Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 4544 6 пікір 25 Тамыз, 2021 сағат 14:53

Бел жайлауым – Қызылауыз, төр жайлауым – Тесіктас

Алматының қапырық басқан ауасы қос өкпені қапқанда туған жерге, жайлауға тартып кететін әдетім бар. Сол әдетіме бағып жуырда тағы да елге барып қайттым. Салқынбелдің сары қымызын сапырып, саумал ішіп, сарқ бастым. Ілияс жырға қосып мақтайтын Жетісудың қымызы осы біздің жайлауда.

Оны ақын:

...Сауыры Салқынбел мен Сайынбөлек,

Суығы соғып тұрады аласұрып.

Қымызын сол жайлаудың ішкен кісі,

Бәйгеге қосады өзін таң асырып, – деп жырлайды.

Қазақта атаққа шыққан әйгілі қымыз көп. Мысалы, Арқада –  «Саржаздың қымызы», Түстікте –  «Түлкібастың түнемелі қымызы», Тәңіртауда –  «Нарынқолдың нар қымызы», Алтайда –  «Марқакөлдің бал қымызы» болып кете береді. Сол атақты қымыздардың қатарында ішкен кісіні бәйгеге жараған жүйріктей етіп қосатын Салқынбел мен Сайынбөлек – Тесіктастың да қымызы бар.

Тәкен Әлімқұлов бір әңгімесінде: «Алаотыға жайылған жылқы адамды ұрып жығады», –  деп жазады. Алаоты, оны біз «У қорғасын» деп те айтамыз, – сабағы мен жапырағы сиякөк, басында ақбөрте гүлі бар өте құнарлы шөп. Жылқының шөбі. Бойлап өседі. Ұсақ мал жесе, басы айналып құлап қалады. Сондай құнарлы, күшті шөп жайылған жылқының бойына тарап, мама биенің емшегінен тамып, көнекте – саумал, сабада – қымыз боп ашып мына бізге жетеді. Ал осыдан кейін бәйгеге өзіңді қоспай көр!

Тәңірге тәуба! Қазақтың жері құнарлы шөпке бай. Құнарлы шөптің байтақ бір өлкесі – Жетісу аймағы болса, Жетісудың төр жайлауларының, төре жайлауларының бірі – Тесіктас. Жаздыкүнгі шілдеде аяғыңызға шұлғау орап, етік киіп, тон киіп жүрмесеңіз, Тесіктаста тоңып қаласыз. Аптап алқымдайтын алажазда атан сүйекті азаматты қымтанып, жылы киінуге мәжбүр ететін мұзсауыт жамылған Жоңғар Алатауының төсіндегі сол жайлаудың өрісіне шөптің шөбі бітеді. Малдың жайылымын керемет білетін Сабыржанның сөзіне сүйенсек, ыстық құм қойнауларындағы шөптің құнарымен теңіз деңгейінен пәленбай шақырым қашықтықтағы биік әрі суық тау шөбінің құнарынан асатын құнарлы шөп жер бетінде аз кездесетін көрінеді.

«Шөптің құнары» дегеннен бір ауыз әңгіме айтайын. 2005 жылы наурыз айында, Ақаев ресми Бішкек билігінен қуылардың аз-ақ алдында, бір топ журналист қазақ археологтарымен бірге Мысырда жүрдік. Пирамидаларға шықтық, музейлерді араладық, перғауындар заманындағы ескі шаһарлардың жұртын араладық, Бейбарыс бабамыз салдырған мешітке бардық, мәмүліктер тұрғызған ұлы қорғандарды көрдік, арасында мақтаншақ мысырлықтардың өтірік-шыны аралас сөздеріне де құлақ түрдік. Бір күні бізді тегі зәңгі-араб Мохаммед деген тілмәшіміз дәрі-дәрмек шығаратын фармацевтикалық зауытқа алып келді. Зауытты аралаған сәтімде қандай құрылғы-аппараттарды, қандай дәрілерді көргенім есімде қалмапты, есімде қалғаны – зауыт қожайынының сөзі. Көзіңе көзінің сұғын қадап, ұзақ қарап отырып, езуіне әнтек күлкі үйіргенсіп сөйлейтін адам екен. Езуіне әнтек күлкі үйіргенсіп сөйлейтін адам, күлімсіреп отырып:

