Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3251 0 пікір 14 Тамыз, 2012 сағат 22:14

КЕЛБЕТI КЕЛIСТI, ӨРКЕНИЕТI ӨРIСТI ӨЛКЕ

Биыл, 10 наурызда, құрылғанына 80 жыл толғаған Оңтүстiк Қазақстан облысы ежелгi және орта ғасырлар дәуiрiнiң өзiнде-ақ шаруашылығы дамып, мәдениетi гүлденген, iрi қалалары болған өңiр. Аумағы жөнiнен дүниежүзiнде тоғызыншы орындағы Қазақстанның 117.300 шаршы шақырымын алып жатқан, тұнып тұрған тарихы бар бұл өңiр - ата-бабалармыздың қашаннан бергi жайлауы, құтты қонысы. Қойнауы тұнған асыл қазына, таусылмас ырыс. Төбесi көк тiреген биiк шыңдары, шөккен нардай ұзыннан-ұзақ созылған жоталары, әрбiр сайы мен сылдыр қаққан мөлдiр бұлақтары, ирелеңдей созылған өзендерi, қырлары мен белдерi небiр сырды бүгiп жатыр.

Облыс географиялық жағынан Тұран ойпатының шығыс бөлiгiне орналасқан. Терiстiгiнде - Бетбақдала шөлi, Шу аңғарының оңтүстiгiнде - Мойынқұм, батысында -  Қызылқұм және Шардара даласы, ал, қиыр оңтүстiгiнде - Мырзашөл. Орталық бөлiгiнде, оңтүстiк-шығыстан солтүстiкке қарай 217 шақырымға көлбей созылып Қаратау жотасы жатыр. Ал, оңтүстiк-шығысында Талас Алатауының батыс шетiндегi Өгем жотасы бар. Өгем мен Келес өзендерiн бөлiп тұрған Қаржантау жотасы Тәңiртаудың батыс сiлемi болып табылады.

Биыл, 10 наурызда, құрылғанына 80 жыл толғаған Оңтүстiк Қазақстан облысы ежелгi және орта ғасырлар дәуiрiнiң өзiнде-ақ шаруашылығы дамып, мәдениетi гүлденген, iрi қалалары болған өңiр. Аумағы жөнiнен дүниежүзiнде тоғызыншы орындағы Қазақстанның 117.300 шаршы шақырымын алып жатқан, тұнып тұрған тарихы бар бұл өңiр - ата-бабалармыздың қашаннан бергi жайлауы, құтты қонысы. Қойнауы тұнған асыл қазына, таусылмас ырыс. Төбесi көк тiреген биiк шыңдары, шөккен нардай ұзыннан-ұзақ созылған жоталары, әрбiр сайы мен сылдыр қаққан мөлдiр бұлақтары, ирелеңдей созылған өзендерi, қырлары мен белдерi небiр сырды бүгiп жатыр.

Облыс географиялық жағынан Тұран ойпатының шығыс бөлiгiне орналасқан. Терiстiгiнде - Бетбақдала шөлi, Шу аңғарының оңтүстiгiнде - Мойынқұм, батысында -  Қызылқұм және Шардара даласы, ал, қиыр оңтүстiгiнде - Мырзашөл. Орталық бөлiгiнде, оңтүстiк-шығыстан солтүстiкке қарай 217 шақырымға көлбей созылып Қаратау жотасы жатыр. Ал, оңтүстiк-шығысында Талас Алатауының батыс шетiндегi Өгем жотасы бар. Өгем мен Келес өзендерiн бөлiп тұрған Қаржантау жотасы Тәңiртаудың батыс сiлемi болып табылады.

Ал, "Мың бiр түндегi" араб халифтары сарайындағы мың бұралған бишi қыздардың қыпша белiндей ирелеңдеген, ерте кезден-ақ талай аңыз бен жырдың өзегiне айналған өзендерi ше! Өзендер демекшi, кезiнде Мәуреннахрдың бiр шетi болып есептелген, Сейхун немесе Сейхундария деген атпен белгiлi Сырдария өзенi жатыр сылаң қағып. Оған жағалауы қонысқа толы Арыс келiп құйса, оның арнасын Қошқаратамен тоғысатын Боралдайдың суы толықтырады. Жалпы, оның салалары Бадам, Сайрамсу, Ақсу, Жабағылы, Машат, Дауылбаба, Боралдай болып келедi. Қаратау жоталарының орталық бөлiгiнен Бөген, Шаян, Арыстанды ақса, одан арыда Шылбыр, Байылдыр, Қарашық, т.б. өзендерi мен Қаратаудың етегiне таман жерiндегi Ақсүмбе арқылы өтiп, Сырдарияға құйған, бас ағысына Қазақ хандығының туы тiгiлген Шу өзенi де бар.

Өркеш-өркеш Қаратаудың солтүстiк-батысында қойнауына небiр байлықты құндақтаған Мыңжылқы, Келiншектау жатыр. Оның арғы бетiнде ше?.. Әсем қалалары бар өңiр кезiнде ел кезген талай саудагерлер мен жиһангерлердiң таңдайын қақтырғаны белгiлi. Бұл өңiр Қытайдан Батыс елдерiне баратын аты әйгiлi Жiбек жолының бойы.

Түстiктен солтүстiк-батысқа қарай созылып жатқан тоғыз жолдың торабын түйiстiрген Қаратау қойнауынан, Сыр бойынан ары асып, солтүстiгiнде Сарыарқаға шектескен өңiр ерте кездерден-ақ қайнаған өмiрдiң орталығы едi.  Керiлiп жатқан Бетпағы мен Мырзашөлдей кең даласы, малдың қысқы ықтасыны болған Қызылқұмы мен Мойынқұмы, талай жыр мен аңыздың арқауына айналған әр төбесi мен сайы, заңғар басынан құс қанаты жете бермейтiн Қаратау, Алатаудың асқар шыңдары мен белес-белес жоталары табиғат сұлулығының белгiсi.

