Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3303 0 пікір 30 Мамыр, 2012 сағат 06:26

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

VI
Он бір тармақты бітім жергілікті халықтың буырқана тасыған төңкерістік қимылдарын басып, тыныштандыра тұруды ғана мақсат еткен гоминдаңның «шынайы демократия» атындағы шырғасы еді. Осымен алдай тұрып, бассалып төңкерістік қолқасын суырып алмақ - ұйысқан күшін ыдыратып, үш аймақ үкіметін аудармақ болатын. Жанымханды іске салып, Оспанды аздырумен бастады бұл жоспарын, 1947-ші жылдың 25-ші февралында Үрімжіде сары аяқ армиясын халықша киіндіріп, үкімет құрамындағы үш аймақ өкілдеріне қастандық жасау, қанды оқиға тудыру арқылы сол арам пиғылдарын айқын көрсетті.
Мұндай аударыспақ ойынында Ахыметжан Қасыми басшылығындағы төңкерістік күш те қолдарын жау қолқасына солай созбасын ба? Тыныштық бітім шырғасын шындап, заңды түрде пайдалануға кірісті, «халықтың ереуіл жасау, ұйымдасу, дауыс беру, ең соңында жергілікті өз автономиялы үкіметін өздері сайлап алу құқықтары бар» деп жылмаңдатып тұрғанда жұлып алу керек қой. «Уақытша біріккен үкімет» құрылған осы он айдың ішінде-ақ гоминдаңның құйрығын бүлкілдетіп жіберді, оның қанды шеңгелінде тұрған жеті аймақтың бәрінде де төңкерісшіл жастар ұйымы құрылды. Тіпті, Үрімжі аймағының бірнеше ауданы мен Қашқар аймағындағы халық күшей тартысып, үкімет басына өз адамдарын сайлап алды.
Сөйтіп, қолқа суырмақшының өз қолқасы суырылып бара жатқаны байқалды. Жяң Жиеші осы шақта Жаң Жыжүңға  ұзын мойнын соза үңірейіпті:

VI
Он бір тармақты бітім жергілікті халықтың буырқана тасыған төңкерістік қимылдарын басып, тыныштандыра тұруды ғана мақсат еткен гоминдаңның «шынайы демократия» атындағы шырғасы еді. Осымен алдай тұрып, бассалып төңкерістік қолқасын суырып алмақ - ұйысқан күшін ыдыратып, үш аймақ үкіметін аудармақ болатын. Жанымханды іске салып, Оспанды аздырумен бастады бұл жоспарын, 1947-ші жылдың 25-ші февралында Үрімжіде сары аяқ армиясын халықша киіндіріп, үкімет құрамындағы үш аймақ өкілдеріне қастандық жасау, қанды оқиға тудыру арқылы сол арам пиғылдарын айқын көрсетті.
Мұндай аударыспақ ойынында Ахыметжан Қасыми басшылығындағы төңкерістік күш те қолдарын жау қолқасына солай созбасын ба? Тыныштық бітім шырғасын шындап, заңды түрде пайдалануға кірісті, «халықтың ереуіл жасау, ұйымдасу, дауыс беру, ең соңында жергілікті өз автономиялы үкіметін өздері сайлап алу құқықтары бар» деп жылмаңдатып тұрғанда жұлып алу керек қой. «Уақытша біріккен үкімет» құрылған осы он айдың ішінде-ақ гоминдаңның құйрығын бүлкілдетіп жіберді, оның қанды шеңгелінде тұрған жеті аймақтың бәрінде де төңкерісшіл жастар ұйымы құрылды. Тіпті, Үрімжі аймағының бірнеше ауданы мен Қашқар аймағындағы халық күшей тартысып, үкімет басына өз адамдарын сайлап алды.
Сөйтіп, қолқа суырмақшының өз қолқасы суырылып бара жатқаны байқалды. Жяң Жиеші осы шақта Жаң Жыжүңға  ұзын мойнын соза үңірейіпті:
- Мұндай бітімді тез бұзбасақ, өзіміз бітіп кетеміз, дереу бұз!
- Өзім қол қойған бітімді өзім қай бетіммен бұза аламын? - деп қипыжықтапты батыс-солтүстік әкімшілік мекемесінің бастығы, бітім шарттарын толық атқармай, жергілікті халықтан өзі де көзге түртіліп барған еді, - мен Шынжаң біріккен үкіметінің төрағалығынан бас тартайын, бітім бұзудың ебін өзіңіз табыңыз!
Жұңго гончандаңымен жасасқан бітімдерді талай бұзып тәжірибеленген әккі Жяң Жиеші, Жаң Жыжұңның Шинжаңдағы біріккен үкімет төрағалығынан бас тартқанын дереу бекітіп, орнына өзінің ұйғырдан тапқан ең адал пендесі Мәсғұтты қонжита қойды. Мәсғұт Нанжиңнен сол қожасының бұйрығымен келіп бұл кезде Үрімжідегі біріккен үкіметтің бас бақылаушысы болып тұрған, Марксизмнің жауы, «фантұркизмнің» туы. Іс  жүзінде гоминдаңның нағыз құлы болатын.