– Біздің зауыттың өнімін дүниежүзі тұтынады. Үндістанмен, Қытаймен, Батыс елдерімен жақсы байланыстамыз. Африка құрлығына, құрлықтағы тез таралатын ауру түрлері көп елді-мекендерге жәрдем ретінде де дәрі-дәрмек жіберіп тұрамыз. Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымы да біздің дәрілеріміздің сапасын жоғары бағалап, әрқандай дерттің дауасы деп мойындады, – деді.  – Ал сол дәрілерді жасауға қажет әлемдегі ең құнарлы, дәрілік қасиеті мол шөпті қайдан алып отырғанымызды білесіздер ме? – деп сөзін жалғастырды ол. – Қазақстаннан, қазақ жерінен алып отырмыз.

Мақтаншақ мысырлықтардың қасында біздің де жағамыз жайылып, мақтанып, бөсуге мүмкіндік тудырған қожайынға қол беріп, мәз болғанымызбен, ішімізде бір өкініш тұрды: әттең, шөптен дәріні өзіміз жасай алсақ қой...

Қайдам, одан бері арада 16 жыл өтіпті. 16 жылда «шөп те – өлең, шөңге де – өлеңнен» асқан жоқпыз. Ал Асқар байке Ақаев болса, 16 жылдан кейін еліне оралып, әйдік бір қылмыстық іс бойынша жауап бергелі жатыр. Біз бұл жайтты қоңсылас қырғыз еліндегі халықтық биліктің демократиялық, құқтық жүйеге бет бұруы деп білеміз. Қалай десек те, биліктегі адам «бетегеден – биік, жусаннан – аласа» болуы  керек. Әйтпесе, Ақаев сияқты күндердің бір күнінде бәріне жауап беруге тура келеді...

Хош, сонымен жайлауымызға қайтайық. Жайлауға қайтсақ, тағы да 10-15 жылға кері шегінуге тура келеді.

Әкем екеуміз...

Бұрынғы Талдықорған облысы Қапал ауданы Ақсу қой совхозының шопандары мен жылқышылары жазда көшіп-қона жүріп, екі жайлауды қоныс қылады. Қызылауыз – бергі, бауырдағы бел жайлау. Қызылауыз – десе дегендей, екі бетін жалаңаш қызыл тас жапқан, қып-қызыл шыңтастар қаптаған еңселі тау. Салт аттылы жолаушы алыстан қарасаң, қызыл таудың аузына кіріп, жұтылып бара жатқандай көрінеді. Қызылауыздың өзі Салқынбел, Желдісай, Ақтасты, Шыбынсай, Тұрсын төре деген қоныстарға бөлінеді.

Бұл жайлаудың қызығы – желі тартып, бие байлау. О заманда бір совхоздың өзінде 20-30 отар қой бар. Әр отардан қозы-лағын қосқанда мыңға жуық тұяқ өреді десек, сонда бауырдағы жайлаудың өзіне 20-30 мың қой жайылады екен. Оның сыртында үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр және бар.

Көктемнің ортасында-ақ көкніл түске боялатын Қызылауыздың барқыт белдеріне, Тастыбүйенді өрлей ақ боз үйлер тігіледі. Желіге жылқы үйріледі. Аспанға шапшыған асау құлындардың басына ноқта киіледі. Даладағы ошақтардан ақшуда түтін өріліп, жайнаған жаз өмірін көз алдыңда шалқытып жібереді. Өрістер мамырлаған малға толы. Қырдан, бел-белестен атқа мінгендер ағылады. Бұлар – той-думан, қызық іздеген қызуқанды жандар. Балбармақ бәйбішелердің қолынан қымыз ішіп, олар әр шаңыраққа «қоныс құтты болсын»  айтып, ел қыдарады. Жайлаудың жан сүйсінтер қуанышы мен қызығы біздің жақта Қызылауыздан басталады.