Бұл өңiр арғы тарихы  бiз үшiн әлi де  беймәлiм, бергi жағы парсы, қытай жазбаларында айтылатын, сонау заманда-ақ гүлденiп, өркендеген Шығыс пен Батысқа мәшһүр өңiр.

Өткен тарихымызға көз жiберсек, сақтар, қаңлылар, түркiлер дәуiрiнде, Шыңғысханның қазақ жерiне шабуылы заманында бұл өңiрде қаншама оқиғалар болды. Бұл аймақ өз топырағында ежелгi және ортағасырлық қалаларды, оларда өмiр сүрген ғұлама ғалымдарды, данышпандарды өмiрге келтiрдi.

Қазақ хандығының құрылуы қарсаңында да небiр шапқыншылықтармен қатар халқымыздың болашақ тарихы үшiн маңызды оқиғалар да орын алып жатты. Ескi дастандарда: "Хан жайлаған Қаратау, Би жайлаған Алатау" деген жолдар да ұшырасады.

Хандарымыз қарт Қаратаудың қойнауларынан аң аулап, осында өмiр сүрген. Керей мен Жәнiбектен кейiн олардың ұрпақтары басқарып, көбi еңку-еңку жер шалып.., темiр қазық жастанып жердi, елдi жатжұрттықтардан қорғады емес пе.

Қазақ хандығының құрылуы қарсаңында да бұл өңiрде небiр шапқыншылықтар ғана емес, халқымыздың болашақ тарихы үшiн маңызды оқиғалар да болып жатты. "Ескi дастандарда: "Хан жайлаған Қаратау, Би жайлаған Алатау" деген жолдар ұшырасады.

Бiздiң хандарымыз бүгiнгi қарт Қаратаудың қойнауларынан аң аулап, осында өмiр сүрген. Керей мен Жәнiбектен кейiн олардың ұрпақтары басқарып, олардың көбi еңку-еңку жер шалып.., темiр қазық жастанып жердi, елдi жат жұрттықтардан қорғады емес пе.

Қазақ әмiршiлерi ата-бабаларының бұрынғы көшiп-қонып жүрген жерлерiне, ежелден келе жатқан қалаларына толық билiк орнатуды мақсат еттi. Түркiстан,  Қаратау етегiндегi ежелгi Созақ, Сауран мен өсiп-өркендеген Ташкент қазақтардың қаласы болды.

XV-XVI ғасырларда көп талас болған Түркiстан XVI ғасырдың соңында қазақ хандығының құрамына бiржола енiп, XVII ғасырдан бастап ол қазақ хандығының астанасына айналды. Ақырында "Қасқа жол" салған Қасым ханның жеңiстерiн жалғастырған Есiм ханнан бастап барлық iшкi және сыртқы мәселелер осы жерде шешiлдi. Күнi кеше, ХVIII ғасырдың басында Ұлы жүздiң астанасы Ташкент, Орта жүздiң астанасы Түркiстан болса (әрi Қазақ хандығының астанасы), Кiшi жүздiң астанасы Сауран болып, қазақтың үш жүзiнiң бүкiл мүддесiнiң тоғысқан жерiне айналды.

Қазақ-жоңғар қатынасының нағыз шиеленiскен жылдарындағы сұрапыл оқиғалардың денi осы жерде болды. Сол жағдайдан азат болудың бастамасы да осы жерде шешiлдi. Сол 1726 жылдың көктемiндегi азаттық жолындағы күрестiң де Оңтүстiк өңiрiнен басталғаны белгiлi.

Одан кейiн ше?!. Одан кейiн Кiшi жүз қазақтары Ресей империясының құрамына енiп жатқанда бұл жерде жоңғар басқыншылары билiгiн мойындап, бiраз жыл соның қоластында күн кештi. Ұлы жүздiң ордасы болған Ташкент, Орта жүздiң астанасы болған Түркiстан, Кiшi жүздiң астанасы болған Сауран қалалары үшiн жоңғарлар мен қазақтар арасында жан берiп, жан алысқан небiр шайқастар орын алды. Жоңғария бiржола Жер бетiнен жойылғаннан кейiн жарты ғасырдан соң бiр жағы Жетiсуға, екiншi жағы Арал өңiрiне дейiн, үшiншi жағы Бетбақдалаға жеткен жалпақ өңiр Қоқан билiгiнiң қоластында болды. Ақырында, орыс әскерлерi 1864 жылдың 12 маусымында Түркiстанды, 22 қыркүйегiнде Шымкенттi, 1865 жылдың мамырында Ташкенттi басып алып, Оңтүстiк өңiрiне де Ресей билiгi орнады.

Патша үкiметiнiң 1867-1868 жылдардағы Қазақстандағы жүргiзген әкiмшiлiк реформаларына сәйкес Түркiстан генерал-губернаторлығы құрылып, бiрнеше облыстармен бiрге бүгiнгi Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда облыстарын бiрiктiрген, орталығы Ташкент қаласы болған Сырдария облысы оның құрамына ендi. Түркiстан өлкесi патша өкiметiнiң стратегиялық маңызы зор аймағына айналды... Бұл өңiр шынында да жерасты байлығы мол, табиғаты жайлы, тек мал шаруашылығы үшiн ғана емес, сонымен бiрге егiншiлiктi дамыту үшiн де қолайлы болды.

Сондықтан бұл аймаққа Ресейдiң орталық аудандарынан қоныс аудару үшiн қолайлы жағдай бар болатын. Осының бәрi патша үкiметiнiң осы өңiрдi қару күшiмен басып алуының қарсаңында-ақ ойластырылып, сырттан шешiлiп қойылған мәселесi едi.

