Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 7141 0 пікір 27 Шілде, 2012 сағат 11:32

Рулық-тайпалық көзқараспен келсек, Шыңғысханды өзімізден алыстатып аламыз

Тәуелсіздік алғалы бері Шыңғыс хан тақырыбы қазақ қоғамына маза бермей келе жатыр. Соңғы кезде сәл саябырсыған осы тақырыпты Мұхтар Мағауиннің таяуда ғана жарық көрген «Шыңғыс хан» атты тарихи, деректі, көркем кітабы қайта қоздатып отыр. Осы мәселеге қатысты көрнекті ақынымыз Мұхтар Шаханов пен белгілі тарихшы Әлімғазы Дәулетханды сұхбатқа шақырған едік. Бұл сұхбат тарихшылар Зейнолла Сәнік пен Нәпіл Бәзілхан «Мәдениет» телеарнасы мен «Халық сөзі» (№....   №.....)газетінде бастап берген әңгіменің жалғасы екенін еске саламыз.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Мұхтар аға, оқырман көпшілік аттас ағаларымыздың Шыңғыс ханға қатысты көзқарасын, пікірталасын жақсы біледі. Десек те Мұхтар Мағауиннің осы кітабы жарық көргеннен кейін, жұртшылық бәрібір де сізден бір сөз күтетін сияқты.

Тәуелсіздік алғалы бері Шыңғыс хан тақырыбы қазақ қоғамына маза бермей келе жатыр. Соңғы кезде сәл саябырсыған осы тақырыпты Мұхтар Мағауиннің таяуда ғана жарық көрген «Шыңғыс хан» атты тарихи, деректі, көркем кітабы қайта қоздатып отыр. Осы мәселеге қатысты көрнекті ақынымыз Мұхтар Шаханов пен белгілі тарихшы Әлімғазы Дәулетханды сұхбатқа шақырған едік. Бұл сұхбат тарихшылар Зейнолла Сәнік пен Нәпіл Бәзілхан «Мәдениет» телеарнасы мен «Халық сөзі» (№....   №.....)газетінде бастап берген әңгіменің жалғасы екенін еске саламыз.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Мұхтар аға, оқырман көпшілік аттас ағаларымыздың Шыңғыс ханға қатысты көзқарасын, пікірталасын жақсы біледі. Десек те Мұхтар Мағауиннің осы кітабы жарық көргеннен кейін, жұртшылық бәрібір де сізден бір сөз күтетін сияқты.

Мұхтар ШАХАНОВ: Менің «Жазагер жады космоформуласы, Шыңғыс ханның пенделік құпиясы» деген өлеңмен жазған романым бар. Осы романды кезінде ЮНЕСКО қарады, жоғары баға берді. Бұл кітап жөнінде әлемнің үлкен-үлкен тұлғалары өзінің пікірін білдірді.  Ол кітапты еуропада біреу Нобель сыйлығына ұсынған екен. Сол сәтте біздегі кейбір адамдар, баспасөздің айналасындағылар, соған билік жүргізіп отырған адамдар жиналып, маған қарсы 80 газетті жапты. «Бұл мойындалған шығарма ғой, талай елдің үлкен-үлкен адамдары жақсы пікір айтты», - деп, Шыңғыс Айтматов мені қорғауға кірісіп еді, барлығы Шыңғысқа жабылды. «Шыңғыс Айтматов жазушы емес екен, ойдан-қырдан шығарған шығармаларымен атақ-абырой жинап жүрген адам екен, сосын қазақ жазушыларынан ұрлаған екен» деп, «Жұлдыз» журналында, жақында ғана марқұм болған Бекділда Алдамжаров деген бауырымыз көтеріп алып кетті. Осындай-осындай даудың ортасында қалдым, қысқасы. Бұдан кейін Шыңғыс Айтматов екеуіміз «Шыңғыс ханға қатерлі құлдық» деген үлкен мақала жаздық. Бұл Мәскеудің «Труд» деген газетіне жарияланып еді, одан моңғолдар шықты. Үлкен деңгейде жиналып, Бурятияда бізге жүзден астам ғалымның басын қосып, жиналыс өткізіпті. Онда жаңағы ғалымдардың көпшілігі біз жаққа шығып кетіпті. Сонда: «Мына Шыңғыс ханды ақтап алсаңыздар, Гитлерді де ақтап алыңыздар», - деген екен. Өйткені, мұнда біз ұстанып отырған бір мәселе бар. Мәселен, Құран Кәрімді мойындамайтын мұсылман болмауы керек қой. Сол Құран Кәрімде айтады: «Егер бір адам біреуді жазықсыздан жазықсыз, кінәсізден кінәсіз өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргенмен бірдей» дейді. Ал енді Шыңғыс хан қаншама миллион адамды о дүниеге аттандырды. 900 қаланы қиратты. Ал енді соның ішіндегі біздің ұлы қаламыз Отырарды жермен жексен етті. Отырарда Александриядан кейінгі ең үлкен кітапхана болды. Қазір Отырардан шыққан ғалымдарды іздесеңіз, 10-12-нің арғы-бергі жағында екен. Ал сол кезде, мәселен, Отырарды 1100-ден астам ғалым болған. Солардың ішінде біздің білетініміз Әбу Насыр әл-Фараби ғана. Қайбір жылы арабтың музыка зерттеуші бір ғалымымен жолықтым. Әл-Фарабиді зерттейді екен, Отырарға ертіп бардым бір күні. Сонда ана ғалымның айтуынша, Әбу Насыр әл-Фарабидің 150-ге жуық әні бар екен. Біз, қарап отырсақ, соның бірде-бір әнін білмейді екенбіз. Осы мәселе төңірегінде бір топ ғалым, әлемдік деңгейдегі адамдар БҰҰ-на, ЮНЕСКО-ға хат жазғанбыз. «Егер әрбір ұлт өзінің ішінен шыққан тирандарды мақтай беретін болса, әлемдік деңгейде әділдік болмайды» деген. Шыңғыс хан шын мәнінде үлкен тұлға. Өйткені Шыңғыс ханның әскери салада жасаған шаруалары күні бүгінге дейін іске асып жатыр. Бірақ оның негізгі істері зұлымдыққа қарай құрылған. Соңғы кезде Шыңғы ханды қазақ етіп алды. Тіпті біреулер «Асан қайғы екен» деп шықты. Осындай деңгейге түсу бар, ұят нәрсе.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Әлімғазы аға, біріншіден Шыңғыс хан қандай тұлға, сосын қазақтың осы қазіргі Шыңғыс ханды меншіктеп, өзімсініп айтып жүргені қаншалықты шындыққа сай келеді?