Өзі гоминдаңның «Шынжаңға автономия бердің» деп айтуына сылтау боларлық ұйғыр ұлтынан шыққан, өзі «гоминдаңның ең жаманы» екені белгілі Мәсғұтқа қарсы халық ереуілі ду көтерілді. Бітім шарты бойынша, жалпы халықтың дауыс беруімен сайланатын үкімет бастығы, тым болмағанда өлкелік кеңес мүшелерінің мақұлдауынан да өтпей Жяң Жиешінің құйрығынан шыға келіп шулатты. «Шынайы демократиясын» шыңғыртып жібергендей болды сөйтіп. Үрімжіден басталған халық наразылығы жеті аймақтың да бар ауданына жауып, нөсерлетіп тұрған май айының соңғы бір күні Мәсғұт қызмет өткізіп ала қойды. Біріккен үкіметтің бірінші орынбасары Ахыметжан Қасыми бітім шарты бұзылғандығын жариялады. Өлкелік кеңестегі жергілікті ұлттық мүшелер тарай жөнелісті. Бірсыпырасы гоминдаң бұзғыншылығынан тітірене безіп, Құлжаға өтті.
Манас өзені қайтадан бекіп, саяси шекараға айналғанын әшкерелей қайтқан Ахыметжан үш аймақ төңкерістік үкіметінің саяси нысанасын да ілгерілей жариялады, «дұспанымыздың дұспаны - біздің досымыз» деді ол. Бүкіл Шынжаң халқына көрсетілген қысқа ғана бұл айқын формула Жұңго коммунистік партиясы мен Совет одағы, тіпті дүние жүзілік бүкіл сотсиялизм лагері біздің арқа тірегіміз екенін ашық сөйлейтін етті.
Мәсғұтқа қарсы көше ереуілі мен үгітті тағы да үдете түстік. «Жанымхан тобы» мен «Мәсғұт - айса гроһын» әкесі Американ мен шешесі Гоминдаңнан түп атасы капитализм лагеріне дейін індетіп, тұқым-тұқиянымен қоса соққыладық. Бұл кезде Байтік тауын жастанып, Шонжыдағы Хабатуанға дейін көсіліп жатқан «Оспан батырдың» атын сонда да атамай сындау ұйғарылған еді. Өз ішіміздегі «жағдайлардың» көңіліне оның көлеңкесін түсірмей, «Жақа», «Жақаш» дегендей ғана сылап-сипап, жәрдемімен жарақтана түсуіміз керек қой...
Мектептегі тартыс арқылы аудан әкімінің алдынан «ынтымақпен жауласып», мектеп меңгерушісінің суық күбірін ести шықсам да, нағыз ынтымақтың ұйтқысы мен болып көріндім, сол айтыстан төрт-бес күн өтісімен-ақ Сәрсен үнсіз төмендеп, екінші класқа бас мұғалімдікке ауысты. Ондағы Өмірбек төртінші клас сабақтарын Қайсенмен үнсіз ғана бөлісіп алды. Қайсен оқу бөлімі меңгерушілігіне тағайындалған еді. Бұл алмасулар менің күштеуіммен болғанын түсінген Набиолла да үнсіз жорғалап, алдыма түскенін «Биғаш» атауынан мен түсіндім. Мәкен көк көз ұзын мойынын бұраңдатып, күле сөйлейтін болды да, мектеп меңгерушісі кеңес сұрағыш болды менен. Әрқайсысы бос уақытымды тауып, тентек оқушыларды менің талқыма сала берді. «Бас бақылаушы» болғаным ба, кеңесшімін бе, «оқушылардың соты», «мұғалімдердің тәртіп меңгерушісі» болғаным ба, білмеймін. Әйтеуір, өзіме белгісіз бір «шен» біткен сияқты. Бәріне «Биға» атандым.
Қатты наразылықпен өтіп келе жатқан оқу жылы аса тәтті-татулықпен аяқтады. Тоғыз ай бойына шиыршық атқызған «толғағынан» жақсы нәтиже туылды. Аймақтық және аудандық оқу бөлімдеріне құралған жылдық емтихан комиссиясы мен оқытқан сабақтардың игерілуін жоғары бағалады. Бұрын тым нашарлығымен аты шыққан бесінші кластың ортақ номері сексен беске жетіп, алтыншы класқа түгел көшкенін көргенде еркін тыныс тапқандай болдым. Ақсақтарымның аяғы жазылып, мені мұнан соң қинамайтын дәрежеге жеткені ғой, келесі оқу жылында заулай бермей ме?...
