Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2360 0 пікір 12 Шілде, 2012 сағат 06:55

Шынар Шәкен. Қазақ газеттері тоқалдан туды ма?..

Тағдырдың жазуы шығар, Қазақстандағы баспасөз қос тілде өмір сүреді. Орыстілділердің де, қазақтілділердің де өзіндік аудиториясы  мен «жекеменшік» тақырыптары ешкімнің нұсқауынсыз, жазылмаған заң бойынша  қалыптасқан. Обалы қанекей, қазақтілді баспасөздің ұлттың сөзін сөйлеуге келгенде шығарға жаны бірге. Бірақ бір өкініштісі қазынаның құлағын ұстап отырған ұлттық компаниялар, «енші бөлу» кезінде қазақтілді баспасөзге қасықтап болса да татырмайтыны кәдімгідей жанға батады. Сонда бұл қалай болғаны?

Тағдырдың жазуы шығар, Қазақстандағы баспасөз қос тілде өмір сүреді. Орыстілділердің де, қазақтілділердің де өзіндік аудиториясы  мен «жекеменшік» тақырыптары ешкімнің нұсқауынсыз, жазылмаған заң бойынша  қалыптасқан. Обалы қанекей, қазақтілді баспасөздің ұлттың сөзін сөйлеуге келгенде шығарға жаны бірге. Бірақ бір өкініштісі қазынаның құлағын ұстап отырған ұлттық компаниялар, «енші бөлу» кезінде қазақтілді баспасөзге қасықтап болса да татырмайтыны кәдімгідей жанға батады. Сонда бұл қалай болғаны?

Нарық заманының талабы бойынша кез келген сала өзін-өзі қаржыландырудың жолдарын табуы қажет. Әсіресе, қазіргі кезде. Десек те, қазақ газеттерін қосымша қаржыландыру ауадай қажет. Қазақ тілді басылымдар мазмұндық, сапалық жағынан өзге тілді басылымнан асып кетпесе, кем түспейді. Дегенмен ұлттың, елдің келешегі жолында үлкен жұмыстар атқарып жатқан қазақ басылымдары заманауи қиындықтардан көз аша алмай келеді. Қазақтілді ақпарат құралдарының аяғын тұсап тұрған басты нәрсе осы - қаржылық көмек. Қаржы бөлудің бірнеше жолы бар... Соның бірі - мемлекеттік мекемелер мен ірілі-ұсақты компаниялардың баспасөз беттерінде өз жұмысын көрсету үшін бөлетін қаржысы. Сол қаржы негізінен қайда бөлінеді, мәселе осында. Байқап отырған боларсыздар, ол қаржының басым бөлігі орыстілді басылымдарға жұмсалады, солардың қоржынын қомпайтады. Неге? Өйткені «орыстілді басылымдарды, бәрі түсінеді, бәрі оқиды» - деген мешеу көзқарас қалыптасқан бізде. Қазақ басылымдарына ақшаны аздаған намысты ала төбел топ немесе «қазақ басылымдарына неге бермейсің?» деп ертең төбеден тоқпақтайтындар шығып қала ма деп сескенген кейбіреулер ғана бөледі. Аралық топ жоқ.

Орыстілді газеттердің «анау айтып жүр, мынау айтып жүр» дейтіндей, менеджмент пен маркетингінің немесе мазмұны мен сапасының кереметтілігінен емес, тілдік басымдыққа қатысты осындай ірілі-ұсақты мекемелер мен алпауыт компаниялардың жарнамаларының арқасында күн көріп келе жатқаны рас. Бұл, бір жағынан, мемлекеттік тілімізді алалаушылық. Өз елімізде тіліміз кенже қалып, өгейдің күйін кешіп отырғанымызды несіне жасырамыз. Алда ағылшынтілді жарнамаларымыз қаптай бастаса, оған таңғала қоймасымыз тағы анық. Қазіргі ақпарат заманында тілді дамытатын да, мазақ қылатын да (әсіресе, жарнамалық ақпараттарда) ақпарат құралдары екені шындық. Ендеше қазақтілді ақпарат құралдарының проблемасы шешілмей, тіліміздің дамуы екіталай екені айтпаса да белгілі.

