Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3125 0 пікір 18 Мамыр, 2012 сағат 12:30

Әбдіуақап Қара. Мұстафа Шоқайды қаралаушыларға жауап

Өскеменде «Flash!» дейтін газет бар екен. Азаттық радиосының жазуына қарағанда, былтыры жазда газеттің бас редакторы Денис Данилевский «Национал - демократы против ​​​Таможенного Союза» тақырыбының өзі Ресейдің мемлекеттік мүддесін ынта-шынтасымен қорғайтынын айғақтап тұрған мақала жазады. Жазып қана қоймай, Алаштың аяулы ұлы Мұстафа Шоқайға «қазақтың Власовы, фашистердің құйыршығы» деп  тиіседі. Шоқайда жеті атасының құны кеткендей әлгі газет мұнымен тоқтамай Сергей Михеев дейтін журналисттің мақаласын басады. Мақалада «Мұстафа Шоқай - Қазақстан мен Орта Азияның бола алмай қалған әміршісі, фашистік ұйымның басшысы, «Түркістан легионының» идеялық жетекшілерінің бірі», деген қазақ тарихы мен қазақ халқы үшін өте ауыр сөздер айтады.

Сөйткен газетті «Мұстафа Шоқай жолымен» фильмінің авторы әрі режиссері Қасымхан Бегманов сотқа берген екен.

Бүгін сол сот: «Бегманов берген талап-арызды қанағаттандырмау және сот процесіне кеткен шығынды өтеп беру туралы» шешім шығарыпты. Газет пен оның қорғаушысы сот шешіміне дән риза екен.

«Ал Қасымхан Бегмановтың қорғаушысы Галина Хванның пікірінше, судья шешімді "мақаладағы теріс пікір фильмнің авторына емес, кейіпкеріне қатысты айтылған" дегенге сүйеніп шығарған"», дейді Азаттық радиосы.

Өскеменде «Flash!» дейтін газет бар екен. Азаттық радиосының жазуына қарағанда, былтыры жазда газеттің бас редакторы Денис Данилевский «Национал - демократы против ​​​Таможенного Союза» тақырыбының өзі Ресейдің мемлекеттік мүддесін ынта-шынтасымен қорғайтынын айғақтап тұрған мақала жазады. Жазып қана қоймай, Алаштың аяулы ұлы Мұстафа Шоқайға «қазақтың Власовы, фашистердің құйыршығы» деп  тиіседі. Шоқайда жеті атасының құны кеткендей әлгі газет мұнымен тоқтамай Сергей Михеев дейтін журналисттің мақаласын басады. Мақалада «Мұстафа Шоқай - Қазақстан мен Орта Азияның бола алмай қалған әміршісі, фашистік ұйымның басшысы, «Түркістан легионының» идеялық жетекшілерінің бірі», деген қазақ тарихы мен қазақ халқы үшін өте ауыр сөздер айтады.

Сөйткен газетті «Мұстафа Шоқай жолымен» фильмінің авторы әрі режиссері Қасымхан Бегманов сотқа берген екен.

Бүгін сол сот: «Бегманов берген талап-арызды қанағаттандырмау және сот процесіне кеткен шығынды өтеп беру туралы» шешім шығарыпты. Газет пен оның қорғаушысы сот шешіміне дән риза екен.

«Ал Қасымхан Бегмановтың қорғаушысы Галина Хванның пікірінше, судья шешімді "мақаладағы теріс пікір фильмнің авторына емес, кейіпкеріне қатысты айтылған" дегенге сүйеніп шығарған"», дейді Азаттық радиосы.

Кейіпкер - Мұстафа Шоқай. Демек, сот «қазақтың Власовы, фашистердің құйыршығы», «Мұстафа Шоқай - Қазақстан мен Орта Азияның бола алмай қалған әміршісі, фашистік ұйымның басшысы, «Түркістан легионының» идеялық жетекшілерінің бірі» - осылай жазған Денис Данилевский мен журналист Сергей Михеевтің ойын, көзқарастарын дұрыс деп тауып отыр деген сөз. Айтарға сөз жоқ!

Ал, Мұстафа Шоқайды қаралау - қазақтың жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысындағы ақтаңдақ тарихын және ұлттың мемлекеттік Тәуелсіздігі үшін күрескен тұлғаларды қаралау деген сөз.

Патшалық Ресей мен Кеңестік Ресей кезіндегі шовинистік пиғылдан арылмаған Денис Данилевский шығарып отырған газет Үкіметтің тендеріне қатысып, қазақтың қаражатына жарық көріп отырған болса, таң қалуға болмас! Ол аз десеңіз, Қазақстанның белгілі бір аумағына таралып таралып отыр. Ал, Мұстафа Шоқай секілді айтулы тарихи тұлғаға жала жабуы - ҰҚК-ніңң айналысатын мәселесі!

Ал, біз төменде шоқайтанушы ғалым Әбдіуақап Қараның Денис Данилевский мен журналист Сергей Михеев сияқты «құйршықтарға» қарата нақты тарихи деректер негізінде жазылған мақаласын қайталап ұсынып отырмыз.

Ал,  «Flash!» газеті оның бас редакторы Денис Данилевский және газеті тілшісі Сергей Михеевтің іс-әрекеттері мен жазғандарын ҰҚК, Мәдениет және ақпарат министрлігі өз назарына алады ойлаймыз!

«Абай-ақпарат»

1 - тарау

Соңғы уақыттарда, атап айтқанда Қазақстанның тәуелсіздігінің 20 жылдығы кең көлемді тойланып жатқанда, тәуелсіздік тарихының аса зор тұлғасы Мұстафа Шоқайға жала жабушылар көбейе бастады. Олар Шоқай сынды қазақ халқының мақтанышы болған тарихи тұлғаға нацисттермен бірге істескен, әсіресе Түркістан легионын құрып берген сатқын деген жала жабуға күш жұмсауда. Мұның шындыққа ешқандай қатысы жоқ екенін деректер көрсетіп отыр. Біз бұл мақалада Шоқай және Түркістан легионының қалай құрылғандығына деректер негізінде жан-жақты тоқталамыз.

ІІ. Дүниежүзілік соғыс кезінде Гитлердің нацистік партиясының басқаруындағы Германияның соғысқұмарлығы Шоқайдың Париждегі күнделікті өмірінің толықтай өзгеруіне себеп болды. Неміс армияларының Польшаны басып алуы Еуропада соғысқа жетелейтін керістікті жағдайдың тууына жол ашты. Мұнымен тек Шоқайдың ғана емес, бүкіл Еуропа елдерінің, әсіресе Германияға көршілес Франция халқының тұрмыс-тіршілігі астаң-кестең болды. Осыған мезгілдес неміс армиясы мен кеңес армиясы жаулап өзара бөлісіп алған Польшаның астанасы Варшавада "Прометей Одағының" жұмыстарының тоқтап қалуы заңды еді. Алайда әлі соғысқа араласпай бейбіт жатқан Францияның өзінде аласапыран жағдай қалыптаса бастады. Соғыс қаупіне байланысты бұл елдегі босқындардың барлық шығармашылық іс-қимылдары тоқтап қалды. Олардың ішінде Шоқайдың 1929 жылдан бері үздіксіз шығарып келе жатқан "Яш Түркістан" журналы да бар еді.

Шоқай жиі-жиі Париждегі Ұлттық Кітапханаға барып, әсіресе саяси тарих пен философия туралы кітаптарды оқыды. Осы кітаптар арқылы Германия мен кеңестердің діттеген мақсаттарын және мұнда қаншалықты табысқа қол жеткізе алатындықтарын болжауға тырысты. Әсіресе екі мемлекеттің басшылары, атап айтқанда Гитлер мен Сталиннің әлемдік билікке құмарлықтарының адамзатқа қандай ауыртпалықтар әкелетіндігі туралы сауалдың жауабын іздеп шарқ ұратын.