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАНОВ: Бұл даудың шығуының өзі ұлттық, мемлекеттік деңгейімізді көрсетеді. Рушылдық пен жершілдіктен шыққан мәселе бұл. Неге біз тарихи тұлғалар туралы мәселе көтеретін болсақ, дереу ол дулат болуы керек, немесе найман, болмаса керей, болмаса басқа бір ру-тайпаға жатуы керек. Қазақтың өкілі деп таласпаймыз. Руға әкелгенше жанымыз жай таппайды. Кеше ғана сөз болған Ли Боны айтыңыз. 1300 жылдың алдында сүйегі қурап қалған бір қытайдың ақынын әкеліп, «дулат бабамыздың тоғызыншы ұрпағы екен» деп, бүкіл халықты ақымақ қылып, елдік саясат деңгейіне көтеріп жібердік. Сол сияқты Шыңғыс ханда да дәл осындай мәселе бар.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Шыңғыс хан арқылы қазақ өзін биік деңгейге көтергісі келе ме? Не үшін қазаққа Шыңғы хан керек болып отыр? Бағанағы сіз айтқан көзқараспен қарайтын болсақ, оны рушылдықпен өзімізге ғана меншіктеп отырмыз дейтін болсақ, онда моңғолдар, қытайлар неге Шыңғыс ханға таласып отыр?  Тіптен басқа да ұлттардың тарапынан Шыңғыс ханға қатысымыз бар деген әңгімелер шығып жатыр? Неліктен осының барлығы?

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАНОВ: Осының бәрі біздің қазақ құсап таласпайды. Біздегідей Шыңғыс хан қазақ па, басқа бір ұлттың өкілі ме, ол қай руға жатады деген әңгіме қозғау - ұсақтық. Бұл еліміздің деңгейінің төмендігі, санасының жетілмегенінің бір көрінісі. Шындығына келгенде мемлекеттігімізге, ұлттығымызға Шыңғыс ханның пайдасы тиді ме, зияны тиді ме? Оның ұрпақтарының қандай еңбегі сіңді? Міне, осы жөнінде даулассақ, ол басқа әңгіме..

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Әлімғазы аға, бұл жерде бақа мәселе бар ғой. Біз Бейбарыс туралы кітап жазамыз, кино түсіреміз. Ал шындап қарайтын болақ, Бейбарыстың Қазақстанның территориясына түк те қатысы жоқ адам ғой. Ал Шыңғыс ханның тікелей бір кеңістікте өмір сүрген халық ретінде бізге қатысы болып отыр ғой. Бәлкім, талас осы тұрғыдан туып жатқан шығар. Дерегі табылып жатса жаңалық ретінде зерттемей жатып, неге оны қазақ дегенді рушылдық, ұлтшылдық деп, қазақ емес дегендерге тағы қарсы шығып,  екіге жарыламыз. Неліктен?

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАНОВ: Тарихқа объективті түрде қарап үйренуіміз керек. Бір-бірімізді тыңдап, бір-бірімізді мойындап үйренуіміз керек. Біз мемлекеттік, қазақылық тұрғыдан бұған баға беруіміз керек.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК:  Мен сізді жақсы түсініп тұрмын.  Айтып отырған мәселеміз жауабы жоқ, бітпес дау көрінуі де мүмкін. Шыңғыс хан қазақ дегеннен аяқ тарта бастадық соңғы кезде. Оны дәлелдеу қиын болғаннан кейін, түркі дей бастадық. Ал енді сол түркі дегенге қалай қарайсыз? Мұхтар Мағаиннің бұны түркі деген сөзінен шығып отыр әңгіме.

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАНОВ: Шыңғыс ханды біз қазақ болмаса, түркі деу үшін жер-су аттары арқылы қуаладық, адам аттары, ру-тайпа аттары арқылы қуаладық, осы үш сала бойынша қуалап, біз оны түркі қылуға, қазақ қылуға талпынып жатырмыз. Бұндай нәрселермен тек біз ғана айналысамыз. Бұндай ұсақ даумен қазақ ақын-жазушылары, қазақ тарихшылары, қазақ лингвистері ғана айналысады. Әлемде тіл, топонимика, ру-тайпалары бойынша таласқан халықты мен естіген жоқпын, көрген жоқпын.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Демек, Шыңғыс ханды өзіміздің бабамыз деп, түркі дегеннен нәтиже шықпайды дейсіз ғой.

