Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4316 0 пікір 11 Шілде, 2012 сағат 09:21

Илья Жақанов: "Енді еш уақытта қазақтың классикалық әні тумайды"

Бұл адамның есімі бүгінде Біржан сал мен Ақан сері, Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақ, Жаяу Мұса мен Әсет, Естай мен Иманжүсіп, Мұхит пен Сегізсері есімдерімен қатар айтылады, жанымызға аса жылы естіледі, ән деп соққан жүректің әрбіріне бағалы, қасиетті де қастерлі. Ән әлеміне қосқан өлшеусіз еңбегінен өзге, зерделі зерттеулер арқылы тарихтың шаң басқан қойнауынан елеусіз қалған әндерді сілки аршып, бізге саф алтындай жарқыратып тауып берген риясыз еңбегі де көкірегімізді шексіз құрмет пен мақтанышқа бөлейді...  Ол жан  -  әйгілі композитор, Қазақстан мен Қырғызстанның  еңбегі  сіңірген мәдениет  қайраткері Илья Жақанов!  Жақында ғана 75 жылдық мерейлі мерейтойын атап өткен ардақты ағамызбен Атырау қаласында арнайы жолығып, ән әлемінің тағылымды да әсерлі әңгімесіне қаныққан едік.

- Ағай, өткенде сіздің аузыңыздан: «енді еш уақытта қазақтың классикалық әні болмайды»  деген пікірді естіп қалып едік... Сонда бұл  тынысы кең, қазақтың нағыз қалпын танытатын әндер енді ешқашан тумайды деген сөз бе?

Бұл адамның есімі бүгінде Біржан сал мен Ақан сері, Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақ, Жаяу Мұса мен Әсет, Естай мен Иманжүсіп, Мұхит пен Сегізсері есімдерімен қатар айтылады, жанымызға аса жылы естіледі, ән деп соққан жүректің әрбіріне бағалы, қасиетті де қастерлі. Ән әлеміне қосқан өлшеусіз еңбегінен өзге, зерделі зерттеулер арқылы тарихтың шаң басқан қойнауынан елеусіз қалған әндерді сілки аршып, бізге саф алтындай жарқыратып тауып берген риясыз еңбегі де көкірегімізді шексіз құрмет пен мақтанышқа бөлейді...  Ол жан  -  әйгілі композитор, Қазақстан мен Қырғызстанның  еңбегі  сіңірген мәдениет  қайраткері Илья Жақанов!  Жақында ғана 75 жылдық мерейлі мерейтойын атап өткен ардақты ағамызбен Атырау қаласында арнайы жолығып, ән әлемінің тағылымды да әсерлі әңгімесіне қаныққан едік.

- Ағай, өткенде сіздің аузыңыздан: «енді еш уақытта қазақтың классикалық әні болмайды»  деген пікірді естіп қалып едік... Сонда бұл  тынысы кең, қазақтың нағыз қалпын танытатын әндер енді ешқашан тумайды деген сөз бе?

Илья ЖАҚАНОВ: - Әуелі мына бір жайтты айтқым келеді. Сендер, жастар, қазақтың дәстүрлі ән  корифейлерінің кімнен басталатынын білмейсіңдер. Қазақтың классикалық әндерінің ұлы атасы кім дегенде, Біржан салдан бастау керек. Біржан салдан соң Ақан сері, одан кейін Ақан серіге шәкірт болған Үкілі Ыбырайлар кетеді.  Енді нақты сұраққа келейік, қазақ халқының басына түскен неше түрлі қайғы-қасірет, қилы-қилы кезең, ауыр сындар болды. Қалмақтармен күрес 200 жылға созылыпты. Соның ең апогейі  - «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» трагедиясын  тудырған «Елім-ай» әні. Міне, «Елім-ай» әні қазір қазақтың ұлттық гимніне айналды.

