Өрт сөндірушілер Түркиядан оралады
Түркия Республикасындағы орман өртін сөндіруге барған қазақстандық құтқарушылар өз міндеттерін орындады. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Түркия Республикасындағы орман өртін сөндіруге кеткен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары өз міндеттерін сәтті аяқтады. Ресей, Әзербайжан, Грузия, Украина, Польша, Аустрия, АҚШ, Беларусь, Иран, Испания және Швейцария сияқты елдердің басқа экипаждарымен бірге Даламан қаласының маңында өрт толығымен сөндірілді.
Орман өртін сөндіру үшін қазақстандық құтқарушылар сегіз күн бойы ауқымды жұмыстар жүргізді. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің біріккен тобының жеке құрамы 19 тамызда ұзақ ұшуға дайындалуда.
20 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат 06: 00-де қазақстандық құтқарушылардың кері жолға шығуы жоспарланған. Оларды Даламан қаласының, сондай-ақ Түркия Республикасының Ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы министрлігінің өкілдері жүргізеді.
Abai.kz