Ашаршылық зардабы
Жуырда, 15 мамырда «Ұлт тағдыры» Павлодар облыстық пікірсайыс клубы 1931-1933 жылдардағы аштық нәубетінің 80 жылдығына орай дөңгелек үстел ұйымдастырды. С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың мәжіліс залында «Ашаршылық зардабы» деген тақырыпта өткізілген бұл шараға қоғам белсенділері, шығармашыл зиялылар, студент жастар қатысты. Дөңгелек үстелге облыс мұрағат және құжаттама басқармасының бөлім бастығы Бекмұхаммед Ислам, облыстық мемлекеттік мұрағаттың директоры Қаншайым Мақажанова, Ертіс аудандық мұрағаттар бөлімінің бастығы Жаңбырбай Сағынаев арнайы шақырылды.
Клуб жетекшісі Арман Қани жер-жерде мемлекеттік мекемелермен қатар қоғамдық ұйымдар да ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шаралар өткізіп жатқанын, облыста аймақ басшысы Ерлан Мұхтарұлы Арынның тапсырмасымен ашаршылық құрбандары ескерткішінің жобасы бойынша конкурс жарияланғанын, қазір соның қорытындысы шығарылып, таяу арада ескерткішті орнату ісі қолға алынатыны жөнінде хабарлама жасады.
Кітапхана қызметкері Айгүл Оразалинова кітапхана қорындағы ашаршылық зардабын баяндайтын көркем әдебиеттер мен ғылми еңбектерге шолу жасап, осы тақырыптағы кітаптарды жиналғандардың назарына ұсынды.
Жуырда, 15 мамырда «Ұлт тағдыры» Павлодар облыстық пікірсайыс клубы 1931-1933 жылдардағы аштық нәубетінің 80 жылдығына орай дөңгелек үстел ұйымдастырды. С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың мәжіліс залында «Ашаршылық зардабы» деген тақырыпта өткізілген бұл шараға қоғам белсенділері, шығармашыл зиялылар, студент жастар қатысты. Дөңгелек үстелге облыс мұрағат және құжаттама басқармасының бөлім бастығы Бекмұхаммед Ислам, облыстық мемлекеттік мұрағаттың директоры Қаншайым Мақажанова, Ертіс аудандық мұрағаттар бөлімінің бастығы Жаңбырбай Сағынаев арнайы шақырылды.
Клуб жетекшісі Арман Қани жер-жерде мемлекеттік мекемелермен қатар қоғамдық ұйымдар да ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шаралар өткізіп жатқанын, облыста аймақ басшысы Ерлан Мұхтарұлы Арынның тапсырмасымен ашаршылық құрбандары ескерткішінің жобасы бойынша конкурс жарияланғанын, қазір соның қорытындысы шығарылып, таяу арада ескерткішті орнату ісі қолға алынатыны жөнінде хабарлама жасады.
Кітапхана қызметкері Айгүл Оразалинова кітапхана қорындағы ашаршылық зардабын баяндайтын көркем әдебиеттер мен ғылми еңбектерге шолу жасап, осы тақырыптағы кітаптарды жиналғандардың назарына ұсынды.
Мемлекеттік мұрағат директоры Қаншайым Ғалымжанқызы Мақажанова бұрыннан қазіргі кезге дейін құпияланып сақталған ұлы нәубеттің алғышарттары, сипаты, салдары туралы деректерді ортаға салды.
- 1929 жылы белгіленген астық дайындау мөлшерін шаруалардың орындау мүмкіндігі жоқ екені мүлде ескерілмей, жоспар деңгейін одан сайын өсіру үдерісі басталған. Орталықтан астық дайындау көлемін жыл сайын ұлғайтып отыруға нұсқау беріліп тұрған. Мәселен, 1929-1930 жылдары округ үшін жоспар 2 млн. 300 мың пұт делінсе, 1930-1931 жылдары бұл мөлшер екі есе ұлғайтылып, 7 млн. 750 мың пұтқа жеткізілген. Орындалуы мүмкін емес мұндай жоспарға байланысты жергілікті билікке шаруалардың наразылық білдіргені, тіпті әлеуметтік қарсылық көрсеткені туралы БКП(б) Павлодар аудандық комитетіне 1930 жылдың 30 қаңтарында баянхаттар түскен. Сондай-ақ ет дайындау жоспарының да көлемі ұлғайтылып, оның салдары ауыл шаруашылығындағы мал басының мейлінше азаюына әкеп соқтырған.
Солай бола тұра, шаруаларды ұжымдастыру, отырықшылық тұрмыс салтына көшіру істері көбіне қауырт әрі күш қолдану арқылы зорлықпен жүргізілген. Егер 1928 жылдың 1 қазанында округте 2583 шаруашылық қамтылған 177 ұжымшар болса, 1930 жылдың 1 қаңтарында бұл сан 339-ға жеткен, оларда 15055 шаруашылық қамтылған, мұның 6554-і қазақтарға тиеселі болған.
