Ресейдің досы кім, дұшпаны кім?..
Біздің кейінгі кездері есіктен сығалауға ғана жарайтын қасиетті ана тілімізді мемлекеттік мәртебе алған өз орнына қондыруға деген талпынымыз солтүстіктегі көршіміздің түн ұйқысын төрт бөліпті. Содан, баяғы «ұлы орыстық» ауруы одан сайын ушығып, «орыс тілділерді» барлық жерде қорғауды мықтап қолға алған көрінеді.
Бұл жолда ешкімді аямайтындығын анық көрсетіп отыр. Бір кездерде осы өтірікті желеу етіп, Украина халқының Қырымын басып алып, одан соң Донецк пен Луганск облыстарын олардан бөліп алып, керек кезінде украиындарға айдап салып, үнемі ауыздықтап ұстаймын деген үміті желге ұшты. Тарас Шевченконың ұрпақтары тұсаулауға көнбеді. Арандатуларына үнемі тойтарыс беріп отырды. Енді өздері 40 миллионнан асатын, аржағында оларға тілектес қалың Еуропа жұрты мен қаһарлы НАТО тұрғандықтан, Ресейдің мысы басылып қалды. Молдова да уысынан шығып барады. Грузия туралы сөз қозғаудың өзі артық. Бір кезде жалғыз грузин Ресейді ашса алақынында, жұмса жұдырығында ұстап, әбден тізесі батқандықтан ба, Грузияға келгенде тізелері қалтырап қалады.
Енді өзіміздің Орталық Азияға келер болсақ, мұндағы ең әлсізі - Қазақ елі болып шықты. Қырғыз бауырларға онша тісі бата қоймайды. Өйткені, олар Ресеймен тікелей шекараласпайды. Оны жаулап алу үшін екінші бір елді басып кіруі керек. Ол өте қиын. Ал өзбектерге орыстар қашанда сескене қараған. Тіпті сонау Кеңес Одағы кезінде ала тақиялы ағайындар ана тілі мен салт-дәстүріне аса берік еді. Міне, қазір де олар кеңес насихаты «басмашылар» деп, елдің бәріне жексұрын етіп көрсеткен жандарды «ұлт-азаттық жолындағы күрскерлер» деп, ақтап алып жатыр. Бізде дәл осындай «Түркістан легионының» жауынгерлері жайлы әлдебір сөз бола қалса, «ойбай Қазақстанда фашистерге қызмет еткендерді ақтап алып жатыр» деп, аттандап шыға келетін Ресей өзбектеге келгенде жұмған аузын ашуға жарамады. Ал ондағы орыс тілінің жағдайы туралы сөз қозғауға мүлдем дәрмені жоқ.
Ал Қазақстанға келгенде «орыс тіліне қысым көрсетіліп жатыр» деген желеуді сылтау етіп, аузына келгенін айтады, неше түрлі қоқан-лоқы жасайды, тіпті, жерімізге де ашықтан-ашық көз алартады. Мұндай есірудің өзіндік сыры бар, әрине. Біріншіден, бас-аяғы 7 мың шақырымнан астам шекарамыз ашық-шашық жатыр десе де болады. Оны қорғауға мүлдем қауқарымыз жоқ. Қорғар едік, егер біз армиямызды бүгінгі таңдағы ең озық әскери техникасы бар Израиль, Түркия мен АҚШ секілді елдермен аса тығыз қарым-қатынас жасап, солардың деңгейіндегі техниканы көптеп сатып алып, әсекерімізді мұздай қаруландырсақ. Бұған, әрине, көз алдау есебінде құрылған ОДКБ деген ұйымды сылтауратып, алдымен Ресейдің еш уақытта жол бермейтіндігі айдан-анық. Онсыз да біздің қаруымыздың барлығы дерлік Ресейдің өнімі. Әскери қару жөнініен тек бір елге ғана тәуелді болудың аса қатерлі екендігін әскерге еш қатысы жоқ адамдардың қай-қайсысы да біледі.