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАНОВ: Меніңше, бұл ақылға сыймайтын дау. Бұлай болатын себебі, сөз қуалаған әдебиетшілер мен тарихшыларды қоспағанда, Шыңғыс ханның діндік тұрғыдан, тілдік, дәстүрлік, ел билеу тұрғысынан бізге ұқсайтынын тапжылтпай дәлелдеп көрсеткен бірде-бір адамды көрген емеспін. Шыңғыс ханның өзін моңғол дегені, моңғол мемлекетін құру үшін, соның өшпеуі үшін күрескен адам. Шыңғыс ханның тұлғасына келетін болсақ, Шыңғыс хан өзінің тарихтағы орнын орнатып, өзінің тұғырына нықтап орнығып кеткен адам. Біз қанша айтқанменен оны биігінен түсіре алмаймыз. Әлем мойындаған Гумилевтің керемет сөзі бар. «Әлем халқы түрік халықтарына мәңгі қарыздар» дейді. Ғұннан бері санап келеді де, моңғол  дәуіріне дейін алып келеді. Осы заманда неше түрлі хан дәуірі бар ғой, «күш-қуаты тасыған замандарда жүз мыңдаған әскері бар Қытай неге Орта Азиядан былай қарай аттап баса алмады?» дейді. Оған тосқауыл болып, көлденең жатып алған түркі халықтары еді дейді. Екіншісі, Шыңғыс хан дәуіріндегі моңғолдар болды дейді. Егер осы екеуі болмаса, Қытай Гибралтар бұғазынан бір-ақ шыққан болар еді дейді. Осы тұрғыдан алғанда, арғы жағын айтпағанда, Шыңғыс хан қытай экспанциясын тежеуші, жүздеген жылдарға артқа шегіндіруші тұлға болған. Тарихтағы тағы бір еңбегі, сол кездегі өркениетті Қытайдың әскери техникасын көшпенділердің әскери техникасыменен, тәртібімен қосып отырып, осы екеуінің арасынан кереметтей әскери құрама жасақтар шығарды, әкери қару-жарақ жасап шықты және мынау сақтар заманынан келе жатқан мемлекетті үшке бөліп билеуді қалыптастырды. Біздің қазір үш жүз деп жүргеніміз аспаннан түскен жоқ, ежелгі заманнан келе жатқан дәстүр. Ел билеу барысында мемлекеттік жүйені қалыптастырды. Бұл жүйе отырықшы Қытай елінің мәдениеті мен көшпенділердің мәдениетінің ортасынан шыққан империя болды. Әлемдік империяларды қарасаңыз, ең ұзағы 600-700 жыл өмір сүрген Осман империясы. Одан кейін ұзақ өмір сүрген империя Шыңғыс хандікі. Қалғандарының 500 жылдан астам өмір сүргендері жоқ. Демек бұл жүйе әлемдік өркениет, әлемдік жетістіктер деңгейінде сол замандағы ең прогрессивті жүйе болып қалыптасқандығы үшін ғана бұл өмір сүрді. Осы тұрғыдан алғанда Шыңғыс хан әлемдік тұлға ретінде қалыптасты және сол орында отыр. Ал кері қандай әсері болды дегенде ешкім дауласуға тиіс емес. Ол қанды жорықтар жасады, қалаларды қиратты, неше түрлі гүлденеген мәдениеттерді жоқ қылып жіберді, ол әлемде мемлекет пайда болғаннан бері бүкіл мемлекет басында отырған тирандардың, хандардың, патшалардың, қағандардың бәрінің басынан өткен нәрсе. Сондықтан бұл жерде тарихқа бүгінгі күннің көзімен қарайтын болсақ, онда тарихта ештеңке де қалмайды.

Мұхтар ШАХАНОВ: Осыған байланысты менде Зардыхан Ғинаятұлының да пікірі бар екен. «Егер біздің шыңғыстанушылар қағанның өмірбаяны төңірегінде жазылған тарихнамалар тізімінің ең болмағанда бес пайызымен танысқан болса, бүгін Шыңғыс хан қазақ, ол құрған мемлекет қазақ мемлекеті делінетін қауесет тумаған болар еді. Шыңғыс хан моңғол үстіртінде салтанат құрған түрік факторының бастаушысы емес, керісінші оны аяқтаушы. Неге екені белгіз, біздің қазақ тарихшылары және өзін тарихшымын деп жүрген авторлар қарапайым этимологияға аса құмар болып алған. Ат атаудан ұлт жасаймыз деп, ұлттарымызды, қала берді оның тарихын сайқымазаққа айналдырып алуымыз мүмкін» дейді. Өте дұрыс айтқан. Біз әр кезде гуманизмнің заңдарына жүгінуіміз керек. Ең болмаса Құран Кәрімге жүгінуіміз керек. Осы тұрғыдан алып келетін болсақ, Шыңғыс хан басқыншы. Қаншама миллиондаған халықты қырды. Қанша жасөскіндер қаңғып далада қалды. Өзімен өзі жатқан елді келіп талқандады. Өзінің күшін үлкейткісі келді, оған ешкімнің дауы жоқ. Ал гуманистік тұрғыдан келгенде қазіргі ұстанып отырған пікірлердің көпшілігі әлсіз, сын көтермейді. Осы тұрғыдан алатын болсақ, Шыңғыс хан әлемдегі ең үлкен әскербасы екеніне ешкімнің дауы жоқ. Оның да жақсы жақтары бар, оны ешкім жоққа шығармайды, түптеп келгенде Шыңғыс ханды мақтау гуманистік ұғымға қайшы.

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАНОВ: Біз бүгінгі күннің көзқарасын айтып отырмыз. Ал сол заманда бүкіл халықта, әсіресе түркі халықтарының басында отырған қағандарында бұлжымас, өзіне өзі сенген және дәстүрге айналған ел билеу тәртібі болды. Мысалы, Күлтегін мен Білге қағанның ескерткіш тасындағы жазуға қарайық. Жер мен көктің арасында адамзат пайда болғалы соны билеуге менің ата-бабаларым Бумын қаған мен Естеми қаған отырған екен. Елді көбейтіп, басқарып, бақытты қылған. Енді мен сол дәстүрді жалғастырып, ел билеп отырмын дейді. Онда ғұн заманында Мете (Мөде) қағанның баласы Лаушаң тәңірқұттың (Кейүк тәңірқұт) қытайға жазған хатында былай дейді: «Аспан мен жердегі жаралған, күн мен ай өзі таққа отырғызған, ғұндардың ұлы қағаны қытай билеушісіне сәлем жолдайды» дейді. Бұлар жазған хаттарының басын осылай бастайды. Демек аспан асты, жер үстіндегі бүкіл халықты билеуге тәңірі бізге осындай құт берген, осындай мүмкіндік берген дегені. Біз қай жерге барсақ, сол жерді билеуіміз керек деген ұғым ата-бабаларымыздың қанына сіңіп кеткен. Басқаны қойыңыз, кешегі қашып кеткен Мұхаммед Қайдар Дулатиді алыңыз, кешегі Бабырды, Бейбарысты алыңыз, біреуі құл болып барады, екінші біреуі мына жақтан әбден таяқты жеп тұра алмағаннан кейін барады. Сол жерді барып билейді. Басқыншылық, шауып алу дегендер олардың санасына кіріп шыққан жоқ. Сондықтан бұған сол адамдардың тұрғысынан қараған жөн. Сол адамдардың санасы бойынша, сол кезде қалыптасқан мемлекеттік ұғым тұрғысынан қарасақ, адам шошитындай жексұрын ештеңесі жоқ. Осы тұрғыда әрине, қан төгіледі, қала қирайды. Мейлі моңғол болсын, мейлі қазақтардың болсын ту тіккен, қаған көтерген жері орда болып есептеледі. Киіз үйдің немесе шатырдың үстіндегі ту мемлекеттің символы. Ол ту қайда тұрса, қаған сонда тұр. Қаған сол жерде тұрса, сол жерде мемлекет бар деген сөз. Ол мына жерден жеңілсе шегініп, тағы да туды көтере береді. Құрып кеткенге дейін ол ту жығылмайды. Ал отырықшы елде ше? Қолдан кетті, мемлекет жоқ.