Шоқайдың ойынша олардың екеуі де адасқан озбырлар еді. Олар жаратылысынан саясат пен зұлымдықта бір-біріне тең түсетін. Олардың арасындағы дара айырмашылық - біреуінің нацист, ал екіншісінің интернационалист болуы еді. Басқа бір сөзбен айтқанда Гитлер тек неміс халқының атасы, ал Сталин болса бодан халықтардың «атасы» еді. Шоқай бұлардың бірінің ажалы екіншісінің қолынан болады деген ойда еді. Егер олар әлемді билеу үшін ауызбірлік жасайтын болса, онда оларға ешкім қарсы тұра алмас еді. Бірақ Шоқай олардың достықтарының өткінші екендігіне сенді.[1]

Ал Парижде үнемі кездесіп тұрған Ресейлік босқындарының көпшілігі қаланы тастап кеткен болатын. Олардың көбі Франция мен Германия арасында бұрқ етуі ықтимал соғыстан бас сауғалап Португалия арқылы Америка Құрама Штаттарына қарай аттанған еді.[2]

Соғыс қаупін Шоқай да сезіп жүрді. Алайда Францияны тастап кетуді ешқашан ойламады. Өйткені ол қиын-қыстау күндерде өзіне құшағын ашқан Францияны туған отаны деп есептеді. Сондықтан оның пікірінше, соғыстан қорқып Францияны тастап кетуге болмайтын еді.[3] Ол елде бір соғыс өрті шыға қалған жағдайда оның қиыншылықтарына француз халқымен бірге төзуге тәуекел етті.[4]

Сөйтіп Шоқай Францияда қалды. Өйткені, онын жүрегінде Францияның ерекше орны бар еді. Ол оның тағдыр еншілеген екінші отаны еді. Франция ол үшін шынында да бостандықтар, теңдіктер және бауырластықтар елі еді. Ол 1941 жылы 27 желтоқсанда көз жұмғанда тек қазақ халқы үшін емес, француз халқы үшін де құрбан болды деуге негіз бар. Өйткені сол кезде жансауғалап АҚШ-қа кетіп қалғанда нацисттердің қолына түспей аман қалар еді.

Ақырында соғыс Францияға шашырады. 1940 жылы сәуір айында алдымен Данияға және соңынан Норвегияға шабулдаған неміс армиясы мамыр айында Бельгия мен Голландияны жаулап ала бастады. Енді соғыс Францияның шекараларына таяды. Франция қосындарын неміс шабулдарына қарсы Мажинода шоғырландырып қорғаныс шебін құрды.[5]

Осындай жағдайда Парижді тастап, Бордо қаласына кетуге дайындық жасаған достары бірге кетуге қайта ұсыныс жасаса да, Шоқай оған келіспеді. Өйткені ол қандайда бір қасіретке душар болатын болса да, Парижден кетпеуге бел байлаған еді. Неміс басқыншылығына қарсы қолданған дара сақтық шарасы - архиві мен онша құны жоқ акцияларын бір банктің сейфіне сақтау болды.[6]

Бір күні ол күтілмеген бір шақыру алды.  Оны неміс өкіметінің қызметкері кездесу үшін   Берлинге шақырыпты.[7] Бұл шақырту Шоқайды қатты алаңдатты. Өйткені немістердің өзін Берлинге не үшін шақыртқандықтарын түсіне алмады. Немістер Польшаны басып алмас бұрын "Прометей Одағы" жұмыстары кезінде нацисттерге қарсы екенін айқын көрсететін мақалалар жазған еді. Сондықтан ол нацисттерге қарсы екендігімен танылған болатын. Сол себепті немістердің бұл кездесуде өзінен не сұрайтындықтарын немесе қандай салаға пайдаланатындықтарын жорамалдап білгісі келген еді. Бірақ ешқандай бір қорытындыға келе алмады. Екінші жағынан шақыртуды қабылдамай кездесуге бармайтын болса, Францияны қол астында ұстап тұрған немістер керек болған жағдайда оны өз ықтиярынсыз-ақ Берлинге алғыза білетін еді.[8]

Сонымен Шоқай Берлинге келді. Берлинде өзін шақыртқан неміс өкіметтік қызметкерлері Шоқайға Кеңестердің әскери күші туралы мәлімет сұрауға шақырғандарын айтты. Бірақ Шоқай бұл туралы ешқандай мағлұматы жоқ екендігін,  өзін тек Түркістан аймағы ғана  қызықтыратынын, кеңестер туралы одан артық ешнәрсе білмейтіндігін айтты. Шоқай Берлинде бір апта болғаннан кейін Парижге оралды. Енді көңілі орнына түскен еді. Өйткені немістердің өзімен ешқандай жұмысы қалмаған еді.[9]

Бірақ бұл тыныштық ұзаққа созылмады. Осы кездесуден шамамен екі ай өткен соң, атап айтқанда 1941 жылы 22 маусым күні Германия Кеңестер Одағына қарсы соғыс ашты. Сөйтіп Шоқайдың өмірінің ең тыныш және жайбарақат күндері аяқталды.

Ол осы хабарды әрі тебіреніспен және әрі таңданыспен қарсы алды. Сонда алғаш ойына оралғаны неміс армиясында жас офицерлердің қарт офицерлерден басым түскені болды. Өйткені Шоқай Берлинде жүрген кезінде неміс армиясында Кеңестер Одағына қарсы соғыс ашып-ашпау туралы тартыс болып жатқандығын естіген болатын. Жас офицерлер ағылшындармен болған шайқастарда ұшыраған жеңілістердің орнын большеуиктерге қарсы соғыста жеңіске қол жеткізіп толтыруды жақтады. Ал қарт тәжірибелі офицерлер болса, күш-қуаты туралы жеткілікті мағлұматтары жоқ Кеңестер Одағымен соғыспау керектігін алға тартты.[10]

Шоқай үшін немістердің кеңестерге қарсы соғыс ашуы күтпеген уақиға еді. Дегенмен ол мұны Түркістанның Мәскеудің бұғауынан құтылуына оңды әсер етеді деген пікірде еді. Сондықтан қатты тебіреніп, толқыды. Жұбайымен Париж орталығына бара жатып жол бойы дамылсыз сөйледі. Аракідік қолдарын аспанға көтеріп жазу жазған секілді ым-белгілер жасады.[11] Зайыбының айтуынша Шоқай маңызды шешім қабылдар алдында  үнемі осылай ететін еді. Шоқай бұл жағдайды пайдаланып қалу керектігін және бұл үшін жиналып мәселені талқылау керектігін айтып жатты.[12]

Осындай ойларға шомған Шоқай мен жұбайы қала орталығына жасаған серуендерінен үйлеріне қайтты. Үйлеріне кіргеннен сәл ғана уақыт өткен соң үш неміс әскері келіп Шоқайды тұтқынға алды. Сол күні Парижде тұтқындалған жалғыз ол емес еді. Парижде тұрып жатқан кеңестерге қарсы орыс босқындарының алда келген өкілдері де тұтқындалды. Олардың барлығы Компиен лагеріне қамалды.[13]

Негізінде бұл лагерьді абақтыдан гөрі немістердің үкіметтік қызметкерлерінің білімін арттыру лагері деуге болады. Лагердегі жұмыстар Ресейлік босқындардың кеңестер туралы мәліметтерінен пайдалануға бағытталды Немістер осы мақсатта босқындар арасында Кеңестер Одағы туралы конфренциялар мен талқылаулар ұйымдастырды. Шоқай да лагерьде Түркістан туралы бір баяндама жасады.[14]