Оқушылар жаздық демалысқа босасымен шынжаңдық шуыл тағы көтерілді. Мәсғұттың өлке бастығы болып тағайындалғанына қарсы ереуіл Үрімжіге жақын Тұрпан, Тоқсұн, Пішан аудандарында тіпті жалпыласқанын газеттен оқып жүр едік. Тісін басып отырған Сұң Шилян төңкерістік үкімет өкілдері Құлжаға қайтысымен сол үш аудан халқын жаппай қырғындауға кірісіпті. Бәйтікке барып жатып алған Оспанға сол тұстан қару-жарақ керуенін жосылтып, «қырсаң менше қыр» дегендей тапсырмасы да естілді, қыңыр батырдың қыр желкесінен сылап Американ елшілігінің өкілдері жүріпті; қырғындау жолын оның да көрсетіп жүргені ғой!...
Бұл шуылдарға айқай қосқан үгітке мен де аттандым. Шуылдың арты шұрқанға айналатыны белгілі. «Халықты жалпы, шұғыл аттанысқа дайындау» тапсырмасы шықты...
Үгітшілер тобы ішіндегі екі тауды бір ай кезіп қайтып келгенімде, Үрімжі шығысындағы шуылдың тынғаны естілді. Талап орындалып тынбапты. Сұң Шилян Американ қаруларымен жарым ай қырғындап тындырыпты. Екі жүз шақты жауынгер көтерілісшінің қорғауымен Тұрпан әкімі Әбдірахман Мұһити ғана әрең құтылып, Құлжаға өтіпті.
Гоминдаңға қарсы үгітте мен жүргенде, маған қарсы «үгітке» Досан әкім кіріскені де естілді. Жазғытұрымғы Сәрсенмен тартыста ынтымақ жөніндегі әкімнің сөзі мен менің жауабым «ынтымақтаспай» қалғаны бар емес пе. Сондағы жеңілісте әкімнің көзінен жылтырағаны маған іштей өшігудің ұшқыны екен. Жаздық демалысқа босасымен Арысбек пен Сәрсен сол ұшқынға майлы тамыздық салғыштай жүріп, кезектесе үрлеген екен, лап ете түсіпті:
«Құда, сіз балаңызға менің мына пікірімді мықтап жеткізіңіз, - депті әкім Қиялзаттың әкесіне, - Биғабіл дейтін бұзықтан Қиялзат аулақ жүрсін. Менің жанашырлық пікірім осы. Оны жақтаса бірге аласталып кетуі мүмкін. Ол қазіргі жағдайдың бәріне қарсы, халық ынтымағына ашықтан-ашық қарсы шыққан бұзық... Тағы айтайын, осы сөзім оған жеткені сезілсе, Қиялзаттың өзі түгіл, сіздің мыңбектігіңізге де кесірі тиетіні сөзсіз!»
Үгіттен қайтып келісіммен Қиялзат өзінің осы құпия қысылысын айтып, менің сақтануымды ескертіп отырғанда, үйге Өмірбек кіріп келді. Қиялзат бұл сырды осы досынан да жасыратынын білдіріп, сөзін тоқтата қойып еді, Өмірбек мырс-мырс күлді:
- Тым жасырын сияқты ғой сөздерің, білемін, сені де келістіріп қорқытқан сияқты.
- Ешқандай жасырын сөз болған жоқ!... Кім қорқытыпты?
Өмірбектен жымиыстан басқа жауап шықпады да, Қиялзат күрсіне түрегелді:
- Менің асығыс жұмысым бар еді. Қайтайын, - деді де, «анаған айтып қойма» дегендей, маған басын шайқай шықты.
- Енді мен айтайын, - деп мырсылдады Өмірбек Қиялзат кетісімен, - Досан сені жақтайтындардың бәрін мұртымен жеке-жеке байлап, қорқытып жатқанын естіп жүрмін. Соның ішінде шын қорқатыны менмін. Ол қырына алса, қазіргі жағдайға байланыстырып, қатынымды алғызбай қоя алады ғой...
- Ой қатының құрсын сенің, айтсаңшы енді айтатыныңды!...
Өмірбектің шешесі алдыңғы күні Досанға барып, туыс жағынан жақындығын баяндапты да, келінін алып беруін өтініпті. Досан да жақындығын мойындай келіп, жалғыз-ақ шарт қойыпты.
- Балаңа мықтап ұқтыр. Биғабіл дейтін бұзыққа жақын жүретінін естідім. Тегінде одан аулақ жүрмесе, келін түгіл өз қызметінен де айрылуы мүмкін, Биғабіл үкіметке қарсы кісі. Оны жақтап-жағаттаған адамға күйесі жұқпай қалмайды!
- Ой құрып қалғыр Құдай-ай! -депті шанышқы тілді кемпір, - келіншегін әпер деп өтінсем, досынан айыр деп бұйырғаның қай сұмдық Досан-ау! Қайтып айырмақпын қаршадайынан дос сабақтасын!... Күніне келіп көрісіп тұратын ол баланың үкіметке деген тинақтай қарсылығын естісемші!
