Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Жаңалықтар 2519 0 пікір 22 Мамыр, 2012 сағат 06:16

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

VI

Жолдан жиырма түрлі түн, жиырма түрлі түрме көріп,  Құлжаға әрең жеттік. «Әрең жеттік» дегенім - тамтығымыз ғана жетті: Нұрақай атылатын болып, толы түрмесінде қалған. «Барлық тауында ұлттық армиямен атысып өлтірген адамы осында болған соң, соның қасына әкеліп атпақ екен» деген бір себепті айдаушының сыбырынан естіп едік, «мықты кісіні ауылынан алыстатып атпаса өлмей қояды» деген тағы бір себепті Манаптан естідік.

Бұл жерде атылмайтынымыз арбаға түсе жөнелсек те аяздан үсе жөнеліппіз. Гоминдаңның ең семіз мықтысының «мұрын жемісі» салбырауды қойып, сол өнген жерінде сүңгі болуды шығарды. Қылмыстыларда оны шағып түсіретін балта бола ма, қолда дәрмен, аяқта жан қалмаған соң бүрісіп-құрысып отыра беруден басқа лаж да болмады. Бастығына шүңгәні ғана «көмектесіп», айдаушылардан штиктеп* түсіріп беруді өтінеді.

VI

Жолдан жиырма түрлі түн, жиырма түрлі түрме көріп,  Құлжаға әрең жеттік. «Әрең жеттік» дегенім - тамтығымыз ғана жетті: Нұрақай атылатын болып, толы түрмесінде қалған. «Барлық тауында ұлттық армиямен атысып өлтірген адамы осында болған соң, соның қасына әкеліп атпақ екен» деген бір себепті айдаушының сыбырынан естіп едік, «мықты кісіні ауылынан алыстатып атпаса өлмей қояды» деген тағы бір себепті Манаптан естідік.

Бұл жерде атылмайтынымыз арбаға түсе жөнелсек те аяздан үсе жөнеліппіз. Гоминдаңның ең семіз мықтысының «мұрын жемісі» салбырауды қойып, сол өнген жерінде сүңгі болуды шығарды. Қылмыстыларда оны шағып түсіретін балта бола ма, қолда дәрмен, аяқта жан қалмаған соң бүрісіп-құрысып отыра беруден басқа лаж да болмады. Бастығына шүңгәні ғана «көмектесіп», айдаушылардан штиктеп* түсіріп беруді өтінеді.

Аяздан әрең қалған денемізді Шихуға жеткенде бит мұжи бастады. Арыққа бит құмар да, іздеусізге түрме құмар ғой, екеуі ымыралас сияқты, жылырақ түрмеге келгенде бит жадырап, жалмаңдай өреді де, қайтадан аязға шыққанша тыпырлатады. Аяз қатты бүргенде ғана мұжуы саябырлайтынын түсініп алдық. Бірақ, аяз бізді өлтіргенде ғана битті өлтіре алатыны аян болған соң, ол қатігездің кәрленуін тілеп неміз бар. Гоминдаң әдейі асырап өрбіткен қандала емес, кірленген денеде өздігінен өрбіген жәндік болған соң, қатты ызалана қоймадық. «Сүйегімізде мұжурын болмаса бит жасар ма, Құдай Тағала Құлжаға бізді осылардың рыздығынан айырмай жеткізсе болғаны» деп Манап сүйсіне қасынады.

Шихудан шығарда екі доңғалақты арбаға отырып едік, үстіндегі «тобан аяқ» мүсәпірлерін «алты аяқты жянгерден» сол көтек арба ғана қорғаштады, ол жеделірек шоқақтап отырса, бит есеңгіреп қалады екен. «Ей жігіттер, балаларыңа өлерде айтатын өсиеттерің осы болсын, -деп жадырайды Манап, - бит басатын осындай күн туа қалса, Құдайдан қос аяқ арбаға отырғызуды ғана тілеуі керек. Одан түсірмей, неғұрлым кедір-бұдыр тастақпен мөңкіте беруді тілесін. Бұл жолдың бақыты сол ғана екенін түсіндім!»

Утай бекетіне жетер күні «қос аяқтан» басқа бір бақыт ұшыраса кетті бізге: Тақиядан** өте бергенімізде қатпайтын қара су бойындағы көп үйрек жол жағасына төгілген жемге жапырласып жүр екен. Дәл қасынан өткенде қылмыскерлердің арбасынан үрке қоймап еді, арттағы сақшылар арбасын тоқтата қойды да, бес мылтықты бірдей кезеніп, оқтарын бір-ақ жаудырды. Біреуі де тимепті. Манап қарқылдай күліп ала жөнелді:

- Үш-ақ метр... үш-ақ метр жер!... Әттең мергендерім-ай, үйректің өзі келіп қазанға түсе қалмаса, жей алмайды екенсіңдер-ау! -деп бастады да, сықақтай берді, - штиктеріңе өздері келіп шаншыла қалса, шалқаларыңнан түсерсіңдер-ақ, ой батырларым-ай!... Қайран мылтықтардың көсеу құрлы болмай қалғаны-ай!...

Сақшылар қатты жасығандай, үн қатпай жымиысып қана қойып еді, содан екі-үш шақырымдай жол басып, татыраңға шыққанымызда біздің арбаны тоқтатуды бұйырып, үшеуі арбасынан түсе жүгірді бізге:

- Ең мергендерің қайсыларың?

- Сендерге күлген мен едім, ең мергені мен шығармын.

- Әне, анау сексеуілдің аржағында бір қара құйрық тұр. Түсіре аламысың?

Қасынуын қоя үңілген Манап жайнаңдай домалады арбадан:

- Әкел мылтықты, ең жақсысын бер, түсіруді қойып, аузыңа салып берейін!

- Бес оқ салулы, - деп бастығы ұсынған мылтықты бір қолына алған Манап малақайын қолтығына қысты. Шалдырлатпау үшін кісен шынжырын бір қолымен көтере ұстап бұқты да, сүрдек жұқа қарды кеше жылжыды. Жолбарыс кісенделсе дәл мұндай сыбдырсыз жылжи алмас еді. Жол ортадағы сексеуіл түбіне жетіп, шоңқия сала атып қалғанда, бізге көрініп тұрған қара құйрық жалпасынан түсті. Аржағындағы бір түп сексеуіл далдасынан тағы біреуі қаша жөнелді. Мылтық қарауылын оң жағына сәл бұра көзеген Манап іле-шала тағы бір тарс еткізгенде, ол да екі секіріп барып жер құшты.

Жығылған екі қара құйрыққа екі сақшы мылтықтарын тастай жүгіргенде, қалған үшеуіне Манап күле айқайлады:

- Ей, сақшылар, денеміздегі битті арылтып алуға мұрса бересіңдер ме, жоқ па?!

- Берейік! Берейік! -деп бастығы күлді де, Манап жақындаған соң анықтай сұрады, - биттеп қалып па едіңіздер?!