Шоқайдың Түркістан туралы баяндамасы тыңдаушыларға өте ұнап, осы тақырыпта тағы бір баяндама жасауы сұралды. Шоқай мұны шын ықыласпен қабыл алды. Бірақ лагерьде екінші баяндаманы жасайтындай ұзақ уақыт қала алмады. Өйткені Шоқайдың баяндамасын жалғыз тұтқындар ғана емес, лагерьдің неміс басшылары да ұнатқан еді. Олар кеңестерге қарсы мұндай бір баяндаманы радио арқылы түркістандықтарға қарата жасауын сұрады.[15] Жалпы алғанда Шоқай бұл ұсынысқа оң қарағанмен радиодан сөз сөйлеуге бірден келісе қоймады. Өйткені оның ойынша, Түркістанның жергілікті халықына арнап сөз сөйлеу мен Түркістаннан тыс жерде шетелдіктерге баяндама жасау арасында үлкен айырмашылық бар еді. Түркістандықтарға өз отаны туралы баяндама жасайтын кезінде бар нәрсеге өте мұқият болып, әсіресе өлкенің саяси шындықтары туралы қателіктерге бой ұрмауы керек еді. Олай болмаған жағдайда баяндаманың пайда орнына зиян келтіруі мүмкін еді.[16]

Сол себепті немістерге тұтқынға түскен түркістандық әскерлермен кездесіп олардың ұлттық мәселелердегі ой-пікірлерін біліп алу қажет еді. Содан кейін ғана түркістандықтарға арнап бір баяндама жасауға болар еді.[17]

Шоқай Берлинге қарай аттанбас бұрын екі күнге үйіне соқты. Берлин сапары үшін керекті дайындықтарын жасады. Түні бойы жазу машинкасымен жазу жазды. Ол таңертең ертемен Парижге кетті. Келгеннен кейін тағы да жазды.[18] Ол шілде айының орталарында Парижден Берлинге қарай әскери көлікпен жолға шықты.[19]

Шоқай Берлинге бара жатқанында   кеңес дәуірінде өскен түркістандық жастармен алғаш рет кездестіндіктен өте толқып тұрған еді. Бұл кездесулер, әсіресе 1922 жылдан бері шетелде Түркістан туралы жазған мақалаларындағы тұжырымдарының дұрыс бұрысын анықтауға мүмкіндік беретін еді. Сол мақалаларында Түркістаннан шалғай жерде, Еуропаның кіндігінде тек кеңес баспасөзінде орын алған мәліметтерге сүйене отырып, қорытындылар мен тұжырымдар жасаған еді. Түркістанға бара алмағандықтан, олардың қанша дәлдікпен айтылғанынан бейхабар еді. Тұтқындармен сөйлескен кезінде осы мәселені анықтауға тырысатын еді. Сондай-ақ немістерге тұтқынға түскен түркістандықтардың толықтай кеңес жүйесінде білім алып өскен жастар болуы да оны қызықтырған еді. Сол тәрбиенің түркістандық жастарды қандай сипатта қалыптастырғанын байқау мүмкіншілігіне қол жеткізетін еді.[20]

Шоқай әсіресе олардың өзі туралы не ойлайтындықтарын білгісі келді. Бірақ жастардың өзі туралы білетініне күмәнді еді. Ол бұл туралы ойларын былай ортаға салады: "...Тұтқындармен кездесетін болғандықтан толқып тұрмын. Олармен түсінісетін ортақ бір тіл таба аламыз ба? Алайда сол жастар мен туралы еш нәрсе  білмейді. Еш нәрсе де естімеді. Менің шетелдегі іс-әрекеттерімнен де бейхабар. Сондықтан да өте толқып тұрмын."[21]

Бірақ Шоқай Берлинге келгенде соғыс тұтқындарымен бірден кездесудің мүмкіндігі болмады. Лагерлерге барып аралау үшін алты апатадай күтуіне тура келді.[22] Шоқайға лагерлерді көріп қайту үшін неліктен дереу рұхсат берілмегендігі туралы қолымызда ешқандай дерек жоқ. Дегенмен, бұған немістер басып алған кеңес территорияларын басқару туралы НСДАП[23] мен Сыртқы Істер Министрлігі арасындағы билік тартысының себеп болғандығы даусыз.

Кеңестерге соғыс ашпастан бірнеше ай бұрын аталған екі мекеме бір-бірінен хабарсыз Кеңес Одағына басып кіру жөніндегі дайындық жұмыстарын бастады. Бұл тұрғыда алғашқы жұмыстарды НСДАП-тың Сыртқы Саясат Кеңсесі бастатты. 1941 жылы 31 наурыз күні бұл кеңсеге қарасты "Шығыс Мәселелері Орталық Саяси бюросы" құрылды және оның төрағалығына Альфред Розенберг тағайындалды. 1941 жылы 20 сәуір күні Шығыс Еуропа аймағы мәселелерінің орталық атқару қызметкері деген лауазым атты алған Розенберг өзінің жұмыс тобын жасақтай бастады. Соның алғашқы қызметкерлері арасында профессор Герхард фон Менде мен Георг Лейбрандт секілді есімдер орын алды.[24] Сонымен Розенберг неміс армиясы басып алатын кеңес жерлеріндегі болашақ неміс билігінің жоспарларын жасай бастады.[25]

Розенберг басшылығындағы бюроның ресми бір мекемеге айналуы соғыс басталғаннан кейін, Шоқайдың Берлинге аяқ басқан күндеріне сәйкес келді. 1941 жылы 16 шілде күні Гитлердің қатысуымен бір маңызды жиналыс өткізілді. Бұл жиналыста Кеңестер Одағынан басып алынған аймақтармен айналысатын жаңа бір министрліктің құрылуы мен өкілеттіліктері туралы шешім қабылданды. "Басып Алынған Шығыс Елдері Министрлігі" деген ат берілген осы жаңа министрлікке ертеңіне Розенберг министр болып тағайындалды. Сөйтіп Шоқайдың аралауға тілек білдірген тұтқын лагерлерінен жауапты болған және қысқаша Шығыс министрлігі (Остминистериум) деп аталған бұл жаңа министрлік 1941 жылы 17 шілдеден бастап өз жұмсын бастады.


2 - тарау


Шығыс Министрлігінің ұйымдық құрылысы ауқымды және қызық сипатта еді. Саясат, экономика және әкімшілік секілді үш негізі бөлімнен тұратын министрліктің саяси бөлімі тақырыбымыз тұрғысынан көбірек маңызды болғандықтан, ол туралы тоқталамыз. Бұл бөлімнің басына "министрал директор", яғни министрге тікелей бағынатын директор деген лауазыммен Розенбергтің жақын қызметтес жолдасы Лейбрандт тағайындалды. Саясат бөлімі де өз ішінде он салаға бөлінді. Олар төмендегідей болатын:

1. Жалпы саясат, бастығы - Сыртқы Істер Министірлігінен Отто Бройтигам,

2. Остланд,[1] бастығы - Сыртқы Істер Министірлігінен Петер Клайст,

3. Украина, бастығы - СС Обер-фүрер[2] Вилгельм Кинкелн,

4. Ресей,[3]

5. Кавказ,[4] бастығы - фон Менде,

6. Мәдениет,

7. Қоныстану,

8. Баспасөз,

9. Жастар ісі,

10. Әйелдер ісі.[5]

Соғыстан алдыңғы кезеңде Германияның Сыртқы Істер министрлігі де кеңестерге қарсы жүргізілетін соғысқа байланысты дайындық жасады. Бірақ, бұл жөнінде НСДАП-тың да жұмыстар жүргізіп жатқандығынан бейхабар еді. Екі мекеме арасындағы осындай байланыссыздық уақыт өте келе бәсекеге айналды. Бірақ дайындықтарына бұрыннан бастаған және Гитлердің қолдауына ие Розенберг басып алынатын кеңес территорялары турасында өкілеттік алуда Сыртқы Істер министрлігін қатардан шығаруда табысты болды.