- Жеңгей, менің құлағым мың екенін түсін. Сен не білесің, жанашырлықпен айтып отырғаным. Балаң жалғыз осы ғана шығар?... Сақтансын деген соң сақтансын!... Бұл сөзімді ауыздарыңнан шығарсаңдар маған естілмей қоймайды; келінің келмеске кететін ахуал содан шығады тегінде.... Пәлелі жаққа шықпай, жақсы жүрсе бір жөні болар, сөйлесіп берермін, - деп, кемпірді қорқытып та, дәмелендіріп те қайтарыпты әкім.
Өмірбек мұнан соң өзінің менімен байланысын үзген бейнеге түсе тұратынын айтты, жуан қайын атасына жуан мұртты бір жыбырлатып алмақ екен, бірақ мені жамандау жағына қашан да қосылмайтынын, тіпті өзінің орнына екі-үш мықты ақтаушы, жақтаушы шығара алатынын білдірді.
- Ақтаушы-жақтаушыға зәру болатындай не қылмыс өткізіппін? - деп мен тыжырындым. Өмірбек қарқылдай күлді:
- Өктем қаралаушының алдында жалғыз қалудан үлкен қылмыс бар ма?... Көкжал алдында құйрығын бұлаңдатпайтын ит қанша дейсің бұл жерде? Тұс-тұсыңнан андап қаралаушылар, жалаңдаған жалақор көбейеді әлі. Ендеше қазірдің өзінде жалғыз қалдым дей бер. Анау Қайсенің қай сен болмақ? Сенің күшіңмен өсіп алды. Енді сені жақтайтын үні өше қалды да, ғылыми меңгерушілігін қорғаштайды. Әкім оның аузын әлдеқашан буып тастағанын білдім, қазір маған да жуымай, тымпиып ала қойыпты. Қиялзатың әлгіндей, Мәулендердің де сол, олардың да мәуедей жапырыла тұрудан басқа лажы жоқ...
- Енді не қыл деп отырсың өзің маған соны айтшы?
- Қараланып, қарғыс таңба басылмай тұрғанда, төңкерісшіл жастар ұйымының бір қызметіне орналаса ғой, сен талап етсең Әлиев бассалады. Тым болмағанда күншіл

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Арысбек пен Мәкендердің үні өшсін,  мектептен кетсең, тілегі орындалып, тындым бола қояды да, сенің теріңмен өнген өркенді класқа Мәкенін кіргізіп, өсіре қояды. Негізгі жақтаушыларынан солай айрылған Досан күнжарасын қанша пышақтағанымен, сені қаралай алмай қалуы мүмкін.
- Халықтың түпкілікті мұқтажы жағынан алғанда, оқытушылықтан игілікті қызметті Дөрбілжіннен таба алмаспын, «халық дауысы» газетіне бара ғой дей алмаймысың тым болмаса?!
- Дубектің өкпе ауруы күшейіп.. жатып қалыпты, -деп Өмірбек ауыр күрсінді, - хал үстінде дейді... Тынысқан соның газеттегі бас редакторлық қызметіне шақыртылыпты, кеткелі жатыр.
Бар сенгендерімнен айрылғандаймын, әпшім енді қуырылды:
- Бар, бар, бәрің кет! Сен қатының үшін Досанның бұдырына жабыс, Қайсен меңгерушілігіне жабыссын, Қиялзат қыдырына жабыссын, айрылмаңдар соларыңнан?... Бәрің жоғал көзімнен!...
Сөзіме мырс-мырс күлген Өмірбек бұрқырап шыққан маңдай терімді сүрткенімде тым-тырыс тынып, жүзіме қарай берді. Қиықша көзі қызарып, жасаурай қалыпты. Күрсініп алып, бәсең ғана күбірледі.
- Сен мені жанбағарға санап отырсың-ау Биған, мен ғана емес, осы достарыңның бәрі де қорғайды сені, уақыттық қана тактика үшін ғой мұнымыз... Оқушыларың сен үшін түгел айқайлап арыз көтеріп шығатынын жазғытұрым-ақ көрсеткен. Төңкерісшіл жастар ұйымы солардың талабымен қайралып, сен туралы қылшылдай кірісер әлі, қам жеме.
- «Жағдайлар» күшесе ұйымның жантая қалуы да мүмкін ғой? Американ мен Сұң Шилянның мына құтыруы «жағдайлардың» көзін тағы да жарқырата түспес деймісің? Осы мен көрген және біз көрешек сергелдеңнің барлығы армияны Манас бойында тоқтатып қойып, төңкерістің аяқсыз салбырап тұрып қалуында ғана, Үрімжіге жетіп барып тоқтағанымызда бұл жағдайлардың, жанышқанды қойып жағамызға қолы жетпей де қалар еді ғой?!...
- Ойбо...й, сен бұған бола дүниені шарлап әуреленбей-ақ қойшы, сені қорғаудың бір жолы жаңағы сөзімнен де шыға келгендей болды, тұра тұр, кейін айтармын. Онан да осы демалыс кезінде әлгі Әлиаңмен келісіп ал да, көңіл көтере бер, божырамай... Сенің кеткен жағыңа қарап көбірек жаудырайтынын естіп жүрмін Меһірден.
