Амангелді Сейітханов өмірден өтті
Танымал комментатор Амангелді Сейітханов 52 жасында қайтыс болды. Бұл туралы марқұмның әріптесі, комментатор Жандос Айтбайұлы естіртті.
"Иә, растаймын. Жаман індеттен кетті ғой. Басқа ауруы жоқ еді", - деді Айтбайұлы.
Qazsport телеарнасының Instagram желісіндегі хабарға сенсек, журналист соңғы 2 апта жансақтау бөлімінде жатып, коронавирустан көз жұмған.
Амангелді Муатқанұлы Сейітханов - 1969 жылы 11 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауданында дүниеге келген. 1991-1994 жылдары "Спорт" газетінде жұмыс істеді. 1994 жылдан "Қазақстан ТРК"-ның "Тұғыр" бағдарламасының авторы және жүргізушісі, спорт бөлімі бас редакторының орынбасары. "Құмсағат" бағдарламасының спорт акпараттар продюсері. 1997 жылдан "Хабар" агенттігінде жұмыс істеді.
Abai.kz сайтының ұжымы марқұмның жақындарына қайғыра көңіл айтады.