Қолда бар деректер Германия Сыртқы Істер министрлігінің Кеңестер Одағын жаулап алуға бағытталған алғашқы ұйымдық жұмыстарын 1941 жылдың сәуір айында бастағандығын көрсетеді. Сол айда министрлікте басып алынатын кеңес жерлері мәселесімен айналысатын бір Ресей комитеті құрылды. Бұл комитеттің төрағалығына елшілік кеңесшісі Георг Гросскоф тағайындалды. Бірақ Ресей комитетінің жұмыстары НСДАП-тың Шығыс мәселелері Орталық Саяси бюросының жұмыстарынан артта қалды. Өйткені, одан бұрын жұмыстарына бастаған аталмыш бюро Кеңестер Одағы жөніндегі мамандардың көпшілігін өз құрамына жинап алған еді. Осы себепті Гросскофтың фон Менде мен Лейбрандт секілді мамандарды Ресей Комитетіне алу ұмтылысынан бір нәтиже шықпады. Сондықтан Гросскофтың жұмыстары жаулап алынатын Украина, Кавказ және Қырым секілді аймақтарда құрылатын неміс әкімшілік органдары үшін Сыртқы Істер Министрлігі қызметкерлерінен басқарушы кадрлардың тізімін дайындаудан әріге бара алмады.[6]

Гросскофтың Ресей Комитетінің міндеттері мен жауапкершіліктерінің аясы Кеңестер Одағымен соғыс басталғаннан кейін белгіленді. Соғыс басталғаннан бір апта өткеннен соң Вернер Отто фон Хентиг кеңестердің оңтүстік-шығыс халықтарының (кауказдықтар, қырғыздар, татарлар тб.) мәселелерінен жауапты қызметкер болып тағайындалды.[7] Ресей Комитеті сондай-ақ "Винета" Шығыс кеңсесінің үгіт-насихат істерінің бір бөлімін міндетіне алып, Кеңестер Одағының орыс емес халықтарына қатысты брошюралар дайындай бастады. 1941 жылдың 16 тамыз күнгі бір құжаттан аңғарылғанындай, Ресей Комитеті кеңес армиясынан тұтқынға түскен татар, өзбек, қазақ секілді шығыс халықтарына арнап "Шығыс Түрік" атты бір брошюра дайындауға кірісті. Мұны Сыртқы Істер министрлігі Ресей Комитетінде жұмыс істейтін қазандық Ғалимжан Идриси жасады.[8]

Қорытындылай келе, мынаны айтуға болады: Шоқай шілде айының ортасында Берлинге келген кезде[9] тұтқындармен жүздесу мәселесінде билік таласына тап болды. Шамасы Шоқайдан радио арқылы түркістандықтарға қарата сөз сөйлеуін сұраған Шығыс министрлігі де, Ресей Комитеті де емес еді. Шоқайға мұндай өтініш жасаған нацистік өкіметтің Үгіт-Насихат Министрлігіне қарасты "Винета" ұйымы болуға тиіс. 1941 жылдың көктемінде листовка, брошюра және грампластинкалар арқылы кеңестерге қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін құрылған "Винета" ұйымы радио хабарларымен айналысатын еді. Соғыстан бір аптадай бұрын орыс, украин, кавказ және түрік-татар халықтарының он шақты өкіліне қызыл армия қатарындағы жауынгерлерді әскерден қашуға шақырған үндеулерді оқытып, грампластинкаларға жазды. Бұл пластинкалар кейіннен радиодан жарияланды.[10]

Міне, осы жағдай бізді Шоқайдан түркістандықтарға қарата радиодан сөз сөйлеуін сұраған мекеменің "Винета" ұйымы болуы тиіс деген қорытынды шығаруға жетеледі. Бірақ Шоқай мұнда сөз сөйлемес бұрын түркістандық тұтқындармен кездесуді қалады. Ал мұндай кездесуді іске асыратын "Винета" ұйымы емес еді. Кездесуге рұқсатты беретін өкімет органы Шоқай Берлинге келген кезде жаңа белгіленіп жатқан еді. 17 шілде күні Шығыс Министрлігінің құрылуымен бірге кеңес тұтқындары жөніндегі билік Гросскофтан Розенбергке өтті. Сонымен Шоқай Берлинде Гросскоф басқаруындағы Ресей Комитетінің түркістандық тұтқындарға жауапты қызметкері фон Хентигтен емес, Розенбергтің Шығыс министрлігінің кеңестік түркі халықтарынан жауапты қызметкері фон Мендеден рұхсат алатын болды. Ал, Шығыс министрлігінің болса тұтқындар мәселесінде Ресей Комитетіне қарағанда басқаша жоспарлары бар еді. Шоқай бұл жоспарлардың жүзеге асырылуын күтуге мәжбүр еді.

Негізінде Шығыс министрлігінің соғыстың бастапқы кезеңінде тұтқындарға қатысты ешқандай жоспары жоқ еді. Олардан жәрдем отрядтарын жасақтау болса еш ойға алынбаған еді. Нацисттер тек тұтқындарды кейбір ережелер бойынша бөлумен болды. Тұтқындар арасында анықтаған коммунисттік партияның жоғары лауазымды басшылары мен жоғары дәрежедегі мемлекеттік қызметкерлерін, еврейлер мен азиялықтарды өлтіріп тастап отырды. Сонымен қатар азиялық мұсылман тұтқындардың сүндетті болуы оларды еврейлермен шатастыруларына себеп болды. Сондықтан, мыңдаған тұтқын өлді.[11]

Шынтуайтына келгенде,кеңес армиясынан тұтқынға түскен түркі тектес және кавказдық мұсылман әсерлерді неміс армиясында немесе қандай да бір ресми қызметте қолдану нацистік идеологияға қайшы еді. Өйткені, нацисттердің адамдарды нәсілге қарай  бөлу категориясы бойынша татарлар мен Орта Азияның түркі халықтары "төменгі сатыдағы азиялықтар тобына" кіретін. Олар нацисттердің пікірі бойынша, славяндардан да төмен нәсілге жатады. Тіпті олар адамнан да төмен жек көрінішті бір мақұлық (untermensch) еді.[12] Осы себепті неміс-кеңес соғысының бас кезеңінде немістерден кеңес тұтқындарын пайдалану туралы ешқандай ой жоқ еді. Бұл пікір соғыс басталғаннан кейін ғана қалыптаса бастады.

Бұл арада Германияның Кеңестер Одағына шабул жасауы басқа елдердегі украин, кавказ, түркі тектес Ресейлік босқындарды да қозғалысқа түсірді. Олардың жүректерінде Германияның соғыста жеңіске жетуінің отандарының кеңестік бодандықтан құтылатындығы туралы үміт оты жанды. Осы себепті босқын жетекшілері арасында кеңестердің жеңілісін жеделдету және отандарының саяси келешегін қалыптастыру жұмыстарында белсенді рөл атқару үшін неміс өкіметімен біргестесу ынтасы оянды.[13] Осы мақсатта әртүрлі елдердегі неміс елшіліктеріне өтініштер түсті. Аталмыш өтініштерде неміс өкіметіне кеңестерге қарсы соғыста ерікті түрде жәрдем етуге дайын тұрғандықтары аталып өтілді, тілегі білдірілді. Олар неміс өкіметінен бұл көмектің қарымтасында елдерінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуін сұрады.[14]

Екінші жақтан кеңес армиясы қатарында соғысып жатқан кейбір орыс емес әскерлердің соғыспастан, немістерге өз еркімен беріліп жатқаны байқалды. Кеңес армиясында олардың көпшілігіне орыс тілін білмегендіктері үшін екінші сорттағы әскер ретінде қаралуда еді. Олардың бір бөлігі әскери жаттығу көрместен, тіпті қолына қару берілместен, майданға жіберілген еді. Немістерге өз еркімен берілген әскерлердің қатарында кеңестік режимге қарсы әскерлер де болды.[15]

Босқын жетекшілерінің неміс армиясына жәрдемші болу өтініштері және кеңес армиясы қатарындағы кейбір жауынгерлердің неміс армиясына бүйірлерінің тартуы неміс армиясы құрамында кеңестік әскерлерден ерікті көмекші отрядтар жасақтау пікірін туғызды. Бұл пікір Шығыс министрлігі, Қарсы Барлау және Сыртқы Істер министрліктері тарапынан қолдау тапты. Бірақ бұл пікірдің алғаш рет кімнен, қашан және келгендігі белгісіз.[16]