- Қай бетіммен келіспекпін қазір. Тағы да қаңғығалы тұрып, қатын іздеу қай теңім!... Меһірмен кездесе алып тұрмысың?
- Ол түн ортасында әрең шығып жүр... сендердің аңдушы, қуғыншыларың жоқ қой. Күндіз-ақ ертіп жүре бере аласың... ол мықты қыз, ей!
Мен ішімнен күрсіндім: «Нұрияштай қыз қайда, ол барда мұндай қайғы-қайғы ма еді?... Әй, осы соның өлгенін көрмегенмін ғой өзім, мүмкін, тірі де болар. Алтайға бір барып келетін орай туылар ма екен шіркін! Тым болмаса шешесінің бауырына бір кіріп, бір жыласып әлі де баласы екенімді көрсетіп қайтсамшы!»
- Қатыншыл екенсің, - дедім Өмірбекке қарап, - сол Әлиаңды өзің-ақ алшы тоқалдыққа!
Өмірбек мырс-мырс күле шықты:
- Көрермін әлі, соның ізін сүйе іздеп барып жығыларсың алдына....
Ойланып жатып қалдым. Досанның үстінен аймақтық үкіметке арыз жазғым да келді. «Бірақ, әлі іс жүзінде көрілмеген қастығын қалай жазарсың, пәленге «бұзықтан аулақ жүр» депті, түгенге «айрыл» депті. Мені жалғыз қалдырып аластамақ екен деп қана жазғаныммен не тындырармын, Досанды сындырғаным сол, сеніп айтқан достарымның мойнын жұлдырармын. Ол жерде Досанның сүйемелшісі болмаса әкімдікке тағайындалар ма? Жоқ, қазірше жазбайын, әшкерелеп қойып сорландырмайын достарды» ... қазірше жастар комитеті мен Тынысқанға ептеп мәлімдеп қоя тұруды ұйғардым.
Түс уақытында бір оқушы іздеп келді. Тынысқан шақыртыпты. Көшуге дайындалып, мүліктері буып-түйілген төргі үйінде жалғыз отыр екен. Қасындағы орындыққа нұсқап отырғызып, асығыс сөйлей жөнелді:
- «Халық дауысы» газетіне ауыстым, Дубек ауырып қалыпты. Аудандық үкіметтен соның орнына уақытша істей тұруға сұрап еді. Әсілі біржолата әкетпек екен; үйіммен көшіріп әкетуге машина келіпті. Саған айтып кететін бір ісім бар. Сол үшін шақырттым. Сені Дубектің газет редаксиясына талап еткеніне үш айдан асып қалды. Бірақ, Досан мұрт көнер емес. Жақыннан бері тіпті қатайып алды; «жалғыз тәуір мұғалімімізден айрыла алмаймыз, ол кетсе мектебіміз бүтіндей күйрейді» деп бермей қойды.... сенің өзіңе хат келіп пе еді?
- Бір редакторынан келген. Сені сұратып жатырмыз деп ескерткен ғана хат. Өзім осы оқытушылығымды ғана... игілікті қызмет деп танушы едім. Сондықтан, газетханаға өздігімнен байланыспай жүргенмін. Енді сол мұртыңыз, қатайып алғаннан бері менің іргемнен су жүгіртіп жүріпті. Қапымды тауып аластамақ екен.
- Жаңсақ сөз болар, айрылмаймын деп жүріп аластамақ па?
- Иә, айрылмаймын деп алып қалып, мойнымды қайырып тастамақ екен. Айрылып қалса қайыра алмай қалады ғой.
Қорымнан аққан қомақты бұлақша тұнық арықтай күлген Тынысқан сол күшті күлкісін кілт тоқтатып, көкшіл сұлу көзін жарқырата сұрады:
- Мұны қайдан білдің?
- Мектепте менің ісімді құптаушылардан естідім. «Биғабіл - бұзақы, барлық жағдайға да, үкіметке де қарсы кісі, әрине, ол аласталады. Жақтаушы болып, жақын жүріп, жардан ұшып кетпе, одан аулақ бол» деген сөздерді жеке-жеке кесетіп айтып жүріпті. «Бұл сөзімді басқа біреуге айтып қойсаң, маған өкпелеме» деген құқайын бәріне көрсеткен екен... Оларды мүйіздетпеу жағын ескеретін сізге ғана айтып отырмын....
- Мақұл, ұқтым. Жазғасалымғы жиында ынтымақ туралы сөзің онымен шаргез келіп қалған еді ғой. Содан өшіккен екен, - деп күрсінді Тынысқан.
- Иә, есіңізде екен, дәл солай! Сәрсендерден де мұртты майланып алған болса керек, мені енді дара қалдырып, қара жүректеріне қаралатып аластамақ.
