Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2858 0 пікір 17 Мамыр, 2012 сағат 08:30

Мұхтар Мағауин. Абылай хан – 300

Қазiргi Қазақстанның ресми тарихнамасы бекiткен және көпшiлiк қабылдаған дәйек бойынша, Абылай хан 1711 жылы туған. Яғни, өткен 2011 жылы 300 жылдық мерейтойы аталып өтуге тиiс едi.

Мүлде ескерусiз қалыпты. Өкiмет емеурiн бiлдiрмедi, ал басыбайлы жалпы жұртқа бәрiбiр екен. Таңғаларлық ештеңе де жоқ. Егер ең биiк мiнберден: "Бұған дейiнгi заманда қазақ халқының атаулы мемлекетi болған жоқ, өзiндiк шекарасы да болмады!" - деп бiр емес, екi емес, әлденеше қайыра жар салынса, бұл өрескел қағиданы Ғылым академиясының Тарих институты қостап отырса, онда Абылай дейтiн хан да болмаған, ендi сол жоғымыз кенеттен бар шығып, бүкiл республика шегiнде насихатталып жатуы... сұмдық емес пе - Ғасыр ғұламасы Күн көсемнiң жарқын бейнесiне көлеңке түсуi мүмкiн! Бас ауыртпас, бүкпесiз анығы - осы.

Қазiргi Қазақстанның ресми тарихнамасы бекiткен және көпшiлiк қабылдаған дәйек бойынша, Абылай хан 1711 жылы туған. Яғни, өткен 2011 жылы 300 жылдық мерейтойы аталып өтуге тиiс едi.

Мүлде ескерусiз қалыпты. Өкiмет емеурiн бiлдiрмедi, ал басыбайлы жалпы жұртқа бәрiбiр екен. Таңғаларлық ештеңе де жоқ. Егер ең биiк мiнберден: "Бұған дейiнгi заманда қазақ халқының атаулы мемлекетi болған жоқ, өзiндiк шекарасы да болмады!" - деп бiр емес, екi емес, әлденеше қайыра жар салынса, бұл өрескел қағиданы Ғылым академиясының Тарих институты қостап отырса, онда Абылай дейтiн хан да болмаған, ендi сол жоғымыз кенеттен бар шығып, бүкiл республика шегiнде насихатталып жатуы... сұмдық емес пе - Ғасыр ғұламасы Күн көсемнiң жарқын бейнесiне көлеңке түсуi мүмкiн! Бас ауыртпас, бүкпесiз анығы - осы.

Соған орай... емес, төтенше бiр тұрғыдан алғанда, сүйiктi үкiметiмiз бен туысқан партиямыздың намысына тиер "300 жылдық" атаусыз кеткенi үшiн ендi, зиялы емес, зиянды деп танылған қажетсiз қауым - мына бiздiң шамдануымыз орынсыз. Өйткенi... бiлгiр тарихшылар әйгiлеген 1711 жылы Абылай ханның елесi бұ дүниеде жоқ. Екi жылдан соң туған. "298 жылдық мерейтой" Боратстанның өзiнде сөлекет көрiнер едi. Абылай ханның жоқшылары ғана емес, өткендегi Қазақ Ордасының, одан арғы Алтын Орда, Шыңғыс хан империясы, Түрiк қағанатының жақтастары да мақұлдай қоймас. Шын мәнiсiндегi "300 жылдық" - 2013 жылға сәйкеседi. Есебi, өткен жыл емес, келер жыл.

Бұл арада бар кiлтипан аталмаған және аталмауға тиiс мерейтойда ғана тұрған жоқ.