Қазақ даласын бiрыңғай басқару жүйесiн енгiзуге дайындық жүрiп, арнайы комиссия құрылды. 1867 жылы 11 шiлдеде "Жетiсу және Сырдария облыстарын басқару туралы уақытша ереже", ал, 1868 жылдың 22 қазанында "Орынбор және Батыс-Сiбiр генерал-губернаторлығының далалық облыстарын басқару туралы уақытша ереже" бекiтiлдi. Қазақстан территориясы үш генерал-губернаторлыққа бөлiндi. Әр генерал-губернаторлық облысқа, облыс уездерге, уезд болыстарға, ең соңында, болыстық ауылдарға жiктелдi.

Осылайша, отаршылдық әмiрi жүрген тұста патшаның сенiмдi тiрегiне айналған Омбы қаласы негiзiнен Орта жүз қазақтарының әкiмшiлiк орталығына, Орынбор Кiшi жүз қазақтарының саяси-әкiмшiлiк орталығына айналды. Ал, бұдан кейiн Орталық Азия тұтасымен Ресей тарапынан жауланып алынған соң ол өлке де облыстарға бөлiнiп, Ұлы жүз қазақтарының ел билеудегi саяси-әкiмшiлiк орталығы Ташкент қаласына қаратылды.

Сөйтiп, Түркiстан генерал-губернаторлығына сонау ғасырлардан бергi тарихы мол шежiрелi Оңтүстiк өңiрiндегi Жетiсу және Сырдария облыстары ендi. Сырдария облысына Әулиеата, Шымкент, Түркiстан, Қазалы, Перовск, Ташкент, Ходжент және Жизақ уездерi кiрдi. Жергiлiктi жерде бүкiл билiк уезд бастықтарына берiлдi, болыстар рулық емес, территориялық негiзде құрылды. Уезд бастықтары орыстардан, әскери офицерлерден тағайындалды. Болысты болыстар, ауылды старшындар басқарды. Олар қазақтардан сайланып қойылды.

Оңтүстiк өңiрiндегi бүкiл билiк бiраз жыл Түркiстан генерал-губернаторы, жергiлiктi халық "Жарты патша" деп атаған Константин Петрович фон-Кауфманның қолында болды. Қалаларда және iрi елдi мекендерде iшкi құрылымдағы басшылық жүргiзетiн ауыл ақсақалдары болды. Әрине, олар сол қалалардағы уезд бастықтары - әскери адамдардың жер-жерлердегi орындаушылары едi. Мысалы, Түркiстан қаласында сол кездегi жергiлiктi басқару жүйесi бойынша 13 ауыл ақсақалдығы, Шолаққорғанда - 4, Иқанда - 9, Қарнақта - 4, Созақта - 9, ал Бабайқорғанда 1 ақсақалдық  болды. 1872 жылдан бастап Түркiстан уезi Шымкент уезiне қосылды.

Патша үкiметi болыстар мен ауыл ақсақалдарына белгiлi бiр мерзiмге сайлау науқандарын жүргiздi. Соның бiрi - 1874 жылғы сайлау барлық жерде бiрдей жүргiзiлсе, 1876 жылы өткiзiлген қайта сайлауда көптеген болыстар мен ауыл ақсақалдары қайта сайланды. Ал, 1882 жылғы Шымкент уезiндегi 16 болыста 158 ауыл және ақсақалдық болса, Түркiстан уезiнде 6 ақсақалдық, 11 болысқа барлығы 76 ауыл қарады.

III Александр патшаның Түркiстан өлкесiн басқару туралы 1886 жылғы маусым айының 2-шi жұлдызында қол қойған Жарлығы кең-байтақ өлкенi басқарудың бүкiл құрылымына реформа жасауды бастап бердi. Жаңа ережеге сәйкес Түркiстан генерал-губернаторлығына Сырдария, Ферғана, Самарқан облыстары кiргiзiлдi. Сырдария облысы 5 уезден тұрды, оның iшiнде Шымкент уезi 91025 шаршы шақырым жердi алып жатты. Бұл дегенiңiз Шымкент уезiнiң жер көлемi қазiргi Оңтүстiк Қазақстан облысының жер көлемiне жақын деген сөз едi. Ал, 1897 жылы жаңа генерал-губернаторлықтың құрамына қайтадан Жетiсу облысы берiлдi. Бұрынғыша генерал-губернаторлардың билiгi сақталып, дара билеушiге айналды. Облыстардың билiгi әдеттегiдей әскери губернаторлардың қолында болды. Жоғары билiк жүргiзудiң осылай құрылуы олар үшiн жиырма жыл бойы өзiн-өзi ақтап, әсiресе жергiлiктi жерлерде өлкенi отарлауды жеңiлдеткен едәуiр сындарлы басқару жүйесiн нығайта бердi.

Бұл кезде оңтүстiк өңiрiне орыс қоныс аударушылары келе бастады. 1875-1895 жылдары Сырдария облысында 52 орыс елдi мекенi құрылып, оның iшiнде Шымкент уезiне 17 орыс ауылы қарады.

Облыста iрi елдi мекендер мен қалалар халқының саны өстi. 1910 жылы Шымкент қаласында 21 мыңнан астам тұрғын, оның iшiнде 7996 ер мен 13781 әйел болды. Жалпы, тұрғындардың iшiнде жергiлiктi халықтар көп едi. Бiрақ жыл өткен сайын Шымкент қаласында орыс тұрғындардың саны көбейдi.

Ресейдiң орталық бөлiгiнен келiмсектердiң көбеюiне байланысты қазақ шаруаларының жерлерi барған сайын тарылды, олар шұрайлы жерлерiнен айырылып тау-тасты, құнарсыз жерлерге қарай қуылды. Сөйтiп, Оңтүстiкте басқа ұлттардың саны өсе бастады.