- Ойбай шырағым-ау, биттемесек түн бойы тыпырлайтындай бізге оқыра тиді деймісің? Денеміздің жарымын аяз, жарымын бит жеп болды. -дей жетіп, артына жалт қайрылған Манап, арыдан атылған қара құйрыққа жеткен ұйғыр сақшының аң үстіне міне түскенін көре сала қарқылдады. - Үй анау сартың неғып жатыр үй?!

- Бауыздап жатқан шығар!

- Е, бауыздағанда мініп жатып бауыздаушы ма еді?!...

Манап пен сақшылар сайқылай қалжыңдасып тұрғанда қарақұйрықты иығына көтеріп әкелген ұзын сары мұртты сақшы қызарақтай ақтады өзін:

- Пышақсыз барыппын ағайындар, жатып алып тісіммен бауыздадым!... Міне, міне! -деп аузы, мұрнын, мұртымен қаптаған ақ жүнді көрсетті. Онысын қарсы дәлелге айналдыра күлді Манап:

- Өлермен сартым, алқымынан сүйіп жабыстырған жүнің ғой ол!...

- Утай бекетіне кісенді, мылтықты болып қарқылдап күле кірдік сөйтіп.

Бізді бит қыруға орайластырып, екі қара құйрықты сақшылар өздері жаркемдеді...

Құлжадағы ішкі істер басқармасының түрмесіне тамтығымызды осылай жеткізіп едік. Келісімізбен өткізіп алған бастықтарына айтқан арызымыз бойынша кісенді алды да, айдап апарып моншаға түсірді. Бірақ, тергеу кешеуілдей берді. Кілтшілер мен тамақ кіргізушілерден қанша сәлем жолдасақ та тергеушілер тыңдар емес.

Бақытқа жарай, Манап пен Қуат үшеуіміз бөлінбей, бір камерада жатқанбыз. Кешке шейін терезе мен есік сығалайтын Манап, сыртта істеушілермен сөйлесіп қалып жүрді. «Бүгін Ғани батыр келіп, екі ұрыны шығарып әкетіпті», «бүгін сақшылар бір ұрыны осы түрмеге әкелісімен артынан Ғани батыр жетіп, босатып әкетіпті», «қайт депті жалғыз-ақ», «басқармаға көк қасқа атпен шауып кіріп талабын ат үстінен орындатып кете береді екен» деген хабарлар әр күні дерлік естіліп тұрды. Бұл хабарлардан шектеусіз-заңсыз бір мықтының Іленің жайынындай жайқап-шайқап жүргенін ғана ұққандай болып едім, сол ұққаным артынан іле-шала толықтана түсті: Ғани Нылқыда алғаш төңкеріс бастаған «алты ұрының» бірі екен, Бұраталадағы соғыста арқасын бір-ақ тіліп, жарып кеткен оқтан Советке апарылып емделіп жазылыпты.

- Әйтеуір қазақтан шыққан «ұрыларға» өте қамқор екен, - деп Манап сүйінді.

- Жоқ, Мәке, бұл сүйінуге татитын қамқорлық емес, заңсыз-қисынсыз жақсылық істейтін адам әрқандай заңсыз жаманшылықты да істей береді! -дегенімде Манап ауыр ойға батқандағы дағдысынша мелшиіп, көзін жұмып алды. Оның жуан басы мен ойланысына сүйініп, сөзімді жалғастыра түстім, - халық тонайтын ұрыларды қорғаушы - халықтың жауы, қарақшы болмай ма? ... Ғани бұрынғы ұрлық кәсібінен игілікті ұлы іске ауысып, батыр атағын алған екен, ендігі беделімен ұрлықты қайта сүйемелдесе, гоминдаңға емес, халыққа қастық істеген қарақшы болатындығына дау бар ма?...

- Үкімет оның талабын орындағанда да ұрылардың ақ-нахақтығына, абройлы батырдың куәлігіне қарап шығарып жатқан болар?

- Ұрлық мәселесімен ұсталған адамды үкімет анықтамай, қолға алысымен қоя бере ме? Ғанидың өктемдігімен, тіпті, тергелмей кетіп жатпай ма? Менің дауым тергеліп болмаған ұрыны, соның талабымен қоя бере салуда!

- Олай болса, мына өз үкіметіміңздің де заңсыз болғаны ғой? -деп Манап мені қорқытар жерден ұстағандай қарқылдап күлді.

- Иә, заңсыздық! -деп өршелене түстім мен, -бұдан да зорғысын айтайын, «үкімет» дейтін атау мен «қарақшы» дейтін атаудың арасында жалғыз-ақ парық болады: өзі шығарған заңға өзі бағынса ғана үкімет, өзі бағынбаса, нағыз қарақшы!

- Ойпыр-ау, ойпыр-ау! ... Қиын екенсің Биғаш, осы жолы кімде-кімді де мойындата алатын шындық тұжырым айттың-ау!... Бірақ, заңсыздыққа қарсы күрестен туған мына үкімет солай болар ма?!

- Дұрыс айттыңыз, бұл үкіметті мен қарақшылыққа әсте қимаймын. Ресми құрылғанына әлі жарты жыл да тола қоймады. Аласапыраннан әлі арыла алмай тұрғаны ғой. Басқару заңы мен кадрларын реттеп болғанда да осылай болса оңа қоймас!...

Құлып шарқылдады, бір сәскеде, есік ашылды, саржыдан формалы әскери киім киім, жан құралсыз жалтырауықты белбеу асынған офицер менің атымды шақырып еді, тұра жөнелгенімде зекіріп тоқтатты:

- Анау бірдемелеріңді алып шық! - «бірдемелерімді» көтере шығып, түрме залының есігіне еңкеңдей жөнелгенімде ақырып жіберді. - Кір, мұнда!... Қайда кетпек екен бұл неме? - деп, өзіміз жатқан үй мен қабырғалас камераның есігінен итермелеп кіргізді де, шақ-шұқ жаба жөнелді. Артыма адырая қарап, қалшылдап кетіппін.

- Оған ызаланып қайтесің, бауыр! -деп қалды қырықтар шамасындағы қырма сақал күрең қылмысты. - Битке қылыш суырғанмен бірдей.

- Тергеушілердің бірі емес пе?!

- Бұған тергеушілік қайда? Құр сәулет, кілтші. Осы қаладағы бір байдың әулекісі болатын.

- Аласапырановтардың бірінің жендеті деші! -деп күрсініп қалдым.

- Кел, мұнда жат, мына жерге! -деп әлгі күрең сәкінің орта шенінен орын ашты да, орнымды жайластырып болысыммен жөнімді сұрай жөнелді. Бар жайымды қысқаша шолып айтып шықтым.

- Олай болса, арыз жазшы бауыр, тез босата алатын бір ғана кісі бар осы қалада, Ғани батырды өзің де білетін шығарсың. Көңілі түссе, шақырып әкете салады.

