Тәжікстандағы база: Бейжіңнің ойлағаны не?
Тәжікстан билігі Қытай Таулы Бадахшан автономиялық облысында әскерилендірілген база салады, бірақ ол Тәжікстан қауіпсіздік күштеріне тиесілі болады деп мәлімдеді. Бұл туралы "Азаттық" радиосының тәжік тілді қызметі хабарлады.
Әскери нысан Ауғанстанды тәлібтердің басып алуы қарсаңында, Тәжікстан ішкі істер министрлігі мен Қытай қауіпсіздік министрлігі арасындағы келісім аясында салынады. Тауыл Бадахшан аймағы Қытай және Ауғанстанмен шекаралас. Сондықтан бұл әскери нысанның маңызы үлкен дейді сарапшылар.
Тәжікстан Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Абдурахмон Аламшозода 27 қазанда Парламентте нысанның Таулы Бадахшанның Ишқашым ауданына қарасты Вахан ауылында салынатынын хабарлаған болатын.
Парламент Мәжілісінің депутаты Толибхон Азимзода бұл арнайы база Тәжікстанның Ішкі істер министрлігіне қарайтынын айтты. Оның айтуынша, базаны салу кезінде Тәжікстанға Қытайдан әкелінетін барлық құрал-жабдықтар мен техникалар кедендік баж салығынан босатылған.
"Құрылыс бюджеті 55 миллион қытай юанына бағаланады, бұл шамамен 100 миллион сомониге тең", - деді депутат.
2019 жылы Washington Post газеті жергілікті тұрғындардың сөздері мен аймақтың спутниктік суреттеріне сілтеме жасай отырып, Қытайдың құпия әскери базасы Тәжікстанның Таулы Бадахшан автономиялық облысының Мурғаб ауданында орналасқанын хабарлаған еді. АҚШ ақпарат құралдары ресми айтылмаса да, бейресми тұрғыдан бірнеше жүз Қытай әскерінің Тәжікстанда бар екенін жазған болатын.
"Тәжікстандағы базаның спутниктік суреттері оның екі блок ғимараттан және бірнеше қазылған орлар мен бекіністерден тұратынын көрсетеді. Ғимараттар кешені Ауғанстанмен шекараға жақын жерде орналасқан және әскери бекіністер Ауғанстаннан Тәжікстанға апаратын негізгі жолды бақылауда ұстауға мүмкіндік береді", - делінген мақалада.
Washington Post газеті Мурғабтағы базарда әскери киім киген қытайлық сарбаздарды суретке түсіріп, жариялаған. Олардың киімдеріндегі белгі сарбаздардың Шыңжаңда орналасқанын бөлімшеге тиесілі екенін көрсетеді. Бұл осыдан екі жыл бұрынғы зерттеу жұмысында анық айтылды.
Қазіргі уақытта Тәжікстан билігі Орталық Азия елдері бойынша Ауғанстандағы тәлібтерге қарсы жалғыз ел болып қалуда. Оның басты себебі тәлібтердің Ауғанстанда этникалық алуандықты ескермей, біржақты саясат ұстануында. НЕгізгі құрамын пуштундар құрайтын "Талибан" ұйымы тәжік, хазар және өзбек ұлттарының мүдделерін ескермеуде. Бұл Душанбеге ұнамайтынын бірнеше мәрте тәжік билігі анық мәлімдеген еді.
Бүгінде Бейжің Орталық Азия елдеріне инвестиция құюшы басты ойыншының біріне айналды. Әсіресе Тәжікстанның тау-кен өндірісіне Бейжің қыруар қаржы салды, ал ресми Душанбенің Қытай алдындағы қарызынан құтылатын мүмкіндігі аз. Сондықтан түрлі тиімсіз шарттарға көнуге мәжбүр. Егер Қытай билігі Тәжікстанда әскери база салуды бастаса, онда бұл Қытайдың Орталық Азияға деген экономикалық қызығушылығымен қатар, саяси қызығушылығы да арта түсті дегенді аңғартады,
Асхат Қасенғали
Abai.kz