Көп ұзамай-ақ алашқа сырт айналған баянсыз бостандыққа әлi екi жыл да толмаған, үмiт мол, сенiм зор 1993 жылы, "Қазақ тарихының әлiппесi" атты еңбегiмiзде нықтап айтқан едiк: "...Талассыз ақиқат - Абылай 1713 жылы туған. Екi жылдың ары-берiсiнде не тұр деуге болмайды. Өйткенi Абылай өмiрi, оның белгiлi бiр кезеңдерi елеулi тарихи оқиғалармен тiкелей байланысты". Сондықтан келер жылы да атаусыз қалуы анық мерейтой қақымен емес, тарихи шындық үшiн, сол, өткендегi жазбамыздың тиесiлi тұстарын амалсыз қайталап, таратып айту қажет деп бiлдiк. Бәлкiм, мәртебелi Құрдасымыз екеуiмiз қатарымызбен нысаналы 2030 жылды шауып өтiп, тоқсан алты жасқа жететiн 2036 жылы кәдеге асып қалар - "Абылай ханның 333 жылдық мерейтойы!" деп, жапырлап жатсақ несi бар...

Сонымен, 1713. Бiздiң қазiргi, советтiк жүйенi, социалистiк құрылысты дәрiптеу арқылы атақ, дәрежеге жеткен бiлiмпаз тарихшыларымыз тағайындап берген 1711 - долбармен, ойдан алына салған жаңсақ тұспал. Бұрынғы-соңғы ешқандай ескiлiктi ескерткiш, ресми, жазба құжатта Абылай 1711 жылы туған, жетпiс жасқа келген дейтiн нақты байлам, тiптi, емескi мағлұмат жоқ. Керiсiнше, барлық дерек 1713 жылға тiреледi.

Атап айтсақ, Ресейдiң Сiбiр шебiндегi әскербасы, генерал-майор Н.Огаревтiң Сыртқы iстер коллегиясына 1781 жылы мамырдың соңында жазған құпия қатынасында: "Осы жылғы май айының 23-i күнi маған хабар жеттi: Қыр­ғыз-қайсақ... Ордасының ханы Абылай жасы алпыс тоғызға қараған шағында, жорық үстiнде ауырып, дүние салыпты", - деп жазады. Орысшасы: "...будучи в походе, от приключившейся ему болезни, умер на шестьдесят девятом году..." Нақпа-нақ аударсақ, "алпыс сегiзден асқан шағында" болып шығады. Iзiнше, Абылай ханның мұрагер ұлы Уәли сұлтанның Ресей патшайымы Екатерина Екiншiге жолданған мағлұмдама-хатында да осы дерек қайталанады. Сол қалпында айтсақ, "алпыс тоғыз". Ежелгi қазақ рәсiмiнде ана құрсағындағы тоғыз ай бiр жасқа есептелiп, санатқа қосылған, яғни күнтiзбелiк алпыс сегiз жас. Бұл құжаттар "Россияның сыртқы саясатының архивiнде" сақталған, баспа бетiнде жарияланған, яғни, жер астында жатқан, құпия дерек емес. Қазiргi егемен оқымыстыларымызға ғана беймәлiм жағдаят.

Абылай хан тарихтағы қызметiне орай қазақ халқының ескiлiктi, ұлттық санасында алдыңғы қатардағы, ең атақты, ең даңқты тұлғалардың бiрi болды. Асқаралы бейнеге қатысты тарихи эпоста, аңыз әңгiме, ақындар мен жыраулардың өлең, толғауларында атап айтылады. Абылайдың алғаш рет даңққа шығуы - жиырма жасында ("Жиырма жасың толғанда, - Қалмақпен соғыс болғанда, - Алғашқы бақты тапқанда,

- Шарыштың басын қаққанда..."); бұдан соң қырық сегiз жыл билiк құрған ("Сұрасаң, Абылайды мен айтайын, - Хан болған қырық сегiз жыл Көкшетауда..."). Тағы да алпыс сегiз жас деп қойыңыз.

Сонымен, қайткенде де бұра тартар қисын жоқ. Абылай-бахадұр хан анық алпыс сегiз жасында дүниеден озған. (Кезектi Ташкент жорығынан қайтқан сапар, Арыс өзенiнiң Сырға құяр атырауына тақау тұс, ел әңгiмесiнiң айтуынша, Хан-Қорған деген жерде.) Аралық қаншама шалғай болғанымен, мәндi, айғақты хабар Орыс шебiне үш-төрт аптадан аспай жетуге тиiс. Есебi, көкектiң соңы деп нақты айтуға болады. 1781 жыл. Әдепкi арифметикаға салсаңыз, 1713 жылы туған болып шығады.