Осындай дамушылықтарға байланысты Шығыс министрлігі тамыз айында тұтқындармен айналысатын бір комиссия құрды. Бұл комиссияның басына НСДАП-тың "СА" полкінен штрумбанфүрер Гейбель тағайындалды. Бастапқыда бұл комиссияға тұтқындармен ұлттарына қарай айналысу үшін жеті адам кірді. Татар, башқұрт және фин тұтқындар үшін Ахмет Темир, Түркістанның өзбек, қазақ, қырғыз және түрікмен тұтқындары үшін Уали Каүм, солтүстік кауказдықтар үшін Али Кантемир, азербайжандар үшін Мехмет Бей, грузин және армиян тұтқындар үшін екі кісі және Мұстафа Шоқай белгіленді. Мұсылман және түркі тектес тұтқындармен байланысты қызметкерлердің төрағасы болып тағайындалған Шоқай өзіне көмекші және аудармашы ретінде Уәли Каюмды таңдады. Комиссия мүшелеріне міндеті тұтқындарды ұлтына қарай анықтау және тұтқындармен сөйлесіп мәлімет жинау қызметі жүктелді.[17]

Тұтқын комиссиясы алғашқы жұмысына бастау үшін 26 тамыз күні Ганофер маңындағы Өрбке және Берген-Белсен тұтқын лагерьлеріне қарай жолға шықты. Шоқайдың Берлинде бір жарым ай жатып тебіреніспен күткен кездесулері ақырында жүзеге асты. Бірақ лагерьлерге жеткенінде Шоқай күтпеген бір жағдаймен кездесті, және бұл оның көңілін су сепкендей басты. Лагерьлерде тұтқындар қиын жағдайда өмір мен өлім арасында арпалысып жатқан еді. Азық, сусын және баспана тапшылығы ең жоғары деңгейде еді. Бұл аз болғандай неміс әскерлерінің нацистік әсіре нәсілшілдіктен туындаған қан-құйлы зұлымдығына тап болып жатты. Нацистік әскерлер әсіресе татарлар мен түркістандық тұтқындарды қит етсе атып тастаудан тайынбайды. Бұл жағдайларға куә болудың Шоқайға ауыр тигені соншалық, оларды көргенше, өліп кеткенді артық санады. Кейіннен жұбайына жасырын түрде жіберген хатында[18] соғыс тұтқындарының жүрек сыздатар ауыр жағдайын егжей-тегжейлі баяндады. Оның айтуынша, неміс әскерлері тұтқындарды мазақ ететін және ұнамсыз болмашы бір әрекеті үшін атып тастайтын еді. Аштық әбден өзекке түскен әскерлер өлген жолдастарының жүректері мен бауырларын жеп, тірі қалудың амалын жасауда еді. Жұбайына жолдаған хатында Шоқай өзі куә болған мұндай жан түршігерлік көрініс алдында өзінің адам екендігінен ұялғандығын атап өтті.[19]

Осылайша, Шоқай лагерлердегі алғашқы күннен-ақ нацисттермен бірге кеңестерге қарсы Түркістанның саяси құқтары үшін күресудің мағынасыз және тіпті зиянды екендігін аңғарды. Соған қарамастан, өзі де тұтқын сипатында болғандықтан, тұтқын комиссиясындағы қызметін жалғастыруға мәжбүр болды. Бірақ, өз қалауынан тыс атқаратын бұл қызметіндегі басты мақсаты - неміс армясының Кеңестер Одағына қарсы жүргізіп жатқан соғысында жеңіп шығуын қамтамасыз ету емес, тұтқындардың ауыр жағдайын біршама да болса жақсарту болды. Ол бүкіл жұмыс уақытын, тіпті өмірінің қалған бөлігін осы мақсатқа арнады.

Шынында да, соғыстың алғашқы апталарында тұтқындардың жағдайы сұмдық ауыр еді. Өйткені, бастапқыда лагерлерде жиналған жүз мыңдаған тұтқындардың мәселелері мен қатар кеңестік шығыс халықтарынан шыққан тұтқындардан көмекші отрядтар ұйымдастыру ісі де ойластырылмаған еді. Бұл кезеңге байланысты жасалған зерттеулер де лагерьлерде азық-түлік жеткіліксіздігі мен барактардағы денсаулыққа зиянды лас жағдай салдарынан, сондай-ақ, нацисттердің нәсілшілділдігінен туындаған зұлматынан мыңдаған тұтқынның өлім құшқанын растайды.[20]

Шоқай тұтқын лагерьлерінде кездерінде көптеген мұсылман тұтқынның орынсыз нақақ атылып тасталынуына кедергі болды. Әсіресе, сүндетті болуларына байланысты мұсылман тұтқындарды немістердің еврей деп ойлап, атып тастау оқиғаларының азаүында елеулі рөл атқарды.[21] Шоқай бір жолы лагерьлерді аралап жүргенінде отыз бес мұсылман тұтқының тек қана сүндетті болғандықтары үшін атылайын деп тұрғандығын көрді. Ол дереу бұл іске араласып, әскерлерді ажал аузынан арашалап қалды.[22] Сондай-ақ, алдағы уақыттарда да бұған ұқсас қателіктерге жол бермеу үшін бұл мәселе жөнінде неміс басшыларын хабардар етуге тырысты. Шығыс министрлігі, Неміс Қарулы Күштері қолбасшылығы және СД өкілдері қатысқан бір жиналыста мұсылмандардың сүндетке отырғызу дәстүрі туралы мағлұмат берілді. Бұл мағлұматты кімнің бергендігі туралы ешқандай дерек болмаса да, Шоқайдың бұл жиналыстың өткізілуінде үлкен ықпалы болуы әбден мүмкін. Неміс ғалымы Мүхлен 1941 жылдың тамыз айынан бастап сүндетті болғандықтары үшін мұсылмандарды атып тастау оқиғаларының сейілгенін айтады.[23]

Шоқайдың тұтқындардың ауыр жағдайын жақсарту туралы қолында ешқандай билік жоқ еді. Қолынан келер тек шара - немістердің басшылық орындарына баяндама хат жіберіп, бұл жағдайдың жақсартылуын сұрау ғана еді. Қуә болған оқиғаларының әсерінде қала отырып ауыр сындарды тілге тиек еткен бір баяндама дайындады. Онда былай деді: "Сіздер, немістер, өздеріңізді Еуропаның ең өркениетті және мәдениетті халқы ретінде көресіздер. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің осы көргендерім болса, мен де сіздерге тұтқындардың басындағы дәл сондай ауыртпалық және апатпен әдіре қалуларынды тілеймін.[24] Сіздер ХХ-ғасырда, Шыңғыс ханның ХІІ-ғасырда жасағынан да бетер іс жасап жатырсыздар." Ол бұл баяндамасын Уәли Қаюмға неміс тіліне аудартып тиісті офицерлерге тапсырды. Баяндаманы алған офицер Шоқайға ойын шектен тыс батылдықпен білдіргенін айтты. Бұған Шоқай "Егер сіз осыған байланысты мені атып тастайтын немесе дарға асатын болсаңыздар мен дайынмын. Мұндай өркениетті қоғамда өмір сүргеннен өлгенді артық санаймын. Мен осы сұмдық көріністерге байланысты өмірге деген құлшынысымды жоғалттым" деп жауап қайтарды.[25]

Шоқайдың лагерь шарттарының жақсартылуы жолындағы ескертулері мен ұмтылыстарының зая кетпегендігін деректер анықтауда. Зерттеуші Мүхленнің айтуынша, 1941 жылдың тамыз айынан бастап кеңестік мұсылмандарының топ-тобымен өлім оқиғалары айтарлықтай дәрежеде азайды.[26] Легионда болған атқарған бір тұтқын Шоқайдың лагерьлеріне келіп кетуінен кейін жағдайларының жақсарғандығын атап өтеді. Шоқайдың аралап кетуінен кейін лагерьде тұтқындардың тазалық үшін монша мен душ мүмкіншіліктерімен көбірек қамтамасыз етілді және тағамдары жақсартылды.[27]