Мұхтар ШАХАНОВ: Сол кездің өзінде әділдікке бағынған патшалар, хандар, ел билеушілер болған. Шыңғыс Айтматов екеуіміз «Құз басындағы аңшының зары» деген кітап жазғанбыз. Соның бір бөлімі ел билеген адамдардың өміріне арналған. Сол жерде біз сол кездің өзінде де әділетті басшылар болғанын келтіргенбіз. Ал әрбір басқыншыны осылай қуаттай беретін болсақ, әлемде әділдік қалмайды ғой. Біз гуманизмнің заңдарына міндетті түрде жүгінуіміз керек. Онсыз алысқа бара алмаймыз.

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАНОВ: Шыңғыс хан туралы әңгіменің де, даудың да бітпейтініне себеп көп. Шыңғыс хан менен Жошы ұрпағы, Шағатай ұрпағы кейінгі тағдырымызға соншалық күшті ықпал еткен. Бізді ел қылып кеткені талас тудырмайды, ол тарихты ешкім өшіре алмайды. Жошының, Шағатайдың ұрпақтары болмаса қандай ұлт болуымыз мүмкін екенін көз алдыға келтіру қиын.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Басқа сырт елге жем болып кетуіміз де мүмкін еді ғой.

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАНОВ: Не парсы, не қытай, не тибет немесе араб болып кетуіміз мүмкін еді. Осыны сақтап қалған, бізге ие болған Шыңыс ханның, Жошының, Шағатайдың ұрпағы екенін жоққа шығарсақ, онда біз бүкіл тарихымызды жоққа шығарған боламыз. Мемлекеттігімізді жоққа шығарған боламыз. Бүгінгі мемлекетті кеше пайда болды деп айту үлкен күпірлік. Осы екеуінің арасындағы жікті ажырата алмағандықтан дауды бітіре алмаймыз. Екіншісі, біз ұлттық деңгейіміз көтерілмей тұрып, рушылдық-жершілдік тұрғыда бұл дау бітпейді. Бұл негізі мемлекеттік, ұлттық идеология шеңберінде қалыптастырылатын нәрсе.

Мұхтар ШАХАНОВ: Сіздің бұл пікіріңізді қолдаймын.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Мен осы хабарды түсірер алдында Зардыхан Ғинаятұлымен әңгімелескен едім. Ол кісі: «Жалпы менің көзқарасым белгілі» деді. Ол көзқарасын жаңа сіз оқып бердіңіз. Зардыхан ағамыз моңғолтанушы, тарихшы ретінде Шыңғыс хан қазақ дегенге қарсы. Мәмбет Қойгелді де солай айтады. Бұлардың екеуі де мемлекетшіл адамдар. Бірақ, Мағауиннің аты олардан жоғары тұрмаса, төмен тұрған жоқ. Енді не істейміз?

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАНОВ: Шыңғыс хан тарихтағы ұлы тұлға ретінде мойындалып, тарихтағы кері әсері де айтылып, оның қазақ мемлекетінің қалыптасуындағы рөлі де дұрыс танылар жерге келе жатырмыз және әзір де алыс емеспіз деп ойлаймын. Сондықтан екі Мұхтарды бір-біріне жауластырып, екеуінің арасына от жағуды тоқтату керек. Екеуінің түпкі мақсаты бір, ол осы елдің еңсесін көтеру, осы ұлттың тарихтағы рөлін қалыптастыру болса керек.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Бұл сөздеріңізді  қолдаймыз ғой. Дегенменде адамзаттық деңгейде қарастырылып отырған Шыңғыс хан қазақ даласына қатысы бар десек те, жоқ десек те осы даламен дүркіретіп өтті. Оның бірқанша ұрпағы осы жерде жатыр, екінің бірі ұрпағы болуы мүмкін, керек десеңіз. Бұндай жағдайларда қазақ қаламгерлерінің осы тақырыпқа қалам тартқаны заңды шығар.

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАНОВ: Қалай жазу, қалай келуде ғой мәселе. Бүгінге дейін Шыңғыс хан туралы моңғолдың билеушілік кезеңіндегі тарихты жазған жалғыз Зардыхан. Біз әлі қолда бар алтынның қадіріне жетіп жатқанымыз жоқ. Кім не десе, о десін, біз айналып келіп Зардыхан Ғинаятұлының пікіріне тоқтаймыз. Оған тоқтамау үшін ол жазған бәленбай томға қарсы нәрсе жазу керек. Ал ондайды жазатын қазақты көріп тұрғам жоқ. Өйткені ол моңғол тілін білмейді, қытай тілін, түрік тілін білмейді. Ол тұрмақ өзіміздегі Ахмет Байтұрсыновтың жазуын танымайтын адамдар. Еуропаның ағылшыншасын, франнцузшасын білер, бірақ Шыңғыс ханның ұрпақтарының өткен жері мына жер. Осы жерде ұлы ғұн мемлекеті салтанат құрған. Таза бұлақтан сусындаған, алғашқы түпнұсқаны бірнеше тіл арқылы зерттеген адам жалғыз Зардыхан Қинаятұлы. Оы кісіге қарсы шығатындар дәлелін көрсетсін немесе Мұхтар Шахановтың көзқарасына тоқтасын.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Жөн екен. Мұхтар аға, осы Әлімғазы ағамысздың сөзімен сұхбатымызды аяқтағым келіп отыр. Өзіңіз жақсы білесіз, бұл тақырыптың ішінде журналист ретінде біраз уақыттан бері біз де келе жатырмыз. Басында өздеріңіз жүрсіздер. Осының логикалық түйінін шығайық деп, сіздерді әңгімеге арнайы шақырған едім. Жалпы бүгінгі сұхбатымызда бір жақсы нәрсе айтылды. Елді біріктіретін әңгімеге жақын болуымыз керек, елдің арасына іріткі салатын әңгімеден қашуымыз керек. Ол үшін не істеу керек? Арнайы тарих институттары бар, мамандарымыз бар. Сол мамандардың пікірін күтеміз. Біздің идеологиямыз, мақсатымыз, мүддеміз осы тақырыппен қаншалықты қабысады? Қабысқан жағдайда бұның анығы, ақиқаты, шындығы не және біздің тәуелсіз елімізге қаншалықты қызмет ете алады? Міне, осыған жауап беретін болсақ, даудың басы ашылады ғой деп ойлаймын. Алайда сол аталған тиісті мекемелер тақырыпты көкпарға салып қойып, өздері бейтарап қалып отыр. Ал біздің әрекетіміз түрткі салумен ғана шектеледі. Сондықтан да алда «Моңғолдың құпия шежіресін» Қытайдан табылған түпнұсқадан аударған адамды сөйлеткіміз бар. Сол да назарларыңызда жүрсін дегім келеді. Сөз соңында айтарым, егер рулық-тайпалық көзқараспен келсек, Шыңғыс ханды өзімізге жақындатпаймыз, қайта ұлттан алыстатып аламыз.