- Көңілі түсетіндей мен ұры емеспін ғой, амал қанша! -деп жымидым мен, - ол өзінің танитын кісілеріне ғана рахымды шығар?

- Иә, ол өз таныстарының итін де қаматпайды. Танымаса да өзінің батырлығын көрген болып, көпшігін көтере жазып шығып кеткендер де бар. Амал қанша, оның Советтен қайтып келгенін үкімім шыққан соң ғана естідім. Әйтпесе, бұрыннан таныс едік!

Бұл кісінің де ұры екенін біліп, үндемей қалып едім. Бір шетте маған көбірек қарап отырған қой көзді, қалың қасты, қызыл сары жігіт жақындап, сәкі кенересіне келіп отырды:

- Сіз Үрімжіден оқыдым дедіңіз бе? Атыңыз кім?

- Иә, атым Биғабіл, - деп мен де бағдарлай қарадым. Ойыма Күләннің опасызы түсе қалды да, байқап анықтағым келіп ,біраз өтірік қоса салдым, - мен оқуға 44-ші жылы ғана барғанмын, бір жыл ғана оқып, осы өткен тоғызыншы айда қайттым. Сіздің атыңыз кім?

Ол сарғыш қоңыр көзі жалт-жұлт етіп, маңына жалтақтай түсті. Көне түрмелестеріне қарап, атынан жалтара алмай қалған сияқты:

- Атым Мұсатай, - деп күбірледі.

- Қайдан келдіңіз?

- Мен де Үрімжіден қашып келдім.

- Қашан?

- Жақында... бір жылдай болды ғой! -деп міңгірледі.

Талай төңкерісшіл қайраткер азаматтың төгілген қанына, қанды азабына себепші болған ең арсыз шпион, қорқақ сатқын қасымда отыр, міне. «Үрімжіден қашып шықтым деген жауабымен құтылып қайтып барып, ондағы төңкерістік достарды тағы да сорлатпақ! Ху Гожынның күшімен Күләшті да зорлап-торлап ала қоймақ қой! Ақылбай өліп кетті деп бұл сұмпайыға оны қор етуге болар ма?... Мұның бейуазсыған көзін аяу төңкеріске, бүкіл адамгершілікке зиянкестік тудырмай ма?» деген оймен, танитындығымды сездірмеу үшін жайбарақатсып, ашық сұрауымды тоқтата қойдым. Аз кідірстіне соң ол Күләннің бұрынғы өзі білетін адресін айтып, танитын-танымайтындығымды сұрады. Одан да жалтарып, бас шайқай салдым да:

- Ол неңіз еді? -деп сұрадым соңынан.

- Қалыңдығым.

- Қалыңдығын тастап қаша ма екен?! Үйіңіз қайда еді?

- «Байтал түгіл бас қайғы» болды ғой ол кезде... Үйім Шиху тауында.

Өтіріктің шытырманына әбден кіріп, жауабына толық төселіп алған сияқты. Тергеуді ашыққа шығармай алдыра қоймайтынын түсіндім де, қисая кеттім. «Тергеушіге берген жауабының өтіріктігін айқын дәлелдеп, матап беруім керек...»

Кесапатты кілтші ертеңіне таңертең тағы кіріп, маған анкет кестесін ұсынды.

- Анкета толтырумен мәселем анықталмайды, әпендім. Бұрынғы толтырған анкеттерімді көрсін! - деп, алмай қойып едім, ол тағы кідіңдеуге басты. - Кідіңдемеуіңізді талап етемін, бұл сіздің ісіңіз емес, сізге анкетті тергеуші беріп отыр ғой, сол төреңізге менің мына жауабымды жеткізсеңіз болғаны, сіздің міндет орындалады. Бетіне пәранжы* салынбаған еркек тергеуші болса, мені шақырып алып, бетпе-бет тергесін, осы сөзімді бұзбай, тура жеткізіңіз!

Кілтші құрым етігін сарт-сұрт басып, есікті шарқ-шұрқ жаба жөнелді. «Астағыпыралла... астағыпыралла» десті маңымдағылар. Түрмешілердің ешқайсысы қайтып кірмей қойып еді, ертеңіне таңертең Қуатты тергеуге әкеткенін есік саңлауынан көрдім. Мені соның ертеңіне шақырды.

Екі үстелде отырған екі тергеуші, бір хатшы ала көздерімен қараса да, алдыңғы күнгі сөзім үшін ақырмай да, «отыр» демей де бедірейіп қалды.

- Үрімжіден шыққалы тергеуші көрмеп едім, сағынып қалыппын, - деп жымидым мен, - өзіміздің түрмеге келіп түскелі екі ай болды. Екі анкет толтырып бердім, Шихаңзыда да толтырғанмын. Дөрбілжінде, Шәуешек те тергемей кісендеп, сол анкеттеріммен қоса сіздерге айдап жіберді. Енді сіздер де алдыңғы күні анкет толтыруымды тапсырыпсыздар. Бұл анкетпен мені енді Текеске әлде тіпті Үрімжіге айдап жібереді екен деп шошыдым. Қалай қинасаңыздар да өздеріңіз тергей көріңіздер! Өзім сөйлей берейін бе, сұрау қойып сөйлетесіздер ме?

- Алдымен не үшін, қалай қашып өткен жайыңды өзің сөйле! -деп өскелең қырма сақалды, түксиген қара сұрысы өзбекше мен ұйғыршаны араластыра сөйледі. - Бірақ, ақиқи болған мәселеңді сөйлемесең, көп жатып қиналып қаласың!

Бұл «қамқорым» сүйектілігіне қарағанда тым жүдеу екен. Екінші тергеушіге қарасам, ол тіпті ілмиіп отыр. «Шығыс Түркістан осылардың өздерін көп мініп қойғаннан сау ма» дегендей жымидым. Қызыл күрең хатшының жүзінде ғана қан бар сияқты, дегенмен кеселді кілтші құрлы «мәртебелі» көріне қоймады. Хатшыға қарап сөйледім:

- Сөзімнен өтірік табылса, аямаңыздар! Менің куә-кепілдерім көп әрі мықты орындарда. Олардың өтірік айтпайтындығына өздерінің дәрежелері куә. Сіз қалдырмай жазыңыз, мен асықпай, бастан-аяқ сөйлеп берейін...

Алдымен Әлменмен байланысымнан түсіп, 1944-ші жылдың 10-шы айында саңырау кемпірдің үйіне жасырын кездесуімізден бастадым да, Шихаңзыдан қалай қайтқаныма дейін толық сөйлеп жаздырдым. Қойған килікпе сұраулары сөз арасында жауап тауып отырды.

Сөзім біткен соң тергеушілер сағаттарына қарасып, мені қайтара тұру жайын ымдасқандай болып еді.