Кулактарды тап ретінде жою жөніндегі уәкілетті үштіктің 1930 жылғы 19-20 ақпандағы отырысында М.Горький, Тереңкөл аудандарында жаппай ұжымдастыру және кулактарды округтан тысқары жаққа жер аудару жұмыстарын жүргізуге қаулы қабылданған. Бірақ іс жүзінде кулактармен қатар орта дәулеттілердің де дүние-мүліктері тәркіленген. Тіпті ең қарапайым тұрмыстық заттар мен май секілді азық-түлік түрлері де тартып алынған. Тәркіленген дүние-мүліктің бір бөлігін белсенділер өзара бөлісіп, азық-түлік қорларының кейбір түрлерін тәркілеу барысында жеп қойған.
1930 жылдың 16 наурызында БКП(б) Павлодар округтык комитетінің жауапты хатшысы Жигарев «жаппай ұжымдастыру аудандары бойынша жүз жетпіс шаруашылықтың жойылғанын» БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Ф.И. Голощекинге телеграф арқылы хабарлаған.
1932 жылы Павлодар ауданы ұжымшарларындағы мал шаруашылығы жағдайын зерттеу қорытындысы жөніндегі баянхатта «зерттеу күні, яғни 15 сәуірде «Песчанное» ұжымшарында колхозшылардың бірде-бірінің жеке иелігінде мүлде мал болмағаны, аудан бойынша 1931 жылдың 1 шілдесінен 1932 жылдың 1 ақпанына дейін мал басы 40814-тен 24820-ға дейін кемігені» баяндалған.
Округта ашаршылықтың басталғаны жөніндегі алғашқы мәліметтер 1930 жылғы құжаттарда тіркелген. Егер 1931 жылдың соңында, 1932 жылдың басында адамдардың аштық салдарынан өлуінің «бірнеше жайты тіркелсе, кейіннен ондаған, одан соң жүздеген жайттар тіркелген, бұл құбылыс, негізінен, қазақ тұрғындары арасында байқалған».
1932 жылдың 31 қаңтарында өткізілген БКП(б) Павлодар аудандық комитетінің жабық бюросында қазақ тұрғындарының арасындағы аштан өлгендердің саны - 498 адам екені, колхозшылар арасында иттің етін, тіпті адамның етін жеу фактілері тіркелгені, аштық салдарынан ұжымшарлардың күйрегені, малды қыру оқиғасы орын алғаны хатқа түсірілген.
«Павлодар ауданы ауылдары тұрғындарының аштыққа ұшырауы жөніндегі фактілер ақпарында» 1932 жылы Сағынай және Көшеншүрек рулары адамдарынан құралған №1 ауылда жерленбеген 44 мәйіт жатқаны айтылады. Ақпарға қарағанда, мәйіттер көбіне тамдардың ішіне апарылған, кейін мал қораларға тасталған. №2 ауылда иттің етімен, өлекселермен қоректену оқиғасы байқалған. Қашып кеткен кулак Б.С-нің 3 жасар қызы мен шешесі малшылар фермасында аштан өліп, олардың мүрделері аулада жатқан. Соның үйінде тұратын И.Т-нің екі баласы түнде кішкентай қыздың етін пісіріп жеген. Екінші күні әйелдің бір аяғын шауып алып, қазанға салып пісірген. Комсомолдың ұя хатшысы мен бір қойшы сол оқиға үстіне түскенімен, балтамен, пышақпен қаруланған кісі жегіштер мүрдені оларға бермеген. №6 ауылда тұрғындар өлген туыстарының денесін сыртқа шығаруға шамасы жетпендіктен, мәйіттер 3-4 күн бойы үйде жатқан. Аулаға тасталған мүрделердің кейбірінің беттерін тышқандар кеміріп кеткен.
№14 және 15 ауылдарда өз аяғымен жүретін адам қалмаған, көп үйлерде тұрғындар төсектерінен тұра алмай қалған. Аш-арықтардың бір бөлігі мал терілерінде жабысып қалған көк етті қырып жеп, талғажу қылған. 12 мәйіт қар басқан үйлерде жатқан. Ауданда барлығы 4000 аш-арық анықталған.
Округтегі ауыл халқы, негізінен қазақтар аштықтан аман қалудың амалымен Ресейдің жақын аймақтарына, Павлодар қаласына бас сауғалап шұбырып босқан. Павлодар ауданы бойынша 1931 жылдың 1 қыркүйегінде 11 000 шаңырақ болса, 1932 жылдың 1 сәуірінде 3000 шаңырақ қана қалған. 1932 жылдың 26 қазанына дейін облыс аумағынан (ол кезде облыс аумағының бір бөлігі ШҚО құрамында болған) 35733 отбасын құрайтын 142932 адам көшіп кеткен. 1932 жылғы, 3 сәуірде БКП(б) Павлодар аудандық комитетінің БКП(б) Шығыс Қазақстан обкомынан аш-арықтарды ажалдан аман алып қалу мақсатында қаржы мен азық-түлік бөлінуін сұрап жөнелткен жеделхатта Павлодар қаласындағы аса күрделі жағдай баяндалған. Бір жағынан ауылдардан келген, екінші жағынан Сібір өлкесі аумағынан еріксіз шығарылып, кері қайтарылған қазақтар туған жеріне амалсыз оралып, қалаға 1700 адам шоғырланған. 700 балаға лайықталып ұйымдастырылған 4 балалар үйі мен барлық мектептер, клубтар аш-арықтарға лық толған, қала халқы көшелерде жатқан мәйіттерді жинап үлгере алмаған.