Газеттік нұсқасын дайындаған Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

 

ШЫҢҒЫСХАНДЫ ДЖОН МЭНШЕ ТАЛДАСАҚ...

Жақында Джон Мэн деген ағылшын зерттеушісінің «Шыңғысханның көшбасшылық құпиясы» деген кітабы қазақ тілінде жарық көрді. Белгілі тарихшы-ғалым Талас Омарбеков пен осы кітаптың редакторы, журналист Жұлдыз Әбділданы сұхбатқа шақыруымызға осы жаңалық себеп болған еді.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Жұлдыз, біз қазір көшбасшы деген сөзді айналысқа салып жібердік. Мына кітаптың атына қарап адам бірден ойлайды екен. Арнайы тапсырыс болмаса да, «құланның қаcуына мылтықтың басуы» дегендей, өзі бір саяси сұранысқа дөп келіп қалған сияқты ма, қалай?

Жұлдыз ӘБДІЛДА: Көшбасшылық деп өзіміз аударып жатырмыз ғой, негізі лидер деген барлық жерде бар. Осы лидер дегеннің көшбасшы дегенге қарағанда аясы кеңірек, меніңше. Бұл кітапта қамтылған тек ағылшын тіліндегі деректердің өзі қырыққа жуық. Одан бөлек орыс тілінде оншақты әдебиет нұсқасы бар. Сөз реті келгенде айта кетейік, мектепте «Қазақ әдебиеті» пәнінен Отырардың күйреуіне қатысты үзінді жаттадық емес пе. Сонда:

Алты ай бойы кіп-кішкентай Отырарды ала алмау,

Алты ай бойы Отырардың осал тұсын таба алмау,

Менің асыл сүйегіме сызат түсті, мына сенің арқаңда,

Деп Шыңғысхан Шағатайға оқты көзін қадады, - дейді ғой. Сол поэмадан білетініңіз, Шыңғысхан деген жауыз. Әсіресе бір жолдары, бала күнімде қатты әсер етіп, жүрегімде қалғаны, безбүйрек жау сәбилерді, тіпті жүкті әйелдердің ішін жарып өлтірді дейді. Мектеп қабырғасында оқып жүргендегі біздің Шыңғысхан туралы мәліметіміз сол төңіректе болды. Енді кейін оқуға түсіп, Алматыға келгеннен кейін әр жерден Шыңғысхан туралы материалдарды оқи бастадық. Бірақ олардың көпшілігі: «Шыңғысхан қазақ па, қазақ емес пе, жауыз ба, жауыз емес пе?» - деген, осы екі сұрақ тұрғысында ғана жүреді. Ал негізі қарап отырсақ, мәселе Шыңғысханның ұлтында да емес және жауыз, жауыз емес деп біржақты жауап беруге де болмайды екен. Мысалы, осы кітапта айтылады, 18 жылдың ішінде 3 миллионға жуық адамның қаны төгілген екен. Бір адам соншама адамды қырып тастауға себеп болып отырғандай. Бірақ соған қарамастан оның әрқайсысының себебі болғанын, соның барлығына оның өмір сүрген ортасы, сол замандағы қоғамдық өмір, қоғамдық орта, айналасы әсер еткенін көреміз. Сөйте тұра біз Шыңғысханның өте адал, өте әділ басшы болғанын да көреміз, қажет кезінде өте мейірімді болғанын көреміз, керек жерінде қатыгездік танытқанын да көреміз.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Жұлдыз, сөзің аузыңда. Мына кітапта мынандай сөйлемдер бар. «Өзіңнің тағдырың, отбасыңның тағдыры, Отаныңның тағдыры қыл үстінде тұрған кезде сен өзіңнің қолыңмен жасайтын құрбандықтарға қалай қарайтын едің?» - дейді. Сосын қайсысы қымбатқа түседі деген мағынада айтып отыр ғой. Тәке, Жұлдыз даудың шетін шығарып келе жатыр. Сонымен біздің Шыңғысхан қазақ болды ма, қалай болды?

Талас ОМАРБЕКОВ: Шыңғысханның кезі әлі моңғол халқының да және біз түркі деп жүрген, қазақтың ата-бабасы болып келетін ру-тайпалардың да әлі толық қалыптаспаған кезі. Этникалық жағынан айқындалмаған кезі. Моңғолияның аймағында Шыңғысханның заманында халық негізінен екі тілде сөйледі. Біреуі ежелгі көне манчжур тілі, екінші тіл түркі тілі. Түркі тілін білеміз, ол баяғы түркі қағанаттарынан қалды ғой. Ал манчжур тіліне келетін болсақ, біздің заманымызға дейінгі І-ІІ ғасырда ғұндарды, Моңғолияны мекендеген ғұндарды шығыстан манчжурлар тайпасы, яғни моңғолдардың ата-бабасы деп жүрген сәмбилер басып алған. Содан сәмбилер мен ғұндар араласып, ғұндардың біраз бөлігі батысқа көшті ғой. Шыңғысханнан ХІ-ХІІ ғасыр бұрын бұл аймақта халық екі тілде сөйлеп, бір-бірімен араласып, көшіп-қонып жүрген. Міне, Шыңғысхан осындай қойыртпақта өмірге келген. Сондықтан бұл әрі түркіге де жатады, әрі моңғолға да жатады. Бірақ моңғол деген халық ол кезде қалыптаса қойған жоқ қой. Моңғолды халық еткен, ұлт еткен Шыңғысхан. Джон Мэн мына кітабында дұрыс жазған. Моңғолдың ұлт болып қалыптасуы шын мәнісінде Шыңғысханнан басталады. Ал қазақ атауы ХV ғасырда шыққандықтан, Шыңғысханды бүкіл түркі халқына да, моңғол ру-тайпаларына да ортақ тарихи тұлға деп қарауымыз керек. Оны қазақ етіп көрсету сәтсіздікке апарады. Бұл шешуі қиын жұмбақ. Өйткені ол замандағы этникалық үдерістер мүлдем басқа болатын. Ол кезде қазақ та жоқ, моңғол да жоқ болатын.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Тәке, біз қазір эмоцияның төңірегінде өмір сүретін халық сияқты көрінеміз. Себебі дерексіз, дәйексіз көп сөйлейміз. Осы тұрғыдан келгенде біздің оқымыстыларымыздың өзі кейде сол эмоцияның шегінде қалып кететін сияқты көрінеді. Ал «Шыңғысханның көшбасшылық құпиясы» деген кітап біздің осындай таласты тұлғаларға қай тұрғыдан келуіміз керек екеніне бағыт сілтейді. Себебі осы шағын ғана кітапты жазу үшін автор қаншама еңбекті атқарған, қаншама саяхаттар жасаған.