Осы кезде Шымкент өңiрiнде Сырдария, Байырқұм, Сарыкөл, Бөрiжар, Ақтас, Қазығұрт, Бадам, Қарамұрт, Машат, Майлыкент, Қошқарата, Боралдай, Арыс болыстары бар едi. Сондай-ақ, Қарабұлақ, Машат, Сайрам, Қарамұрт, Сұлтан Рабат, Янгалық, Донгузлан сияқты iрi елдi мекендер де бар едi. Ал, Түркiстан уезiнде Бөген, Шаян, Қаракөл, Жылыбұлақ, Арыстанды, Ақмола, Ноғай қорған, Ақтөбе, Хантағы, Қаратау, Шу болыстары мен Қарнақ, Иқан, Шiлiк, Созақ, Шолаққорған сияқты iрi елдi мекендер болды.

Тұрғындар саны 1887 жылы Ақтас болысындағы  7 ауылда 5380, Ақтөбе болысындағы 10 ауылда 6148 адам тұрды. Ал, Арыс болысындағы 7 ауылда 8095, Арыстанды болысындағы 9 ауылда 4905, Бөген болысындағы 9 ауылда 5410, Байырқұм болысындағы 10 ауылда 6255, Боралдай болысындағы 10 ауылында 8215, Бөрiжар болысындағы 8 ауылда 6150, Жылыбұлақ болысындағы 8 ауылда 5165, Қазығұрт болысындағы 8 ауылда 5365, Қарамұрт болысындағы 11 ауылда8385, Қошқарата болысындағы 8 ауылда 5785, Қызылкөл болысындағы 12 ауылда 7920, Майлыкент болысындағы 14 ауылда 9560, Машат болысындағы 11 ауылда 8415, Ноғай Қорған болысындағы 17 ауылда 9106, Сарыкөл болысындағы 11 ауылда 6225, Сырдария болысындағы 9 ауылда 5750, Түркiстан учаскесiндегi 11 ауылда 5726, Хантағы болысындағы 16 ауылда 1006,  Шу болысындағы 11 ауылда 7810 тұрғын өмiр сүрдi.

Қаратаудың күнгей жағында жатқан тұрғындары көп, кезiнде әкiмшiлiк орталықтары болған елдi мекендер iшiнде Созақ болысындағы Созақ елдi мекенiнде 1669, Шолаққорған елдi мекенiнде 996 адам тұрды. Қарнақ болысындағы Қарнақта 1873, Иқанда 1247, Түркiстан ақсақалдығында 6217 тұрғын болды. Өндiрiс орындарының өсуiне осы ғасырдың басындағы 1901-1905 жылдарда салынған ұзындығы 1736 километрлiк Орынбор-Ташкент темiржолы үлкен рөл атқарды.

ХХ ғасырдың басы қазақ даласына да дүбiрлi оқиғаларды алып келдi. Халық билiкке ұмтылды. Уездiң орталығы - Черняев қаласында 1917 жылдың мамырында жұмысшы-солдаттар депутаттарының қалалық Кеңесi құрылды. Қазан төңкерiсiнен кейiн жергiлiктi жерлердегi бүкiл өкiмет билiгi жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары Кеңестерiнiң қолына көштi. 1918-1920 жылдардағы азамат соғысы аяқталғаннан кейiн ауыл шаруашылығын, өндiрiс орындарын, мәдениеттi дамытуға мүмкiндiк туды. Алайда, тағы да сол қиындық, қаржы жетiспедi. Соған қарамастан жаңа құрылыс iсiне халықтың негiзгi бөлiгi құлшына кiрiстi.

1920 жылы 26 тамызда Бүкiлресейлiк Орталық Атқару Комитетi мен РКФСР Халық комиссарлары Кеңесiнiң "Қазақ Кеңестiк социалистiк Автономиялық Республикасын құру туралы" М.И.Калинин мен В.И.Ленин қол қойған декретi жарияланды. Қырғыз (Қазақ) АКСР-i құрылып, орталығы Орынбор қаласы болды. Бiрақ ол кезде Жетiсу, Сырдария облыстары Түркiстан АКСР-нiң құрамына ендi. Сырдария облысына Қазалы, Перовск, Түркiстан, Ташкент, Мырзашөл, Черняев, Әулиеата  уездерi  кiрдi.

Соның iшiнде 1920-1924 жылдары Черняев уезiне Ақсу, Ақтас, Алексеевка, Арыс, Бадам, Белые воды, Боралдай, Вановка, Георгиевка, Дорофеевка, Жабағылы, Жылыбұлақ, Қазығұрт, Қарабұлақ, Қаракөл, Қошқарата, Машат, Мыңбұлақ, Первомай, Сарыкөл, Сайрам, Сырдария, Темiрлан, Түлкiбас, Шаян болыстары енсе, Түркiстан уезi Ақтөбе, Жаңақорған, Жетiарық, Иқан, Қаратау, Қарнақ, Қостөбе, Қосмезгiл, Көкшеқұм, Құмкөл, Құршу, Сарыөзен, Сауран, Ноғайлы, Созақ, Үзген, Үшқайық, Шу, Шiлiк болыстарынан тұрды.

Келес өңiрi мен Мырзашөлдегi, Ташкент маңындағы Тоболина, Тұрбат, Ишан базар, Чичерино, Жоғарғы Шыршық, Жаңабазар, Славянка, Қаратас, Қызылқұм, Шыршық, Шарапхана, т.б. елдi мекендер орталығы Ташкент қаласы саналған Ташкент уезiне қараған едi.

Бұл жылдары кейбiр елдi мекендер, болыстың, уездiң және кейбiр орталықтардың аттары өзгертiлiп жатты. Соның бiрi - 1914 жылы Шымкент қаласын генерал Черняевтiң алуының 50 жылдығына байланысты өзгерген болса, 1921 жылы шiлде айының 21 жұлдызында Черняев қаласының аты қайтадан қалпына келтiрiлдi.