Тесіктас – төр жайлауымыз. Жаңағы қызыл таудың қуысындағы ирек жолмен малды айдап шықсаңыз, ар жағы – Жоңғар Алатауының алабындағы Тесіктас жайлауы. Тесіктас – бізше балуан жоталы белдің, жазықта туып-өскен ағайынның өлшеміне салсақ, – таудың жалы секілді біртүрлі тас. Зор тұлғалы шыңтас. Шыңтастың дәл орта тұсына әлдебір шебер әдейілеп тұрып ойық салған сияқты. Осыдан кейін жұрт оны «Тесіктас» атап кеткен. Тесіктаста сорайған шыңтастар көп. Мен достарыма Тесіктас жайлауындағы шыңтастар туралы «Аспантаулар аясындағы пирамидалар» деп, талай әңгіме айтқанмын. Сол тас пирамидалар табиғи түрде түзілген Тесіктасқа ілгеріде – 1990-93 жылдарға дейін Талдықорған облысына қарасты үш ауданның: Ақсу-Қапалдың, сосын Бөрілітөбенің малшылары шығатын. Тесіктас – салқар жайлау. Бергісі Тастыбүйен, одан әрі Сарыой, Сайынбөлек, Қарасаз, Тұрлыбектің тұғылы, Ақбұлақ, Көкбұлақ, Демікпе болып жалғасып кете береді.

Тесіктастың шөбін бір ай, бір ай жарымның ширегінде 80-90 отардың малы, қара есеппен қайырсақ, 80-90 мың қой жеп тауыса алмайды. Тесіктаста «аюжүн» деген шөп өседі. Суықта өсетін шөп. Аюжүн жаңбыр жауған сайын көктеп өне береді. Аюжүнге жайылған мал таудан семіріп, домалап түседі.

Тесіктаста күнде той, күнде көкпар, атжарыс, аламан бәйге. 80-90 отарды айдап келіп Тесіктасқа қонған 80-90 үй – шетінен думаншыл: әнге әуес, сәнге үйір. Қазақтың берекесі артып, бағы жанған, байлығы тасыған бағзыдағы салтанатты күндері көшіп келіп Тесіктаста тұрақтап қалған сияқты. Ол кездегі Тесіктастың көрікті келбетін көрген сайын көре бергің келетін, қазір әңгіме қылып айтқан сайын айта бергің келеді.

...Сонымен әкем екеуміз... осыдан 15 жыл бұрын Тесіктасқа бардық. Әкей –  ат белінде танау астынан қоңырлатып, қандай да бір әннің әуенін ыңылдап қана отыратын тұйық адам, әңгімеге жоқ. Қызылауыз асып, Тесіктасқа көтерілгенде, ол тас-түйін боп қатты да қалды. Менің жанарымды жас жуып өткендей болды. Өйткені алдымызда алқам-салқам таулар мен аңыраған аңғарлар ғана жатыр еді. Уілдеп жел тұрды. Желмен бірге құлаққа зарығып, талып ән жетті.

Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң-оу,

Кең жайлау құлазиды-ау, ел кеткен соң-ай.

Жолыққанша,

амал жоқ, амал қанша-ай!..

Ел кеткен соң құлазып қалғандай рең танытқанымен, Тесіктастың баяғы көркем келбетіне қылау түспепті. Тек: «Жарандар-ау, жақсыларым-ау, қайда кетіп қалдыңдар бәрің түгел?!.» – деп кейіп қана тұрған сияқты. Мен әкемнің қабағына қарайлап, бір есептен көңілін көтермек болып:

– Аға, көресіз әлі, Тесіктасқа ел қайтып оралады. Анау жетім жұрттың бәріне  үй тігіліп, анау өріс малға толады, – дедім.