Шоқай тұтқындардың лагерьлердің ауыр шарттарына төзе алулары үшін көңіл-күйлерінің көтеріңкі болу керектігін жақсы түсінді. Бұл үшін ең алдымен тұтқындарға өзінің қолында ешқандай билік жоқ екендігін және немістердің нацистік идеологиясының зұлымдығынан туған өз үмітсіздігі мен пессимизмін көрсетпеуге тырысты. Содан кейін олардың көңіл-күйлерін көтеру үшін біле тұра өтірік айтып, жалған уәделер берді. Марияға жазған хаттарының бірінде былай дейді: "Менен жәрдем күткен, маған үміт артқан осы бақытсыз байғұс жандарға ешқандай көмек көрсете алмағандығыма байланысты жан азабын шегудемін; мен оларға көмектесуге уәде берудемін және оларды жұбату үшін біле тұра өтірік айтамын."[28]

Шоқайдың бұл мәселеде аз да болса табысқа жеткендігін тұтқындардың бірінің естелігінен байқаймыз. Шоқай барған тұтқын лагерьлерінің бірінде болған және соғыстан кейін Қазақстанға қайтқан Мақсұт Нәбиев естелігінде осыған байланысты былай дейді: "Бір қазақ зиялысы келіп, түркі тектес тұтқындардың барлығын бір жерге жинады. Оның сол кезде не айтқаны дәл есімде жоқ. Бірақ сөздері жүрегімізге жылы тиді. Айтқан пікірлері ұнады. Оның қарапайым кісі еместігі, өте мәдениетті жан екендігі көрініп тұрған еді. Кейіннен білдік, ол кісі Мұстафа Шоқай екен."[29]

Бұл арада Шоқай тұтқындармен өткізген кездесулерінен Түркістанның саяси жағдайын білуге мүмкіндік тапты. Сан жылдар шетелде босқында жүріп Түркістандағы кеңес билігі туралы жасаған тұжырымдары мен сындарында жаңылыспағандығына көз жеткізді. Оларда әсіре кетпеген еді. Қайта кем жазған еді.[30]

Тұтқын комиссиясының Ганофер маңындағы Өрбке және Берген-Белсендегі жұмыстары 1941 жылдың 27-28 тамыз күндері арасында екі күн жалғасты. Бұл жерде жұмыстарын бітірген комиссияның келесі аялдамасы Шығыс Пруссиядағы лагерьлер еді. 1941 жылдың 6-25 қыркүйек күндері бұл жерде орналасқан жеті лагерьді аралады. Олар: 1.Торн, 2. Просткан, 3. Сувалки, 4. Шируиндт, 5. Метзикен, 6. Погеген, 7. Ебенроде лагерлері еді.

Комиссияның үшінші жұмыс аймағы Польша мен Ұкраинадағы лагерьлер болды. 7 қазан мен 30 қараша күндері арасында жасалған бұл сапарда бес лагерьдегі тұтқындармен жүздесілді. Ол лагерьлер: 1. Лемберг, 2. Ярослау, 3. Кочановка, 4. Деба, 5. Самош еді.[31]

Тұтқын комиссиясы өз жұмысын жалғастырып жатқан кезде нацистік өкіметтің жоғарғы басшылықтарында тұтқындардан көмекші отрядтардың жасақталуына деген қарсылықты бәсендеткен дамушылықтар болып жатты. Бұл мәселеде Германияның Анкарадағы елшісі Франц фон Папен маңызды рөл ойнады. Папен Түркияның бейтараптығын Германияның пайдасына бұзып, соғысқа қатыстыру үшін жанталасуда еді. Бұл мақсатын іске асыру үшін Түркияның саяси қайраткерлері мен зиялыларының түрікшілік сезімдерін қозғалысқа түсірмек болды. Папенмен етене жақын байланыс орнатқандар бұрынғы әскери генералдер еді. Олардың бірі Әнуар Пашаның інісі - Нури Паша (Киллигил) еді. Папен қыркүйек айында Нури Пашаның Берлинде Германия Сыртқы Істер министрлігінің қызметкерлерімен кездесуін қаматамасыз етті. Бұл кездесудің хаттамаларына қарағанда, Нури Паша мұсылман және түркі тектес соғыс тұтқындарынан жеке отрядтар жасақталуын және бұл мәселеде өздерінің қол ұшын беретіндіктерін айтты.[32]


3 - тарау

Расында да желтоқсан айында соғыстың басталғанына шамамен алты айдан артық уақыт өтуіне қарамастан, нацисттік өкімет жаулап алынған кеңес жерлерінің болашағы туралы саясатын әлі белгілемеген еді. Бұл мәселе туралы неміс өкіметі төңірегінде басты екі көзқарас талқыланып жүрді. Біріншісі, КСРО-ны тұтастай неміс отарына айналдыру еді. Бұл көзқарас бойынша кеңестік республикаларда жергілікті халықтарға басқару билігі берілмей, барлық билік неміс басшыларының қолында болатын еді. Ал екінші көзқарас болса, Кеңестер Одағын автономиялық әкімшілік аймақтарға бөліп, жергілікті өкілдерге билік беруді жақтады. Бірінші және қатаң көзқарасты Шығыс Министрлігі, ал екінші идеяны Сыртқы Істер Министрлігі жақтады.[1] Дегенмен екі көзқарастың ешбірінде нацистік басшылықтың Түркістанға тәуелсіздік беру ниеті байқалмайды. Нацистердің Түркістанға беруді ойлаған ең байсалды деген саяси құқтарының өзі, кеңестер берген құқтармен салыстыруға да тұрмайды. Алайда Шоқайдың саяси күресінің негізгін Түркістанның толық тәуелсіздігі құрады. Ол бұдан басқа ешқандай да бір саяси мақсатты қабылдамақ емес еді.[2]

Нацистермен бірге істеспеуіне тағы бір себеп ретінде, Шоқайдың жеке қасиеттерін айтуға болады. Ол қантөгіс пен соғысқа әрқашан қарсы болды. Саяси күресті үнемі бейбіт жолмен, яғни пікір жолымен жүргізуді жақтаған ол соғыс пен қаруды еш ұнатпайтын. Сондықтан оның әскери жасақтарға қолбасшылық етуі мүмкін емес еді. Шоқайда соғыс пен соғыс униформасын жек көретіндігі соншалық, әлемде армия аты берілген қандай да бір мекеменің болуының өзін қаламады. Сонымен қатар, бейбітшілік пен тәртіпті сақтау үшін әскер мен полиция секілді қарулы күштердің керек екендігін де мойындайтын. Дегенмен мұндай мекемелердің бірінде қызмет атқарғысы келмейтін. Әлемде соғыссыз, бейбіт тіршілік орнауы үшін адамдардың не істеуі керектігі туралы ұзақ толғанатын. Ақырында адамдзаттың ол деңгейге көтеріле алмайтындығы және мұның бір утопия екендігі туралы қортындыға келетін.[3]

Қорытындылап айтар болсақ, Шоқай Түркістан легионына қатысудан үзілді-кесілді бас тартты. Шоқайдың "Яш Түркістан" журналын шығаруына ұзақ жылдар бойы жанқияарлықпен көмектескен Тахир Чағатайдың жұбайы Саадет Чағатай да осындай пікір айтады. Чағатай Шоқай немістердің тұтқынындағы жерлестерін орыстарға қарсы өз шептерінде соғысуға ынталандыру туралы талаптарына келіспегендігін атап өтеді. Оның айтуынша, Шоқай мұндай бір іс-қимылға үлес қоспайтынын ашық түрде білдірген. Шоқай немістерге түркі кеңестік тұтқындарды майданға жібермеуге кеңес берді. Оның орнына оқуларын аяқтамай жатып, кеңес армиясы қатарында соғысқа айдалып, тұтқынға түскен жастарды білім алуларын жалғастырулары үшін оқуға жіберулерін, ал басқа тұтқындарды майдан тылында жұмыс істеуін ұсыныс етті.[4]

Шоқай жұбайына жазған соңғы хаттарының бірінде, мұндағы жағдайдың өзін қанағаттандырмағандығын және бірнеше күн ішінде Парижге қайтатындығын мәлімдеді.[5] Шоқай бұған ұқсас тағы бір хатты Стамбулдағы Тахир Чағатайға да жіберді. Хатында былай деді: "Бұл жердегі кездесулерім аяқталды. Парижге қайтуға шешім қабылдадым... Германияда бізді қызықтыратын мәселелер туралы мағлұмат алғың келсе, бұл жұмыстарға тікелей араласып жүрген Уәлиге хат жаз. Осы қысқа хатты бұрынғы досымыз Вичи арқылы почтаға салғызып отырмын. Парижге оралғаннан кейін жазатын егжей-тегжейлі хатымды күтерсің."[6] Бұл хат Шоқайдың легион жобасына келіспегендігін, сонымен қатар енді тұтқын комиссиясындағы қызметін тастап Парижге қайтуға бет алғандығын бізге айқын көрсетеді. Егер Шоқай Парижге орала алғанда, Чағатайға жазатын хатында бәлкім Түркістан легионы туралы ой-пікірлерін ашық түрде жазатын еді. Бірақ Парижге қайту Шоқайдың пешенесіне жазылмаған еді.