Жұлдыз ӘБДІЛДА: Шыңғысханның қабіріне дейін іздеген. Керемет зерттеушілік еңбекті байқауға болады. Барды бар, жоқты жоқ деп көрсете алған. Тіпті Шыңғысханның бала күнінде иттен қорыққанына дейін дерек тауып жазған. Былай қарағанда кішкентай ғана елеусіз деталь, соның өзін беріп отыр. Сосын: «Моңғолдың құпия шежіресі» Шыңғысханның ыңғайына қарай жазылған, ол жердегі оның ыңғайына келмейтін нәрселер алынып тасталған да болуы мүмкін дейді. Пенде ретінде көптеген кемшіліктері болғанын және оны өзінің жоюға тырысқанын айтады. Соны айтып қана қоймай, нақты дәлелдермен келтіреді. Кітаптың артықшылығы осында деп ойлаймын.

Ол өзінің осал тұстарын өте жақсы білген дейді. Сол кемшіліктерін жоюға өзі барынша күш салған дейді. Кім жақсы жұмыс жасай алады, кім жалқауланбайды, кім өзін жақсы жағынан көрсете алады, сондай адамдарды тап басып, таныған екен. Соларды өзінің қатарына тарта алған, өзінің пайдасына жарата алған. Сосын тағы бір басты қасиеті, ол басқаларды сендірген. Мысалы соншама тайпалы елді артынан ертіп, басын қатерге тігіп, Сібір жаққа дейін жылжиды ғой. Бұның барлығы адамның мықтылығын көрсетеді. Сосын оның айналасындағылар оған да қолпаштауды көп көрсеткен ғой. Қолпаштап, қауіп-қатерден қорғағысы келген, қатерлі жорықтарға барған кезінде тастап кетуге да әрекет жасаған. Сонда ол ешқашан олардың ыңғайына көнбеген. Яғни соңғы шешімді бәрібір өзі қабылдаған. Өзі не көрсем де, осылармен бірге көремін деп, сондай позицияда болған. Сол себептен оған артындағылар қалтқысыз сенген.

Талас ОМАРБЕКОВ: Шыңғысхан туралы жазылған кітаптарды негізінен үшке бөліп қарастыруға болады. Олар Шыңғысхан туралы жазылған «Моңғолдың құпия шежіресі» мен соған негізделіп жазылған бір монахтың ХVII ғасырдағы «Алтын шежіре» деген еңбегі. Сосын ХVІ ғасырда Хиуаның ханы Әбілғазының Шыңғысханның тағдырын баяндаған еңбегі. Басқа да деректер бар. Мысалы татарлар Шыңғысханның хан болуына байланысты «Шынгыснәмә дәптәрі» деген еңбегін жариялады. Бұл бірінші томы болса, екінші томы Шыңғысхан туралы аңыздар. Ол аңыздардың кейбірі нақтылы деректерде кездеседі. Кейіннен Шыңғысханды аңызға айналдырып жіберген аңыздар да өте көп. Соннан соң басы Яннан басталатын, Калашниковпен жалғасатын көркем шығармалар бар, мына өзіміздің Тұрсынхан Зәкеннің «Көкбөрілердің көз жасы» деген романы жарық көрді. Әнуар Әлімжановтың, Дүкенбай Досжанның шығармалары тағы бар. Бұл көркем шығармалардың артықшылығы ол оқырманды осы мәселенің, осы тақырыптың төңірегіне тартады, қызықтырады. Оның эмоциялы тұстары да көп. Алайда көркем шығармалардың ең үлкен кемшілігі сол, олар кейбір тарихи деректерді бұрмалап баяндап жібереді. Жазушының көзімен, сезімімен, әдеби тілімен асыра сілтеп, баяндап жіберетін кездері бар. Сосын жанама штрихтар, жанама оқиғалар енгізіледі. Нәтижесінде Шыңғысханға байланысты пікірлер одан сайын қоюланып, жаңағы аңыз түріндегі еңбектер мен көркем шығармаларды оқыған оқырман кей нәрсені шындық ретінде қабылдап қалады. Сөйтіп мәселе шатаса түседі.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Осы жерде мен сөзіңізді тірілте кетейін. Мысалы үшін осы руханияттың төңірегінде жүрген үлкен, тұлғалы азаматтарымыз Шыңғысханды Гитлерге дейін теңеп жіберді. Оған қалай қарайсыз?