Бұл ән - болашақ ұрпақтың киелі бір тірегі іспетті. Ел болудың, тұтастығымызды сақтаудың, ұлт болып өмір сүрудің жарқын үлгісі осы  -  Әлкей Марғұлан тапқан «Елім-ай» нұсқасында керемет сақталған. Қайда қырылмадық, қайда жосылмадық біз.  Ол жай ғана ән емес, мұқым халықтың діті мен ділі, жүрегі, бүкіл қайғы-қасіреті, бүгінгі өмірі, келешегі  қамтылған үлкен толғау жыр. Мұны айтып отырған себебім, қандай бір ауыр кезеңді өтпейік, ешуақытта қазақ әні дәл  өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап бұзылғанындай, бұзылған жоқ еді. Эстрада  -  қазақтың болмысына, дітіне, бүкіл табиғатына жат құбылыс. Эстрадалық ән еш уақытта қазақта болған емес. Бұл - батыстың музыкалық экспансиясы. Әр халық болмысын, өзінің ұлттық музыкалық діті мен ділін сақтаса, мұндай сұмдық болмайды. Бірақ, біз ауыр жылдарды бастан кешірдік. Батыстан ағылып жеткен жағымсыз әсерлер жастарымыздың санасын улады, әлі де улап келеді. Телевидение, ғаламтор, компьютер арқылы беріліп жатқан сұмдықтардың барлығы қазақылықтың қайнарын лайлап бітті. Жастардың қиялын ұрлап жатыр. Келешекте қандай ән болады деп сұрап жатырсың, ХХ ғасырдың екінші жартысынан басталған бүліну енді ешуақытта түзелмейді. Енді еш уақытта қазақтың ұлттық композиторы болмайды. Осы естеріңде болсын.

Кешегі Кеңестік кезеңдегі керемет музыка тудырған Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, ұлты басқа болса да Латиф Хамиди, Евгений Григорьевич Брусиловскийлер, Бақытжан Байқадамов, Қапан Мусиндер, олардың бергі жағында романстан бастап, операға дейін толғаған Сыдық Мұхамеджанов, солардан кейінгі Мәкәлім Қойшыбай, Нағым Меңдіғалиев, Кенжебек Күмісбеков, Теміржан Базарбаев, Мыңжасар Маңғытаев, Мансұр Сағатовтар ұлттық өнерге үлкен олжа салған болатын. Сонау ықылым заманнан келе жатқан дәстүрді  Ахмет Жұбанов рухымен жалғаған композиторлар қай жанрда жазса да ұлттық колоритпен, ұлттық нақышпен жазды. Бірақ, сол тамаша дәстүр 70 жылдарға келгенде нілдей бұзылды. Біз  -  Шәмші Қалдаяқов, Илья Жақанов, Әсет Бейсеуов, «Махаббат вальсімен» шыққан Бекен Жамақаев бұл дүрбелеңнен бұрын сәл ертерек шығып,  60-жылдардың композиторы болып, өзіміздің алдымыздағы аттарын атап өткен Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловскийлер жасаған, Латиф Хамидилер тудырған вальстерден ауытқығанымыз жоқ. Сол үлгіде ән жаздық, әлі де жазып келе жатырмыз.

Ал енді сіздер армандап отырған, ұлттық композитор дегеніңіз енді мына заманда болмайды. Бұл -  біздің заманның, бүгінгі күннің, ертеңгі күннің  қасіреті. Қазір өздерің қандай ән тыңдайсыңдар? Жарқ-жұрқ еткен мән-мағынасыз әндердің жетегінен шыға алмай келесіңдер. Халыққа ұсынылар,  сахнада орындалар әндер ешқандай  да талғам талқысына салынбайды, кеңестік идеологияның тұсындағы жүйе, көркемдік кеңес деген жоқ. Кім болса, не болса сол кетіп жатыр. Артық кетсем кешірерсіз, эфирдегінің дені қоқыс.  Ал кейбіреулер, тіпті, музыкадағы «бомж» сияқты жүр. Бұл деген сұмдық қой. Қазақ өз болмысын, жаратылысын, тарихын әнде қалдырған. Ал бүгінгі әндердегі қазақтың келбетін елестетуге бола ма?  Әрине, жоқ!  Бұл  -  азған, тозған, өзінің мекені, елі мен жерін кез келген уақытта сатып, шетел асып кетіп қалатын сұмдықтардың заманы болып тұр қазір.

- Эстрада дегеннен туады, мәселен, егер бүгінгі күннің көзқарасымен алсақ, сол замандардағы Біржан сал, Ақан сері, Мұхиттардың әні эстрада демесек те, қазіргі тілмен айтқанда өз кезеңінің «хиты» болды ғой. Барлығы орындады. Ауыздан ауызға тарады.  Осыдан-ақ, өткен күн мен бүгінгі заман адамдарының талғам өресін бағамдай беруге болатын шығар...

