Сенбі, 23 Қараша 2024
Анық-қанығы 6073 13 пікір 30 Қыркүйек, 2021 сағат 13:41

Талибан қаупі: Орталық Азия орға түспей ме?..

Ауғанстан билігін тәлібтердің қолына өткеніне тура бір жарым ай болды. Талибан өзінің ішкі қарама-қайшылықтарын шешуге тырысып жатыр. Алдымен олар Панджшер аймағындағы қарсылықты жоюға тырысып, аймақтың орталығын басып алды. Масуд жасақтары жеңіліс тапқанына қарамастан, соңғы екі ауданды өз бақылауларында ұстап тұр. 

Тәлібтер уақытша өтпелі үкіметті құрды. Бұл негізгі үкімет емес, белгілі бір уақыт аралығында ғана жұмыс жасап, артынша басқа үкімет жасақталады деп уәде етуде. Уақытша үкіметке халық наразы. Себебі оның құрамында екі тәжік пен бір хазар ұлты ғана бар, ал қалған үкімет мүшелерінің барлығы дерлік пуштун ұлтынан. Халықаралық сарапшылар оны тіпті, «пуштун үкіметі» деп те атауда. Тәлібтердің үкіметіне наразылықпен қатар, ішкі қайшылықтары да бар. Мысалы «Хаккани ұйымы» билікті бөлу әділетті өтпеді деген позицияда. «Хаккани» тәлібтердің құрамында болғанымен идеологиялық тұрғыдан басқа бағытты ұстанады және құрылу тарихы бөлек. Олар салық және қаржы айналымын тең бөлуді ұсынып отыр. Тәлібтердің аймақтық жасақ қолбасшылары да өзара билікке қырқысып жатыр деген ақпараттар бар. Мысалы Қандағар, Мазари-Шариф, Кабул, Құндыз сынды ірі қалалар әр қолбасшыға берілген, уақытша үкіметте министрлер тағайындалғанына қарамастан, көп жағдайда ірі қаланың тізгінін ұстағандар бағына бермейтін көрінеді.

«Талибан» өзінің уәдесін орындап, халықтың әлеуметтік жағдайын тең етемін дегеніне қарамастан экономикалық мүмкіндіктері шектеулі, тіпті, жоқ десек те болады. Мысалы бұрынғы ауған билігінің 10 млрд долларын АҚШ билігі бұғаттап тастады. Тәлібтермен жұмыс істеуге бірқатар әлем банктері бас тартқан. Шекара бекеттерінің көпшілігі әлі жабық тұр. Әсіресе Тәжікстан Ауғанстанмен шекаралас бекеттерін мүлде ашпады.

Тәлібтер билігінің нық тұруы ең алдымен көршілес елдермен қарым-қатынасының жақсы болуына байланысты екенін жақсы түсінеді. Сондықтан да олар билікті күшпен басып алған соң, көршілес мемлекеттермен келіссөздер өткізуге тырысып жатыр. Ауғанстан Орталық Азиядағы үш мемлекетпен тікелей шекаралас болғандықтан, олармен де қарым-қатынасын реттеуге әзір.

Шавкат Мирзиёев дал понять, что Узбекистан вступит в ЕАЭС как наблюдатель - Новости – Мир – Коммерсантъ

Тәлібтер Орталық Азия елдерінің ішінде Өзбекстанды серіктес санайды. Ташкент Талибанмен келіссөзді осыдан екі жыл бұрын бастаған. Бастапқыда Кабул мен Талибан арасындағы келіссөзді жылжыту алаңы ретінде құрылған Ташкент келіссөздері, қазіргі таңда тәлібтер мен Өзбекстан арасындағы келіссөз алаңына айналды. Талибан Өзбекстаннан экономикалық қолдау күтсе, Ташкент шекара қауіпсіздігі мен Ауғанстандағы өзбектердің жағдайына байланысты қатынас ұстануға тырысуда. Ауғанстанда 2-3 млн этникалық өзбек тұрады деген болжамдар бар. Жарты ғасырға жуық созылған түрлі әскери қақтығыстар Ауғанстанда нақты халық санағын жүргізуге мүмкіндік берген жоқ. Сәйкесінше Ауғанстанның этникалық құрамы мен халқының санына қатысты дәл ақпарат соңғы қырық жылда жасалмады.