- Түсінікті сияқты... бұл істерін қозғамай-ақ бір жөні табылар!... Мен бұл жәйтті Дубекке барысыммен жеткізейін. Оның аймақтық үкіметке біреуден айтқан сәлемі де ем. Өзіңе айтатыным, газет редаксиясынан өзіңді төте шақырған хат келе қалса, ауданнан сұрамай, іркілмей барып ал. Жақында «Дөрбілжін хабарлары» газеті де сол редаксиядан шығарылмақ. Саған қызмет жетерлік....
Мені осылай тыныштандыра кеткен Тынысқаннан да, тынысты редакторлардан да үшінші күні тыныс тарайтарлық қаралы суық хабар естілді. «Халық дауысы» газетіне Дубектің үлкейтілген суретін қара сызықпен  қоршап басыпты да, «аса қайғылы хабар» деп бастап, үн қоса боздаған жоқтау шығарыпты. Жиырма жеті жасында еркін жеткен философтан, төңкерістік қылыш қанат, құрыш топшы жас қыраннан айрылған екенбіз! «Халық дауысының» барлық үтір, нүктелерінің орнын леп белгісі алып, түп-түгел халық дауысына айналыпты. Шәуешектің бар көшесі шуылға толып, орқаштанған-жарқаштанған зар толқынына дейін естіліп тұрғандай.
Бұл жоқтау ертеңіне Тарбағатайдың ең шет аудандарына дейін жайылып, бүкіл аймақ болып күңірене жөнелді, түрмеден ем қонбас дертке шалдықтырып шығарған Шың Шысай - гоминдаң дертіне лағнат жаудыра күңіренді.
Газеттердегі бар жоқтау өз көкірегімнен ағытылғандай шалқалап жатып алып, булыға оқыдым. Жосыла берген көз жасымды шешеме көрсетпеу үшін екінші күнгі газетті сол күні түстен кейін бүркене оқып, бүлкілдеп жатқанымда, аудандық оқу-ағарту бөлімінен шақыру келді. Жаңа тағайындалып келген бөлім бастығы Шәкербай «тез жетуімді» тапсырыпты.
Аймаққа «уақыттық» деп шақырылған Тынысқанның біржолата көшуіне Досанның тез келісуі орнына осы Шәкербай туысын келтіре қою үшін болғанын кеше естігенмін. Шәуешек ауданының тау бөктеріндегі бір ауылдық мектебінен алдыңғы күні келе сала өз бетімен бұлай жедел шақыртпаса керек еді. «Оспан молданың мал сұрауына шақыртты ма, Досан мұрттың жан сұрауына шақыртты ма» деген қауіппен тез бекініп, бетімді жуа сала жөнелдім. Бұл шақта тұрған Әлиев те жоқ еді, қыр раиондарынан төңкерісшіл жастар ұйымының бөлімшелерін құруға кетіпті. «Досан мен аластаудың орайы осы деп білген болар тегі!»
Кіріп барғанымда Шәкербайдың өлеусіреген боз көзі бадырая қарап, қол ұсынып еді. Менің көзімнің жылаудан ісінгенін байқай қойып, кеңк ете түсті де, көзін басып ала солқылдап, уқалап-уқалап жіберді. Сол бозарған құрғырын қызарту үшін уқалап жатыр ма деген ой келе қалды. Дубектің білім жағынан да, идеология жағынан да ең жақын серігіндей, қабырғасы қатты қайысып, егіліп отырғандай көрінді. Көзі түгіл дөңес қырлы мұрны да лезде қан қызылға айналып шыға келді. Мен жыласудың орнына сескене бағдарладым. Сыздықтатқан бәсең сыпайы үнмен сылдырай сөйледі сонсоң ол:
- Солай, Биғабіл, арқа тірер арысымыздан айрылдық... Жас та болса бас, жөн көрсетер жолбасшымыз, қиырдан көретін қыранымыз еді ғой, тым ауыр қаза болды, амал қанша, тағдырға кім ара түсе алар, керек жоқ... енді біздің міндетіміз ауырлады. Әкім сені бесінші районға, Тарбағатай ғой, үгіт қызметіне шықсын деп тапсырды. Ол районнан төртінші клас бітірушілерді аудандық мектепке келтіру қызметі де бар. Бұл - өз міндеттерің. Қиялзат екеуің ертең ерте осы мекемеден жүретін арбамен бөктерге жетіп алыңдар, аржағына сол жердегі жүзбектен лау ат мініп шығасыңдар... Жаяу уақыты ғой, қан толтыруыңа да жақсы орай бұл.
Үгітке мені шығарып қойып, өзіме жер қақпан қазып жатқан әкімнің мына ғаярының сөзіне ләм демей көндім. Күшті тірегінен айрылған азалы гәзет енді мені төтелей шақырып жұлып әкетуге жуырда бата алмайды да, төңкерістік қызметтен бас тартуға сылтау айтқым келмеді...
Бұл қызметтен августың соңғы аптасында қайттым. Күз демімен күңгірттенген бұлыңғыр жайлаудан да, бұлдыр тұманды өз ісіммен де қайтуға асыққанымммен ол райондағы екі міндет әрең бітті.