Илья ЖАҚАНОВ: - «Хит» деген сөзді айтуға болмайды. Кез келген халық әнін қазіргі техниканың бар мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өңдеуге, құлпыртуға болады. Мысалы, «Ой, көк, игигай көк! Ой, көкем, япырым-ай, Жастық дәурен өтеді-ай» деген жолдар. Бұл - эстрада емес. Қазақтың шалқар көңілді әндері. Эстрада деген сөзді еш уақытта қазаққа қолданбаңдар, ол біздің табиғат, болмысқа жат. Бибігүл Төлегенова апаларың бір сөзінде: «Эстрада деген сөзді айтпаңдар маған, ол - мен үшін нөл»  - деді. Мен де сол түсініктемін. Эстрададан, эстрададағы желікпе, әулекі әндерден бізді  «Ой көк», «Бипыл», «Маусымжан» сынды өзіміздің жайсаң әндер ғана құтқарады. 

- Халық әндерінде, дәстүрлі музыкада публицистикалық сарын басым болады деген пікірге қалай қарайсыз? Осы бір әндерді тыңдау арқылы  қоғамның бүкіл түйткілді мәселелерінің барлығын көз алдымызға әкелеміз. Мысалы, «Елім-айды» қарайтын болсақ, сол «Ақ табан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезінің оқиғасының бар қиыншылығы санамызда көлбеңдейді. Бәлкім ол әндер бүгінгі әндердегі тек «күйдім-сүйдім» дейтін арзан сөздерга құрылған жеңіл әуенмен салыстырғанда, сонысымен де ғұмырлы шығар...

Илья ЖАҚАНОВ:
- Қандай бүгінгі әндер? Қайталап айтам, 70-жылдардан бастап бері қарай жасалып жатқан, сенің замандастарың, сенің ағаларың, сенің апаларыңның жасап жатқан әндерін  еш уақытта қазақ әні деуге болмайды. Оны мысалға алудың да керегі жоқ. Ол - менің қайғым, қасіретім.

- Ағай, қоғам «қашқын» деп айыптаған  тағдырлары аса ұқсас Мәди мен Аманғалидың әндерінде қандай ұқсастық, болмаса бір ерекшелік бар? Өзіңіз осы тақырыпты зерттедіңіз. Екеуінде де бір мұң бар сияқты көрінеді маған...

Илья ЖАҚАНОВ: - Ешқандай ерекшелік жоқ. Ол - тағдыр. Тағдырдың тәлкегіне түскен тек қана Аманғали, Мәди емес, Тәуке, Иманжүсіп, олардың ар жағында Жаяу Мұса да бар. Бұлардан бергі Балуан Шолақтың өзі көп қудалау көрген. Балауан Шолақ 1919 жылы дүниеден қайтты, бұл өмірдің тезінен сөйтіп қана құтылды. Әйтпесе, Қарқаралыдағы Мәди, Батыстағы Аманғалидың басындағы жайт ел ішіндегі үлкен әлеуметтік қайшылықтан емес, мұның барлығына о бастағы жай ғана отбасылық, ағайын арасындағы кикілжің себеп болған.  Мәселен,
Атамыз әулие өткен ер Қазыбек,
Бекболат, оның ұлы болыпты бек,
Тіленші, одан кейін Абзал шері.
Қарадан хан боп өткен бәрі асыл тек, -  деп шырқайтын Мәдидің
қудалануына, ақыр аяғы атылып кетуіне ағасы  Қақабай екеуінің арасындағы кикілжің себеп болған. Бәпиден туған жалғыз Мәди әкесінің ағасы Қақабайдың балаларымен бірге өседі. 

Бір күндері, жасы  12-13-терге келген шағында, Қарқаралының даласында  тай үйретіп жүріп, қызық қуған тентектеу мінезі бар батыл бала Қақабайдың жайылып жатқан түйесіндегі Қара бураға барып тиседі ғой. Бура бала түгіл, үлкен адамды шайнап тастайтын, түйелерге ешкімді тиіскізбейтін өте асау болады.  Қара бура тұра кеп қуып,  Мәдиге жетіп қалғанда, қайратты бала бұзаутіс қамшысымен  тартып кеп жібереді. Бураның тілерсегі үзіліп түседі де, қансырап өледі. Міне, осы оқиғадан кейін, Мәди мен Қақабай арасындағы бітпес кек, өшпенділік басталады. Жалғыз баласы үшін Бәпи, бурасы үшін Қақабай кектеніп, ағайынды екі адам жау болып шыға келеді. Содан басталған нәрсе.  Бұл үлкен бір әлеуметтік қозғалыс емес. Аманғали болса, өзінің туған құдасымен қарта ойнап отырып  ұтылып, жоқ жерден пендешілік, жай ғана бір болымсыз мінезбен жауласып кеткен еді. Ал ол оқиға замананың бір жаман жағдайына келді. Аманғалиді Кеңес үкіметіне қарсы деп ГПУ атып өлтірді. Қарсы жағындағы ағайындарынан Жұмағали деген кісі сот болып отырады да, заң солардың жағына шығып кетіп, Аманғали «банды»  болып шыға келген. Бірақ,  ол ешқандай да «банды»  емес. Аманғали да Мәди, Иманжүсіптер сияқты даланың серісі, әнші. Міне, бұл қос серінің тағдырын ойлағанда, одан ешқандай бір әлеуметтік терең астар көре алмаймыз.