Тәлібтер билікке келе сала Өзбекстанға өз өкілдерін жіберді. Бейресми ақпарат көздеріне сүйенсек олар шекара маңында келіссөздер жүргізген. Келіссөздердің негізгі бағыты Өзбекстандағы Ауғанстан ұшақтары мен ұшқыштарын кері қайтару мәселесі болған. Ауғанстанда режим құлаған сәтте 46 ұшақ пен тікұшақты тізгіндеген ұшқыштар Өзбекстан аумағына өтіп кетті. Олар өз отбасы мүшелерін ала кеткен болатын. Жиынтығы 465 адам Өзбекстанды паналады. Ал қыркүйектің ортасында оларды АҚШ Катардағы әскери базасына эвакуациялады. Тәлібтер «ұшқыштарды бізге беріңдер» деген талап қойған болатын. Себебі Талибанға жылдар бойы қырғын салған дәл осы ауған ұшқыштары еді. Бірақ Ташкент АҚШ-тың талабын орындап, олардың қауіпсіз аймаққа эвакуациялануына мүмкіндік берді. Енді Талибан тікұшақтар мен ұшақтарды қайтаруды сұрауда, ол талабына ресми Ташкент жауап қатпады. Аталмыш мәселе қос тарап арасындағы қарама-қайшылыққа негіз болуда.

Мәселенің шешілмегеніне қарамастан, тәлібтер Өзбекстанды тәуелсіздік күнімен ресми тұрғыдан құттықтады. Өзбекстан мен Ауғанстан арасындағы шекара ұзындығы 160 шақырымды құрайды және оны бақылау өзге елдерге қарағанда оңай. Алайда Ташкент Ауғанстандағы түрлі террорлық топтардың құрамында бар өзбектердің өз еліне қайтып келуін қаламайды. Сондықтан да тәлібтермен қатынасын тығыз етуді жоспарлауда. Ал тәлібтер «өз аумағымызды лаңкестік ошағына айналдырмаймыз» деген уәдесін қайталаудан жалықпай келеді.

Ауғанстан шекараласатын тағы бір ел Түркіменстан. Түркімен билігі тәлібтердің Ауғанстанды басып алуына қатысты бірде-бір мәлімдеме жасаған емес. Дей-тұра, Ашхабад жағдайға алаңдаулы екені анық. Бұған дейін түркімен билігі шекара маңындағы тыныштық үшін тәлібтерге бейресми ақпараттар бойынша қаржы төлеп келсе, енді олармен келіссөз жүргізуге мәжбүр болмақ.

Вооруженные силы Таджикистана на военном параде в Дарвозском районе - Sputnik Таджикистан, 1920, 27.09.2021

Орталық Азияда Ауғанстанмен шекарасы ұзын елдің бірі Тәжікстан. Тәжік билігі тәлібтерді мойындамайтынын бірден аңғартты. Оған Талибанның Ауғанстандағы этникалық тәжіктердің мүддесін ескермеуі, Панджшерде қуғындау саясатын ұстануы да себепкер болуда. Рахмон тәлібтерді мойындамайтынын анық көрсету мақсатында 2 қыркүйек күні Ахмад Шах Масуд Исмоил Сомони орденімен марапаттады. Сонымен қатар аталмыш марапатты Ауғанстанның президенті болған Бурхануддин Раббаниге де берілді. Душанбе Талибанға қарсы соғысқан тұлғаларды ұлықтап, қазіргі билікті мойындамайтынын көрсетті. Тараптар арасындағы қайшылық артуда. Талибан Тәжікстанмен шекаралас аймаққа мыңдаған арнайы жасағын жібергенін мәлімдесе, Тәжікстан үш күн бұрын Ауғанстан шекарасында үлкен әскери жаттығу өткізді. Онда президент Рахмонның өзі қатысты. Ал тәлібтер Тәжікстан ішкі ісімізге араласуда дегенді айтуда. «Тәжікстан біздің ісімізге араласуда, әр әрекетке қарсы әрекет болатынын ұмытпасын», - деді олар Al-Jazeera арнасына берген сұхбатында.