Үйге ымыртта жеттім де таңертеңіне Шәкербайға мәлімдей барып, бесінші районнан мектепке келетін оқушылардың тізімін ұсындым, ол оны үстелдің шетіне сыра салып, инспектор бөліміне ертіп кірді.
Баяғы Керім шянжаңның ұлы - оқытушылықтан былтыр ғана бас инспекторлыққа тағайындалған Махмұт Керім жалғыз отыр екен. Менімен жақын сыбайластық сақтап жүр еді. Шәкербайдың есікті нығай жапқанына қарай сала маған көзін қысып қалып, түрегеліп амандасты. Есіктің нығай жабылуы ғана емес, Махмұттың күрең қабағы мен күрсінісі де суық хабар жеткізгендей, үстел шетіне тіксіне келіп отырдым. Шәкербай Махмұттың бас жағына барып отырып, оған қызарақтай қарады.
- Ал, Махмұт, сөйле! - дегенінде сопақ сұры жүзінен көрі қоңқа, қырлы мұрны көбірек қызарып, едірейе түсуінен бұл жолы ерекше қисынсыз бір іске зорланып отырғаны байқалды.
Қара бұйра шашты, ақ құба Махмұт сұрлана қалды бұл бұйыруына. Сонсоң қою қасын көтере, мойнын сырт бұра қайырды жауабын:
- Өзіңіз сөйлеңіз, мен түсінбейді екенмін.
- Әкім саған айтып еді ғой, - дегенде Шәкербайдың боз көзі от ала қалды, - сенің тиянақтандыратын ісің екені тапсырылған ғой!
- Менің байланысым жоқ, білмеймін деп ол кісіге де айтқанмын.
- Бастық отырғанда бар іске араласып алмайын дегені шығар, - деп мен жымидым, - әйтеуір өлімге үкім етілмеген шығармын, өз аузыңыздан естиін.
- Жоқ, Биғабіл, ондай сұмдық сөзді айтпа, шырағым, - деп Шәкербай жылмағай жұмсақ түске келе қалды. - Өзің ыңғай сұмдық ойлайтын жігітпісің, қалай. Әкім қабілеттілігіңе және қысы-жазсы дем алмай істеген еңбегіңе қарап зор сенім артып, үлкенірек қызметке - мектеп меңгерушілігіне тағайындап қойды: Күрті қыстағына барып, мектеп ашатын болдың, күз болып қалғандықтан биылша тыныш қана бір бөлмелі үйде оқыта тұрасың да, жаз шыға жобасын өзің сызып, бірнеше бөлмелі мектеп салдырасың. Меңгерушіге өзіңді тағайындады. Ертеңінен бастап, бізден алатыныңды - оқу құралдарын, қағаз-қарындаш, бор, тағы басқа керектеріңді ал да, тез жүріп кет, оқу басталуға екі-ақ күн қалды!

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Алдын ала дайындаған осы сөздерін кері үтір, нүктесіз жітірмелете, бір-ақ сөйлеп тынған Шәкербайдың жүзіне қарап отырып, ызам қатты келді. Қол-аяғымды жерге тигізбей, Ебі дауылының өтіндегі қыстаққа лақтыра салғандай тынғанына күліп жіберіппін:
- Шәке, мені «ыңғай сұмдық ойлайтын жігіт сияқтысың» деп отырып, сұмдықтың академиясын бітіріп келгендігіңізді көрсете салдыңыз-ау... Сөзіңіз қалай епті, қалай жұмсақ, по, по-по? - дегенімде Махмұт менен қаттырақ күлді. Шәкербайдың жүзі сұры қалпына қайта келіп, көзі қызара түсті.
- Ал, енді не пікірің бар?
- Менің сізге пікірім жоқ, әкім бұйрығын айтып отырсыз ғой. Мен сол кісінің өзінен ұғайын, дауылдатып тұрған мектепсіз далаға барып екі күнде мектеп ашып, «меңгеруші» болатындай, ол кісіге не «жақсылығым» өтті екен. Соны білейін, - деп орнымнан тұра бергенімде, иығымнан баса қойды бастығым.
- Ол кісінің бас ауруы бар екен. Ешкімнің кіруін жақтырмайды, қазір үйінде дәріленіп жатыр.
- Сірә, сол басты ауыртқан мен болармын. Өзім барып, тамырын ұстап көрейінші.
- Қандай пікірің болса да маған айт, қуыршақ емес, оқу-ағарту бөлім бастығымын ғой? - деп Шәкербай сұқтана қарады маған.
- Сізге айтарым мынау ғана: ол мектебіңізге «меңгеруші» болмаймын, меңгерушілікті аңсаушыларды ғана жарылқаңыз!... Менің ендігі қызметім бұлай жер аударылудағы қылмысымды түсіндіруші іздеу ғана.