- Бұл жерде Батыс пен Арқаның композиторларын тегін алып отырған жоқпын. Өзіңіздің атыраулық атанғаныңызға да он жылдан астам уақыт болды. Сіздің әндеріңіздің көбісі кең тынысты, төгіліп келетін Арқа сарынында ғой. Мұхит мәнеріндегі әнді тыңдап үйренген халық қалай қабылдады? Кезінде Жүсіпбек Елебеков атамыз осы Батыс өңіріне келіп, ән шырқап болғанда,  жиылған жұрт: «енді қазақша ән айтшы» деген көрінеді. Сол сапардан үлкен ренішпен қайтып, бұл жаққа келмей қойған дейді. Сізде мұндай жағдай болған жоқ па?

Илья ЖАҚАНОВ: - Иә, ондай оқиға болған.  Әр өлке томаға тұйық өмір сүріп, үлкен өнерден алыс болып жатса, ешкіммен араласпаса, «оһ, шіркін!» - деп қазақтың классикалық әніне қанықпаса, жаңағыдай теріс түсініктер шыға береді. Мысалы, Батыстың өзінің мән-мәнері, мектебі бөлек. Ал, оның бастауын кейбіреулер Мұхиттан бастап, содан таратып жүр.  Мұхит бер жақтағы адам. Оның  ар жағында, Мұхиттарды тудырған ән мектебі барын естен шығармау керек. Мұхиттың Мұхит болатыны  -  өзіне дейін керемет әндердің дүниеге келуінің, содан нәр алуының арқасы.  Ал енді таза ұлттық музыканы таразыға салсақ, қазақтың ән өнеріндегі классикалық нұсқа, классикалық вокалды өнер - ол арқада Біржан салдан басталады.

Біржан салдың ар жағында да мектеп болған. Бірақ,  олардың барлығы өзінің авторлық бет-бейнесін сақтаған, авторлық жолын, өмірбаянын жасаған адамдар емес. Есімдері бүгінде халық жадынан ұмытылған. Сондықтан да,  қазақ классикалық ән мектебін Біржан салдан тарқатамыз. «Базарың құтты болсын, ардақты елім, Қоянды ту көтерген думан жерім-ай» дейтін нағыз классикалық әндерді Біржан салға дейін ешкім жазған жоқ. Сондықтан, Арқадағы әншілік дәстүрдің ұлы атасы - Біржан сал. Мұны кейбір зерттеушілер Сегіз серіге, басқа да біреулерге теліп жүр. Оның бәрі - жалған, әдебиеттегі, фольклордағы соңғы жылдардағы жасалып жатқан фальштер. Біржан салдан кейін «Аулым қонған Сырымбет саласында» деп Ақан сері шықты. Ғажап!  Арқадағы ән дәстүрі осылай дамып жатқан кезде, Батыста «Салмасам айнамкөзге» деп Мұхит әуелетті. Мұның бәрі анау Арқа, Қостанай, Тобыл, Ырғызбен жалғасып жатқан  Ақтөбе, Орал даласындағы жәрмеңке, қан базарлар, сол кездегі сауда мәдениеті арқылы даланың ескек желімен жеткен бір-біріне әсері еді. Бұл  -  бір сұмдық құбылыс, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әнінің үлкен өрлеуі, қалыптасуы, калссикалық деңгейге шығуы.

- Әннің зерттелуіндегі фальштық тұжырымдарды тілге тиек етіп қалдыңыз. Арқа мектебіндегі классикалық әннің атасы  -  Біржан салдың әндерін Сегіз серіге телу деген сияқты дүдәмал жайттар да кездесіп жатыр. Мәселен, «Әмірхан» деген эссеңізде де Қ.Биғожин, С.Қарамендин секілді зерттеушілердің сілкініс тудыру мақсатында айдан анық дәйектің өзін бұрмалағанының  біраз ақиқатын айттыңыз...

