Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4051 0 пікір 29 Маусым, 2012 сағат 12:58

«Биші қайыңды» да сатып жіберіпті

 

 

Сыбайлас жемқорлық туралы ел Президенті жыл сайынғы жолдауында Үкіметке тапсырмалар беріп, қай салада болмасын жемқорлық дертімен аяусыз күрес жүргізу қажеттігіне баса назар аударады. Бірақ мемлекет басшысының осы сынынан қорытынды шыға ма? Жемқорлықпен жүргізіліп жатқан күрестің нәтижесі бар ма? Егер күн құрғатпай десек, артық айтқандық болар, апта аралатып, араға ай салып Қаржы полициясының шенеуніктерді ұстап жатқанын ескерсек, нәтиже деуге болар. Алайда, бұл Қаржы полициясының қырағылығын айғақтайтын мәселе ме, әлде жемқорлардың барған сайын көбейіп бара жатқанын көрсете ме? Бұл да әлгі жиі айтылатын медальдың екі беті іспетті.

Президент жыл басындағы Үкімет мүшелерімен өткізген кеңейтілген мәжілісте жеріміздің мақсатты пайдаланылып, рәсуа боп жатқанын қатты сынға алған болатын. Онда Елбасы былай деді: «Әкімдер тұрғын үй салуға немесе шаруашылық жүргізу мақсатына жер бөлгенде, оны кім алып жатқанын ешкім тексермейді. Жер қандай талаптарға сүйеніп берілетіні де белгісіз. Жер - халқымыздың негізгі байлығы. Сондықтан, үкіметке осы мәселелерді тексеріп, анығына жетуді тапсырамын». Осы мәжілістен кейін іле-шала Жер ресурстарын басқару агенттігінің бұрынғы басшылары қосшыларымен бірге істі болды. Әйтеуір, мемлекет басшысының кезекті сын ескертпесінен Қаржы полициясы да, басқа да құзырлы мекемелер тиісті қорытынды шығарды. Жуырда «Нұр Отан» ХДП жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің дәл осы «жердегі» жемқорлыққа қатысты кезекті отырысы өтті. Онда істі болған агенттіктің бұрынғы басшылары тағы аталды. Өзбеков, Нақыпбеков, Жанпейіс және бірнеше шенеунік. Бұдан басқа да шарасыздықтан езу тарттыратын деректер келтірілді. «Алматы облысында аудан басшылары өз қарамағындағы территорияны білмей ме, әлде біле тұра белден баса ма?» - деген әңгіме айтылды. Бұған осы отырысқа арнайы дайындалған журналисттік зерттеулердің нәтижесінде жасалған бейнематериалдар дәлел. Мәселен, Жамбыл ауданына қарасты жерді Іле ауданының әкімі кәсіпкерлерге берген. Бұл жер телімі өзге ауданда орналасқаны былай тұрсын, оның заңды иесі бар екеніне де әкім құлақ аспаған. Жамбыл аудандық жер комитетінің басшысы Новоковский, Іле ауданы әкімінің заңсыз әрекетіне шектеу қою орнына, оны құптап, тиісті құжат дайындап, 70 гектар жерді заңдастырып берген. Қазір сол кездегі Іле ауданының әкімі білдей Мәжіліс депутаты. Ал, шауып ал! Осы секілді иттің табанындай 10 сотық жерге таласқандар да аз емес. Өйтпегенде ше, әрқайсысының қолында жергілікті әкімдіктің мөрі басылып, тиісті мекемелердің басшыларының қолы қойылған заңды құжаттары бар. Яғни бір жер телімін бірнеше адамға сатып, ақшасын салып алған соң, «ары ойна» деп маңына жолатпайды. Және осындай әрекеттеріне шағымданған халықтың арыз-арманына құлақ түріп, шағымын тіркеп, тексеру, тергеу жүргізіп жатқан да ешкім жоқ. Парламент Мәжілісінің депутаты Төлеген Ыбыраевтың айтуынша, Алматы облысында әрбір үшінші азаматтық іс жер мәселесіне қатысты екен. Облыстағы Талапкер, Қоянды деп аталатын ауылдық округтердің әкімдері ауылға тиесілі жер аумағының қай тұстан басталып, қай маңнан аяқталатынын да білмеген. Соның салдарынан олар басқа серіктестікке қарасты жерді жекеге беріп келген. Міне, масқара! Осындай адамдар ауылдарда Президенттің сенімді өкілі, жергілікті халықтың басшысы болып отыр. Қостанай облысында 2007-2011 жылдары аралығында жалпы 700 га жерді құрайтын 1374 телім заңсыз беріліп кеткен. Салдарынан мемлекетке 2 млрд теңгеден астам шығын келген. Бұл мәселеге қатысты әлі тергеу жүріп жатыр. Жергілікті прокуратура «заңсыз» дейді, Жер қатынастары басқармасының мамандары «заңды» дейді. Әзірге итжығыс. 