Талас ОМАРБЕКОВ: Ол енді былай ғой. Шыңғысхан негізінде,

тарихи деректерге қарасаңыз, ұлтсыз ортада өмір сүрген. Ұлт қалыптаспаған ортада. Шыңғысханды өмірге әкелген бұлар шібей татарлары, Гумилев оларды қара татарлар деп атайды. Ал бұдан басқа Шыңғысханның мекендеген аумағынан солтүстікке қарай, орманның ішінде жабайы татарлар мекендеген. Ал  оңтүстік аймақтарын өзімізің ата-бабаларымыз шыққан ақ татарлар мекендеді. Керейлердің, уақтардың, наймандардың, қоңыраттардың ата-бабалары ақ татарлар деп аталды. Яғни осындай ұлтсыз жағдайда шыққан тарихи тұлға. Соған қарамастан жеке басының қасиеттері, мына Джон Мэн дұрыс жазады, өз заманынан озық, оның жеке басындағы асыл қасиеттер, адамзатқа, көшбасшыға, данышпанға тән қасиеттер, шындығын айтайық, өз заманынан асып түседі. Сондықтан да сіз айтып отырғандай, біздің қазіргі азаматтар Шыңғысханды қазіргі заманның тарихи тұлғаларымен теңестіруге құмар. Оның үстіне біресе Гитлерге теңейді, Александр Македоскийді қойып, кейінгі Наполеон сияқты қолбасшыларға теңейді. Қалай болғанда да Шыңғысхан өз заманының ұлы. Шыңғысханды шығарған орта өте күрделі, қатал орта болатын. Ру-тайпалар бірін-бірі жойып жіберіп жатқан орта болатын.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Тәке, көрермен біз насихаттап  отырған кітап туралы «Бұл кітаптың не ерекшелігі бар?» деп сұрауы мүмкін ғой. Гитлер жөнінде бекер айтып отырған жоқпын. Бізде енді сондай шығармалар айналысқа түсіп кетті. Көптеп айтылып жүр, жазылып жүр. Ал мына кітапта Шыңғысханның сол Гитлермен үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын дәйектеп жазады. Шыңғысханның байсалды болғанын, ал Гитлердің шыдамай кеткен кезінде жата қалып, кілемнің шетін қажағанын, сосын Гитлердің жауын бағаламайтынын, мысалы оның күшін бағаламай шауып аламын, қырып аламын дейтінін мысалға келтіреді. Ал Шыңғысхан жауын бағалап, құрметтеп, оған күші жете ме, жетпей ме, саралап барып шапқан екен. Сондай-сондай айырмашылықтарын келтіреді. Сонда Шыңғысхан мен Гитлерді тұлға ретінде қараған кезде Шыңғысханды кәдімгі қаһарман, ұлттың, халықтың, елдің қамын ойлаған қаһарман ретінде көрсетеді.  Тағы бір салыстыруы Атиллаға қатысты, біз Атилла туралы еңбектер жазып жүрміз. Біз Еділ батырымызды тағы да сондай эмоцияға саламыз да, оның тек қаһармандығын, оның Еуропаға дейін жаулап алған ерліктерін, соның барлығын айтамыз да, кейбір тұстарынан үндемей өтіп кетеміз. Ал бұл жерде Шыңғысханмен салыстыра отырады да, Шыңғысхан ары қарай даму үшін не керек деген мәселеге тірелген кезде қарапайым жазу керек, сосын заң керек деген мәселені алдыға қойды дейді. Ал Атилла жазу деген мәселені мүлдем ойлаған жоқ дейді. Қазір еш жерде, Атилланың түбі түркі екен деген әңгімелер болмаса, ол туралы көп деректер сақталмаған дейді.

Жұлдыз ӘБДІЛДА: Тарихи тұлға, тарихи оқиға болғаннан кейін оны бұрмалауға болмайды. Мысалы Желтоқсан оқиғасының өзін бұрмалап, бір оқиғаның өзінен қаншама батырды шығарып отырмыз. Осындай нәрселер болмауы керек деп ойламын. Ал екінші нәрсе, бұл кітаптан біздің алатын сабағымыз, біз адамның тайпасына, руына, топтық ерекшеліктеріне қарамауымыз керек. Соны үйренуіміз керек. Мысалы бізде не үшін Махамбетті Батыс Қазақстанда, Атырауда құрметтеу керек? Не үшін Сырым Датұлы атындағы алаң Оралда ғана болуы керек? Не үшін Дәнеш Рақышевті Жетісудың ғана әншісі деп білуіміз керек? Осындай жалпыға ортақ тарихи тұлғаларды жалқыландыруға менің ойымша жол бермеген жөн. Осыны біздің зерттеушілеріміз өзінің зерттеу еңбектерінде зерделей түссе деп ойлаймын.

Талас ОМАРБЕКОВ: Адамзат талай ұлыларды туғызады. Ол ұлылардың бойынан тағы да Шыңғысханның қасиеттері туылады. Бұдан тарихи тұлғаның бәрін Шыңғысханмен салыстыру керек деген ұғым тумауы керек қой.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Тәке, сіздер өзім жетектеп келе жатқан әңгіменің үстінен түстіңіз. Осы автордың көзқарасы тәуелсіз көзқарас па?

Талас ОМАРБЕКОВ: Бұл кітаптың негізгі жанры тарихи-зерттеу емес. Бұның сүйенгені логика, философия ғылымына жақын тұрған жанр. Егерде Джон Мэннің орнында мен болсам, Шыңғысханның көшбасшылық қасиетін 100-ге жеткізетін едім, керек болса. Өйткені Шыңғысхан туралы жаңағы түпнұсқа деректерді айттым ғой, соларды оқысаңыз Шыңғысханның Джон Мэн байқамаған қасиеттері де бар. Деректерді оқып отырып, Шыңғысханға таңқалып отырасыз. Жаңа Жұлдыз да айтты, біздің кейбір ақын-жазушыларымыз Шыңғысханды тек қанішер деп суреттеп жүр. Олар да өзінің шығармасына логика тапты. Мысал үшін Сырдың бойында төрт қаланың халқын қырып тастады, Отарардың халқын түгел қырып тастады. Осындай дәлелдерді жалаң түрде үзіп алсаңыз, өзіңізге керек фактілерді үзіп алсаңыз, Шыңғысханды қанішер қылуға болады, оны данагөй жасауға да болады, адамгершілігі ең жоғары адам жасауға да болады, әртүрлі тарихи бейнеге Шыңғысханды енгізуге болады. Сондықтан тарихшылар жекелеген фактілерді үзіп алуға қарсы. Ал Джон Мэннің құнды кітап жазып отырған себебі, бүкіл адамзаттың тарихи тұлғаларына қажетті басты-басты қасиеттерді бөліп алған. Ол қасиеттердің бәрі Шыңғысханда бар болып шыққан. Ол сондықтан да Шыңғысханды осы тақырыпқа қуалап кіргізген. Автор санап тұрып таңдап алып отырған 21 қасиет кейбір тарихи тұлғаларда жоқ. Ал Шыңғысханда бар. Бұл жерде Джон Мэн қателеспеген. Көлемі шағын болғанымен бір жағынан тарихи деректермен дәлелденген, бір жағынан логикалық тұрғыдан шебер қиюластырылып, тіпті қатардағы оқырман да сүйіп оқитын кітапқа айналған. Мұндай кітаптар өте керек. Неге десеңіз, мұндай кітаптарды оқи отырып,  тарихи тұлғаның кім екенін түсінеді.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: 21 көшбасшылық құпияның барлығымен келісейік, ал бірақ кішіпейіл бол деген Шыңғысханға қалай болады?

