Жексенбі, 29 Қыркүйек 2024
Ақмылтық 6563 9 пікір 27 Маусым, 2021 сағат 11:44

Санкция қыспағы: Лукашенко әріптес іздеп әбігерленуде

Кеше Беларусь президенті Александр Лукашенко мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев телефон арқылы сөйлесті. Бұл ақпаратты Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Ресми ақпараттарға сүйенсек, екі ел президенттері Қазақстан мен Беларусь арасындағы саяси һәм экономикалық қарым-қатынастар жайын, стратегиялық серіктестік пен одақтағы (екі мемлекет те ЕАЭО-ға мүше – ред.) байланыстардың қазіргі ахуалы және оны күшейтудің перспективаларын талқылаған.

Ақорда баспасөзінің айтуынша, бұл жолғы әңгімелесуге Александр Лукашенко кеңсесі бастамашы болған.

«Тараптар өзара сауда-саттық көлемін арттыруға, машина жасау, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мән бере отырып,  сауда-экономикалық ықпалдастық пен өндірістік кооперацияны жан-жақты жандандыруға ерекше назар аударды», - делінген ресми хабарламада.

Бұнымен қоса, Тоқаев пен Лукашенко қазіргі эпидемиологиялық ахуал мен халықты жаппай вакцинациялау жайын да сөз еткен.

Ал Беларусь президентінің ресми сайты бұл жайында: «Қазақстан мен Беларусьтың өзге мемлекеттермен, соның ішінде Ресей және Қытаймен қарым-қатынастары жайында сөз болды. Президенттер Халықаралық күн тәртібіндегі кейбір мәселелер бойынша пікір алмасты», - деп жазады.

Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, 25 мамырда Еуроодақ Беларусьтің маңызды экономикалық секторларына санкция салған еді. Атап айтқанда, Беларусьтің банк, мұнай, мұнай-химия және калий өндірісі секторларын санкциялаған. Сонымен қатар, ЕО Беларусьтің әскери мақсаттарға арналған тауарлар мен барлық әскери-техникалық тауарларын  ЕО аумағана саудалауға тыйым салған.

Бұл санкциялар Беларусьтегі азаматтық қоғамға қарсы жасалып жатқан репрессиялар мен Минскінің Ryanair ұшағын күштеп қондыру әрекетіне жауап ретінде енгізілген. Айта кетейік, жолаушылар тасымалымен айналысатын Ryanair ұшағын Минскі әуежайына қондыруға Беларусь президенті Александр Лукашенко тікелей бұйрық берген.

Ал 22 маусым күні ЕО, Ұлыбритания, Канада мен АҚШ Беларуське кезекті санкцияларды жариялаған.

Себебін: «Санкциялар Ryanair компаниясының ұшағын мәжбүрлі түрде қондырып, журналист Роман Протасевичті заңсыз тұтқындауына байланысты енгізілді», - деп түсіндірген БАҚ.

Министрлер кеңесі санкциялық тізімге 86 компания мен бірқатар лауазымды тұлғаларды қосып, олардың есепшоттарын бұғаттап, виза беру мүмкіндігінен айыратыны хабарланған.

АҚШ қаржы министрлігі санкциялық тізімге 16 адамды қосқан. Олардың ішінде шенеуніктер мен әскерилер бар. Лукашенконың баспасөз хатшысы Наталья Эйсмонт, КГБ басшысы Иван Тертель, КГБ-ның арнайы «Альфа» жасағының басшысы Сергей Зубков, бас прокурор Андрей Швед, ішкі әскер қолбасшысы Николай Карпенков, әділет министрінің орынбасары Сергей Калиновский, Брест милициясының басшысы Михаил Гриб пен оның әріптесі Александр Астрейко және орталық сайлау комитетінің жеті өкілі тізімге енген.

Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігі өз одақтастарын қолдап, Минскке қарсы санкцияларды күшейтетінін мәлімдеді. «Жеті адам мен бір мекемеге санкциялар ұшақты қондырғаны үшін, ал өзге төрт шенеунікке адам құқығын бұзғаны үшін енгізілді», - деп мәлімдеді Ұлыбритания.

ЕО санкциясында Беларусьтің Қорғаныс министрі Виктор Хренин, Көлік және тасымалдау министрі  Алексей Авраменко, ІІМ орынбасары Николай Карпенков бар. Бұл жолы тізімге Лукашенко отбасы да енгізілген. Лукашенконың ұлы Дмитрий мен келіні Лилия енді қара тізімде.

Санкция қамытын «Минск көлік зауыты» мен әйгілі «БелАЗ», мұнай мен тауар жеткізу саласындағы «ННК», «ЛОГЕКС», «Глобалкастомменеджмент» , «Бремино групп»,  «Сохра» компаниялары киді.

Батыс елдері бұл санкцияларды жалғастыратынын мәлімдеді. Алдағы тамыз айында ауқымды санкциялар енгізу мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.

Abai.kz

9 пікір