Осыдан біраз бұрын мемлекет басшысы Үкімет мүшелері мен Алматы облысы мен қала басшыларын қамшылап жүріп, Алатаудың бөктеріндегі жер телімдерін түгендеткен еді. Сол тұстағы Үкіметтің белді мүшесі Ө.Шүкеев бастаған арнайы комиссия құрылып, шенеунік біткен сай-сала мен шатқалдың бәрін аралап кеткені де есімізде. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» демекші, сол шараның да арты сұйылып кетті. Жыл аунаған сайын жаңғырығы да семіп барады. Бұл мысалды неге келтіріп отыр дейсіз? Айбарлы Алатаудың бөктері бітіп, енді көз тартар Көкшенің жері де сатылып жатыр екен. Әйгілі Бурабайдың қарағайларын қырқып, арасына сыналап кірген бай-манаптар зәулім сарайлар салып тастаған. Қазақстан түгілі, Жер бетінде сирек кездесетін Биші қайындарға да қауіп төнген. Бурабай ауданының басшылары «біздің қолымыздағы картада ол жерде Биші қайың бар екені көрсетілмеген» деп қарап отыр. Яғни биші түгілі әнші болса да, оған қарайын деп отырған пенде көрмедік. Ерекше қорғалатын аймақтың жеке меншіктің қолына қалай өтіп кеткенін ешкім түсіндіре алмайды. «Бурабай» МҰТП-нің басшылары жергілікті әкімдікке, әкімдік парк басшыларына итеріп әлек. Қысқасы, «апам да аң-таң, мен де аң-таң».
Отырыста осы секілді деректер аз келтірілген жоқ. Тіпті жер саласында жемқорлықтың тамыр жайып кеткенін агенттіктің қазіргі басшысы Қадырхан Отаров та жоққа шығармайды. Оның айтуынша, соңғы кездері жер мәселесіне қатысты заңбұзушылықтар 7,5 есеге артып кеткен. 2010 жылмен салыстырғанда 2011 жылы жемқорлық көрсеткіші 30 пайызға артып, республикадағы барлық жемқорлық көрсеткіштерінің 10 пайызын құрапты. Қызмет бабын асыра пайдалану 16 пайызға артқан. Агенттіктің бұрынғы басшыларының «қымқыру-жымқырулар­ының» кесірінен бюджетке 1 млрд теңгеге жуық зиян келген. Биылдың өзінде 2 мыңнан астам азаматқа жеке құрылыс салуға жер телімдері берілген. «Нұр Отан» партиясы жанынан құрылған арнайы сараптамалық топ мүшелері тексеру жүргізіп, әлгі берілген жерлердің жартысынан астамы заң талаптарына сай емесін анықтаған. Бірінің құжаты дұрыс болмаса, енді біріне инженерлік-коммуника­циялық жүйелер жуық арада бармайтын маңдардан жер телімін бөліп бере салған.
Бұл жер мәселесіне қатысты үлкен былықтың бір шеті ғана. Бас прокуратураның мәліметтеріне қарағанда, бүгінде жер кезегінде тұрған азаматтардың ұзын саны 900 мыңнан асып жығылады екен. Олардың кейбіріне жергілікті басшылар сан түрлі сылтаулар айтып, тіпті тиесілі 10 сотық жерін де бермей келе жатқанына ондаған жыл болған. Бір жылда елімізде жерін даулаған қырықтан астам наразылық шаралары өтеді екен. Есесіне, жергілікті атқамінерлер жалған құжат жасап немесе басқа амалын тауып «бармақ басты, көз қыстымен» жер телімін оңды-солды таратып келгені де мәлім болды. Мәселен, өткен жылы ғана Бас прокуратура жергілікті әкімдердің жерге қатысты 162 мың шешімін заңсыз деп тапқан. Осы жағдайлар Қазақстанда жер мәселесі күннен-күнге ушығып бара жатқанын айғақтайтын көрсеткіш. Ауыл, қала маңынан берілетін жер телімдері бас жоспарға сай жүзеге асырылатына қарамастан, еліміздегі елді мекендердің 52 пайызының күні бүгінге дейін бас жоспары жоқ болып шықты. Осыған қарамастан, жергілікті басшылық қалауына қарай жер бөліп келген. Мұның барлығы әлгі біз жоғарыда айтқан Жер ресурстарын басқару агенттігінің жұмысы әлі күнге жүйеленбегенін айғақтайтын дәйек. «Неге мұнша сауатсыз шешім, қожыраған заңға томпақ құжат?», - дегенге келейік. Агенттік төрағасы Қ.Отаровтың айтуынша, бүгінде өзінің қарамағындағы мекемеде жұмыс істейтіндердің 40 пайызы ғана өз мамандығы бойынша жұмыс істейді екен. Қалғаны «көлденең көк атты» демеске лаж жоқ. Сонан соң солақай шешімдер мен жалған құжаттар құжынап кетпей қайтсін?! Қоғамдық кеңестің осы жиынында партия мүшелері мемлекет басшысының «егер қарамағындағы қызметкер жемқорлықпен ұсталса, сол мекеменің басшысы қызметінен кетуі керек» деген мәселені де агенттік басшыларының есіне салды. Бірақ Қ.Отаровтың тарапынан «пионерлік әзірлікті» байқамадық. Шынтуайтында, мекеменің басшысынан бастап екі-үш қосшысы бірдей жемқор болып шықса, Агенттіктен кім кетіп, кім қалуы керек, өзі? Бұл да басы ашық мәселе.

Нұрбол АЛМАНОВ,
«Нұр Отан» ХДП жемқорлыққа қарсы медиа-орталығының редакторы

«Жас қазақ» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321