Жұлдыз ӘБДІЛДА: Қажет кезінде кішіпейіл болғаны рас көрінеді. Кішіпейілділік деген не? Мысалы біздің қазақта айтамыз ғой, «ұлық болсаң кішік бол» деп. Міне, осы нәрсе. Ол ешқашан өзіне артықшылық жасамаған. Өзі алтын сарайда тұрып, сендер менің табанымның астында тұрыңдар деген көзқарас болмаған.

Талас ОМАРБЕКОВ: Мен Шыңғысханның кішіпейілдігіне нақты мысал келтірейін. Ол 1223 жылы Қытайдан әулие монах Чан Чуньді алдырады.

Чан Чунь Самарқанд арқылы келеді де, аң аулап жүрген, жібек шатырда отырған Шыңғысханға кіруі керек болады. Ол тәуелсіз монах, «мен оған тізерлеп, бас иіп, мінәжат етпеймін, өзімнің елімнің салт-дәстүрі бойынша сәлем беремін», - дейді. Соны Шыңғысханға шабарманы жеткізеді. «Дұрыс, сол кісінің айтқаны болсын», - дейді Шыңғысхан. Содан келіп қолын кеудесіне қойып, иіліп сілем береді. Әмірші оған жанынан орын ұсынады. Шыңғысхан бір күні аңға шығады. Сонда бір қабан оған осқырынып тұрып алады да, аты үркіп кетіп, Шыңғысханды жығып кетіп, қолын сындырып алады. Монах Шыңғысханға: «Жасыңыз келді. Аң аулағанды қоймайсыз ба?» - дейді. Сонда Шыңғысхан: «Бізде моңғолдарда бала кезімізден атқа мінгізіп, аң аулауды үйретеді. Бұл өзі өмір бойы қалыптасып кеткен құмарлық дағды. Бұдан арылу қиын. Бірақ, сіздің ақылыңызды тыңдап, ойланып қалдым. Бұдан былай аңға сирек шығуға тырысайын» - дейді. Кішіпейілділігі. «Не деп отырсың?» деп, сөгіп тастаудың орнына, икемге келіп отыр. Сосын Шыңғысханның намысына тиетін мәселені айтады жаңағы монах. «Сіздер, моңғолдар өмірі жуынбайды екенсіздер» - дейді. Содан Шыңғысхан ойланып жауап береді. «Бұл айтып отырғаныңыз дұрыс екен. Мен өзімнің адамдарыма шомылып, суға түсулеріне әмір берейін», -  дейді. Шыңғысхан сонша жерден қытайдан Чан Чуньді алдырған себебі, мәңгілік өмір беретін дәрі бар деп оны біреулер сендірген. Оны Чан Чуннен сұрайды. Ол: «Мәңгілік өмір беретін дәрі жоқ. Қанша мықты болсаңыз да сіз де өлесіз. Мен де өлемін. Бірақ мен сізді емдеп, жазамын. Менің қолымнан келетіні сол ғана», - дейді. Сонда Шыңғысхан сондай ауыр сөзді түсіністікпен қабылдайды. Монах еліне қайтатын уақытта Шыңғысхан: «Мен де шығысқа қарай еліме қайтамын. Жолымыз бір екен, бірге қайтсақ қайтеді?» - дейді өтініш жасап. Монах оған көнбейді. Еліме бір жылдан кейін ораламын дегенмін, уақыты келді дейді. Шыңғысхан оған да көнеді. Осы Чан Чуннің еңбектерін оқып отырсаңыз, Шыңғысханның икемге келетініне, көнгіштігіне таңқаласың.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Бұл жерде мына нәрсені ескерген дұрыс сияқты. Кітапта автордың тарихшы ретіндегі көзқарасы бар. Философ ретіндегі көзқарасы бар. Психолог ретіндегі көзқарасы бар. Бағанағы кішіпейілділік деген қасиетті де осы тұрғыдан келіп таратады. Мысалы, Шыңғысханның кімнің тәрбиесінде өскеніне мән береді. Анасының тәрбиесінде өсті дейді. Жалпы әйелдердің тәрбиесін көп көрген, анасын тыңдаған дейді. Кейін өзіне мұрагер таңдаған кезде де кіші әйелінің ақылын тыңдайды дейді. «Саған енді мұрагер таңдау керек», - деген кезде разы  болады екен. «Маған ешкім батылы жетіп айтпаған сөзді әйелім айтты», - деп. Сөйтіп әйел тәрбиесін, ана тәрбиесін көргені оның жан дүниесіне әсер еткен дейді де, үлкен-үлкен тұлғалардың, мемлекет басшыларының қайсысы әйел тәрбиесін көрді деп келіп, аяғын Билл Клинтонға әкеліп тірепті. Тіпті медициналық тұрғыдан келген көзқарастары да бар. Осының бәрі біздің зерттеушілерімізге де сабақ болуға тиіс.

Сырттан әкелінетін баспа өнімдеріне «ойбай рухани экспансия жасап жатыр» деп шошына қарай берудің де уақыты өткен сияқты. Қазақ оқырманының дүниетанымына қажет, көзқарасымызды кеңейтуге керек кітаптарды аударып, басып, жариялап жатсақ, алтынмен аптап, күміспен күптеп шығарып жатсақ ол да біз үшін өлшеусіз қазына. Ағылшын зерттеушісі Джон Мэннің «Шыңғысханның көшбасшылық құпиясы» атты кітабының аудармасына осылай баға бергенді дұрыс көрдік.

Газеттік нұсқасын дайындаған Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Халық сөзі» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6020