Илья ЖАҚАНОВ: - Сенсацияның не екенін білмейді олар.  Бұл  -  аумалы-төкпелі хаос кезеңде өзінің жеріне, руына, жүзіне қарай тартатын қазақтың жаман мінезімен көрінген құбылыс қой. Биғожин дегеннің  өзі - тағдыр денсаулығын кемтар етіп жаратқан, отбасы, бала-шағасы, күн көрісі жоқ, тағдырға налалы адам екен. Сонысын ақша тапқыш біреулер пайдаланып кеткен. Бірақ, кейін ол деректердің барлығының жалған, теріс ойдан жасалғанын Қазақ ССР Ғылым академиясының әдебиет институты бірнеше серия мақаламен дәлелдеп, әбден масқарасын шығарған болатын. Әңгіме сонымен біткен. Ал, олар жоққа шығарып, Батыс өңіріне қимаған  «Әмірхан» әнінің авторы Ажар туралы тек қана осы Жайықтың бойы емес, Оралдың Ақтөбе, Қаратөбе жағында да  қым-қиғаш керемет әңгімелер айтылады. Балқашта да, Семейде де, Арқада да батыстағыдай Ажарға  қатысты ондай әңгіме, дерек пен дәйек жоқ.  Әмірхан әнінің иесі Ажар тек қана осы Жайықтың бойында болған. Бұл - ақиқат. 

- Бүгінгі дәстүрлі ән мектептерінің зерттелуін, зерттеуге келіп жатқан жастардың ізденісін қалай бағалайсыз?

Илья ЖАҚАНОВ: -
Барлығы талпыныс, тек қана талпыныс. Терең зерттеу,  зерделеу жоқ. Ойлы, ақылды, тереңнен қозғайтын зерттеушілер күндердің күнінде келетін шығар...

- Ақан сері - Ақтоқты - Жалмұқан үштағанының зерттеу нәтижелері берген ақиқатын айтып беріңізші...

Илья ЖАҚАНОВ: - Шыны керек, Қарауылдың  Жақсылық  атасы   күні  бүгінге  дейін  Ақан  сері  мен   Ақтоқты  оқиғасын  намыс  көреді. Елдің  адамдарымен  бұл тақырып төңірегінде сөйлесу  оңай  емес.  Ол   сырды  қозғау  қиямет. Ертеде  осы  Қызылағашта  Ғабит  Мүсіреповтің «Ақан  Сері -  Ақтоқты»  пьесасы  қойылғанда,  қариялар  өре түрегеліп: «Асылымызды  қорламай,  тоқтатыңдар,  түге!  Жалмұқан  мен    Ақтоқтының  сүттей  ұйып  өткен  өміріне  дақ  салмаңдар  бүйтіп!  Өніп-өсіп  отырған  бұл  әулеттің  бала-шағаларының  көңіліне қаяу  түсірмеңдер!  Осы  келген  беттеріңмен қайтыңдар,  бұл  ауылдан тайып  тұрыңдар!  Бізге  жалған  сөз  керек  емес!» -  деп,  әртістерді  қабылдамай,   қуып   шығыпты.

Мұның сыры мынада.  Біздің білетініміздей, аппақ жүзді Ақтоқтыға арқаның ақтаңгері Ақан сері бар жанымен ынтық болған. Аруға арнап бірнеше  ән де шығарған. Бірақ, сері сезіміне Ақтоқты ару дәл сондай іңкәрлікпен жауап қата алмады. Себебі, Ақтоқты  Ақанның азаматтық басын сыйлап, ардақ тұтқанымен, сүйген жоқ. Ақтоқтының  ұнатқан, баяғыдан-ақ  өзіне  атастырып қойған  Жалмұқан  атты жары  болатын.  Ақтоқты  мен  Жалмұқанның  үйлену тойы  үстінде  Ақан  сері  Ақтоқтыны  күштеп  алып  қашады.  Бірақ,  Ақтоқты  таңдағаны  Жалмұқан  екенін  айтып, ой  бауырымын кеседі.  Сөйтіп,  ел  арысы, елдің  ардақты  азаматы Жалмұқанға Ақтоқты қайтарылыпты. Көркем әдебиетте айтылатындай, Ақан сері мен Жалмұқан өмірде тіпті де жауласып өтпеген. Керісінше, сыйласып, дос болған.  Ал, Ақтоқтыны алып қашу оқиғасына байланысты Жалмұқан   Ақан серіге ешқандай да  кек    сақтамаған, қайта серіні  халықтың  әнші  еркесі  санап, талай  кездесіп  жүріпті.  Ақтоқтыға  арнаған  әндерін  сүйсініп  тыңдапты. Ақан сері, Ақтоқты, Жалмұқан өмірлерінің тек көркем бейнесін танып, содан ой қорытып келген көпшілік қауымға  беймағлұм болып келген осындай қалтарыстары бар.