Посол Казахстана встретился с представляющим «Талибан» и.о. главы МИД Афганистана - Аналитический интернет-журнал Vласть

Талибанмен қатынасты орнатуға ниеттілердің бірі Қазақстан. Қазақстанда лаңкестік ұйым деп табылған «Талибан» өкілімен Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі Әлімхан Есенгелдиев кездесті. Жексенбі күні Кабулда Ауғанстанның сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Әмір Хан Моттаки елшіні қабылдады. Ол Талибанның беделді мүшесі саналады.

«Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы сауда қатынастарын дамытудың маңыздылығын атап өтіп, сауда саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге уәделесті», - деп мәлімдеді Талибан өкілі Twitter парақшасында.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйек күні шетел елшілеріне сенім грамотасын табыстады. Аталмыш шарада Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ауғанстанға қатысты ұстанымын айтты:

«Ауғанстандағы күрделі дағдарыс жағдайында Қазақстанның прагматикалық сыртқы саясаты маңызды болып отыр. Соғыстан тоз-тозы шыққан бұл елмен ортақ шекарамыз болмаса да, Алматы мен Кабулдың арасы ұшақпен бір-ақ сағаттық жер.

Мен ТМД, Еуропалық Одақ және Таяу Шығыстағы әріптестеріммен тығыз байланыста отырмын. Егер сіздердің мемлекеттеріңіз бен үкіметтеріңіздің басшылары ниет білдірсе, олармен ой-пікір алмасуға әрқашан дайынмын.

Әзірге Ауғанстандағы дүрбелең өңірлік қауіпсіздік проблемаларына назар аудартып тұр. Қазақстан зорлық-зомбылықтың, заңсыз есірткі айналымының және Ауғанстаннан тыс жерлерге бақылаусыз көшіп кетудің алдын алу мақсатында бұл елмен ынтымақтастық орнатуға дайын.

Тәліптер біртұтас, инклюзивті және өкілетті ұлттық үкімет қалыптастырып, өздерінің, шын мәнінде, байсалды позиция ұстанатынын және келіссөздерге бейілді екенін дәлелдейді деп үміттенемін.

Қазақстан Ауғанстанның өз ішінде және көршілерімен тату-тәтті, бейбітшілікте өмір сүретін тұрақты, егемен және біртұтас мемлекет болғанын қалайды. Біз бірінші кезекте елдегі қалыптасқан гуманитарлық қиыншылықтарды шешу үшін жаңа билікпен конструктивті іскерлік байланыстар орнатуға дайынбыз.

Халықаралық қоғамдастық Ауғанстанды қазіргідей дағдарыс кезінде қиыншылықтармен бетпе-бет қалдырмауы керек. Керісінше, біз болашақта Ауғанстанның экономикалық және орнықты дамуы үшін барлық іс-әрекеттеріміз бен жоспарларымызды жұмылдыруымыз керек», - деді ол.

35 этнических казахов доставили спецбортом из Афганистана в Алматы (фото) | NUR.KZ

9 қыркүйек күні Қазақстан Ауғанстаннан арнайы рейспен 35 қандасты елге жеткізді. Ауғанстандағы қандастарды елге көшіру жұмыстары өз жалғасын табатын болады. Бұл операцияны іске сәтті асыру үшін шынайы билікті қолына алған тәлібтермен байланыс ұстау да маңызды болмақ.
Ауғанстандағы билікті Талибан толық қолына алғанына қарамастан, ішкі тұрақтылықты ұстап қалуы қиынға соқпақ. Елдің бірқатар аймақтарында ДАИШ (ИГИЛ) содырлары тәлібтерге қарсы соғыс жариялап, жарылыстан ұйымдастыруда. Ал банктерде таңғы бестен кезекке тұрып, жинаған қаржысын алуға ниет танытқан халықта есеп жоқ. Елде азық-түлік тапшылығы сезілуде. Қоймалар бос, ал халықаралық есепшоттар бұғатталған. Салдарынан алдағы үш айдың ішінде Ауғанстанда аштық болуы мүмкін. Ондай жағдайда босқындар легінің бір бағыты Орталық Азия болатыны анық.

Ка Мырза 

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338