«Үнді штамы» Қазақстанға келді. Карантин күшейтіле ме?
Бүгін Алматының Бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин баспасөз мәслихатын өткізіп, Алматыдан вирустың «үнді штамының» анықталғанын ресми мәлімдеді.
«Өткен аптадан бастап реактивтер алынғалы бері нақты зерттеулер жасалып жатыр. 63 ПЦР сараптамасын жасадық. Оның 83 пайызының «британ шатамы» екені, тағы 2 сараптамадан «оңтүстік африкалық штам» екені анықталды. Және біреуі «Нью-Йорк штамы».
Кеше кешкісін тағы бір сараптаманың қорытындысын алдық. Ол «дельта», яғни «үнді штамы» болуы мүмкін болғандықтан, бүгін таңертеңгісін тағы бір мәрте, қорытынды сараптама жасалды. Ақырында бұл сынамадағы мутацияланған штам (яғни «үнді штамы») екені расталды», - депті Бекшин.
Жандарбек Бекшин мырза Алматыға бұл штамды 1984 жылғы азаматша шетелден жұқтырып келгенін айтыпты.
«Оның айналасындағы 7 адамға зерттеу жасалды. Олар қазір толықтай оқшауланды. Отбасында үш адам бар екен, біреуі бала - 7 жаста. Оған кеше зерттеу жасадық, нәтижесі теріс болып шықты. Азаматша жұқпалы аурулар станционарында оқшаулауда, ем алып жатыр. 7 жастағы қызы да оқшауланды. Жақын қарым-қатынаста болған 5 адам. Отағасы іссапарда, ол ақпанда коронавируспен ауырып шыққан, сондықтан оған жұғу қаупі минималды. Сонда да біз оның жұмыс орнына бұл хабарды жеткіздік, ол да бақылауға алынды», - дейді Бекшин.
Үнді штамының белгілері қандай?
«Шотландиялық әріптестердің дерегі бойынша, бұл өте жұқпалы вирус. Оның қауіптілігі «британ штамынан» екі есе асып түседі. Ауруханаға түсу, қайтыс болу ықтималдығы жоғары. Ерекшелігі - іш буындарының қатты ауыруы, сондай-ақ есту қабілетін жоғалту байқалады. Негізгі белгілер тұмауға ұқсайды. Бас, тамақ ауруы, мұрыннан су ағуы және дене қызуының көтерілуі, бірақ иіс жоғалмайды. Көп жағдайда жөтел болмайды», - деді Бекшин.
Алматыда карантин күшейтіле ме?
«Қазіргі уақытта бүкіл жерге енгізіледі. Біз ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысын күтіп отырмыз. Соған сай шара қабылданады.
22 маусымда Ведомствоаралық комиссия Бас санитар дәрігерге азаматтарға қызмет көрсететін тұлғаларды міндетті вакцинациялау туралы тапсырма берген болатын», - дейді Бекшин.
Коронавирустың «үнді штамының» анықталғаны жайлы ақпарат 21 маусымда жария болған. Эпидемиологтардың айтуынша, «дальта штамы» жоғары контагиозды және өзге анықталған штамдарға қарағанда оның жұғу қауіптілігі 60 пайызға жоғары екенін айтады. Ал Дүниежүзілік денсаулақ сақтау ұйымының дерегінше, аталған «үнді штамы» қазіргі уақта әлемнің 74 мемлекетіне тараған.
Abai.kz