Еліміздегі компаниялардың көпшілігі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына қарасты. Сондықтан компаниялардың бәрі тендерлерін бір холдингтің талаптары мен заңдылықтары бойынша жүргізіп, қордың кімге «бүйрегі бұрады» соған қарайласуға мәжбүр болып отыр. Әсіресе, орыстілді басылымдарға басымдық беру осы холдингке қарасты компанияларда анық байқалады. «Сонда қазақ газеттері тоқалдан туды ма», - деген сұрақ амалсыздан туындайды. Әрі-бері дең соң, жеріміздің байлығы мен халықтың несібесінің арқасында құрылып отырған ұлттық холдингтің бұл қылығы ішкен құдығына түкірумен тең болып отыр. Әйтпесе, ұлттық статусқа ие болып отырған бұл компаниялар ұлттың мәселесі жолында қан кешіп жүрген қазақ басылымдарын қалайша алалап отыр? Бұл орайда, басқа-басқа ұлттық компаниялардың баспасөзге беретін қаржысын бөлуде қазақтілді басылымдарға басымдық беруді мемлекеттік деңгейде қарастырып, заң жүзінде міндеттеудің кезі пісіп жетілген секілді.

Сөзімізге дәлел ретінде бірер мысал келтіре кетейік. «Қазақтелеком» АҚ-ның «PR-мақалалар мен жарнамалық модульдерді баспасөз беттеріне орналастыру қызметін сатып алу» туралы жариялаған тендерінде «Tengri», «Asia Travel», «Eurasia Air» сияқты ұшақ бортында таратылатын және «National Business», «Oil&Gas» сияқты журналдар таңдап алынған. Ал бұл журналдардың бәрі «Самұрық-Қазынаға» қарасты компаниялардікі. Бұдан бюджеттен бөлінген ақша «алысқа кетіп жатпағанын» бірден байқауға болады. Әйтпесе, о заманда бұ заман, аптасына бір рет шығатын газеттердің өзін бұйым құрлы көрмейтін компаниялардың кенеттен таралымы көп емес әрі жиілігі баяу басылымдарға (яғни журнал) назары неге ауа қалды? Одан қандай тиімділік күтеді? Сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ-ның Ақмола облыстық филиалы осы қызмет көрсету түріне республикалық баспасөз деп «Время», «Мегаполис», «Central Asia Monitor» газеттерін көрсетіп, соларға қаржыларын алдын ала бөліп қойған. Қарап тұрсаңыз, «Қазақтелеком» сияқты секунд сайын халықтың есебінен қаржы түсіп отырған отандық компания тек орыс газеттерін қолдап отыр.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына қарасты «ҚазМұнайГазӨнімдері» АҚ-ның ақпарат құралдарында жар салып, құжатын көлдей қылып жариялаған тендерінде тағы да «Tengri», «Мегаполис» сияқты орыстілді екі басылым таңдап алыныпты. Ал «ҚазМұнайГаз қайта өңдеу және маркетинг» акционерлік қоғамы «Казахстанская правда», «Курсив», «Литер», «Капитал.KZ», «Панорама», «KazEnergy», «Oil&Gas» сияқты түгелдей орыс тіліндегі баспасөзді жөн көріпті. Бұл қатардан қазақтілді газет-журналды көру тіптен арманға айналып отырғандай. Аталмыш компаниялардың баспасөзде имидждік материалдарын орналастыруға бөлініп жатқан қаржысының көлемі туралы тіпті айтпай-ақ қоюға болады. Мұнай компанияларының осындай қомақты қаржысы орыстілді басылымдарға бөлініп отырғанда, солардың таралымы көбейіп, солардың сапасы артпағанда қайтсін. Қаптаған орыстілді басылымдар осылай шаппай бәйге алып отырған сыңайлы.

Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына қарасты «ҚазАгро» холдингінің имидждік материалдарын республикалық баспасөз беттерінде жариялау үшін қай газеттерді таңдағанына назар аударыңыз: «Казахстанская правда», «Егемен Қазақстан», «Панорама», «Мегаполис», «Деловой Казахстан», «Экспресс - К», «Агрожаршы», «Литер», «Айқын», «Курсивъ», «Деловая неделя», «Капитал.KZ», «Аргументы и факты», «Эксперт Казахстан», «National Business», «Караван». Бұл тізімді біз не үшін беріп отырмыз? Байқап қарасаңыз, 16 басылымның 2-еуі ғана қазақтілді («Агрожаршы» - қос тілді). Сонда қалай,бұларға қазақ басылымдары жетіспей ме, әлде, бары танымал емес пе дерсіз. Әйтпесе, қазір қазақ газеттерінің сандық жағынан да, сапалық  тұрғыдан да бәсі артып тұрғанын қоғам мойындап отыр. Саны бар, сапасы жоқ орыс басылымдарынан бір бас жоғары болмаса, кем түспейтінін қазақ газет-журналдарын менсінбей отырған компаниялардың бұл қылығын қалай түсінуге болады? Сонда бұлар кімге жалтақтап, кімді кемсітуде? Осындайда кезінде Алматы қаласының әкімі болған Заманбек Нұрқаділовтің тәжірибесі еске түседі. Осындай кемсітушілікті байқай қойған қазақтың біртуар жанашыр азаматы қала бойынша берілетін жарнамаларды екі тілде - орыс газеттеріне, орысша, қазақ газеттеріне қазақша беру туралы арнайы өкімі еске түседі. Осыдан кейін орыстілді газеттерге жарнама бергіш ағайындар ләждің жоқтығынан қазақ газеттеріне «көңіл аудара» бастаған. Сол үрдіс бүгін жалғасын тапты ма? Оны қадағалайтын кім бар? Біздіңше, жарнаманы, тендерді мұқият қадағалап, оның тепе-тең бөлінуіне ықпал жасап отыратын бір құзырлы орталық керек сияқты. Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде қаралып, шешімін табуы керек. Әйтпесе, қазақ басылымдары қаржыландыру жолдарынан қағылып, өз елінде өгейдің күйін кешетін жөні жоқ-ақ. Сонымен қатар осы мәселе бойынша БАҚ туралы заңды да дифференциалды сәйкестендіру де кезек күттірмейтін өзекті мәселе.

Осы мәселедегі тағы бір олқылық, әр мекеме бөлінген қаржысын қалталарында қалдыру үшін өздерінің «уақытша өмір сүретін» ақпарат құралын ашып, жыл сайын ақшаның бір бөлігін соған аударып отыратындығы. Ал ол газет-журналдың тиражы «теңдесіз» болып көрсетілсе де, оны ешкімнің қолынан көре алмайсыз. Бұл ішкі корпоративтік газет-журнал емес, оның жөні бір бөлек. Бюджеттен бөлінген қаржыны корпоративтік басылыммен қоса, республикалық БАҚ-қа бөлу міндеттелген.

Электронды ақпарат құралдарының деректері бойынша Қазақстанда 2756 мерзiмдiк басылымның 453-i қазақ тiлiнде, 2303-i орыс тiлiнде. Ресейден 5248 газет-журнал келеді.

Бұдан кейін орыстілді басылымдардың менеджменті жолға қойылған, олар маркетингтік жүйені тиімді пайдалана алады деген уәж де айтылуы мүмкін. Бірақ олардың менеджментін ұйымдастырып, маркетингін ойнатып отырған өз компанияларымыз. Ал сол компанияларды басқарып отырған қаракөз ағайындарымыз. Мұны парадокс демегенде, не дейсіз? Яғни олардың ақшаға кенеттен күмп беріп, батып кетуіне көмек қолын өзіміз созып отырған жоқпыз ба? Ендеше, жоғарыда айтып кеткеніміздей, мемлекеттік мекемелер мен ұлттық компаниялардың орыс тілді баспасөзге бүйректері бұрып (қандай мақсатпен екендігі белгілі, әрине), соларға аянбай қаржы бөлумен келе жатса, қазақ баспасөзінің бағы қалай ашыла қалсын! Қазақтың менеджменті мен маркетингін қалай көтере қоямыз мұндайда!? Мұндай келеңсіздіктер орын алып, жағаға қол салып тұрған кезде, қазақ тілі мен қазақ баспасөзі қарыштап дами жөнеледі дегенге сену қиын-ақ. Қазақ газеттерінің бағы жансын десек, әлгі аты аталған компаниялар мен қалталы бауырларымыз қаржыны еліміздің болашақ жолына салуы керек.

«masa.kz» интернет газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385