- Сіздерде гоминдаң шпионын табу міндеті бар көрінеді, -дегенімде маған аңыра қарасты, - мұны қойған сұрауларыңыздан түсіндім. Қанқұйлы, нағыз шпионды осы түрмелеріңізде жасырынып жатқан жерінен мен тауып берсем қалай?

Екі тергеуші бажырая қалды да, хатшы басын шұлғып-шұлғып жіберді:

- Жақсы, жақсы... қарсы аламыз!... Қайда ол?!

- Мен алдыңғы күні келіп жатқан 14-ші камерада екен, аты - Мұсатай. Оның қалыңдығы менің сабақтасым болатын, анық таныдым. Оның қалай шпион болғанын, төңкеріс басталған кезеңде Ху Гожын бұл жаққа оны не міндетпен жібергеніне дейін білемін.

- Тіпті жақсы, - деді түксиген қара сұры, - былай етсек қалай... уақыт бітіп қалды. Сен ертең таңертеңге дейін толық фактысымен жазып бер, өз қолыңмен жазғаның жақсы!

- Мақұл. Бірақ, ол «қашып келгендік» тонына мықтап оранып алыпты. Тез мойындату үшін бетпе-бет айғақтыққа өзімді шақырыңыздар! Үрімжі түрмесінде аса зор қылмыстары бар оның. Қолма-қол айқындап мойындата аламын. Және бір өтініш: ол менен басқа орында, мықтырақ камераға жатсын, жанынан кешкенде мені жойып кетуі де мүмкін!...

- Мақұл!... Дұрыс! - деді қара сұрысы.

- Бұл еңбегіңді қарсы аламыз! - деп арқ сұрысы таза ұйғыр тілінде сөйлеп, бір қозғалып қойды, - өз мәселеңді де жақсы ойлап, толық тапсыр... Мына еңбегіңмен жуылып кетеді... жас адам гоминдаңға алданады, қателеседі, шынын мойындап, жақсы тапсырсаң немене ол .... басқа шпионды ұстасуда үлкен еңбегің болғаннан кейін...

Мен тігіле қарап, қатты тістеніп қалыппын. Бөгелмей бір жауап айту қажеттігі есіме әрең түсті:

- Жазыңызшы! - деп өтіндім хатшыға. - Өз мәселем болып, соны жасырып кету үшін мен сіздерге жағатсығандай көрініп қалыппын ғой?... Бұл - мен үшін зор намыс... Мұсатайдың қылмысы өз алдына, менің тергелуім өз алдына! Мен төңкерістік міндетім үшін ғана әшкерелеймін, сіздерге жағыну да, жағатсу да жоқ мұнда... жалынбаймын, ұғып қойыңыздар! Сіздерге керекті бар ахуалымды сөйлеп болдым. Енді қайталап сөйлемеймін де! Егер анықтау керек болса, Әлменнен, осы құлжалық Юсуп Қасымнан, Шихаңзыдағы әлгі айтылған адамдардан, бізге қарыз беріп ертіп келген малшылардан сұраңыздар! - деп олардың адрестерін айттым. - Тіпті Үрімжіден келіп ұсталған әрқандай шпионнан да сұрап көріңіздер.. егер жауабымда қате болса, міне басым!...

Кесапатты кілтшінің айдауымен камераға кіргенімде денем ысып-суып ауыра бастағаным білініп еді, тамаққа тәбетім тартпады. Отыра сала Мұсатай туралы білетінімді жазуға кірістім. Кешкі сағат тоғыздар шамасында жазып бітірісіммен миымды төңкеріп жібергендей бір бас ауру шалқамнан түсірді. Денем қалшылдай жөнелді. Қағазды әрең жасырып, үстімді қалыңдатып жауып тастауын қасымдағы кісіден әрең өтіндім.

Түнде ыстығым қатты өрлеп, ес-тұсымды білмей қалыппын. Таңертең басымды көтеріп, су сұрап іштім. Ауру біраз жеңілдегендей. Кеселді кілтші кіріп еді, камераластарым шулап, менің түн бойы естен танғанымды айтты, дәрігер шақырып тексертуді сұрады. «Сүзек болса бәрімізге жұғады. Бұл камерада адам көп, сығылысып жатырмыз, ауруханаға жатқызыңыздар» десті.

- Тергеуі бітпеген адамды ауруханаға жатқызуға бола ма, жатып тұрсын! -деп тыжырынған кілтші менен кешегі материалды ақыра сұрады, - жазып болдың ба?...

Он беттік қағазды аппақ саусағына тыжырына қысып, басқа ләм демей жөнелген кілтшінің артынан шу тағы көтерілді:

- Дәрігер шақырып көрсетсін!

- Ауруханаға жібермесе адамы аз камераға ауыстырсын! Айтыңыз бастықтарға!...

Ауру тексерушіні қойып, қылмыс тексеретін ешкімді көрмей, тағы екі күнді өткіздім, тағы екі түн естен танғанымда басқа бір кілтші келіп бұрынғы орныма шығарды. Қара тонымды әрең көтеріп, жыртық пима сүйреткен түрімнен Манап пен Қуат қатты шошып, ыршып-ыршып тұрысты...

Екеуінің есікті кезек соққылап жүріп келтірген ыстық басатын дәрісі ем болмай,  кешінде тағы да қалтырай жығылдым да, лапылдай өртендім. Есім бар сияқты, екі жағымнан төніп жатқан қимас төрт көз, кірпік қағар емес. «Бұлар тынышталып ұйықтасын» деген оймен, көзімді ашпай, ыңқылдамай жатуға тырыстым. Аяқ жағымнан телміріп жылап отырған Нұрияшымды көргендеймін...

- Нұрияшпысың? Нұрияш, Нұрияшым, сағындым ғой! - деп басымды көтеріп алып едім, еріндері қыбырлап, екі жағымнан сөйлегендей болған екі дос қайта жатқызды. Енді әке-шешем «көрініп», тағы бұлқына «түрегелдім»:

- Менің мұнда келгенімді қалай білдіңдер? Әке... апа, апатайым... жыламаңдар, жыламаңдаршы!...

Мұнан соң не сөйлегенімді білмеймін. Бір кезде сергігендей болып, көзімді ашсам, Қуат пен Манап көз жастарын үнсіз төгіп отыр екен.

- Мазаларыңды алдым-ау, ұйықтаңдаршы, енді сергідім! - деп көзімді тағы жұмдым. Екі қолым ауырлап, зілдей болып бара жатыр еді. Екі «тауды» екі қолыма «ұстап» «сүзістіре» бергенімде Әлихан төре бір «жартастың қуысынан» шыға келіп мыжылып шелпек болып кеткендей болды. «Осынша былық сенің көрсоқырлығыңнан болып тұр еді, еп болды-ау, -деп қарқылдай күлдім, - ешкім көрмесе, тыныш шешілді ғой» дегенімде бір сыбыс естілгендей болып, жан-жағыма жалтақтай қарадым. Найза, садақ кезеніп, қылыш суырған өңшек сәлделі, жуан әскерлер қоршап ала қойған сияқты мені. Әлиханды «өлтіргенімді» көрген бейнемен турап тастардай төніп келеді. Ыршып тұрдым, тұра қашпақ едім, Қуат пен Манап екі жағымнан ұстап, еріндерін жыбырлата берді, сөздері естілмеді.

