Бірнеше апта бұрын қытай теннисшісі көпшілікке көрінбей кетті. Бұның алдында ғана ол Қытайдың жоғары лауазымды бір шенеунігін сексуалды зорлық жасады деп айыптаған.
Қауымдастық басшысы Стив Саймон теннисшінің тағдырына алаңдайтынын, қытай билігінің "Шуайдың жағдайы жақсы" деген сөздеріне сенбейтінін бірнеше мәрте қайталаған. "Пэн Шуай еркін сөйлесе алмайды, соған қарағанда, оған қысым жасалып жатса керек", дейді Саймон. WTA басшысының айтуынша, қауымдастық теннисшінің қайда екенін әлі күнге дейін біле алмай отыр. Саймон теннисші айтқан жайттарды әділ зерттеуді талап етті.
35 жастағы Пэн Шуай бұрынғы вице-премьер Чжан Гаолиді сексуалды зорлық жасады деп айыптады. Қытай билігі теннисші дін аман екенін мәлімдеген. 21 қарашада қытай билігі Пэн Шуайдың Пекинде өткен бір турнирге қатысқаны жөнінде видео таратты. Алайда журналистер немесе жанкүйерлер онымен тілдесе алмады.
Бұған дейін ҚХР коммунистік партиясының жоғары лауазымды басшыларын ешкім зорлық жасады деп айыптаған емес.
Пэн Шуай – WTA турнирлерінің бірнеше дүркін жеңімпазы, жұппен ойнауда кезінде әлемнің бірінші ракеткасы болды.
Abai.kz