Әкем үндемеді. Бәлкім, ол менің сөзімді шала естіген болар. Бәлкім, менің сөзімнің ертең болуы мүмкін шындығына елең етпеген шығар. Әлде, төр жайлауы – Тесіктасынан өзінің жалын құшқан жастығын, ат жүгіртіп, құс салған, көкпар тартқан, той тойлаған сері күндерін, жан аямас достарын, құрбы-құрдастарын іздеп, көңілі уақыттың алыс бір шалғайын шарлап кетті мен екен, әйтеуір, ол үндемеді.

Білесіздер, 1990-жылдары келе-келе түйені,  үйір-үйір жылқыны, отар-отар қойды, табын-табын сиырды бартердің «базарына» тоғытып «қызыл директорлар» қырып салды. Билік ауылшаруашылығын тұралатып, солақай саясат ұстанды. Ұйысып отырған ұжымдарды быт-шыт қылды. Ағайын бірінен бірі безді. Кәнігі малшылар өрісінен айрылды. Тесіктас та иен қалды...

Алайда мен арада 15, жоқ, 16 жыл өткенде әке көңілін аулап айтқан сөзімнің Тесіктас пен Қызылауызда қайта түлей бастаған бүгінгі тіршілік, өмір белгісімен қауышқанын көріп қуандым. Әсіресе, Қызылауыздың, Қызылауыздағы қоныстардың ажары ашыла түсіпті. Қайсыбір жылдары Қызылауыздың өрісінен қараң-құраң мал көрінгенімен, бұрынғы құтты қоныстарда жарбиған үйлер тұрған-ды, мал соңында жалбаңдап жалшы жүрген. «Жалшы» дегенім – өңкей маскүнем, арақкеш. Ілдебайлап бір күнін бір күнге жалғайтын кездейсоқ біреулер. Мал иесі аз-мұз ақы беріп жайлауға шығарып қойған. Бітті. Сонымен күнелтуде. Жалшының аты – жалшы. Жалшыда өмірге құштарлық, өмірді сүю, адам боп қатарға қосылу, баю, үйлі-баранды болу деген сенім, үміт, құлшыныс атымен жоқ. Мал иесін де Құдай атқан. Мал иесі мал бақпайды. Малды қара базарға айдап апарып сатуды ғана біледі. Мал иесі малын сүймеген соң, жалшы оның қойы мен сиырын қайтсін. Есебін тауып ол да малды сатады. Ұрлық қылады. Арақ ішеді. Қысқасы, жайлаудың көркі мал мен жалшы емес, жайлаудың көркі – мал мен малшы. Қамбар атаның, Зеңгі бабаның, Шопан ата мен Шекшек атаның түлігін жақсы көретін, малды сүмесінен танитын, жан-жүрегі тау мен тасқа байланған адам ғана жаз жайлаудың, қыс қыстаудың көркін келтіре алады. Жайлау мен қыстаудың қойнауына жан бітірген адамға жайлау мен қыстау мал бітіреді. Соның солай екендігін Қызылауыз бен Тесіктасты жайлап отырған жас шопандардың өмірінен көруге әбден болады. Малшылардың дені «арғы беттен» бабақонысына оралған жастар екен. Жас отбасылар Қызылауыз-Тесіктас жайлауларындағы құтты қоныстарда түтін түтетіп, ырысқа кенеліп, берекеге бет түзеп отыр.

«Ырысқа кенеліп» деуіме себеп: аталған жайлаулық жерлердің шөбі құнарлы. Жайлаудың шөбіне тіс батырған мал қыстан жүдемей шығып, төл береді.

«Берекеге бет түзеп отыр» деуіме себеп: жайлаудағы өрістің бөлінісіне жергілікті билік араласып, әділдікті қалпына келтіре бастапты. Анау бір жылдары жайлауды әркім иеленіп, қоқаңдап, қожайын болғансып, атыс-шабыстың айқайы естіліп қалған. Енді байқаймын, жер комиссиясының пәрменді жұмысы, Мемлекет басшысының жерді жекеменшікке бермеу, сатпау жөніндегі заңға қол қоюы – «үстем тап өкілдерінің» талтаңына тұсау салғанға ұқсайды. Жұрттың көзі  ашылып, жайлауды жазда жайлаудың қамына мықтап кірісе бастапты. Ал бұндай беталыстың түбі қайырлы боларына күмәнданбаймыз.