- Әлиханды өлтіріп тастадым ғой, жендеттері келіп қалды, міне! Ағатайлар, қоя бер, мына жардан домалап шығып кетейін...

Жатқан сәкімізден домалауға қанша күш салсам да екеуі жібермей, көрпемнің екі жағынан басып отырып алды....

Сом темір торлы терезеден таңның ақ сәулесі түскенде есімді жиып, тыныштала қалдым. Түнімен есіріппін. Жамылыш-төсенішім терден малмандай болып, су астындағы бойраға өтіпті. Дәретке шығуға есік ашылысымен Манап пен Қуат киім кешегімді сыртқа жайып, мені өздерінің құрғақ көрпесіне жатқызды. Манап кілтшіге бірнеше түрлі дәрі тапсырып кіргенде Қуатқа «ақыл» айттым:

- Адам өлгенде ғана тынышталады, осы әурелі өмірде неміз қалды біздің... Анау түйіншектелген электр сымын жазшы, лампы төмендесін, соның орнына сұқ қолымды тыға-тыға салсақ, әпсәтте тынышталамыз... Өзіңе нәсіп көрмесең, маған ғана, мен үшін ғана төмендет... Болмаса анау жоғарыдағы көр шегені төмендетіп қағып беріңдерші, төбеммен бір ғана сүзейін, басым қинап барады!

- Тер шықты ғой, енді жазыласың, - деп күрсінген Манап ұшқыр тілмен мені қайратқа қайрай жөнелді, - үлкен ойдың қажырлы азаматына күйреуік болу жараспайды Биғаш, ел естімесін, намыс қой мынауың!... Делбе сүзекпен ауырдың, ыстықты біраз тежесек тез жазыласың. Мына тер - соның кепілі! Қазір де соның желігімен есіріп жатқаныңды сезбейтіндей не болған саған?!

- Осы мен қазір де есіріп жатырмын ба?... Иә, иә, онда қате ойлағаным... делбе сүзек емес шығармын.... Алғашында айтқанмын ғой.. ит тергеушінің сөзінен қорланып... нервіден жығылғанмын.. ал, қойдым енді, есіріктік әрекеттен қатты сақтанайын... әкеліңіз дәріңізден, көбірек беріңіз!

Ақшам бата тағы қызғанымда тісімді тісіме басып алдым. «Тіміскі тергеушінің иттігіне бола жынданбақпын ба».... тағы да терледім. Көз алдыма тағы да есіртетін елестер пайда болса да, міз бақпай қойып едім, көрген түсім сияқты ғана байқалды.

- Бүгін сөзсіз тыныш жатамын, тынышталып қалдым, алаңсыз ұйықтай беріңіздер!

«Кино» көре-көре өзім де ұйықтап кеткен сияқтымын. Тер саябырлап, тілім аузыма симай шөлдеп ояныппын. Екі-үш күннен бері көз ілмеген екі дос екі жағымда, қатты ұйықтап жатыр екен. Оларды оятып, су алғызудан аядым. Оң жақ босағада тұратын су бөшкесінің үстіңгі жағындағы таушадан бір-біріне кигізілген бірнеше тас аяқ көрінді. Еппен ақырын ғана сырғып сәкіден түстім. Түрегеліп бір-екі қадам басымыммен-ақ көзім шыбартып еді, таушаға қолымды соза бастағанымда ешнәрсе көрінбей, тізем дірілдегені сезілді. Аяқты тез алғым келіп, дуалға сүйене создым қолымды. Сипалап тауып, үстіндегі біреуін ала бергенімде шарқ ете түсті әлде не, шалқамнан түскенім  сезілді. Жерден бір «аяқ» таптым да бөшкеге еңбектеп барып, ернеуінен ұстағандай болдым. Онан соңғысын білмеймін...

Көзімді бір шақта ашып алдым, есіме келіппін. Өз орнымда жатырмын. Екі дос екі жағымнан тағы төніп, көз жастарын тағы да сорлатып отыр.

- Не болды?! ... Бірдеме шағылғандай болды ма? - деп сұрадым.

- Жоқ, ешнәрсе болған жоқ, тыныштал!

Басымды көтеріп дыбыс шыққан жаққа қарасам, бар тас аяқ жерде күйреп жатыр. Екінші босағадағы дәрет бөшкесінің ағаш қақпағы мен жарты аяқ табалдырыққа лақтырылыпты.

- Ұйқыларыңызды қимай, суды өзім барып ішіп келуге тұрғанмын. Есім дұрыс сияқты еді... жасырмай айта беріңіздерші, сергуім үшін жақсы ғой!

- Кейін естірсің, енді жат та ұйықта!...

Болған «оқиғаны» таң атқан соң естідім: жығылып бара жатып, тас аяқты түгел шағыппын да, соның бүтінірек бір жартысын ұстап, дәрет бөшкесіне еңбектей ұмтылыппын. Бөшке қақпағы есікке ұрылғанда оянған екі дос ыршып келгенше әлгі сынық аяқпен ауыз тиіп те үлгірген сияқтымын....

- Ұрттай бергеніңде қолыңнан тартып алдық, - деді Манап, «оқасы жоқ» дегендей, жеп-жеңіл сөйледі, - артынан суды көп іштің. Біразы өтсе де ештеңе емес, қайта тітіркендіргіш дәрі болып, нерві жүйелеріңді ширатар.

Расында да ширықтырғандай содан соң есірмейтін де, естен танбайтын да болдым. Бас ауру мен ыстық өрлеуі оншақты күнге созылды.

Осы кезде бір шақыртты тергеуші. Түрме есігінен шыға көзім шыбартып, дуалға сүйене жығылдым. Қылмыстыны сақшы сүйемелдер ме. Дауалдан дуалға өтіп, қабырғалар айналып жеткенімше айдаушының өзі де бар өмірін құмарға ұтқызғандай қынжылды. Бұл қиналысқа Мұсатаймен беттестірер деп шыдап едім, өзімнен қылмыс табу үшін осы есалаң кезімді пайдаланбақ екен. Тергеу бөліміне кіре еденге қол тіреп отыра кеткенімде орындық қойып, көтермелеген хатшы да зор қаскүнемдей сезілді.

Көзім шыбар аладан сәл айықққанда көз жүгіртсем, төрт бұрышқа төрт тергеуші орналасыпты. Бұл жолы тұс-тұсымнан таламақ сияқты, тым ырсиыңқы райлар бар.

- Сөйле! - деді біреуі, - ойланып болған шығарсың.