1932 жылдың наурыз айынан бастап тек Новосибирсктен Павлодар станциясына күн сайын 5 вагон адам келіп тұрған. Дүние-мүліксіз, азық-түліксіз, бір бөлігі жартылай жалаңаш, жалаңаяқ мыңдаған адам, оның ішінде жүздеген бала бір тілім нан іздеп қала ішінде де, станция басында да қайыр сұрап қаңғырып жүрген. 1932 жылдың 1 шілдесіне дейін Павлодар арқылы 21941 адам өткен, олардың бір бөлігі аштан қырылған, бір бөлігі аудандарға жіберілген.
Облыс мемлекеттік мұрағат директоры Қаншайым Ғалымжанқызы Мақажанованың мұрағат құжаттарынан алған осындай деректері дөңгелек үстелге қатысушылардың көңілін босатып, жүрегін ауыртты.
Бұдан соң Ертіс аудандық мұрағаттар бөлімінің бастығы Жаңбырбай Сағынаев ауданда ашаршылық құрбандары жерленген орындар жөнінде сөз қозғады, облыс мұрағат және құжаттама басқармасының бөлім бастығы Бекмұхаммед Ислам 1930 жылдардағы аштықтың белгісіз қырларын ашу бағытында басқарма тарапынан атқарылған жұмыстар мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні - 31 мамыр қарсаңында жүзеге асырылатын іс-шаралар жоспары туралы әңгімеледі.
«Ұлт тағдыры» пікірсайыс клубының мүшелері: Социал Әйтенов, Сәулет Ақпанова, Гүлнар Қайырханова, Қайролла Каженов, Қабдырахмен Сейілғазин, т.б. сөйлеп, Қазақстанға Кеңес үкіметі орнаған алғашқы жылдардағы руы бір, аталас қазақтардың өздерін тапқа жіктеп бір-біріне қарсы қою, 1920-1921 жылдардағы аштық, 1928-1931 жылдардағы шаруаларды зорлықпен ұжымдастыру мен отырықшы тұрмыс салтына қауырт көшіру, байлармен қатар орта дәулетті шаруалардың да мал-мүлкін тәркілеу мен өздерін жер аудару, 1931-1933 жылдардағы қазақ халқының тең жарымынан астамын қырғынға, босқыншылыққа ұшыратқан ұлы нәубет, 1937-1938 жылдардағы жаппай жазалау арқылы қазақ зиялылары құрамын түгелге жуық жойып жіберу, 1939-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыста қазақ жауынгерлерінен құралған әскери бөлімдерді майданның ең қауіпті аумағына орналастыру, 1949-1991 жылдары ондаған мың адамдардың денсаулығын құртқан, өмірін қиған Семей полигонындағы және өзге де полигондардағы ядролық сынақтар, 1954 жылы басталған Тың өлкесін көтеру кезеңінде далалық алқаптардың талғаусыз, бей-берекет жыртылып, тоздырылуы, тың игерушілер қатарында бұрынғы қылмыскерлерді де солтүстік өңірлерге әкеліп, қоныстандыру, қазақ мектептерінің жаппай жабылып, қазақ тілін отбасылық тілге айналдыру тәрізді кеңестік кезеңдегі зұлматтарды ешкім ешқашан ұмытуға тиіс емес деген пікірлер айтылды. Дөңгелек үстелді клуб жетекшісі Арман Қани қорытындылап, былайша ой түйіндеді:
- 1931-1933 жылдардағы Қазақстандағы аштықты кеңестік отаршыл саясатқа сәйкес қазақ ұлтына қасақана қарсы жасалған геноцид деп танылуына және «Қазақстандағы ашаршылық құрбандарын еске алу күні» белгіленуіне қол жеткізуіміз керек. Сол күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Қазақстандағы Орыс Православ Шіркеуі мен Рим-католик шіркеуі, сондай-ақ өзге де діни бірлестіктер тарапынан мешіттерде, соборларда, шіркеулерде, ғибадатханаларда ашаршылық құрбандары аруағын құрметтеуге бағышталған діни рәсімдер орындалып, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар тарапынан қаралы митинг ұйымдастырылуы қажет, ашаршылық құрбандары жаппай жерленген, көмілген зираттар мен қорымдарды анықтау және сол орындарға белгітастар, ескерткіштер орнату іс-шаралары жыл бойы жүйелі жүргізілуі керек.
Клуб мүшелері осы айтылған ойлармен толық келісетінін мәлімдеп, мұны бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ҚР Парламенті депутаттарының назарына ұсыныс ретінде жеткізу керек деген ұйғарымға келді.
Дөңгелек үстелге облыс ішкі саясат басқармасы мен тілдерді дамыту басқармасының және қалалық ішкі саясат бөлімінің жауапты қызметкерлері қатысты.
А. Бақтанұлы
«Абай-ақпарат»