Сенбі, 23 Қараша 2024
Өзгелер 6601 11 пікір 9 Тамыз, 2021 сағат 17:12

Соғыс: Жағдай ушықты...

Соңғы уақытта тәлібтер жайлы ақпараттар Орталық Азия сайттарында аз шығып кетті. Себебі тәжік және өзбек аумағына өтіп жатқан ауған босқындары жайлы ақпараттар сиреді. Оның басты себебі аталмыш аймақты тәлібтер толық өз қолына алды. Атап айтқанда ауған-тәжік, ауған-өзбек және ауған-түркімен. Былайша айтқанда босқындар бастапқыдай бері өту мүмкіндігінен айырылды.

Қазір тәлібтер толықтай Ауғанстанның барлық елдермен шекаралас аймақтарын алды десек те болады. Бірен-саран шекаралық аймақтар мен бекеттер ғана билік әскерінің қолында қалды. Ауған билігі өз жерінде қоршауда. Содырлар сақина іспеттес қоршап тұр. Және күн өткен сайын ол сақинаның қысуға тырысып жатыр.

Соңғы үш күнде тәлібтердің шабуылдары артты. Ауған әскерлерінің қоймаларынан алған түрлі техниканы да ұрыста қолданып жатыр. Герат, Қандағар, Құндыз, Шибарган қалаларында кескілескен ұрыстар өтті. Тәлібтер провинциялардың орталықтарын басып алуға кірісті. Қиян-кескі шайқас үш күн қатарынан Шибарган қаласында болды. Тәлібтер генерал Дустумның резиденциясын басып алмақ болған. Резиденцияны Дустумның ұлы қорғап, барын салған. Олар ақыры резиденцияны алып, тонаған. Дустум ұлының жасақтары үлкен шығынға ұшырап, шегінуге мәжбүр болған. Әлеуметтік желіде Дустумның резиденциясын тонап, киімдерін киіп алған тәлібтердің суреттері тарап кетті. Артынша олар ғимаратты өртеп жіберген.

Тәлібтер бұған дейін басып алған Бадахшан, Тахар, Газни аймақтарында 12 жастағы қыздарды жаппай әйелдікке беріп жатқаны да Батыстық прессада жазыла бастады. Кеше олар Иранмен шектесетін Нимроз аймағын басып алды. Аймақтың 3 мың тұрғыны Иран шекарасына қарай босып кеткен. Ал аймақты қорғаған, кейіннен берілген 30 сарбазды тәлібтер атып тастапты.

Ауғанстандағы адам құқығын бақылайтын комиссияның хабарлауынша соңғы алты айда ел ішіндегі босқындар саны 950 мыңнан асқан. Ал сыртқа кеткендер саны 70 мыңнан көп. Сонымен қатар тәлібтер басып алған аймақтарда түрлі қылмыстар жасап, бейбіт тұрғындарды «ауған билігіне қатысы бар» деп өлім жазасына кесуде. Мысалы Қандағар маңында екі ай ішінде 980 тұрғынды сондай айыппен өлтірген. Басқа да аймақтарда мұндай қылмыстар үздіксіз жалғасуда. Тәлібтер өздеріне ұпай жинау үшін басып алған аймақтың түрмелерін ашып, тұтқындарды босатып жатыр. Олар өз кезегінде тәлібтерді қуана қарсы алып, жасақтарына қосылуда. Осылайша бір апта ішінде 5000-нан астам тұтқын тәлібтер жағына өткен деген ақпарат бар.

Әрине, ауған билігі де қарап отырған жоқ. Олар тура соққы жасау тәжірибесін кеңейтіп, тәліб жасақтарының басшыларын әуеден соққы жасау арқылы жоюды жалғастыруда. 6 тамыз күні ірі операцияны бастады. 6-тамызда 303, 7-тамызда 289, 8-тамызда 385 тәлібтің көзін жойдық дейді қорғаныс министрі. Яғни орта есеппен күніне 300 содырды жойып жатыр деген сөз. Бұл жақсы қарқын.

Кешелі бері ауған билігіне Вашингтон да әуе арқылы соққы жасап, көмектесуде. АҚШ ұшақтары жоғарыда келтірген Шибарган қаласына әуеден соққы жасап, 200-ден астам тәлібті жоқ қылыпты. Жүзден астам қолға түскен әскери техниканың да көзін құртқан.

Бүгін Қандағар мен Құндызда шайқас жалғасын тапты. Бір ақпараттар Құндыз тәлібтердің қолына өтті дейді. Онда бұл лаңкестерге ерекше екпін берер жаңалық болып тұр. Қандағарда қаланың ішінде ұрыс жүруде.

Соғыс қимылдарына байланысты 51 БАҚ (сайт, газет) жұмысын тоқтатқан. Ал 4 радио тәлібтерді қолдауға көшіпті.

ПыСы: Суретті көріп отырғандарыңыздай, лаңкестер барлық шекараны алды. Тамыздың соңына дейін АҚШ әскері толық кетеді, ал Түркия соғысқа қатыспайтынын, тек Кабул әуежайын күзететінін мәлімдеді. Қысқасы ауған билігін өзінен басқа ешкім құтқармайтын сынды. Ал Қытай сынды ірі ойыншының қазірден бастап тәлібтермен келіссөз жүргізіп жатқанын ескерсек, олар Кабулдың құламайтынына сенбейді-ау. Жасыл тәлібтер, көк пен сұр ауған әскерінің аймағы.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371