Сөзіміздің бас жағында тау мен дала шөбінің құнары жөнінде айтатын Сабыржанның есімін оқырман есінде ұстап отыр деп ойлаймын. Сабыржан – асаудың албастысы. Шу асауды жүген, ноқтасыз мініп жүре береді. Бауыржан, Тәуіржан деген ағалары, Мейіржан, Қайыржан, Қайрат, Қанат деген інілері бар. Әкелері де кезінде ұжымшардың қойын, жылқысын баққан адам. Шәкіровтер. Құжат жүзінде «Шакировтер» болуы да мүмкін. Осы Шәкіровтер екі мыңның үстіндегі екі отар қойы мен үйір-үйір жылқыларын 150-200 шақырым жерден жайып кеп, жаз шыға Тесіктасқа жетеді.

– Талдықорған қаласының әуежай алаңы аяқталған тұстағы «Найман зираттан» малды айдап отырып, араға үш күн салып Тесіктасқа жетеміз. Тесіктаста тамыздың соңына дейін, кей жылдары қыркүйектің ортасына дейін отырып, «Найман зираттағы» көктеу-күзеуге қайтамыз. Ол жердегі бидайы орылған танаптарға – дәнге қой жайып, қарашаны өткереміз де, құмға түсеміз. Қыста құмда боламыз. Матайдың құмында «жалмаңқұлақ» деген жапырағы бүлдіргеннің жапырағы сияқты шөп бар. Үскірік соғып, аяз ұрмай жалмаңқұлаққа жан бітпейді. Қатты бір аяздан соң, жалмаңқұлақ піседі. Піскен соң оған мал жабысып қалады. Күйіне күй қосады. Құм қыстаған қойдың бәрі егізден туады. Қыс аяқтала «Найман зиратқа» келіп, малды төлдетеміз. Мал төлдеп біткеннен кейін – қайтадан Тесіктас, – дейді Сабыржан.

Мен ішімнен қуанып, ойға кеттім: міне, қазақ бабам малды осылай баққан, осы Сабыржан, Тәуіржандарша баққан! Жылдың төрт мезгілінде көшіп жүру деген – көшіп-қонып, жұрт жаңартып сабылу ғана емес, шаруашылықтағы берік дәстүрді бұзып алмай, уақыт ырғағымен бірге алып жүру деген сөз. Шараушылықты табиғат аясында сақтап, табиғи айналымда ұстау деген сөз. Бұл кереметті ендігі қазақ билігі, әсіресе, ауылшаруашылығына жауапты мемлекеттік қызметкерлер бек жақсы білуі керек. Білмесе, бабалар ізінен айнымай жүріп келе жатқан Шәкіровтерден сұрасын.

Қазаққа қазір азды-кем мал біте бастады. Бірақ  алаяқ алпауыттарға жерін беріп қойған қазақ малшысы мен диханы жеріне толық иелік ете алмай отыр.  Соңғы космомониторинг деректері бойынша, бізде 40 миллион гектар немесе 400 мың шаршы километр жайылым дұрыс пайдаланылмай жатқан көрінеді. Ал 40 миллион гектар жер 83 млн халқы бар Германияның, 60 млн адам өмір сүретін Италияның, 126 млн жан саны жайлаған Жапонияның  территориясынан да үлкен. Бұл аумаққа дамыған, гүлденген Оңтүстік Кореяның төртеуі, даңқы шартарапқа кеткен Швейцарияның оны сыйып кетеді! Ал біз осындай мемлекеттер өмір сүріп жатқан жердің көлемін бос тастап, алпауыттардан аса алмай отырмыз. Сондықтан жайлауларға көшейік. Сіздің жайлауыңыз қайда еді?..

Дәурен Қуат

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371