РК(б)П Орталық Комитетiнiң қаулысына сәйкес 1924 жылдың 14 қазанында Орталық Азия мен Қазақстанда ұлттық-территориялық межелеу туралы ұсынысы қаралып, 27 қазанда Бүкiлодақтық Орталық Атқару Комитетi оны бекiттi. Соның нәтижесiнде Жетiсу, Сырдария облыстары Түркiстан Республикасы құрамынан Қазақ Автономиялы Кеңес социалистiк Республикасына берiлдi. Сырдария губерниялық I партия конференциясы астана ретiнде Ташкент қаласын атады. Бiрақ РК(б)П Қазақ облыстық комитетiнiң II пленумы Орталық Азиядағы ұлттық-мемлекеттiк межелеу мәселесiнде бұл мәселенi қаншама көтергенiмен кейбiр орыс ұлтынан шыққан басшылардың қолдамауы мен ұйымдастыру жұмысындағы жiберiлген кемшiлiктер салдарынан қазақтың байырғы қаласы Қазақстанға берiлмей, Өзбекстанда қалып қойды.

Ташкент қаласында 1897, 1906 жылғы халық санағындағы жайды айтпағанда, 1911 жылғы санақ бойынша мұнда қазақтар 61 пайыз, өзбектер 31, құрамалар 5, басқа халықтар 3 пайыз болатын. Ал, 1920 жылғы бұрмаланған санақтың өзiнде қазақтар 56,7 пайыз едi. Сөйтiп, Ташкенттiң Өзбек АКСР-iне берiлуiне байланысты Сырдария облысына тек мал шаруашылығымен айналысатын аудандар кетiп, облыстағы бұрынғы iрi өнеркәсiп орындарының бәрiнен құралақан қалды.

Сөйтiп, 1924 жылы 12 желтоқсанда Жетiсу, Сырдария облыстары губерния болып қайта құрылды. Өйткенi, Түркiстан республикасында облыстар, ал, Қазақстанда губерниялар болатын. Сырдария губерниясының орталығы Ташкенттен Шымкентке ауысты.

Губернияда уездiк, болыстық партия комитеттерi құрылды. Ал, губерния Ақмешiт, Әулиеата, Қазалы, Ташқазақ (Ташкент-қазақ), Түркiстан, Шымкент уездерiнен тұрды. Соның iшiнде Шымкент уезiне 26, Түркiстан уезiне 21, Ташқазақ уезiне 31 болыс кiрдi. Ташқазақ уезiнiң орталығы 1925 жылы 10 тамызда Ташкенттегi Көктеректен Чичерино селосына, ал, 1926 жылы 12-қыркүйекте Сарыағашқа көшiрiлдi. Республика орталығы 1925 жылдың наурыз айының соңында Орынбордан Ақмешiтке ауысты.

Қазақстан  ауыл шаруашылығын социалистiк жолмен қайта құру мен социалистiк индустрияландыру бағытын жүзеге асыруда көптеген қиындықтарға тап болды. Губернияда ХХ ғасырдың 20 жылдарының екiншi жартысында өндiрiс орындары мен ауыл шаруашылығын өркендету жолында көптеген шаралар жүрдi. Оңтүстiк өңiрiнде металл өңдейтiн, тоқыма, тiгiн, тамақ, құрылыс өндiрiстерi бой көтердi.

1928 жылдың 17 қаңтарында iске асқан жүйеге байланысты губерниялар мен уездер, болыстар жойылып, ендi округ, аудан, ауыл болып құрылды. Қазақстанда бұрынғы губерниялардың орнына 13 округ, уездер мен болыстардың орнына 193 аудан құрылды. Сырдария губерниясының жерiнде Қызылорда, Сырдария округтерi құрылды. Қызылорда округiнде 8 аудан болды. Сырдария округiнiң қарамағында Арыс, Әулиеата, Бадам, Белые воды, Бостандық, Ержар, Жаңақорған, Жуалы, Келес, Қаратас, Қызылқұм, Машат-Сайрам, Меркi, Мойынқұм, Сарысу, Созақ, Талас, Түркiстан, Түлкiбас, Шаян, Шу аудандары болды. Сырдария округтiк комитетiнiң бiрiншi хатшылығына Е.Гурин сайланды. Сөйтiп, аудандардың құрылуы 1928 жылдан басталды.

Осы кезде территориялық басқару жүйесiн тағы да өзгерту жұмысы жүрдi. Бүкiлодақтық Орталық Атқару Комитетiнiң 1930 жылғы 23 шiлдесiндегi қаулысына сай желтоқсан айынан бастап округтiк бөлiну жойылып, республикада 121 iрiленген аудан құрылды. Аудандар тiкелей республикаға қарады. Бiрақ бұл елдегi басқару жүйесiн қиындатты. Ауылдар республика орталығымен байланыса алмады. Осыған орай ендi осы екi аралықта байланыстырушы жаңа әкiмшiлiк басқару жүйесiн құру қажет болды. Сондықтан 1932 жылдың 10 қаңтарында БК(б)П Орталық Комитетi Қазақстанда облыстық басқару жүйесiн енгiзудi дұрыс деп тапты.

Сол жылдың ақпан айында сегiзiншi шақырылған Қазақстан Орталық Атқару Комитетiнiң екiншi сессиясы республикада алты облыс құру туралы мәселе ұсынысты қарап, Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстiк Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарын құруды ұсынды. Осы ұсынысты 1932 жылдың 10 наурызында Бүкiлодақтық Орталық Атқару Комитетi бекiттi. Сөйтiп, облыстардың құрылуы 1932 жылдан басталды.

Бүгiнгi оңтүстiктегi үш облысты бiрiктiрген Оңтүстiк Қазақстан облысына алғашқыда 19 аудан кiрсе, кейiннен оның саны 26-ға жеттi. Олар Арыс, Әулиеата, Бадам, Бостандық, Жаңақорған, Жуалы, Қазалы, Қаратас, Келес, Қызылқұм, Қызылорда, Ленгiр, Меркi, Мақтаарал, Сайрам, Сарысу, Созақ, Талас, Тереңөзек, Түркiстан, Түлкiбас, Шаян, Шәуiлдiр, т.б. аудандары едi. Аудандар бiрде iрiленiп, бiрде бөлiнiп, ендi бiрде аудан орталықтары ауысып жатты.