- Нені?!

- Мәселеңді! - деп арт жағымнан бірі зекіді.

- Қожаңнан алып келген тапсырмаңды! - деп алдымнан бірі ақырды.

- Мен сөйлеп болғанмын, одан басқа ешқандай сөзім жоқ!

Қайсысы қай тұстан қайталап ақырса да, үндемей қойып едім, ең соңында қатты ақырған біреуіне қайтара ақыруыма тура келді:

- Қылмысты десең фактыңды қой... тап та атып таста!

- Олай болса, қалай өткеніңді қайтадан сөйле! -деп біреуі жұмсарғанда, менің үнім де жұмсарды:

- Оны мына кісіге бір күн сөйлеп жаздырғанмын ғой, содан оқып алыңыздар, басқа қосатыным жоқ!

- Олай болса, мынаны сөйле: Мұсатайдың мәселесін не үшін бұрын мәлімдемей, өзің тергелгенде ғана сөз еттің?

Бұл сұрақты ұқпағандай таңдана қарап қалып едім, біреуі тағы да зекіріп, түсіндірді:

- Тергеушінің назарын соған аударып, өзің құтылып кетпек болғансың!

- Дүйсенбі күні көріп, Мұсатай екенін анықтадым; сейсенбі күні әрең көрінген кілтшіден шақыруларыңызды талап еттім. Содан екі күн өткен соң әрең шақырылғанда мәлімдегенім, тергеуге татитын қылмыс па?... Жазып жіберуіме қағаз-қалам да жоқ!

- Сен немелердің бәрің «қашып келдік» деп қана жауап бересіңдер, «тапсырмамен келдім» деп мойындайтын бірің де жоқ. Жұлындарыңа пышақ тақалғанда ғана біріңді бірің көрсетіп құтылмақ боласыңдар! Өздіктеріңнен мойындасаңдар болмай ма?! Кешірімге ие болу үшін алдымен өзіңді әшкереле!

- Құп, осы сырларыңызды жақсы айттыңыз, -деп қуанғаннан басымды изеп-изеп қалып едім, бірдеме дәметкендей едірейе қалысты, - бәрі де Үрімжіден «қашып келдік» деп қисындастырған соң аңырып отырып қалады екенсіздер ғой? Сонсоң анкет ала сала бір-бірлеріңізге жолдап өткізе береді екенсіздер. Менің сіздерге келгенде анкет толтырмай қоюым дұрыс болған екен. Өткелектен өтіп неғып айдала бергенімді енді түсіндім. Бұлардың ақ-нахақтығын тез айыру үшін, айғақ-куасымен сөйлесіңіздерші! Айғақ-куә, кепіл, дәлелдермен қанағаттандыра алмағанын ғана қамаңыздар, оның обалы аз болады....

- Тоқтат ұстатылықны! - деп екеуі екі жағымнан зекіді, - өз мәселеңді тапсыр!

- Ал тоқтаттым! Басқалардан сұраңыздар, бәрінің адресін айтып жаздырғанмын, менің ақтығыма куә көп, тапсыратыным жоқ, титтей қылмысым болса өкпеме тисін оқ!... Бітті сөзім!

- Шық!... апар, жап! - деп ақырды түкті қара сұры, - мәселеңді қашан тапсыратын болғаныңды айтқанда шақырамыз!

- Өзімнен қылмыс тауып бере алмасам, мәңгі қамайсыңдар ма? Олай болса, ең зор қылмысым - төңкеріске қатынасуым. Ендеше жазалай беріңдер! Айтып қояйын, Мұсатайды тездеп анықтап, сотқа тапсырмасаңдар жоғары сотқа арыз жазамын!...

Есіктен шыға дуалға сүйеніп, жылжи бердім...

Сол жатқаннан жата беріппіз, Қуатты менен соң бір шақырып, бөлек камераға жатқызды. Бұл айыруына қарағанда, бір-бірімізге сөйлестірмей тағы тергеу ниеті бар сияқты. «Тапсырар мәселем бар» дей алмаған соң, серт бойынша тергеушілер де «шақыра алмай» жатыр ма деген ойда ғана болдым. Екі айдан бері қылау түскен шашымның аурудан соң жедел ағарғанын Манап айтып отырды. Мұсатайдың бір адамдық берігірек камераға кеткенін естіп, жоғарыға арыз жазбадым. Соған айғаққа шақырылуды күте-күте төртінші айдың орта шеніне жеткенде, шашым толық ағарып, «енді ағармайтын» кезге жеткенде кілтші есік ашты да, «шық» деді жалғыз-ақ, сұқ саусағымен ымдауы бойынша төсеніш-көрпемді көтере шығып едім, Қуат та көтере шығыпты. «Кетіңдер, босадыңдар» деді кілтші. Босағанымызға қуанғандығымыздан үлкен қақпадан лезде шығып, заулата жөнеліппіз.

- Үй, қайда барамыз?! - деді Қуат. Құлжаны бұрын көрмегенбіз. Юсуп Қасымның үйін таба алмайтынымыз да, басқа ешқандай танысымыздың жоқ екені де есімізге енді түсіп бір-бірімізге қараса тоқтадық. Күн еңкейіп қалса да ыстық екен. Терлеп кетуімізден есімізге тағы түсті: басымызда малақай, үстімізде ұзын қара тон, аяқта жырылған қоныштары ақ жіппен көктелген қара пима... мына ыстықта табылмайтындай күлкіге ұшырай шығыппыз... қалтада бір тиын бола ма?!...

- Қайыр тілейміз бе? - деп жымиды Қуат, -осы біз ағарып шықтық па, қарайып шықтық па?

- Бұл жайды саған түсіндірмеп пе еді? Сен естіген шығар деп ере беріппін. Жүр онда түрмемізге, қайта жаттық!

- Дұрыс... қарасың десе атсын, ақ екенсің десе, аясын да өз автомобилімен үйімізге жеткізіп салсын...

Қара сырлы қақпаға қара бояулы тонмен, қара пимамен сүйретіліп қайта кіріп едік, жаңа ғана алдынан өткізген қарауылшы айқай салып, кезекшіні шақырды. Отыздар шамасында болса да талай азап кешкені бет сызықтарынан көрініп тұратындай қара қазақ әскер келіп сұрады жөнімізді.

- Жүріңіздер, олай болса, Нәбижаннан сұраңыздар, - деп ерте жөнелді, -  басқарманың саяси бөлім бастығы ғой, бәрін сол біледі, бөліміне кіргізіп жіберейін. Мына түрлеріңмен көшеге қайтып шығасыңдар, бейшаралар-ай, үйлеріңе қалай жетпексіңдер... әне, анау зал есігіне сүйеніп тұрған жалпақ қара Нәбижан, алдына тура барып, тұра қалыңдар, өзі-ақ сұрайды.