Туасы есiмi - Әбiлмансұр. Шыңғыс хан - Жошы хан - Орыс хан - Әз-Жәнiбек хан әулетi. Бергi бiр бабасы - Есiм хан заманында Бұқар хандығына қарсы қырғын соғыстарда атаққа шыққан Қанiшер Абылай сұлтан. Ферғана әмiрi, бiздiң жазылмаған тарихтағы айтулы тұлғалардың бiрi. Әбiлмансұр-Абылайдың өзiнiң туған жерi де осы абат аймақ, Ақтабан-Шұбырынды кезеңiне дейiн Қазақ Ордасының ғұзырында болған Терiстiк-шығыс Ферғана, Ахсы өңiрi деп бiлсек керек (кейiн, Қырғыз жорығындағы жеңiстен соң Абылай осы өңiрде қалып қойған бiраз жұртты қазақ iшiне қайыра көшiрген).

Абылай-бахадұр ханның әуелгi өмiр өткелдерi толықтай мағлұм болмағанымен, кемел кезеңiнде туған халқының еркiндiгi мен еңсе-мерейi жолында жасаған өлшеусiз еңбегi түгелдей мағлұм.

Он екi, он үш жасында Жоңғар қарауында қалған қазақ жерiнiң шегiне өтедi және панасыз, жетiм бала ретiнде көп мехнат шеккен.

Бұдан соң, шамасы бес-алты жыл мұғдарында, қолайлы сәтiмен, Арқадағы Әбiлмәмбет ханның алдына жетiп, ата-тегiн әйгiлеп, қатарға қосылады және әскер iсiне бiржола машығады деп байыптар едiк.

Жиырма жасында, яғни 1733 жылы Әбiлмәмбет ханның жауынгер жасағы құрамында, Алакөл маңындағы үлкен соғысқа қатынасады; ұрыс бастамындағы жекпе-жекте Қалдан-Сереннiң жақын бауыры, қалмақтың бас батыры Шарышты өлтiрiп, қазақ әскерiнiң сәттi жеңiсiне жол ашады. Нәтижесiнде, үлкен абыройға бөленiп, туасылы тегiне орай сұлтан атанып, жеке орда тiгедi және көп ұзамай, ақылды аға, мәрт, кеңпейiл Әбiлмәмбетпен бiрдей билiкке жетiптi. Ендi Орта жүздiң бүкiл әскер iсiн өз қолына алады. Күн озған сайын Абылайдың атақ-даңқы озып, бедел-билiгi артып, өкiмi күшейе бередi.

1739 жылғы күзде, соған жалғас 1740 жылдың қысы мен көктемiнде, Дүрбiн-Ойраттың, әрқайсысы отыз мыңдық шерiктен құралған, кезектес, үш дүркiн жорығының бетiн қайтарып, Сары-Арқаның орталық аймағына өткiзбейдi, осы сәттi ұрыстар нәтижесiнде Қазақ Ордасын бiржола құрып кету қаупiнен сақтап қалады.

1753-54 жылдар орайында Дүрбiн-Ойраттың тақ талас iшкi соғыстарына белсене араласып, дамылсыз шапқын арқылы ежелгi дұшпанды әбден әлсiретедi.

1755-56 жылдарда табандасқан майданды Жоңғар жерiне көшiредi, әлденеше ұрыста қоңтажы Дабашыдан басым шығып, Екi жүз жылдық Ойрат-Қазақ соғысын түбегейлi жеңiспен тәмамдайды, ендiгi уақытта қалмақ қатерi бiржола дерлiк жоққа саяды.