Міне, осындай осал жерімізді жақсы білген бұл көршіміз орыс тілін желеу етіп, кейінгі кездері ашық жаулыққа көшті. Әрине, сыныққа сылтау табыла кетті. «Тіл майданы» ұйымының жетекшісі Қуат Ахметовтің дүкендерге барып, қазақ тілінде қызмет етуді талап етуі You Tube арқылы тарап кетіп, Ресейдің қатты ашу-ызасын тудырды. Олардағы ғаламторы бар, қалған баспасөзі бар, ақпарат құралдары «аттан, орыстарға, орыс тіліне қысым көрсетіліп жатыр» деп, ұлардай шулап, мұны бітіспес майданға айналдырды. Қазақстан билігі қатты қысылды. Қыза-қыза келе, мұны «үңгірдегі ұлтшылдық» деп, баға беріп, әлгі белсенділерді жазалауға уәде берді. Мәселенің тым ушығып бара жатқандығын байқаған Қуат ақыры Украинаға бой тасалап үлгірді. Бір қарағанда Ресей жағы тынышталған секілді еді. «Қазақтың ұлтшылдары шетелге қашып кетті» деп, алақайлап жатты. Осымен мәселе шешілген секілді еді.
Жоқ, қатты қателесіппіз. Жақында бұл дау-дамай қайта көтерілді. Бұл жолғы бағыты мен мақсаты адам шошырлық. Қазаққа қарсы майданды Путиннің саясатын насихаттайтын Ресейдің атақты «Газета.ру» секілді порталдардың қатарына жататын «Лента.ру» порталы: «Мұнда сендер кім екендіктеріңді ұмытпаңдар» деген тақарыбын «Қазақстанда орыс тіліне қарсы соғыс жарияланды. Орыс тілін не себепті елге қауіпті деп санайды?» деген арантдатушы тақырыпшамен әдіптеген мақаламен бастады. (орысшасы: «На забывайте, кто вы тут». В Казахстане обьявили войну русскому языку. Почему его не считают угрозой для страны?) Мұнда баяғы Қуат Ахметовке қайта оралып, араздықтың отын одан әрі үрлей түседі. Порталдың ойынша бұл дау-дамай шешілгенмен, үлкен бір проблема қалып қойыпты. Қазақстанда кириллицадан бас тарту үрдісі жалғаса түсуде, ал орыс тілінің мәртебесі бірте-бірте құлдырап барады екен. Ал саяси элита бұл үрдісті ашықтан-ашық қолдап, мұны егемендікті нығайтудың кепілі деп санайтын көрінеді.
Бұдан әрі порталдың журналистері биліктегі белгілі-белгілі, халыққа аса сыйлы азаматтарды әлгіндей «ұлтшылдарды қолдаушылардың» қатарына қосып, жауларының тізіміне енгізеді. Мәселен, Тоқаевтың кеңесшісі Ерлан Қарин Абаевтың «үңгірдегі ұлтшылдық» деген пікірін салғаннан-ақ, бірден қолдаудың орнына, онымен келіспей, қайта біздегі «ұлтшылдарды» өз істері мен пікірлерінде өте сақ болуға шақырыпты. Мұны аз десеңіз, Ресейдің премьер-министрі Михаил Мишустин Қазақстанға барып, мұндағы орыс тілінің жағдайы мен өздері «Тіл патрульдері» деп айдар таққан «экстремистердің» жағдайы талқыланып жатқанда, тағы да шу шығыпты. Дәл сол күні «атақты құқық қорғаушы», еуразиялық ынтымақтастықтың дамуын қолдаушы Ермек Тайчибеков жеті жылға сотталыпты. Дәл сол күні «орыстады жек көрушлігімен танымал болған «русофоб» Асқар Омаров Қазақстанның ақпарат вице-министрі болып тағайындалыпты.
Бұл порталдың журналистерінің Қазақстан жайлы, оның басшы құрамының өмірбаяндарының ұңғыл-шұғына дейін білетіндігі тіпті, таң қалдырады. Осы орайда, бұларды Ресейдің арнайы қызмет органдары керекті аса құпия дейтін ақпараттармен жабдықтап отыратын шығар деген ой келеді. Әйтпесе, осы Асқардың бір кездерде «Казинформ» агенттігін басқарып тұрғанда, «ол Ресей мен Өзбекстанның біраз жерлерін Қазақстанға қосқан карта жариялаған еді» деген, сәуегейлігін қалай түсіндік?..