-  «Жер аудардық», «қылмысты» деп кім айтты Биған-ау саған?! По, тіпті... қызық жігіт екенсің өзің! Бұл мектептегілермен келісе алмайтын болған соң денсаулығыңа көңіл бөлдік. Бекер шармаяқтасып, шиеленісе бергенше, қабілетін көрсетіп, таза ауада тыныш қана істеп өссін деген әкімнің қамқорлығы мен айтып отырғаным. Осы бәріміз, мына Махмұт пен мектебіңнің бастығы  да, тіпті тұрған Әлиев те... алғыс айта қосылдық. Алдымен мен қуаттадым бұл тағайындауды. Төте жауапты бастығың менмін ғой, бағынғаның жақсы, қабілеті күшті мұғалім екеніңді бәрі айтқан соң тағайындадым.
- «Шармаяқтасу», «келісе алмау» дегеніңіз - шайпау жала екенін сіз түсінбейсіз, жаңа келдіңіз. Мүмкін, түсініп болсаңыз да түсінбейсіз, жалалы іске жауапкер бола көрмеңіз. Толық түсінген әкімнің өзі болатын, сөзім сол кісінің өзінде ғана.
- Ендеше, толық түсінген кісіңіздің бұйрығы осы, бұл қызметтен бас тартса, бағынбаса оқытушылықтан қалдырылсын деп бұйырған ауданның әкімі. Оған бағынбасаң, қайсынымызға бағынбақсың? Мектептен келген бар арыз да, документтер де өз қолында. Сонда да қамқорлық етіп, меңгерушілікке көтеріп отырғанда, барғаның жөн шырағым, біздің ешқандай өштігіміз жоқ қой саған!
- Менің қылмыс документтерімді «қолына ұстап» отырып, дәрежемді орынсыз «көтеруіне» мен «көтерілмей-ақ» қойдым. Қалдырсаңдар қалдыра беріңдер, бармадым! -деп түрегелдім.
- Олай болса өзің біл, қызметтен босатылғаның осы, сентябрден бастап штаттан өшірілесің. Бізде не жазық бар, айт деді, маған келмесін деді. Айттық, болды, кінә өзіңде...
Сөйтіп, табан бір жыл демалыссыз істеп, көрсеткен қайратымның бодауына қайқайып шыға жөнелдім. «Тынысқан айтқандай, мен істейтін іс көп қой. Қамықтың не, қамықпадың не, бәрі бір болған соң ең абзалы - қамықпау шығар!?... Жалғыз-ақ Оспан қудың алашақ малы осы күзден бастап, шамам жетісінше бір-бірден өтеле бермек болатын. Оны биылша тағы тоқтата тұруды халық бөлімінен өтінермін. Ең зорлағанда екі-үш күн қамар. Сиыр түгіл шыбын да тауып бере алмайтынымды білген соң ол көрден қоя бермей ме, басқа не істемек маған?... Ішіңнен жидіме Биға, күрес тетігі - шыдамдылық!...»
Төңкерісшіл жастар ұйымына оқ тигендей сенделектеп кірген сияқтымын, Тұрған Әлиев күлімсірей қарады, біліп отыр екен. Ербол қалжыңға айналдырды:
- Жағаласқан «Жақашың» жағаңды жыртып жіберген бе, алқа-салқасың ғой өзің?!
- Досанның қысымынан ғана емес, күннің ыстығынан да болған шығар? -деп жағамды жиып едім, мешпетімнің де, көйлегімнің де түймесін жол-жөнекей түгел ағытып болған екенмін. Түймелей отырып, болған жайды баяндадым. Көзі бадырайып кеткен Әлиевтің сөзі қысқа болды:
- Қамсыз жатып дем ала бер! Биыл аз істемедің, ендігі жерде жақсы көретін қызметіңе мықтап орналасасың. Еңбек ақың да бекер кетпейді, дем алған күндеріңнің ақысын толығымен алатын боласың...
- Бетсіз жағдай! - деп тістенді Ербол Әлиев өз бөлмесіне кіріп бара жатқанда.
- Бәрі де Манас бойында тоқтап қалуымыздан болып тұр ғой, - деп мен де үйге қайтуға беттедім, - олай болмағанда жағам түгіл балағыма жолай алар ма еді бұл иттер!
Данышпан тергеушім, шыр заманда шын сөйлеуден зор шырғалаң жоқ екенін түсінсем де, шыншылдықтың өзі шырғалаңшылдық, кері төңкерісшілдік болатынын ол кезде толық білмейді екенмін. Мұны осы жақында, «шыныңды» айт деп сіз қинағанда ғана айқын түсіндім; осыны шұқшия сұрап тіпті құлақ шекеме қойып жібермедіңіз бе! «Кемеңгер» жұдырық қонбаған шекеге ақыл да қонбайды екен ғой. Өз жаныңыздың шындық атаулыдан мүлде пәк жаралғанын қоса түсіндірген осы жұдырығыңызға мәңгілік қарыздармын!
Қылмыс қайнарын бұлай түсіндіре алмаған надан Досан қызметтен босатқанын да түсіндіре алмай шығара салмады ма? Қызметтен қуылған қылмыскер тым болмаса түрмеленбей не түсінбек!
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338