1756-57 жылдарда ел шетiне басып кiрген Қытай әскерiмен алмағайып ұрыстар өткередi, қазақты ығыстырса да, қарулы күштерiн бiржола қирата алмаған, түпкi мақсаты орындалмаған Цинь өкiметi Қазақ тәуелсiздiгiн танып ("Бұл қазақтар бұрын өз алдына ел болып отырған екен, бiз оны мо­йындауға тиiспiз", - деп жариялайды император Хун Ли өз жарлығында), көп ұзамай қажеттi мәмлеге келедi. Екi ел арасында елшiлiк алмасқан, бейбiт қатынас орнайды.

1765 жылы Қырғыз ұлысына қарсы аттанып, Қазақ Ордасының байырғы қонысы - Iленiң сол жағалығы мен Шу бойын қайтарып алады, сөйтiп, алмағайып заманда етекке түскен ағайынды Алатаудан асырып, қазақ пен қырғыздың Нарынқол, Кегеннен Қордайға дейiн тартылған, бүгiнде өзгерiссiз сақталған шекарасын бекiтедi.

1770 жылы, қайта көтерiлген Қырғыз жұртын бiржола тыныштандыру үшiн жаңа жорық ашып, бұрынғыға қоса, Шудың басына дейiн тықсырады, бұл тараптағы аралық шекара - Қырғыз жотасы болып белгiленедi (Кенесарының қазасынан соң қолдан кеткен мәуелi аңғар).

1771 жылы Едiлден ауған, бүкiл Қазақ даласын көктей өтiп келе жатқан торғауыт-қалмақты Бал­қаштың батыс тарабы, Мойынты бойында қырғынға ұшыратады, қалған азғана жұртын Қытай шекарасына дейiн қудалап, бiржола тоздырып жiбередi.

Қасым хан тұсында қанатын кеңге жайған, Тәуекел хан, Есiм хан кезiнде бiржола қалыптанған, Салқам Жәңгiр, Әз-Тәуке заманында да байтақ әрi қуатты болған Қазақ Ордасын қалпына келтiрген Абылай 1771 жылы күзде, Алаш астанасы Түркiстанда, мұсылман-түрiк әулиесi Қожа-Ахмет Ясауидың көк күмбезiнiң саясында Ұлы жүз, Орта жүз бен Кiшi жүздiң бiлiктi хандары мен сұлтандары, билерi мен батырлары және жалпы жұрт тарабынан марапат, мадаққа жетiп, "Үш алаштың ханы" деп жарияланады.

1776 жылдан бастап Орта Азия хандықтарымен жауласып, бұлың­ғыр заманда қолдан шыққан Шымкент, Сайрам қалаларын қайтарып алады, бұл кезде дербестенiп кеткен Ташкенттi бодандыққа түсiредi, бүкiл Оңтүстiк өңiрдi дәргейiне келтiредi; бұл тарапта Абылай айқындаған межеден бiз орыс-совет отаршылдығы кезеңiнде ғана керi шегiндiк.

Абылай - өз өмiрiнiң ақыры, 1781 жылы жазғытұрым дүние салғанға дейiн Қазақ Ордасының ұлы ханы ретiнде танылып, өкiм құрған.

Мiне, жалпыға белгiлi жағдаяттарды түйiндеп, қайыра толғағанда осылай. Қазақ тарихындағы ең ұлы тұлғалардың бiрi. Асқаралы Алып. Бүгiнгi, тарихтан тыс, халыққа жат егемен өкiметiмiздiң атаған, атамағанынан ештеңе де өзгермейдi. Мәңгi-бақи өз тұғырында тұрмақ. Қаншама заман өттi, дүние неше құбылды, ел-жұртымыз қилы кезеңдердi басынан кештi, бiрақ Абылай хан ұмытылған жоқ. Аз-маз ұлттық санасы бар қазақ атаулының жүрегiнде тұр. Қазақ тарихына бiржола бекiтiлген. Бұдан артық не керек!

Мұхтар Мағауин

Чех республикасы,

Карловы-Вары.

«Жас Алаш» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5524