- Өткенде көрмеңізде Ақан серінің түп нұсқадан салынған суреті деп өзіңіз өрнектеген бір портретті ерекше атап өттіңіз. Оны қалай және қайдан таптыңыздар? Сурет сырымен бөлісесіз бе?

Илья ЖАҚАНОВ: - Суретті тапқан адам  -  академик Әлкей Марғұлан. Ол кезде, яғни Ақан серінің заманында Омбыға келіп-кетіп жатқан Ресейдің зерттеушілері, суретшілері қазақ өмірін, тұрмыс-тіршілігін суретке түсіріп отырған екен. Сондай бір түсірілім кезінде Ақан сері де  даланың бетке ұстарларының ортасында түсіп қалған көрінеді. Суреттен бейнені  бөліп алып, «Міне, Ақан сері»,  - деп ұсынған академик Әлкей Марғұлан. Мен сол фотобейнені портрет етіп салдым, өзіме сондай ұнайды. Өйткені Ақан серінің бүкіл әншілік болмысы, ол кісінің махаббат трагедиясы, өз басындағы қым-қиғаш қайғылы сәттерінің барлығын жеңетін сондай бір сәулелі, шуақты лиризмнің  қалай үйлесіп кеткенін білмеймін, әйтеуір бұл портретті сәтті шыққан туындыларымның қатарына қосамын. 

- Шопенше айтсақ, сөз біткеннен кейінгі сезімді қылқаламмен жеткізу оңай ма, әлде әнмен бе?

Илья ЖАҚАНОВ: - Әр жерде әр қалай. Өзің айтып отырғандай, Шопен: «Сөз біткен жерден музыка басталады» дейді. Сөзбен бере алмай қалған сезімді, хикаяны, оқиғаны композиторлар музыкамен алып кетеді. Дәл осы жерде Бетховеннің «Айлы сонатасын» айтуға болады. Әйгілі композитор өзінің сүйген адамына деген махаббатының барлығын «Айлы сонатада» суреттейді. Оны тек қана музыкамен болмаса, сөзбен бейнелеу мүмкін емес.

- Байқаймыз,  әндеріңізде қырғыздық сарын басым келеді. Оған Шыңғыс Айтматов екеуіңіздің араларыңызда ұлы достықтың қаншалықты әсері бар?

Илья ЖАҚАНОВ: - Ол Шыңғыстан бұрын басталған. Біздің ел қырғыздармен ерте араласқан. Ашаршылық жылдары жан-жаққа  бет-бетімен кеткен ағаларымыз ашаршылық басылып, бәрі тоғысқанда елге бір-бір қырғыз келіншектерін алып келді. Сәбиға, Бәтимә, Сәлимә деген жеңгелеріміз болды. Өрімдей жап-жас кездері. Соғыс басталып кеткенде, сол жеңгелеріміз  қолында орақтары бар,  шығысқа қарап тұрып егін орады. Бір уақытта белдері талып, шаршайды. Сонда қырғыз әндерін шырқап, шаршағандарын басады. Қырғыздың лирикалық әндері о бастан осылай-осылай елімізге сіңген, әкелеріміз, шешелеріміз, ағаларымыз айтатын әндер еді. Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» повесін оқығаннан кейінгі әсер елітіп, «Данирдың әні», «Жәмиләнің әні» туатын сәтте жаңағы қырғыз әндерінің бәрі менің  «Елім-айым», «Айнамкөзім», «Қараторғайым», «Балқадишам», «Екі жиренім», «Баянауылым» сияқты ту сыртымда тұрды. Міне, әуезді әндерімнің барлығын сол музыканың әуезімен, толғанысымен жаздым.

Сұхбаттасқан, Назерке ЖҰМАБАЙ.
Алматы - Атырау - Алматы.

Masa.kz cайтынан алынды

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5390