Төсеніштерімізді арқалай сүйретіліп жетіп барып тоқтадық. Доп-домалақ, жуан басты қара, шардиған қарнымен де, түксиген қабағымен де қарабауыр бүйідей тым суық көрінді. Томпақ көзінің астынан бедірейе қарап тұр еді, қайтып кірген жайымызды естісімен тыжырына түсіп, қысқа мойнын теріс бұра, қолын бір-ақ сілтеді:

- Шығарған екен, кете беріңдер, мен білмеймін! -деген сөзін айтып болғанша әрең бұрылып, зал бойлай жөнелді.

- Саяси бөлімнің бастығы сіз білмесеңіз кім біледі? - деп Қуат артынан өршелене дабыстады. - дәтімізді тыңдар немесе мәселемізді түсіндірер деген үмітті сізден ғана күтіп келдік. Бізге жөн сілтей кетіңіз, қайда баралық?

Кеуде қаңқасына мойынсыз, төте қондырылғандай көрініп бара жатқан май бас ләм демей, тым болмаса бір жақ езуін қайта бір көрсетпей ғайып болғанша қарап тұрдық. Осы жалынышты талапты Қуат сөйлемей, мен сөйлеп зая етсем, нерві ойраншылығымен тағы құлап түсер едім. Лажысыздықтың жымиысымен ғана бұрылып жүре беріппін.

Әлгі кезекші кетпей, бізді тосып тұр екен:

- Жүріңдер, олай болса, Маскаловтың бөлімін көрсетейін... Басқарманың үлкен бастығы Рақымжан Сабырхажы Үрімжіге келіссөз өкілдерімен бірге кетті. Соның орынбасары Маскалов қазақша тілге жетік, осы құлжалық орыс, арыздарыңды соған төте айтыңдар енді... Міне, мына есіктен кірсеңдер үшінші номер - соның кабинеті...

Залға кірісімізбен шаш-сақалы таза қырылған, ұзын бойлы, ақ сары біреу алдымыздан үңіле қарап өтті. Бізде үңіле қарап кідірдік. Қаракөк шұға кителі, галифе сымы мен құрым етігі толық денесіне құп жарасқан келісті кісі екен. Доғалдау тоқ мұрны мен қоңыр сары көзін орысқа ұқсата алмай, татар болар деп өте бергенімізде өзі қайырыла тоқтап сұрады:

- Балалар, кімді іздейсіздер?

-  Маскаловты... арыз айта кірмек едік, - деп Қуат жауап берді.

- Маскалов - мен... а....а... әлгі Шәуешектен келген екі бала сіздер емес пе?... Естігенмін, естігенмін, сәл күте тұрыңыздар осы жерде, қазір келемін, - деп жүгіре жөнелді.

Қырық-елу жастар арасындағы, мол денелі адамның балаша жүгіргеніне таңдана қарап қалып едік, дәретке шыққан екен, лезде қайтып, кеңсесінің есігін ашып кіргізді. Орындық нұсқап отырғызып, тексере қарады бізге. Киіміміздің маусымға тым өрескелдігіне де, шырайымызға да қарай түйді білем.

- Жасыңыз нешеде? -деп сұрады менен. Жиырма бірінші жасқа енді аттағанымды айта сала, бұйымтайымызды бастай беріп едім, «тоса тұр» дегенді қолымен ишаралай сөйледі, - мен сіздің делоны әлі көрмегенмін. Ертең таңертең сөйлесейік, бүгінше жақсылап дем алыңыздар, - деп, телефон трупкасын алды, - ало, бүгін кезекші кім?... Шақыр!

Әлгі кексе қара жігіт жақын маңнан сығалап жүрген сияқты, дереу есік қағып кірді де, аяқтарын сақ еткізіп тұра қалды.

- Мына балалар бүгін сендердің қонақтарың, - деген Маскаловтың қоңыр сарғыш көзі бүркітше төнді, - жақсылап күтіңдер!... Моншаға түсулері керек, дәрігер қажет болса да орындап беріңдер!

Қазақша тілінің мүкіссіздігіне де, мүлтіксіз байқалған адамгершілігіне де таңданысты разылықпен рахымет айтып шықтық.

- Нәбижан нағыз лағнат екен! - деп тістенді Қуат. Кезекші күбірлей түсінік айтты:

- Өздерін түрікшіл деген соң сендерді алдымен соған бастаппын, қарнында сойқан барын қайдан білейін, тым арам бай екен ғой? Осындағы тергеушінің көбі гоминдаң, үкіметтің неге сақтап отырғанын білмеймін.

Бір үйде тұратын жеті-сегіз сақшы үш-төрт ұлттан құралса да, түгел жұмылып, Қуат екеумізді жаздық киіммен толықтады. Жетпегенін басқа үйдегі сақшылардан сұрап та әкелісті, алыстан ізделетін дәрігерден басқа сыйын қабылдай бердік. Кең жайылған дастарқандарында ұзақ отырып, бастан кешкенімізді сөйлеп едік, көздерін сүртісті, түнімен бәйек болып күтті. Таңертеңіне бұрынғы масқара киімімізді қайта кие түрегелдік, басқарма қақпасынан шыққанымызша сол қалпымызбен тұра тұруға келіскенбіз.

Таңертең әскерлермен бірге ерте тамақтанып едік. Сағат дәл сегізде кезекшіге кеңсе терезесінен дабыстаған Маскаловтың жуан дауысы естілді.

- Шәуешектік екі жігіт мұнда келсін!...

Сәлеммен сүйретіле кіріп, кешегі орындықтарға отырдық. Орынбасар бастықтың алдында қалың сары қағаз қапшықты екі дело жатыр екен, соны алақанымен бір ұрып қойып сөйледі Маскалов:

- Міне, екеуіңнің делоң, бәрін оқып шықтым. Күмәнданарлық ешқандай мәселе жоқ. Куәға тартқан адамдарыңның бірімен де сөйлеспеген. Онымен қоймай шаштарыңды ағартып, қартайтқанша жатқызған. Мұның себебін қазір көресіңдер. Біздегі мына істеп жатқан тергеушілер гоминдаңнан қалған. Өзімізден шыққаны жоқ; мыналар аяғын қорқып басады, сендер сияқты Үрімжіден келген бір адамды ақтап жіберіп, артынан оның жасырын міндетпен келгені анықталса, өздері атылады, солай қорқады. Сондықтан ақтай алмай жатқызып қояды. Қорықпай істейтін алал тергеушіге біз көп-көп мұқтажбыз. Оқыған азаматтарымыздың бәрі армияда. Екеуің осы басқармада тергеуші болып қалыңдар! Мұнда берген жауаптарыңнан жақсы оқыған және төңкеріске қатынасқан алал азамат болғандықтарыңды түсіндім. Әсіресе Үрімжіден келген адамды сендер тез айырасыңдар. Сендер істемей мұнда кім істейді, солай ма?