Бұл жылдары бүкiл елдегi сияқты Оңтүстiк өңiрiнен де қазақ халқының болашағы үшiн күрескен қаншама ұлтжанды зиялы азаматтар шықты. Олардың көпшiлiгi қуғын-сүргiнге ұшырады.

1938 жылдың 15 қаңтарында Оңтүстiк Қазақстан облысының территориясынан Қызылорда облысы өз алдына отау тiгiп, оған Қазалы, Қармақшы, Қызылорда, Жаңақорған аудандары берiлсе, 1939 жылы Жамбыл облысы құрылып, бөлiндi. Сөйтiп, шежiрелi оңтүстiк өңiрiнде үш облыс құрылып, барған сайын нығайып, елiмiздiң халық шаруашылығының өсiп, мәдениеттiң гүлденуiне нақты жол ашылды.

30 жылдардың соңында кең-байтақ оңтүстiк жерiнде бос жатқан жерлердi игеру жұмыстары басталды. Сырдарияның арғы бетiндегi Мырзашөл өңiрiн игеруге назар аударылды. Киров атындағы канал салынды. Мыңдаған гектар жаңа жердi игеруге жол ашылды. Ал, соғыс жылдары майданда Оңтүстiк өңiрiнен шыққандар тамаша ерлiк үлгiлерiн көрсеттi. Бүгiнгi Оңтүстiк Қазақстан облысынан 48 адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Жалпы, Кеңес Одағының Батыры атағына ие 103 қазақ болса, соның iшiнде 18 қазақ жауынгерi оңтүстiктен едi.

Соғыстан кейiнгi жылдары бiздiң өңiрде жеңiл өнеркәсiп ерекше дамыды. Жаңа өндiрiс орындары құрылып пайдалануға берiлiп, олар халық игiлiгi үшiн түрлi тауарлар шығара бастады. 50-жылдардың басында территориялық құрылымда жекелеген өзгерiстер болды. 1951 жылы 31 қаңтарда Оңтүстiк Қазақстан облыстық атқару комитетiнiң шешiмiмен Қызылқұм ауданының орталығы Шардара селосынан Мақтааралға ауысты. Осы жылы орталығы Бурное селосы болған Жуалы ауданы Оңтүстiк Қазақстан облысының құрамынан Жамбыл облысына берiлдi. 1952 жылы 3 сәуiрде Арыс ауданының орталығы Темiржол селосынан Арыс поселкесiне ауысты. 1955 жылы 1 тамызда Түркiстан ауданындағы Қантағы мен Мырғалымсай жұмысшы поселкелерi облысқа қарайтын Кентау қаласы болып құрылды. 1956 жылы Киров және Қызылқұм аудандары бiрiгiп, Киров ауданы деп аталды, осымен бiрге Фрунзе және Түркiстан аудандары бiрiктi. 1957 жылы Шымкент ауданы жойылды.

Өндiрiс орындарын кеңейтуге бесiншi, алтыншы бесжылдық жылдарында едәуiр көңiл бөлiндi. Жетiншi бесжылдық кезiнде олар техникалық және экономикалық жағынан нығайды. Ел үшiн қажет құрылыс материалдарын жасайтын өндiрiс орындары салынды. Оның алғашқысы - Шымкент асбоцемент констуркциялары комбинаты болды. 1955 жылы құрылысы басталған Шымкент цемент зауыты 1958 жылы 30 желтоқсанда өзiнiң тұңғыш өнiмiн берсе, 1961 жылы соңғы технологиялық линиясы пайдалануға берiлдi. Осымен бiр мезгiлде Ленгiр керамика, Шымкент қыш зауыты қайта құрылды. Шымкент темiр-бетон бұйымдарынан үй жасайтын зауыт қатарға қосылды.

1959 жылы Кентау қаласында экскаватор, 1960 жылы трансформатор зауыттары салынып бiттi. Шымкентте электр аппараттары, кардан бiлiктерi, гидролиз және шина жөндеу зауыттары, химия зауытының Түркiстандағы мал азығындық антибиотиктер, "Манкентживмаш" зауыттары, т.б. кәсiпорындар iргесiн көтердi немесе салынып жатты. Осы жылы Шымкент-Ташкент жоғары вольттi электр жүйесi жұмыс iстеудi бастады. Бұл осы өңiрдi электр жарығымен қамтамасыз етуде аса маңызды болды.

ХХ ғасырдың 50-жылдарының аяғы мен 60-жылдардың басында оңтүстiк өңiрiнде өндiрiс орындарының өсуiне байланысты жаңа қалалар мен қала типтес елдi мекендер пайда болды. Жаңа совхоздар құрылды. Оларға тасжолдар салынды, электр жүйелерi тартылды, көптеген мәдениет орындары бой көтердi.

Сөйтiп, аймақтың ауыл шаруашылығында да үлкен iстер атқарылды. Астық, күрiш, мақта, т.б. бұрын аз егiлетiн егiстiктер көлемi күрт өстi. Оңтүстiк өңiрiнде тың және тыңайған жердi игеру совхоздарды ғана емес, сонымен бiрге олардағы ауыл шаруашылығы техникаларының санын да өсiрдi. Мақта егiстiгiн ұлғайту мақсатында 1954 жылы Оңтүстiк Қазақстанда Арыс-Түркiстан каналының құрылысы басталды. Арыс өзенiнiң Қараспан жерiнен басталып, 194,5 шақырымға жететiн бұл канал Фрунзе ауданының (қазiргi Түркiстан ауданының жерi) Сауран қыстағына дейiн созылып, 124,5 мың гектар жердi суландыруы тиiс болды. Канал бойында жаңа шаруашылықтар құрылып жатты.

