссіз жатып, комадан оянған адам сияқтымыз. Өткеніміздің кейбір сәтін еске түсіре алсақ, кейбір шақтар ұмытылған. Ал өткенді бағалай алмағандықтан, бүгінгі күннің жемісін де қадірлей білмейміз.
Қазақ қоғамы тарихи туындыларға «шөліркеп» қалған, құмары әлі қанбай отыр. Мұндай фильмдер ең алдымен балалар үшін маңызды. Соңғы уақытта бір нәрсені үнемі айтамын: нені қолға алсақ та, балаларымызға жарайтындай істеуіміз керек. Оларды балалар пайдаланып, содан кейін ой түймесе, оның бәрі - бекер. Ұлттық саясаттың түпкі мақсаты - жас ұрпақ.
- Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Айжан КӨШКЕНОВА
"Айқын" газеті