Бұл портал белгілі саясаттанушы Айдос Сарымды да жай қалдырмапты. Оның кінәсі - осынау Қазақстан Парламентінің білдей бір депутаты бір кездерде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссиясының мүшесі есебінде «қылмыскер, бандаларды» ақтап (сірә, «Түкістан легионының» сарбаздарын айтатын шығар), үнемі Ресейге қарсы мәлімделер жасайтын көрінеді.
Артында мықтылар тұрғаннан ба, бұлар енді егемен елдің үкіметіне де ауыз салудан тайынбайды. Сөйтеді де, еліміздің Білім мен ғылым министрі Асхат Аймағамбетовты «қара тізімге» қосып қояды. Оның кінәсі - бір кездері мектептегі білім беруді қазақ тіліне көшіру туралы барып тұрған «ұлтшылдық» мәлімдемесі болыпты.
Өздеріне жау санайтын «қара тізімге» енгендер мұнымен шектеліп қалмайды. Оған «Алаш айнасы» мен «Жас Алаш» секілді газеттер мен «Қамшы» порталы да кіріп кеткен. Бұлардағы орыс тіліне қатысты мақаларды көзінен тізіп, мұқят талдауына қарағанда бұларға біздің елде мықты бір аудармашылар тобы жұмыс істей ме деп қаласың. Енді осыдан кейін, елімізде атақты «бесінші колонна» жоқ деп айта аласыз ба?
Бір ғажабы, әлгі ресейлік журналистер жоғарыда аталған азамаматтардың лауазымды істерін ғана емес, олардың дүние есігін ашқаннан бері не істеп, не қойғандарын, қандай мектепке барып, қандай оқу орындарын бітіргендерін, қандай қызмет сатыларынан өткендерін бес саусақтай біліп отыр. Демек, біздің бәріміз де Ресейдің арнайы барлау қызметінің құпия тізімінде жазулы тұрмыз ба? Онда өміріміз тіпті де қызық болатын түрі бар.
Міне, ТМД аясындағы ең жақын досымыз дейтін елдің сиқы осындай. Мұны енді шпиондық әрекет деп санамауға амалың қалмайды.
Жалпы, көршімізде екі елдің арасына от жағып, бір-бірін жауластыруға ұмтылған әрекеті қазіргі таңда мүлдем өршіп барады. «Лента.рудың» пікірлестері мен жақтастары, өзгесін былай қойғанда тіпті, Ресей Президенті жанындағы Халықаралық қатынастар жөнінідегі кеңестің (атының өзі неге тұрады) өзінен де табылып жатыр.
Мәселен, осы кеңестің мүшесі Богдан Безпалько деген «саясатшысымақ» Ресей жауларының «қара тізіміне» - Мәжілістің кезекті бір отырысында «еліміздегі маңдайшаларды қазақ тілінде жазып, қажет кезінде орыс тілінде де жазуға болады» деген ұсынысы үшін, Мәжілістің депутаты, еліміздің ұлтжанды азаматы Берік Әбдіғалиұлын да қосып қойған. Одан да сұмдығы, бұл еш шімірікпестен қазақ тілінің жанашырларына фашистердің жасаған әрекетін тағуға дейін барғандығы жаға ұстатады. Оның айтуынша, сонау 90-шы жылдары осындай активистер Елен деген орыс қызын көр жағасына апарып тұрғызып қойып, кейін қатты зорлаған» көрінеді. Және де ол «Бұл менің есімде» деп шалқаяды.
Сонда біз халқымызға осылайша ашықтан-ашық жала жапқан адамды басына сипап қоя береміз бе? Күні ертең мұндайлар сонау Гитлер достары секілді «Қазақстанға жаңа, бізге қолайлы тәртіп орнатамыз» деп, бес қаруын сайланып, жетіп келмесіне кім кепіл? Ал мен бұған тіпті де таң қалмас едім.
Жайберген Болатов
Abai.kz