Ауыл шаруашылығындағы үлкен жетiстiк - тың және тыңайған жердi игеру нәтижесiнде 1956 жылы алғашқы қазақстандық миллиард пұт астық алынып, республика Ленин орденiмен марапатталса, Оңтүстiк Қазақстан облысының диқандары 11 миллион пұт астық тапсырды. Көптеген колхозшылар, совхоз жұмысшылары, мамандар, қызметкерлер ордендермен, медальдармен наградталды, 15 адам Социалистiк Еңбек Ерi атағын иелендi.

1962 жылы 3 мамырда Оңтүстiк Қазақстан өлкесi құрылып, оған Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан облыстары қарап, соңғысының аты Шымкент облысы деп өзгертiлдi. Бiрақ өлкелер өмiрi ұзаққа бармай 1964 жылы 1 желтоқсанда қайта таратылды. Осы аралықта, 1963 жылдың қаңтар айында облыстың оңтүстiгiндегi Киров, Мақтаарал аудандары мен Қызылқұм ауданының бiраз жерi Өзбекстанға берiлдi. Ал КСРО Жоғарғы Кеңесi Президиумының 1956 жылғы 18 ақпандағы  жарлығына сәйкес 15 наурызда орталығы Газалкент қаласы болған, табиғаты мейлiнше бай, әрi көрiктi, аспан тiреген биiк шыңдарының етегiнен бұрқылдап шығып жатқан шипалы бұлақтары көп, қазақтар тұратын 4180 шаршы километр аймақты алып жатқан қазақтардың байырғы жерi - Бостандық ауданы Өзбекстанға берiлген болатын.

Бұл жылдары халық шаруашылығын өркендету мен мәдени құрылыста қол жеткен табыстар одан әрi жалғасты. Сонысы үшiн елiмiздегi басқа да облыстар сияқты Шымкент облысы 1967 жылдың күзiнде Ұлы Қазан революциясының 50 жылдығы қарсаңында Ленин орденiмен марапатталды.

Сегiзiншi, тоғызыншы бесжылдықтар кезiнде өнеркәсiп одан әрi дамып, техникалық жағынан жарақтануы жақсарды. 1970 жылы Шымкент облысында 170 өнеркәсiп орны болып, оларда 64 мыңдай адам жұмыс iстедi. Өндiрiс орындарында 255 түрлi өнiм шығарылды. "Сапа белгiсiмен" шығарылған өнiмдердiң саны артты. Тоғызыншы бесжылдықтың қорытындысы бойынша көптеген еңбек адамдары КСРО орден, медальдарымен марапатталды. Ал, "Ачполиметалл" комбинаты Октябрь революциясы, "Восход" тiгiн фабрикасы «Еңбек Қызыл Ту», "Нан-бөлке" бiрлестiгi "Құрмет белгiсi" ордендерiне ие болды. Өнеркәсiптiң негiзгi орындары химия, мұнай өңдеу, шина-резина, түстi металлургия, машина және прибор жасау, тоқыма, тiгiн, тамақ және жергiлiктi құрылыс машиналары, шифер-асбоцемент өнеркәсiп салалары одан әрi дамып, өндiрген өнiмдерiнiң көлемi арта түстi.

Осы салалардағы жетiстiктер жалғасып, 80-жылдары ел байлығын арттыру саласында бiршама нәтижелi iстер атқарылды. 1982 жылы КСРО-ның құрылуының 60 және 1987 жылғы Қазан революциясының 70 жылдығы қарсаңындағы жұмыстар едәуiр қарқынды жүрдi. Шымкент облысы шығарған бұйымдар Одақ көлемiн былай қойғанда, шетелдерге танымал бола бастады. Мысалы, 80-жылдардың екiншi жартысында Шымкент облысының 23 кәсiпорнынан өндiрiлген өнiмдерiн  дүниежүзiнiң 42 елi алып отырды. Соның iшiнде 11-i социалистiк, 12-сi дамыған капиталистiк, 19-ы дамушы елдер едi.

Бұл кезеңде iрi құрылыстар салу одан әрi жалғасты. 1983 жылы аса iрi құрылыстың бiрi - 1642 километрлiк Павлодар-Шымкент мұнай құбырларының құрылысы аяқталды. Ал, 1984 жылы бұл қалада 30 жаңа өнеркәсiп орындары, жалпы көлемi 1,4 млн. шаршы метр тұрғын үйлер салынып, пайдалануға берiлдi. Ал, 1985 жылы облыс орталығында өнеркәсiп өнiмiнiң жаңа 92 түрi игерiлдi. Мұның өзi өнiм өндiру көлемiнiң артуына жағдай жасады.

Қалаларда мәдениет орындары көптеп бой көтере бастады. 1980 жылы Шымкент қаласында балалар темiржолы iске қосылып, дендробақ, ипподром салынып жатты. Облыстарда халық саны өстi. 1989 жылы Қазақстанда  16538 мың халық тұрса, Шымкент облысында халық саны 1831 мың адамды құрады. Ал, қалаларды алсақ, Кентауда - 64 мың, Түркiстанда - 78, Шымкент қаласында 393 мың адам тұрды. Сондай-ақ, Шымкент облысында 14 аудан, 8 қала, 3 қалалық аудан, 110 жұмысшы поселкесi, 161 селолық және ауылдық Кеңестер болды. Қалалар және колхоздар мен совхоздардың орталықтарында iрi құрылыстар, сәулеттi үйлер, мәдениет орындарын салу одан әрi жалғасты.