- Солай, тергеуші болатын кісіде алдымен нерв қуаты болу керек қой, - дедім мен, - бірақ қазір менде ол жоқ, есіріп ауырдым. Ызалансам есімнен танып қаламын. Қаным тіпті аз, сондықтан, үлкен ауруға шалдықпай тұрғанда үйіме жетіп, дем алуым қажет, істей алмаймын.

Қуат осы пікірді жеткізе айтып келді де, күштірек талап қойды:

- Біз бұл жерге өз еркімізден айрылып, қатты аязда кісенделіп айдалып келдік. Ақ екенімізге көзіңіз рас жеткен болса, үйлерімізге, өз ауданымызға соны түсіндіру үшін басқарманың өзі жеткізіп салуға міндетті... Денсаулығымыз түзелген соң қайтып келіп істелік!

- Талаптарың орынды. Бірақ, қазіргі төңкеріс мұқтажын ойласаңдар оларың қате. Несі бар, бұл жерде враш жеткілікті, көрініп тұрасыңдар, еңбекақы алып істей жүріп, тұрмыстарың жақсарған соң денсаулық тез толықтанады. Қазір идеяларыңа бір түрлі ауру пайда болған. «Тергеушілері бұзық болса, оны түзейтін бастықтары қайда» деп бізге наразы боласыңдар. Мұның да толық дұрыс емес екенін қазір түсіндірейін, екеуің ауыз үйде отырып ойланып көріңдер, қалай да осында істегендерің жақсы!

Біз ауыз үйге шығысымызбен Маскалов телефонда гүж ете түсті:

- Аршидден! Мұнда, үшінші номерге қазір кел!

- Аршидден дейтіннің түрме бастығы екенін естігенімізбен мүлде көрмей шығып едік. Кебежедей қарнын жарқылдаған жалпақ белбеумен буған қаба сақал қара тойған қаздай алшаңдап кіріп келді. Бір мықынына асқан қылыш қынабының ұшы есік табалдырығына созылып, шақ ете түскенде күліп жібере жаздап едім, бір мықынына «арқандалған» маузері төр үйге жүр-жүрлеп, май құйрықтың астынан түрткілегендей көрінісінен сол құралдарды асынуды да білмейтініне тыжырындым.

- Кескекті қабан көріп пе едің? - деп Қуат сыбырлады.

- Құрық ала қашқан борсық шығар,  - деп мен жымидым. Қылышының табалдырыққа тағы соғылуынан сақтанды ма әлде сасқандығы ма, Аршидден ішкі есікті шала жауып кірді.

- Ауыз үйдегі екі баланы көрдің бе?! - деп Маскалов бізге естірте дауыстап сұрады. Не жауап алғанын ести алмай қалдық.  Бастық енді зіркілдей жөнелді, - міне, ол екеуінің делосы, оқып та көрген жоқсың... ешбір жауабында ілініп қаларлық күмән жоқ... бәрі факт, куәлі, кепілді... не үшін төрт ай жатады?! Мұндай азаматтарды үш ай, төрт ай түрмелеп, шашы ағарғанша азаптау кімнің ісі? Түрмедегілерді көріп тұратын дәрігер қайда? Қылмысы едәуір ауыр адамның үш айға кесілетінін көрмей жүрмісің?! Сенің түрмеңде мұндай адам әлі көп. Осыларды анықтап шығуыңа үш тәулік уақыт беремін. Артынан мен тексеремін, қалғаны табылса, орнына өзіңді қамаймын!... Ұқтың ба?... бар, тез анықта!

Мылтық-қылышын сарпылдата жөнелген Аршидденнің соңынан жымиыса қарап қалып, өзара бас изестік. Маскаловтың сөзіне сүйініп, жадырағандай едік. Қуат, «қалып істесек қалай» деп ымдады да, мен денсаулығымның жарамайтынын білдіріп ымдадым. Маскалов бізді ойланып алсын деді ме, өзі ойланды ма, біраз уақыт өткен соң шақырды.

- Міне, түрме жағдайына, обалға қарауға тиісті бастығы осы помещик! Бізде қолынан ешқандай іс келмейтін, бірақ найзасын тастамайтын Дон Кихоттар бар, қолынан іс келсе де бітіргісі келмейтін тергеуші бар. Қызмет қалай жүреді?... Ойланған шығарсыңдар?

Біз ойланғанымызды да, өзінен қатты әсерленгенімізді де білдірдік. Бірақ, денсаулығымызды біраз оңалтып алып істемесек, баянды қызметкер бола алмай қалатындығымыз жайында кезекпен еселеп сөйлеп, әрең түсіндірдік.

- Онда былай болсын, - деп кідірді Маскалов, - денсаулықтарыңды тез оңалтатын жайлаулы жердің қызметіне таныстырайын, ақша да, қымыз бен қозысы да табылып тұратын жер. Ел жайлаудан түскен соң осында қайтып келіп істейсіңдер.... қалай?

Біз келісе қойдық. Тас жол құрылысының запхоздық-бұғалтырлық қызметі екен. Маскалов телефон алып, жол құрылысы мекемесінің бастығын шақырды.

- Сендер дайындала беріңдер, мына киім болмайды, - деп күлді маскалов сонсоң, - тундрада емессіңдер... қазірше жандарыңдағы жатқан әскерлерден киіп тұратын жаздық киім табылады, мен айтамын.

Шығып бара жатып, қайрылып тұра қалдым, Аршидденге «үш тәулік анықтап боласың» деп түсірген бұйрығы бойынша Мұсатай да ап-аман, аппақ болып шыға жөнелуі мүмкін ғой. Оның үстіне тергеушілерге тапсырған материалымды мына мықтының өзіне де мәлімдеп кеткім келіп еді.

- Жақсы, жақсы, - деді мен қысқаша баяндап шыққан соң, атын жазып алды, - «сырын білетін әкеңе өзің құран оқы» депті бір қазақ. Өздерің сырын білетін жердің адамын өздерің тексерсеңдер, қандай әділ болар еді, мен соны айтқамын, ұмытпаңдар... өздеріңді көп қамап қойған тергеушілерді де өздерің тергейсіңдер!

*  *  *

Әділетті тергеушім, осы соңғы сөзден жаныңыз түршігіп-ақ қалған шығар. Құдайды албастыға тергеткендей, тергеушілерін қылмыстыларына тергетуден зор сұмдық бар ма? «Партияға жалбызбалап кіріп алған кері төңкерісші» деп көбінесе, өз серіктерінің құпия айыбын әшкерелеп қоюшыларды айтып жүрсіз ғой, осы пәтуа бойынша, мына тақыр бастың төстігін істікке шәншіп, қақтап жесеңіз де кегіңіз қайтарма! Ал, оның пікіріне имандай ұйыған мендей мүритті қазанда қайнатарсыз-ақ!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


* Штик - мылтық найзасы.

** Утай, Тақия - жер аттары

* Пәранжы - бет перде.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1551
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3347
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6204