Тұтқындармен кездесу комиссиясы ретінде Польшадағы Ченстохав лагері Шоқай аралаған соңғы лагер болды. Комиссия келген кезде лагерде сүзек ауруы шыққан еді. Соған қарамастан комиссия тұтқындармен кездесулер өткізді.

Комиссия сүзек эпидемиясының артуына байланысты тұтқындардан бөлініп карантинге алынды. Комиссия мүшелері екі апта бұл жерде карантинде қалды. Карантин кезінде комиссия мүшелерінде ауру белгілері көрінбегендіктен лагерьден қайтуларына рұхсат берілді.[7]

Шоқай бұдан әрі тұтқын лагерінде жұмыс істеуді қаламады. Ченстахов лагері Шоқайдың барған соңғы лагері болды. Бұл жерден жұбайына жолдаған хатында былай деді: "Жұмыстар қызықты емес, тұтқындарды санау ғана. Тез арада бұл жұмыстан босану керек және карантинде қамалып қалмауым керек."[8]

19 желтоқсан күні комиссия Берлинге оралды. Шоқай Берлинге келгенінде ыстығы 40 градуске көтерілген еді. Ол сүзек ауруы деген күмәнмен Виктория ауруханасына жатқызылды. Бір апта бойы көрген емі еш нәтиже бермей, 1941 жылы 27 желтоқсан күні қайтыс болды.[9] Неміс ресми қызметкерлері өлім себебі ретінде Ченстохав лагерінде жұқтырып алған сүзек ауруын көрсетті. Бірақ жұбайы Мариядан бастап оның жақын достары оның өліміне күмәнмен қарады.[10] Шоқайдың өліміндегі сырлар басқа ұзақ мақаланың тақырыбы. Шоқай 1942 жылы 2 қаңтар жұма күні Берлиндегі түрік шәйіттері зиратына жерленді.[11]

Сонымен, қорыта айтқанда Мұстафа Шоқай Түркістан легионы және басқа мәселелерде фашисттермен ешқандай бірге істескен емес. Тіпті оларға қарама-қарсы бағытта болды. Сондықтан оған сатқын деушілік үлкен әділетсіздік, білімсіздік, жала жабушылық, тіпті тарихқа қиянат болып табылады. Мұстафа Шоқай Қазақстан және Орта Азияның тәуелсіздігі жолында өзін құрбан еткен нағыз халық қаһарманы. Қазақстан және Орта Азия елдерінің тәуелсіздігінің 20 жылдығында Шоқайға үлкен құрметпен қараған жөн.

Әбдіуақап Қара

Шоқайтанушы,

Ыстамбұлдағы Мимар Синан

көркем өнер университетінің профессоры

«Абай-ақпарат»

 

Бірінші тарауға сілтемелер:

[1] M. (Mariya) Y. (Yakovlevna) Çokayoglı, Eşinin Ağzından Mustafa Çokayoğlı. Yaş Türkiystan Yayını Sayı: 22, İstanbul, 1972, 123 б.

[2] аталмыш еңбек, 124, 151 б.

[3] аталмыш еңбек, 124 б.

[4] Саадет Чагатай Шоқайдың журанлист ретінде Швейцарияға көшіп баруына болатынын, бірақ отаны ретінде көрген Францияны дұшпанға қиып кеткісі келмегенін айтады. Saadet Çağatay. Çokayoğlı, M. Y. "Eşinin Ağzından Mustafa Çokayoğlu" // Emel. Eylül-Ekim 1972.

[5] Ф. Армаоглы, ХХ. Ғасыр саяси тарих 1914-1980, Анкара, 1984, с. 367.

[6] Mariya Yakovlevna, 124 б.

[7] аталмыш енбек, 127-б.

[8] аталмыш енбек, 128-б.

[9] аталмыш енбек, 128-б.

[10] аталмыш енбек, 133-135-б.

[11] аталмыш еңбек, 134-б.

[12] аталмыш енбек, 134-б.

[13] аталмыш еңбек, 115, 135-136-беттер. Компиен-Рояллү лагері саяси тұтқындар үшін дайындалған бір үйрету лагері еді. Бұл жерді француздар немістер басып алмас бұрын әскери аурухана ретінде қолданды. Немістер Францияны жаулап алғаннан кейін бұл жерді алдымен ағылшын мен француз әскери тұтқындары үшін әскери лагерь ретінде қолданды. Кенес Одағына қарсы соғыс ашқаннан соң бұл лагерь саяси тұтқындар лагері ретінде қолданыла бастады. Лагердің бұл мақсатта қолданылуы 1944 жылдың 28 тамызына дейін жалғасты. Компиен-Рояллү лагері туралы көбірек мағлұмат үшін қараңыз: Gérard BOUAZIZ. La France Tortuvré F.N.D.I.R.P., Pariys, 1979, 273-285-б.

[14] Яш Түркистан (Молодой Туркестан), Париж 1949-1950, с: 8 (Марияның Шоқайдың туғанына 6о жыл толуына байланысты жариялаған кітабы); Mariya Yakovlevna, 138-б.

[15] Чокай, "Воспоминания", стр. 17. Немістердің Шоқайдан жасауын өтінген баяндамасының мазмұны туралы нақты мәліметіміз жоқ. Әйткенмен одан түркістандықтарды кеңес билігіне қарсы көтеріп, неміс армиясына жәрдемші болуға үндейтін бір баяндама жасауын сұрағанын жобалай аламыз. Мысалы, 1941 жылы 23 қазан күні неміс радиосынан Азербайжан аймағында Азербайжан тілінде берілген хабарда былай делінген болатын: "Азербайжандықтар! Мылтықпен, пулеметтермен қаруланыңдар! Жасырын ұйымдар құрыңдар! Жеңілейін деп жатқан дұшпандарың - большеуиктерге қарсы соғысыңдар. Олардан қорықпаңдар! Отандарыңды құтқару үшін соғысыңдар және сөйтіп ұлттық намыстарынның барын дәлелдеңдер!", Patrick von zur Mühlen, Gamalıhaç ile Kızıl Yıldız Arasında İkinci Dünya Savaşında Sovyet Doğu Halkları'nın Milletçiliği, Mavi Yayınlar, Ankara, 1984, 172- бет.

[16] Чокай, "Воспоминания", стр. 7.

[17] аталмыш мақала, 17 б.; Mariya Yakovlevna, 138-139.

[18] Мария Шоқайдың не жазғанын білмейді. Бірақ қайтыс болғаннан кейін немістердің Марияға тапсырған Шоқайдың жеке заттары арасынан Түркістанның әсіресе мәдени және ой-пікір әлемін таныстыратын бір орысша мақала шықты. Бұдан бұрын бір еш жерде жарияланбаған бұл мақаланың сол мақала болуы әбден мүмкін. Мария кейіннен ол мақаланы жариялады. Мақаланың орысша түпнұсқа мәтіні үшін қараңыз: Мустафа ЧОКАЙ, "Туркестан", Яш Туркестан (Молодой Туркестан), Парис, 1949-1950- с. 9-17.