1985 жылғы Кеңес Одағы Коммунистiк партиясының Орталық Комитетiнiң Бас хатшысы болып М.С.Горбачевтiң сайланғанынан кейiн қайта құру басталды. Елде бұрын болмаған жариялылық пен демократия лебi естi. Бiрақ Бас хатшының билiк басына келуiнен кейiн-ақ Қазақстанға қырын қарайтыны байқалды. Кей басшылар қуғын-сүргiнге ұшырады. Ал, 1986 жылғы Алматы қаласында болған Желтоқсан көтерiлiсiнен кейiн қазақ кадрларына қиғаш көзқарас бұрынғыдан да күшейдi. Арқауы өсекпен өрiлiп, қалқаны жаладан қаланған тапсырыспен түрлi мақалалар басылып, онда аты аталғандар қудаланды. Оңтүстiктегi жағдай күрделене түстi.

Елiмiз тәуелсiздiгiн алды. 1991 жылдың 16 желтоқсаны Тәуелсiздiк күнi болып жарияланып, Қазақ Кеңес социалистiк Республикасы ендi жаңа мемлекет, Қазақстан Республикасы болып аталды. Сөйтiп, халқымыздың ең басты жетiстiгi - тәуелсiздiкке жеттi.

Елде саясат пен экономикадағы түбiрлi реформаларға, мемлекет құрылымдарында үлкен өзгерiстерге жол ашылды. 1992 жылы жергiлiктi жерде жаңа әкiмшiлiк басқарулар жүйесi ендi. Жеке облыстар мен қалалардың аттары қалпына келтiрiле бастады. Шымкент облысы қайтадан Оңтүстiк Қазақстан облысы болып өзгертiлдi. Кеңес Одағы кезiнде өзгертiлген ауыл аттарының тарихи аттары қайтарылды

Тәуелсiздiктiң арқасында қоғамымызда көп өзгерiстер болды. Ұлттық тiлдi, салт-дәстүрлердi жарасымды жалғастыруға, халықтың ардақты ұлдары мен батырларын еске түсiруге, олардың мерейтойларын өткiзуге мүмкiндiк туды.

2002 жылдың күзiнде Түркiстан қаласында дүниежүзi қазақтарының екiншi құрылтайы өттi. Онда Түркиядан, Англиядан, Америка Құрама Штаттарынан, Қытай Халық Республикасынан келген қонақтар сөз сөйледi. Елiмiзде қазақтардың үлес салмағы барған сайын өсе бастады.

Бұл жылдары елiмiздiң тарихында маңызды орын алған тарихи оқиғаларды атап өтуде өнегелi iстер атқарылды. Қазақ хандығының астанасы болған Түркiстан қаласының 1500 жылдығы жоғары деңгейде аталып өткенi талайларға мәлiм.

Тарихы терең оңтүстiк өлкесi - небiр қасиеттi, әулие ата-бабаларымыздың мекенi болған және олардың кесене, күмбездерi - тарихи-мәдени ескерткiштерi көбiрек сақталған аймақ. Олардың әрқайсысы өз дәуiрiнiң тарихынан өзгеше шежiре шертедi.

Кезiнде бұл өңiрде Испиджаб, Йасы, Сауран, Отырар, Баб ата, Құмкент, т.б. қаншама қалашықтар, көне қалалар болған. Облысымызда 802, оның iшiнде 582 археологиялық, 42 тарихи, 11 монументтiк ескерткiштер бар болса, оның қаншасы бүкiл елiмiзге белгiлi. Бәйдiбек ата, Домалақ ана, Арыстан баб, Баба Түктi Шашты Әзiз, Қарабура, Қошқар ата, Қарашаш ана, Ибрагим ата күмбездерiнiң өзi бiзге өткен тарихымыз жайлы талай жайды бiлдiредi. Ал, Әзiрет Сұлтан ше!..

Облысымыз бұл күнi ежелден келе жатқан тарихи-мәдени орындарының көптiгiмен ерекшеленедi. Осы топырақта туып-өскен атақты Шығыс жұлдыздарының қатарында аталып жүрген ғалымдардан, ғұламалардан қалған көне соқпақтың iзiн де осы өңiрден табасыз.

Жер көлемiне Еуропаның бiрнеше елдерi сыйып кететiн облысымыз терiстiгiнде Қарағанды, батысында Қызылорда, шығысында Жамбыл облыстарымен, ал түстiгiнде Өзбекстан Республикасымен шектеседi. Онда 11 аудан, 8 қала, 13 кент және 932 ауылдық елдi мекен бар екен. Облыс аумағы 171 ауылдық, 13 кенттiк округтерге бөлiнген. Тұрғындарының саны жағынан бiздiң облыс елiмiзде алдыңғы орында тұрады. Оңтүстiк Қазақстан республикадағы бай өңiрдiң бiрiнен саналады. Жерасты қазынасы мол. Дүниежүзiндегi елдерде сирек кездесетiн байлықтарды осы өңiрден кездестiресiз. Соның iшiнде, уран қоры жөнiнен облыс Қазақстанда бiрiншi, фосфориттер мен темiр рудасы бойынша үшiншi орын алады. Сонымен бiрге, бұл өңiрде қорғасын, цемент, мұнай өнiмдерi, күкiрт қышқылы, шифер, автотрактор шиналары, экскаваторлар, трансформаторлар, тiгiн бұйымдары, көптеген жиһаз түрлерi шығарылады.

Ауыл шаруашылығына келсек, мұнда өнiмнiң көптеген түрлерi өндiрiледi. Облыс мақта, терi шикiзаттары, өсiмдiк майы, жемiс-жидек, көкөнiс өнiмдерiн, жүзiм, бау-бақша, макарон, темекi, сыра және алкогольсiз сусындарды өзге өңiрлерге жеткiзiп тұрады. Мәдениет саласында жеткен жетiстiктерiмiз қаншама.

Биыл Оңтүстiк Қазақстан облысы құрылуының 80 жылдығын атап өту қарсаңында бiз өткен тарихымызды тағы бiр зерделеп, жеткен жетiстiктерiмiздi дәрiптеп, тәуелсiздiгiмiздi ту етiп, мақтана айтамыз.

 

Сәбит  ЖОЛДАСОВ,

тарих ғылымдарының докторы.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394