[19] Чокай, "Воспоминания", стр. 17; Mariya Yakovlevna, 138-139.

[20] аталмыш еңбек, 133 б.; Чокай, "Воспоминания", стр. 18-19.

[21] Mariya Yakovlevna,  138.

[22] аталмыш еңбек, 139 б.

[23] Неміс тіліндегі толық аты "Nationalsozialistische Deutsche Arbeiterpartei" (Ұлттық Социалистік Неміс Жұмысшы Партиясы) деген Нацистік Партиясының атының қысқартылған түрі.

[24] Mühlen, с. 72.

[25] аталмыш еңбек, 38 б.

[26] аталмыш еңбек, 72 б; Johannes Glasneck, Türkiyye'de Faşist Alman Propagandası, Onur Yayınları, İstanbul (tarihsiz),с. 203.

 

Екінші тарауға сілтемелер:

 

[1] Остланд, яғни Шығыс елі Балтық елдері мен Беларусияны қамтиды. қараңыз: Мühlen. 67-бет.

[2] "СС обер-фүрер" - жоғары дәрежедегі бір "СС" шені.

[3] Бұл бөлімнің аты ресми түрде бар болғанымен, орыстар тұратын аймақтар ешқашан неміс билігіне өтпегендіктен онша жұмыс атқарған жоқ.

[4] Бұл бөлім Кавказ халықтарымен қатар қазақ, өзбек және татар секілді кеңестердің этникалық түркі халықтарымен де айналысқандықтан, Ресей бөліміне қарағанда ең ауқымды көлемдегі және белсенді органына айналды.

[5] аталмыш еңбек, 73 б.

[6] аталмыш еңбек, 65-66-б.

[7] Glasneck, 200-бет; Mühlen. 65-бет.

[8] аталмыш еңбек, 66-б.

[9] Кейбір деректер Шоқайдың 1941 жылдың күзінде Берлинге келгендігін айтады. қараңыз аталмыш еңбек, 92 б. Бірақ Шоқайдың өзінің және жұбайының естеліктерінен оның шілде айының орталарында Берлинге келгендігі айдай анық айтылады.

[10] аталмыш еңбек, 168, 172 б.

[11] аталмыш еңбек, 38-42 б.

[12] аталмыш еңбек, 40 б.

[13] Бұл туралы көбірек мағлұмат үшін қараңыз: Müstecip Ülküsül, KırımYolunda Bir Ömür Hatıralar, Kırım Türkleri, Kültür ve Yardımlaşma Derneği Genel Merkezi Yayınları No 3, Ankara,1999, 282-284.

[14] Mühlen, с. 52.

[15] Baymirza Hayit, "Türkistan II Dünya Sauvaşı Yıllarında  (1939-1945)" // Sovyetler Birliği'ndeki Türklüğün ve İslam'ın Bazı Meseleleri, TDAV, İstanbul,1987, 201-бет; Mühlen. 55-57.

[16] аталмыш еңбек, 53, 6-67.

[17] Ahmet Temir. 60 Yıl Almanya (1936-1996) Bir Yabancının Gözüyle Geziler-Araştırmalar-Hatıralar, Kültür Bakanlığı, Ankara, 1998, 218-219; Mühlen. 39, 53, 92-93; Ülküsal. 294-295.

[18] Шоқай хатты Берлинге оралғаннан кейін сенімді бір танысы арқылы жіберді. Хатында жұбайынан оқығаннан кейін оны дереу жоүды сұраған еді. Хатты әкелген адам да Мариядан хатты өзінің көзінше өртеп жіберуін өтінді. Сондықтан Мария хатты екі рет оқып шыққаннан кейін өртеді. Mariya Yakovlevna, с. 140-141. Бұл жайт бізге Шоқайдың нацисттерге сенбегендігін және оларға қарсы өте сақтықпен әрекет жасағандығын көрсетеді.

[19] Mariya Yakovlevna, 139-141.

[20] Mühlen,  38-39.

[21] Мүхлен соғыстың алғашқы күндерінде сүндетті болғандықтары үшін еурей деп есептелген көптеген түркістандық, татар және кауказдық мұсылман тұтқындардың атылып тасталынғанын айтады. Mühlen. 41. Атылайын деп тұрған жерінде құтқарылғандардың бірі, кейіннен атақты тарихшы болған Баймырза Хайит еді. Бұл туралы көбірек мағлұмат үшін қараңыз: Erol Cihangir, "Dr. Baymirza Hayit'in Hayat Hikayesi", Dr. Baymirza Hayit Armağanı, (Haz. Rasim Ekşi - Erol Cihangir), İstanbul, 1999, с. 40.

[22] Mariya Yakovlevna, 140.

[23] Mühlen, 42.

[24] Шоқайдың бұл тілегі орындалғандай, немістер соғыстың ақырында ауыр жеңіліске ұшырады. Германия бомбылаулардың салдарынан жермен-жексен болды.

[25] Mariya Yakovlevna, с. 140, 165.

[26] Mühlen, 42.

[27] Амантай Кәкен, Түркістан легионы, Астана, 2000, 53 б.

[28] Mariya Yakovlevna, 164.

[29] Кәкен, сол жерде.

[30] Mariya Yakovlevna, 141.

[31] Темир, с. 221-222.

[32] Германия Сыртқы Істер кеңесшісі Ворманның 1941 жылы 26 қыркүйек күні жазған хаттама мәтіні үшін қараңыз: Documents on German Foreign Policy, 1918-1945, series D.U. 13. The War Years, : U.S. Government Printing Office, Washington, 1964, s. 571-575; Искандер Гилязов, На другой стороне коллаборатционисты из Поуолжско-Приуральских татар у годы уторой мироуой бойны, Казан, 1998,  65-66-беттер.

3 - тарауға сілтемелер:


[1] аталмыш еңбек, 289, 304 б.

[2] Түркияда фон Папенмен баялнысқан түрікшіл топтардың күткен үміттері де Кеңестер Одағындағы түркі өлкелерінің тәуелсіз болуы еді. Бірақ олар бұл үмітттерінде қателескен еді. Өйткені нацистік өкіметке түрік қоғамында неміс жеңісінің кеңестік түркі елдерін тәуелсіздікке жеткізеді деп үміттенушілдіктің бар екені айтылғанда, Германия Сыртқы Істер Министрлігі қызметкерлері мұны салқын шыраймен қарсы алған еді. Ülküsal. 354.

[3] Mariya Yakovlevna. 164.

[4] Mustafa Çokay. 1917 Yılı Hatıra Parçaları,  6.

[5] Тürkistan Milli Hareketleri. 40.

[6] Y.T., Kızıl Emperalizm VII, Yaş Türkistan Yayını No 27, Ankara, 1986, 14-бет.

[7] сол жерде. Уәли Каюм Шоқайдың өлімінен кейін Тахир Чағатайға жазған бір хатында Шоқайдың тұтқын лагерьлеріндегі жұмыстары кезінде жетпіс мыңнан аса түркістандық әскерді анықтағанын айтадаы. Y.T., Türkiystan Kurtuluş Hareketi İle İlgili Olaylardan Sahneler, s. 15; Ülker Çağatay,  "Hokant ve Alaş Orda Milli Hükümetleri ve Mustafa Çokayoğlu", Türk Kültürü, Şubat 1971, Но 100,  385-бет.

[8] Mariya Yakovlevna, 141.

[9] Ali Kantemir, "Mustafa Bey Çokay Hakkındaki Hatıratım", Milli Türkistan, 1963, No 99A, 26-бет; Y.T., Türkistan Kurtuluş Hareketi İle İlgili Olaylardan Sahneler, 15-бет; Mariya Yakovlevna, 141; Темір. 160-бет;  Новое Слово, 11 януарь 1942; Уәли Каюм Хан, Халық Сөзі, 27 Ақпан 1992.

[10] Mariya Yakovlevna,141-142; Türkistan Milli Hareketleri, 40; Тemir, 160.

[11] Mariya Yakovlevna, с. 145-бет; Ülküsal, 310-бет;

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502